Тікелей эфир

Lada жеңіл көлігін сатып алушылар саны артты. Қазақстанда қандай көліктер құрастырылады?

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
2019 жылы Қазақстанда 50 447 автокөлік құрастырылған. Ол үшін 359,5 млрд теңге жұмсалыпты.

Қазақстанда құрастырылып, тұтынушылар ең көп сатып алған көліктер тізімін Lada бастап тұр:

  1. Lada Granta;
  2. Hyundai Tucson;
  3. Lada Vesta;
  4. Lada 4х4;
  5. Hyundai Accent.
Ресейлік Lada-дан кейінгі орында Hyundai, KIA, Ravon, Skoda брендтері орналасқан. Соңғы жылдары жеңіл автомобильдер өндірісі біршама дамыған. Былтыр 44 077 жеңіл көлік құрастырылыпты. Одан бөлек, 1 076 автобус, 4 247 жүк көлігі шығарылған.
Қазақстандықтар арасында танымал модельдер:
  • Ravon Nexia R3;
  • Hyundai Creta;
  • Hyundai Elantra;
  • Lada Largus;
  • KIA Rio.

Бұдан былай елімізде құрастырылған көліктердің сатылымы арта түседі. "ҚазАвтоӨнеркәсіп" стратегиялық жоспарлау директоры Артур Мискарян осындай пікір айтты. Ол Армения мен Қырғызстаннан жаппай көлік әкелу үрдісі отандық сатылымға кедергі тигізбейтінін айтады.

"Шетелдік көліктерді әкелу үшін азаматтар түрлі заң мен шектеулерді айналып өтті. Техникалық регламенттерді сақтаған жоқ. ІІМ олармен күресу үшін қатаң шара қабылдап отыр. Әрине, осының арқасында отандық көлік өндірісі бірден дамып кетеді деп айту қиын. Бірінші кезекте, бұл шектеу ішкі нарықты қорғау, жолдағы қауіпсіздікті сақтау үшін енгізілді. ЕАЭО елдерінен ескі көліктер әкелінгенін мойындау керек. Ал қазір халықтың жаңа көліктерге деген сұранысы артып келеді", – дейді Артур Мискарян.

Оқи отырыңыз: Шетелде тіркелген көліктер мәселесі қалай шешіледі? Бұл жағдайға кімдер кінәлі?

Оның айтуынша, тұтынушылар отандық нарықта өзі қалаған бағаға кез-келген көлік түрін таңдай алады. Қазақстандағы баға тұрғысынан ең қолайлы көлік ретінде ол Lada Granta-ны атады. Оның нарықтағы бағасы – 2 млн 700 мың теңге.

Автомобиль құрастыру бойынша алдыңғы қатарлы отандық өнеркәсіп орындары:
  • "Азия Авто" АҚ (21,2 мың көлік сатқан);
  • "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС (20,2 мың);
  • "СемАЗ" ЖШС (1,5 мың);
  • "КАМАЗ-Инжиниринг" (0,8 мың);
  • "Hyundai Trans Auto" ЖШС (0,4 мың);
  • "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС (0,1 мың).

2019 жылы жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазақстандықтар 5315 автокөлік сатып алған. Жергілікті автомобиль өндірісі сатылымының 12 пайызы сол мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына тиесілі.

"Сатып алушылар белсенділігінің арқасында отандық зауыттардың өнім шығару көрсеткіші 50 мыңдық межеден асты. Автоөнеркәсіптің республика ЖІӨ-не қосқан үлесі – 359,5 млрд теңге", – дейді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" өкілі.

Мискарянның айтуынша, егер 2020 жылы валюта секторы тұрақты болса, адамдардың төлем қабілеті жақсы болса автоөнеркәсіп дами түседі. Сондықтан осы жылы шығарылатын көлік саны 60 мыңдық межені бағындыруы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қазақстан авиация әкімшілігі: Bek Air ұшақтарының бөлшектерін бекітуге скотч қолданылған

Былтыр үкімет жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта жаңғыртып, 10 млрд теңге бөлген. 8 млрд жеңілдетілген автонесие үшін, тағы 2 млрд лизингке көліктер мен арнайы техника сатып алатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін.

"Қазақстан аумағына көлік импорттаумен айналысатын кей брендтер соңғы жылдары нарықтық үлесін жоғалтқан. Дегенмен, Renault, Nissan және Volkswagen сияқты брендтер біздің нарыққа шығуға үлкен қызығушылық танытып отыр", – деді Артур Мискарян.

Серіктестер жаңалықтары