Тікелей эфир

2023 жылы 4 пайыздық автонесиемен қалай көлік алуға болады? Өзекті 10 сұраққа жауап

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына қатысуға өтінімдер қабылдау 6 ақпанда басталады.

Жеңілдетілген автонесиені кім ала алады? Несиенің шарттары қандай? Платформада қалай өтінім береді? Автосалонда және банкте көлікті қалай рәсімдейді? Информбюро порталы жеңілдетілген автонесиелеу сайтында жарияланған осы және өзге де сұрақтардың жауабын оқырманға ұсынады.

№1. Бағдарламаның негізгі шарттары қандай?

Бағдарламаның негізгі шарттары:

  • автомобильдің құны – 15 млн теңгеге дейін;
  • қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеге дейін;
  • қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін;
  • бастапқы жарна – 0%-дан бастап;
  • кредит беру валютасы – теңге;
  • сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4%.  Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және ресімдеу (оның ішінде кепілге қою)  бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс;
  • түпкілікті қарыз алушылар сақтандыру және отандық өндірістің жеңіл автокөлігін кепілге ресімдеу бойынша шығыстарды төлейді.

№2. Өтінімдерді қабылдау қашан басталады? Қайда жүгіну керек?

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдер биыл 6 ақпанда Астана уақытымен сағат 10.00-ден бастап www.autonesie.kz ресми сайтында қабылданады.

Жеңілдетілген автонесиелеуге бөлінген қайтарымды қаражат жинақталған жағдайда әр айдың бірінші жартысында өтінімдер қабылданады. Бағдарлама бойынша кезек болмайды.

Өтініш беруші платформада тіркелуі керек. Ол үшін өтініш беруші www.autonesie.kz сайтына кіріп, "ЭЦҚ көмегімен өтінім беру" батырмасын басады. Сайтта өтінім берген кезде өтініш берушінің деректері автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтініш беруші телефон нөмірін енгізіп, автоөндірушіні таңдап, өтінімге қол қоюы керек. Өтінімнің тіркелу фактісін "Жеке кабинет" арқылы тексере алады.

№3. Жеңілдетілген автонесиені кім ала алады?

Бағдарламаға қатысушы банктердің критерийлеріне сәйкес келетін, кредиттік тарихы жақсы төлемге қабілетті ҚР азаматтары.

Өтініш берушінің платформа пулына кіруіне келесі себептер кедергі болуы мүмкін:
  • Өтініш беруші бағдарлама арқылы бұрын автонесие алған болса;
  • Өтініш берушінің платформада өзекті өтінімі бар болса.

№4. Автокөлікті жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы арқылы қалай алуға болады?

  1. Өтініш беруші www.autonesie.kz платформасында тіркелуі керек.
  2. Содан кейін ол автосалонға барып, машинаны таңдайды және төлем шотын алады.
  3. Одан әрі төлем шотымен бірге банкке жүгінеді, онда ол кепілхат алады.
  4. Банктен кейін өтініш беруші кепілхатты алып автосалонға барады және автокөлікті рәсімдейді.

№5. Платформада тіркелген өтініш беруші автосалонда автокөлікті қалай рәсімдейді?

  1. Өтініш беруші автосалонға барады.
  2. Сауда залының әкімшісі өтініш берушіге сатушы-кеңесшіні таңдайды.
  3. Сатушы-кеңесші www.autonesie.kz.платформасындағы өтініш берушінің өтінімін тексереді.
  4. Платформада және машинада өтінім болса, онда сатушы-кеңесші кеңес беріп, автокөлік таңдайды, төлем шотын ұсынады.
  5. Өтініш беруші төлем шотымен алып, автосалондағы банк өкіліне жүгінеді.

№6. Өтініш беруші төлем шотын алғаннан кейін не істейді?

  1. Өтініш беруші төлем шотын алып автосалондағы банк өкіліне жүгінеді.
  2. Банк өкілі www.autonesie.kz платформасында өтініш берушінің өтінімінің бар-жоғын тексереді.
  3. Өтінім бар болса банк өкілі өтініш берушіні қаржыландыру шарттары және өтінім беру үшін қажетті құжаттар туралы хабардар етеді.
  4. Барлық критерийге сәйкес келсе өтініш беруші өтінімін қарауға өтінім береді.
  5. Әрі қарай банк төлем қабілеттілігі критерийлері негізінде кепілхатты мақұлдау немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Өтініш иесі банктердің критерийлеріне сәйкес келмесе, онда банк несиені мақұлдау және кепілхатты беруден бас тартады. 

№7. Банктерден кепілхат алудың критерийлері қандай?

  • Төлем қабілеттілігі – өтініш берушінің табысын растау үшін соңғы алты айда үздіксіз аударымдардың болуы.
  • Несие тарихы – басқа несиелер бойынша мерзімі өткен қарыздың болмауы.
  • Борыштық жүктеме коэффициенті – қазіргі және болашақ кредиттер бойынша төлемдер сомасы өтініш берушінің ресми табысының жартысынан аспауға тиіс.

№8. Алғаш іске қосылғанда өтінім беріп үлгермесе не істеу керек?

Әр айдың бірінші жартысында пулға кіруге өтінім қабылданады. Өтінімдерді қабылдаудың басталар уақыты әр айдың 28-не дейін www.autonesie.kz ресми сайтта алдын ала жарияланады.

№9. Бағдарлама қанша уақытқа созылады?

Бағдарламаның қолданылу мерзімі – 30 жыл. 2052 жылға дейін жалғасады.

№10. Процесс қай сатыда екенін қалай білуге болады?

Іс жүзінде жеңілдетілген бағдаралма бойынша кезек болмайды. Сайтқа кіріп, ЖСН енгізесіз. Өтініміңіз тізімде болса, өтініміңіздің нөмірі бар хабарлама шығады. Бұл ретте өтініш берушінің реттік нөмірі кезек болып табылмайды. Сайтқа тіркеліп, нөмір алғандардың барлығына жеңілдетілген несиені рәсімдеудің барлық рәсімдерін аяқтау үшін 60 күнтізбелік күн беріледі.


Оқи отырыңыз: 

Серіктестер жаңалықтары