Тікелей эфир

Көлік неге қымбат? Автосарапшы мұны Ресейдің Қазақстаннан жаппай көлік сатып алуымен байланыстырды

Ресейдің Түмен облысынан келіп Қазақстаннан көлік сатып алатын жүргізушілер саны 56 есе артқан.

Осыған байланысты несиеге көлік мінгісі келген қазақстандықтар дилерлік орталықтарда бір жылға дейін кезегін күтіп жүр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.  

Қалдыбай Тұрғаналы былтырдан бері Ресейге жүздеген көлік тасымалдаған. Айтуынша, Астанадан Омбы, Түмен облыстарына үш күн сайын екі көліктен апарған тиімді. Ал тасымалдау құны автомобиль санатына қарай 220 мың теңгеден басталады.

"Эвакуатормен ағамыз екеуіміз айналысамыз. Ол кісі көлікті 500-600 мың теңгеге алып барады. Тіркемемен қымбат екі көлік алып барамыз. Басында жартысын, жеткізілген соң қалғанын төлейді", – деді көлік тасымалдаушы Қалдыбай Тұрғаналы. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан көліктерінің тең жартысы ескі. Жаңа машинаны тіркеу қанша тұрады?


Санкция себебінен танымал 7 брендтің авто дилерлері Ресей нарығынан кеткен. Отандық көлік құрастыратын зауыттардың жұмысы тоқтап тұр. Сол себепті көрші ел азаматтары Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр. 

"Жалпы ресми дилерлер 2022 жылдың 11 айында 110 мыңға жуық автокөлік сатқан. Оның 102 мыңнан астамы жеңіл көліктер. Статистикаға келетін болсақ, басым бөлігі қолма-қол ақшаға сатып алып жатыр", – деді Қазақстан автокөлік қауымдастығының техникалық реттеу жөніндегі директоры Ербол Сейпілов. 

Ал кеден өкілдері былтыр Түмен облысы мен Тобыл кеден бекеттеріне Қазақстаннан 668 көлік жеткізілгенін айтады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 56 есе артық. Ресейліктер Қазақстан нарығындағы жаңа, ескі көліктерді өз атына сатып ала алмайды. Ал сарапшылар шетелдіктердің көліктерді жаппай сатып алуы елде бағаның қымбаттауына әкеледі, деп болжап отыр. 


Оқи отырыңыз: Жеңілдетілген автонесие: 2023 жылы 2 мың көлік сату жоспарланып отыр


"Көлікті жергілікті азаматтардың атына рәсімдейді. Кейін көлікті жеке тұлғаның атына сатып алғандай алып кетеді. Үстіне 30-40 пайыз ақша қосып пайда көреді. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Біз Ресей үшін импорттық тауарлар дүкеніне айналмауымыз тиіс", – дейді сарапшы Олжас Оқас. 

Серіктестер жаңалықтары