Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, автонесиелеудің 2 нұсқасы қарастырылып жатыр. Бірінші нұсқада жеңілдетілген несиелеуге 4 жылға 150 млрд теңге бағыттау қарастырылған. Оның ішінде бірінші жылға – 30 млрд теңге бөлінген. Несие беру шарттары 2015 жылдан іске қосылған ескі бағдарламалармен бірдей етіп қалдыру ұсынылып отыр. Екінші нұсқада халықтың әлеуметтік осал топтарына бастапқы жарнасыз несие беру қарастырылады. Бұған дейін премьер-министр атап өткендей, оған "РОП операторы" компаниясында жиналған қаражаттан шамамен 100 млрд теңге бөлу ұсынылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, несиеге ең көп дегенде 10 миллион теңге беріледі. Оған жергілікті жерде құрастырылған көліктерді алуға болады. Жеңілдетілген автонесиеге нақты қандай көлік сатып алуға болады және қарастырылып отырған бағдарлама қандай мәселелерді шешуге көмектеседі? Қазақстандық сарапшылар Informburo.kz сауалдарына жауап берді.
"10 млн теңге – ақылға қонымды сома"
Артур Мискарян, автокөлік нарығының сарапшысы:
– Соңғы жылдары Қазақстанда бастапқы баға сегментіндегі автокөліктерге сұраныс жоғары. Сондықтан несиеге 10 миллион теңге беру ұсынысы түсінікті және әбден орынды. Сонымен қатар, жалпы әлем бойынша бағаның өсуіне байланысты осы сегменттегі көлік модельдеріне сұраныс өсе бермек.
Аталған сомаға Lada, Chevrolet, Hyundai, Kia, Renault, JAC және УАЗ сынды жергілікті көлік модельдерін қарастыруға болады. Қазақстандық нарық ауқымында бұл тізімнің өзі айтарлықтай, алайда өндірушілер мен дилерлердің қоймасында бұл көліктер бар ма – бұл басқа мәселе.
Әлімдік көлік тапшылығына байланысты қолжетімді автокөліктер саны қысқаруы мүмкін. Дегенмен бұл мәселемен қазір барлық әлемдік автоөндіруші күресіп жатыр. Тұтастай алғанда, мұндай шара барлығына: тұтынушылар (жеңілдетілген несиелеу бағдарламасындағы пайыз), мемлекет, банкт, өндірушілер үшін де тиімді.
Оқи отырыңыз: 4 пайыздық автокредит басталмай жатып, нарықта көлік бағасы күрт көтерілді
"РОП-тың ақшасын тезірек жұмсау керек болып отыр"
Василий Климаков, Автокөлік иелеріне көмек көрсету қоғамы мен Қарағанды қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Жеңілдетілген несие беру идеясы жаман емес, бірақ оның жүзеге асырылу барысы дұрыс жолға қойылмаған.
Автомобиль саласы әкімшілерінің бірінші міндеті – тапшылықты азайту және қолжетімді бағадағы көліктерді арттыру. Екінші міндет – автопаркті "жасарту", себебі Қазақстандағы автокөліктердің жартысы 20 жылдан көп уақыт бұрын құрастырылған. Бұл өмірге айтарлықтай қауіп төндіреді. Ал үшінші міндет – автокөлік өндірісін қолдау.
Қазіргі басты міндет – РОП жинаған ақшаны жұмсау екені анық. Қазір осындай жарымжан саясатпен бетпе-бет келіп отырмыз. Халықтан жиналған ақшаны қайда қоярын білмей, әйтеуір бір жерге тезірек жұмсау керек болып отыр..
Елдегі өзекті мәселе – елде сұранысқа ие көліктердің тапшылығы. Соңғы бес жылда олардың жалпы саны жүздеген мыңға азайды. Ал әлеуетті тұтынушылардың саны, керісінше, жүздеген мыңға өсті. Ал мұндай жағдайда нарыққа негізделген, жан-жақты ойластырылған стратегия қажет.
Егер ақша дәл қазіргі жағдайда беріле бастаса, бұл көліктердің қымбаттауына әкеледі. Бізде 3,7 миллион көлік бар. Жыл сайын 100 мың жаңа көлік сатылады. Ал егер бұл бағдарламаны қабылдасақ, дәл осы 100 мың көлік қымбатырақ бағаға сатылады. Яғни, көлік қолжетімді болмайды. Біздің шенеуніктер нарықтық механизмдерді түсінбей отыр.
Осыдан бес жыл бұрын елімізде қазақстандық көлікті жеңілдетілген шартпен несиелеу басталған, тіпті тізім құрастырылған. Бағдарлама енгізілген кезде барлық өтініш 10 минуттың ішінде белгілі бір автосалондар арасында ғана таратылған. Сондықтан, кейбір шет мемлекеттерден әкелінген, жаңа болмаса да, 3-5 жылдан аспайтын ескі көліктерді қарапайым автосалоннан сатып алуға рұқсат берілсе, әлдеқайда дұрыс болады.
Сонда халық 10 млн теңгеге премиум санатқа жатпайтын бірнеше көлік моделін таңдай алар еді. Бұған Қазақстанда өте танымал кроссоверлердің барлығы дерлік кіреді. Оның ішінде ұсталған Toyota RAV-4, Hyundai Tucson, Mitsubishi Outlander бар. Ал жаңалардың арасында Hyundai және Kia көліктерін алуға болады.
Оқи отырыңыз: Айыппұл төлемес үшін көлікке газ қондырғысын қалай орнату керек?
"Қазавтопромды" жұмыс істеуге ынталандыру керек"
Арман Байғанов, экономист:
– Жаңа бағдарлама көлік бағасының өсуіне әкеліп соғады. Қазір коронавирус, инфляция, микрочиптердің жетіспеушілігіне байланысты бүкіл әлемде көлік бағасы қымбаттап жатыр. Ал отандық көліктерді алуға қомақты қаржы бөлу олардың тағы да 10-20 пайызға қымбаттауына әкелуі мүмкін. Оған қоса, қазір Қазақстанда қосалқы бөлшектерді жеткізу қиындығы бар.
Сондықтан, тым болмағанда көршілес елдерден әкелінген көліктерді ресми жеткізушілер арқылы сатып алуға рұқсат бергені қисынды болар еді. Сонда қандай да бір бәсекелестік болар еді. Сондай-ақ азаматтардың да таңдау мүмкіндігі артар еді. Ал "Қазавтопром" жұмыс сапасын арттыруға ынталы болар еді.
Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушісі қандай жол ережелерін бұзса, куәлігінен айырылады?
"Ақшаны ауыл шаруашылығы техникасы мен қоғамдық көлікке жұмсаған дұрыс"
Ғалым Құсайынов, экономист:
– Еліміз үшін құны жоғары салаларға қолдау көрсету қажеті. Бұл негізі мәселе. Бірақ тағы бірнеше маңызды тармақты есте ұстаған жөн.
Біріншіден, отандық автокөлік өнеркәсібінің ерекшеліктеріне байланысты бөлінген қаражаттың 80 пайызы жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмсалады. Бұл елдің төлем балансын нашарлатып, теңге бағамына қысым жасайды. Егер 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 160 млрд теңгесі шетелге кетеді.
Екіншіден, арзан несие ақшаның құнын кетіреді, ал біз нарық механизмін дамыту керек болып отырған кезде бұрынғы әдістерге қайта ораламыз.
Негізінде, инфляция 8,4 пайыз болған жағдайда 6 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен несиелендіруді білдіреді.
Үшіншіден, мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме? Әлде халықтың А нүктесінен В нүктесіне дейін жайлы жүріп-тұруіне жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, РОП ақшасын келесі нәрселерге жіберген дұрыс:
- Ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру. Ауыл шаруашылығын техникалық қайта жарақтандыру еңбек өнімділігін арттыруға, сол арқылы шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Шығынды азайту ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнын төмендетуге көмектеседі. Бұл бүгінде инфляцияның негізгі факторы болып отыр. Ал автомобиль өнеркәсібін қаржыландыру елдің сауда балансына қысым түсіреді. Бұл валюта бағамына және автоматты түрде инфляцияға әсер етеді.
- Ауыл шаруашылығы техникасын локализациялау. Егер машина жасау мәселесіне келсек, еліміз үшін күрделі техникаларға қарағанда қарапайым техниканы жасау оңайырақ. Қарапайым агрегатты алсақ, оның өзіндік құнын металл құрайды, ал ол бізде көп. Сондықтан өндірісті қарапайым агрегаттан бастау керек. Ең болмағаннда, трактор, комбайн немесе жүк көлігін өндірушілерді әкеле аламыз, бұл жағдайда да жергілікті құрамдас бөліктердің үлесін арттыру оңайырақ болады.
- Қоғамдық көлікке инвестицияны ұлғайту. Біз қала маңындағы көлікке инвестиция салып, рельсті көлік инфрақұрылымын құруымыз керек. Үлкен қалаларда метро салу қажет. Қажетті жерге тез жету үшін қолайлы жағдай жасау керек. Бұл әсіресе Алматыға қатысты. Онда кептелістерді көшелерді кеңейту және жол айрығын салу арқылы емес, қоғамдық көлікті (метро, қала маңындағы электр көлігі, автобустар, такси және т.б.) дамыту арқылы шешу қажет. Бұл жаңа көліктерді тұтынуды арттырудан гөрі табиғатқа көбірек көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Автокөлік пен пәтерді Trade-in арқылы жаңасына ауыстыру қаншалықты қауіпсіз?
"Жеңіл көліктің утилизация алымын 100 мың теңгеден асырмау керек"
Нұраддин Садық, промоутер, қоғам белсендісі:
– Бірден айтайық, жеңілдетілген автонесие барлығы 24 автокөлікке ғана берілетін болып шешілді. Атап айтқанда, Kia-ның Picanto мен Rio моделі, ВАЗ-дың жеті моделі (Lada Granta, XRAY, Lada 4x4, Largus, т.б.), УАЗ-дың Hunter мен Patriot моделі, Hyundai-дың Accent, Creta, Elantra модельдері, Reno-ның Arcana, Logan, Captor модельдері және Өзбекстанда құрастырылған Chevrolet-тің үш-төрт маркасы, қытайлық Jac-тың үш моделі кіреді. Ал жаңа Lada Granta немесе жаңа Reno Logan сатып алатын болсақ, оны несиеге рәсімдей алмаймыз. Бұл Allur Auto мен Astana Motors-тың автосалондарында тұрған көліктерге ғана жүреді. Яғни, халықтан жиналған "РОП операторының" 100 млрд теңге қаржысын халықтың өзіне пайыздық үстемемен берейін деп жатыр. Бұл өте абсурдты дүние. Оған мемлекеттен тағы 150 млрд теңге қосып, жыл сайын сатылап бергелі отыр.
Allur Auto Қазақстан қазынасына 2021 жылы – 132,8 млн теңге, Allur Auto Almaty – 119,8 млн теңге, ал Hyundai Auto Kazakhstan ЖШС 604,7 млн теңге салық төлеген. Бұл әрекет Қазақстан бюджетіне тиімсіз. Бұлардың барлығының төлеген салығын қосып қарасақ, 1 млрд теңгеден әрең асып жығылуы мүмкін. Ал біз бұларға жылына 35 млрд теңгедей қаржы құймақ болып отырмыз. Не үшін? Өте үлкен сұрақ.
Жеңіл автокөліктермен қоғамда қалыптасқан көлік дефицитын жою бұрыс шешім екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Жеңілдікпен несие берген жағдайда біздегі құрастырушылардың өнімділігі бірнеше есеге артып, көлік нарығы көлікпен толып кетпейді. Қазірдің өзінде алты айлап кезекке тұрып жатқан көлік алушылардың жанайқайын естіп отырмыз. Оның үстіне салондар көліктің бағасын 6,5-7 млн теңге деп, қазіргі көрсетілген бағасымен беріпті. Бұлардың әрқайсына автосалондар кемінде 1-1,5 миллионнан бастап, 3 млн теңгеге дейін топ-құрылғыларды қосып, міндеттеп сатуының салдарынан бағаның қайтадан шарықтап кететініне, қолжетімсіз болатынына нақты дәлел екенін көрсетіп беріп отыр және солай бола береді.
Сондықтан бұл мәселенің негізгі шешімі – утилизациялық алым мөлшерін жеңіл көліктерге 100 мың теңгеден асырмау керек, ал ауыл шаруашылығы техникасы, логистикалық, яғни ауыр техника, арнайы техникадан мүлдем алмаған жөн.