Тікелей эфир

Наурыз он күн мерекеленеді. Мейрамның жаңа логотипі бекітілді

Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады.

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Ал осы 10 күнде Қазақстан аумағында қандай мерекелік іс-шаралар өтетінін Informburo.kz материалынан оқыңыздар. Жалпы республика бойынша 400-ге жуық іс-шара жоспарланып отыр. 

"2024 жылдан бастап Қазақстан бойынша Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланатын болады. Оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылды. Мұнымен қатар, Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жолданды", – деді ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев.

Сонымен қатар, ол мәдениет және ақпарат министрлігімен жалпы республикалық жоспар әзірленгеніне тоқталды. Аталған жоспарда барлық форматтағы іс-шара қамтылған. Олар – көрмелер, концерттер, фестивальдар, жәрмеңкелер, әдеби-музыкалық кештер, спектакльдер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, тарихи-танымдық сабақтар, кино көрсетілімдер және т.б.

"Жалпы республика бойынша 400-ге жуық іс-шара өткізіледі. Олардың ішінде республикалық мәдениет ұйымдарымен 79 іс-шара, ал өңірлердің ұйымдастыруымен 276 іс-шара өтеді. Министрлік және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылатын "Ұлы істің – Ұлы таңы" атты басты мерекеміз – 21 наурыз күні Астана қаласының ЭКСПО аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мерекенің тұжырымдамасы бекітіліп, дайындық жүргізіліп жатыр", – деді комитет өкілі Сәбит Барлыбаев.


Оқи отырыңыз: Түркістан, Ташкент, Дубай. Бес күн Наурызда қайда барып демалуға болады


Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Ән күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мазмұн-мәнге ие болды.

Қызғалдақтар \ Фото: depositphotos.com

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі

Амал: болашаққа сеніммен қарау

Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады, бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы. 

Бұл күн – Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бейнесі. Қазақстан халқы үшін Амал дәстүрі отбасыдағы жылылық пен татулықпен тығыз байланысты. Жас кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, Жаңа жылда ақсақалдардан бата сұрайды. Бұл дәстүр қазақстандық менталитеттің ажырамас бір бөлігі, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңның көптен күткен кездесуін білдіреді. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерден арылуы қажет деп саналады. 

Дәстүрлі түрде Қазақстанның батыс өңірлерінде жаңа жылдың басы ретінде атап өтілетін "Амал мерекесі" қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, бұл – өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел сын-қатерден сүрінбей өтеді


Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Бұл орайда, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Амал" біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр.

Бұл дәстүр кешірім мен өзара құрмет арқылы халықтың бірлігін – азаматтардың бір-біріне жақындығын, ортақ мақсат жолында бірігуін білдіреді.

14 наурыздан бастап "Наурыз-базарлық" маусымы жарияланады, оның барысында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылады. Мереке күндері тұрғындар туыс-туғандарын аралап, студенттер мерекені өз жақындарымен бірге қарсы алу үшін ауылдарына барып, жақын-жұрағат қарашаңырақта бас қосады.

Сондықтан "Амалдың" әрбір сәті шаттық пен қуанышқа, мейірім мен жанашырлыққа толы болары сөзсіз. Бұл дәстүр ел жаңаруының жаршысы ретінде, табалдырықтан аттағалы тұрған Ұлу жылын зор үмітпен және нық сеніммен бастауға жақсы себеп болады. 

Қызғалдақтар / Фото: Анасы мен балалары

15 наурыз – Қайырымдылық

Мейірімділік пен жанашырлық кезеңі

Бұл күн қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған. Жалпы, игі істер дәстүрін тарату қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. 

Наурызнаманы мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, қадірін арттыру аса маңызды, өйткені көшпенділер мәдениетінде өзара көмек, жанашырлық пен қамқорлық кез келген қиындықты жеңіп, мақсат-мұратқа жетудің тетігі болатын. Ұлы даланың басты құндылықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзара көмек көрсетуі қоғамды айрандай ұйытып, бір ел, бір халыққа біріктірді. Мысалы, ішер ас, мініс көлікке зар болған мұқтажға ауылдас ағайын жылу жинап, көмек беретін. Айтып келмейтін апатқа душар болғандарға мал, киім, тіпті ыдыс-аяққа дейін түгендеп, үй-жай берілетін. Жанашырлық пен мейірімділіктің мұндай мысалдары жетерлік. Сондықтан "Қайырымдылық" күнінің тақырыбы қазіргі қазақ қоғамда әлі де кеңінен таралуы тиіс құндылықтармен тығыз байланысты. 

Ресми түрде Наурызнаманың бір күнін осы тақырыпқа арнау – азаматтардың сана-сезіміне осындай қозғау салу тетіктерінің бірі.


Оқи отырыңыз: Рамазан және Наурыз: 33 жылда бір келетін сәйкестік


Бұл ретте барлық өңірлерде қайырымдылық іс-шараларын өткізу әрдайым жылы лебізге ие: бұл – халық бірлігінің, өзгеге қол ұшын беруге деген ұмтылыстың, елдің бақуаттылығын арттыруға деген талпыныстың көрінісі. Наурыз осылайша ынтымақ, азаматтық жауапкершілік пен мұқтаж жандарға қолдау көрсететін жарқын кезеңге айналады. Бұл жерде мәселе тек материалдық көмек көрсетуде емес, сонымен қатар рухани қолдау, көңілді серпілту, жылы сөзбен жігерлендіру де маңызды.

Ең бастысы, қайырымдылық идеясын барша азаматтар оң көріп, дұрыс қабылдайды. Игі іс жасау азаматтық жауапкершілік танытудың ең қолайлы көрінісіне айналып келеді. Ал Наурыз мерекесінің бірлік пен бауырластыққа, ынтымақ пен өзара көмекке шақырған философиясы қоғамдағы мейірімді одан әрі күшейте түсері сөзсіз.

Осы орайда, басына тұрмыстық ауыртпашылық түскен адамдарға көмек беру үшін ұйымдастырылатын Игі істер марафонының орны бөлек ("Қазақстан халқына" қоғамдық қоры мен "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту корпоративтік қорының аясында). Бұл күні қайырымды адамдар дәстүрлі түрде қарттар үйлеріне, дағдарыс орталықтарына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге, көпбалалы отбасыларға арнайы барып, мерекемен құттықтайды. Бұл игі дәстүр қоғамда адамға деген жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады.

Осылайша, Наурыз мейрамы Қазақстанда тек жылулық пен қуаныштың ғана емес, өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналып келеді. 


Оқи отырыңыз: 2024 жылғы ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері


Сонымен қатар, 15 наурыз мұсылмандар үшін қасиетті ай Рамазанның бірінші жұмасымен сәйкес келеді. Бұл айдың ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтары Наурыздың мазмұнымен толықтай үйлесетінін ескере отырып, барлық өңірлерде ауызашар шаралары өткізіледі.

Мемлекет тарихында ерекше рөл атқаратын Ұлттық құрылтай отырысын да дәл осы күні өткізу жоспарланып отыр. Бұл диалог алаңын құру бастамасы алғаш рет 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Құрылтай шақыру – ежелден келе жатқан игі дәстүр, оны ата-бабаларымыз аса маңызды мәселелерді талқылап, мемлекеттік деңгейдегі шешімдер қабылдау үшін шақыратын болған. Құрылтайда қабылданған шешімге барша халық ден қойған. 

Ұлттық құрылтайдың Наурызнама ішінде өткізілуі – ұрпақтар сабақтастығы мен елді жаңғырту жолында бірігудің және баршаға ортақ құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын білдіреді.

Ұлттық бұйымдар \ Фото: depositphotos.com

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Ұлттың "мәдени коды"

Бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналған. Бұл күні ел аумағында қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылады

Телеарналар эфирінде "Наурызнама" республикалық айтысы көрсетіледі. 

Қазақ мәдениетінің түп негізі гуманистік идеялардан туындайтын болғандықтан, ол қоғамды жалпыадамзаттық құндылықтар аясында біріктіруші күш бола алады. Оның ішінде, өзгені түсінуге ұмтылу, өзара көмек пен ынтымаққа негізделген қарым-қатынас қағидалары халықты біртұтас ұлтқа айналдыруда аса маңызды. Сондықтан 16 наурыз тақырыбы азаматтарға ата-бабамыздың рухани-практикалық және мәдени тәжірибесін еске түсіріп, одан сабақ алуға мүмкіндік береді. 

Ұлтты ұлт ететін айрықша белгілердің бірі – мәдениеті пен өнері, олардың маңызы жаһандану жағдайында одан сайын арта түспек. Мәдениет қоғамдық сананы және азаматтардың мінез-құлқын анықтайтын моральдық-этикалық нормаларды қалыптастыру процесіне әсер етеді. Өнер қоғамдағы құндылық символизмін айшықтайды. Сондықтан Наурыздың жаңа идеологемасын қалыптастыру отандық мәдени-шығармашылық кодпен тығыз байланысты.


Оқи отырыңыз: 14 күн демалыс! Қазақстандағы наурыз мерекелері мен демалыс күнтізбесі


Бүгінгі қоғамдағы сұраныстардың бірі – өткен заманды аңсау тағдыры талайлы болған кез келген ұлт үшін қалыпты жағдай. Бұған, әрине, қазақ ұлтының түп негізіне бойлаған және жастардың ықыласына бөленген заманауи кинематографиялық, әдеби, бейнелеу өнерінің туындылары мен музыкалық шығармалар да ықпал етеді.

Қоғамның мәдени-тарихи мұраларға деген ықыласы заман келбетіне тікелей әсер етеді. Мысалы, салауатты тамақтануға көшуге қатысты трендтер тек табиғи ингредиенттер қолданылатын дәстүрлі қазақ тағамдарына деген ықыласты арттырды. Сондай-ақ салауатты өмір салты (ұлттық спорт түрлеріне оралу), әдебиет (классиктерді оқу), музыка (халық шығармаларының қайта жандануы) салаларында ұлттық өзекке оралу үрдісі байқалады.

Сонымен қатар, тарихи мұраны қайта құру мен жандандырудың негізгі тетігі модернизацияда жатыр. Мәселен, қазақтың дәстүрлі киім үлгісі қазіргі кезде жаңаша түрлене бастады. Қазір қазақстандық дизайнерлер дәстүрлі ою-өрнектерді, нақыштарды және басқа да атрибуттарды заманауи стильмен үйлестіре отырып пайдаланады. Наурыздың қайта жаңарған мәні де осында: дәстүрлер жаңа заманға бейімделіп, тың мазмұн-пішінге ие бола бастады. ХХІ ғасырда қазақстандық дамудың бағытын осылайша дәуірлер тәжірибесіне негізделген жаңа мазмұндағы мәдениет айқындайтын болады.

Қазақ үй \ Фото: depositphotos.com

17 наурыз – Шаңырақ

Шаңырақ – материалдық және рухани мұраның символы

Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. 

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.

Қазақ дүниетанымында шаңырақ – шеңбердің символы, яғни кім-кімді де кемсітпей өз ортасына қабылдай алу қабілетін білдіреді. Жаһандық тұрғыдан алғанда, шаңырақ ұлттық сана-сезімдегі ел, мемлекет ұғымын бейнелейді, сондықтан да ол елтаңбаның жүрегінде орналасқан. Ендеше, осы мереке күндері шаңыраққа ерекше көңіл бөлінетіні түсінікті жайт болса керек.

Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге  үндейтін отбасылық мереке. Бұл – әрбірімізге жақын әрі бәрімізді біріктіретін құндылықтар. Ендеше, 17 наурыздың тақырыбы отбасы институтының маңыздылығын еске салып, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болады. 


Оқи отырыңыз: Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуді сұрап Колбинге хат жазған кім? Наурыз-тест


Отбасы – әр адам үшін басты құндылықтардың бірі,  ол мемлекет пен қоғам тұрақтылығын сақтауда, жас ұрпақ тәрбиесінде, елдің дамуында маңызды рөл атқарады. Ең негізгі адами қағидалар – төзімділік, жанашырлық, қамқорлық, мейірім мен ізгілік сияқты қасиеттер балаға ең жақын туыстары мен жақындарының ортасында дариды. Бала кезде берілген тәрбие өмірлік қағидаға айналып, басқа адамдармен қарым-қатынасқа тікелей әсер етеді. Сондықтан сапалы ұлт қалыптастыру жолында еңбекқорлық, білімпаздық, тілеулестік сияқты қасиеттерді отбасы институты арқылы сіңірудің маңызы зор. 

Ұлттық сана-сезімде шаңырақ отбасыны бейнелейді, сондықтан да қазақтар жас жұбайлардың отауын құрып, шаңырағын көтеруге ерекше мән берген. Мысалы, жазушы-этнограф Ахмет Жүнісұлының пікірінше, жас отбасының шаңырағын балалы-шағалы, сол елге сыйлы, жасы үлкен күйеу көтеретін әдет-ғұрып болған.

Бұл ғұрыптың мағынасы өте терең: халық өнегелі отағасы, ағайын-туысқа, қайын жұртына сыйлы, жасы үлкен ер адамның жас шаңырақты ат үстінде тұрып көтеруін жақсы ырымға балаған. Осы орайда, бұрын да, қазір де көптеген жастар наурыз айында  үйленуге тырысады, яғни киіз үйлер тігіліп, шаңырақтар көтеріліп, алыстағы ағайын қарашаңыраққа жиналатын кезең үйленуге өте қолайлы. 

Сондықтан бұл күні Наурыздың құрметіне ұлттық киім киген жас жұбайлардың некесі қиылып, оларға ірі әулет иелері – сыйлы қарттар, көп балалы аналар "Наурыз бата" береді, яғни жас жұбайларға, тұтас елге бақыт пен береке тілейді. 

Үлкендердің батасында шаңыраққа қатысты тілектер көп айтылады. "Шаңырағың биік болсын!" деген сөз тіркесі ең жақсы тілектің бірі саналады. Қазақ тілінде шаңыраққа қатысты нақыл сөздер, тілек көп кездеседі. 


Оқи отырыңыз: Наурыз мерекелеріне орай қосымша пойыздар жолға шығып, вагон саны артады


Бұл күні 25 жыл және 50 жыл отасқан ерлі-зайыптылар арасында өткізілген "Алтын шаңырақ" және "Күміс кереге" байқауларының жеңімпаздары марапатталады. Байқаудың басты шарты – "Адал азамат" құндылықтарына сай ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасы болу.

Наурыз балалар үшін де ерекше сүйікті мерекеге айналады. Жергілікті әкімдер "Шаңырақ" күні дүниеге келген нәрестелердің ата-аналарын арнайы барып құттықтап, "Наурыз-базарлық" тарту етеді. 

Сондай-ақ бұл күні балаларға арналған түрлі танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шаралар өткізіліп, жеңімпаздарға  Наурыз логотипі бейнеленген мерекелік сыйлықтар, ұлттық тәттілер, шығармашылық секцияларына, арнайы курстарға т.б. арналған сыйлық сертификаттары табыс етіледі. Осындай шаралардың арқасында жас ұрпақ отбасылық мерекенің құндылығын түйсініп, жастар ұлттық мәдениетке бір табан жақындайды, олардың бойында отансүйгіштік пен халықтық салт-дәстүрге деген құрмет, туған ел мен жерге деген сүйіспеншілік артады. 

Жалпы, "Шаңырақ" күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға сеп болады.

Сондықтан Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында 17 наурыз – жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

Ұлттық киім киген анасы мен қызы \ Фото: depositphotos.com

18 наурыз – Ұлттық киім күні

Ұлт рухының шағылысы

Ұлттық киімге арналған бұл күн ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын ерекше кезеңге айналады. Бұл – халық рухының шағылысын бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне тамсанып, бұл өнердегі бай мұраны зерттеп, одан шабыт алатын күн.

Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен және ұтымдылығымен ерекшеленіп келді, тіпті заманауи сән талғамы да оның маңызын кеміте алмақ емес. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлаумен қатар, киім иесінің атақ-дәрежесін, байлығын көрсететін. 

Қазіргі модернизация дәуірінде ұлттық киімнің мәні жаңа сипат алды: бұрынғы дәстүрлер мен қазіргі үрдістерді біріктіре отырып, жаңа интерпретацияға ие болды. 

Қазіргі заманғы ұлттық киім ұлттық мінез пен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Наурызда кешірімді болу мен мейірімділік таныту өте маңызды


Ұлттық киімнің ең кең тараған түрі – шапан. Оның ерекше дизайны, барынша ыңғайлылығы халықтың қонақжайлылығы мен мейірімділігін  бейнелейді. Қонаққа шапан сыйлау – оған деген ыстық ықыластың белгісі ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрыпқа деген құрмет.

Ұлттық киім күні бұл салада жаңашыл көзқараспен шығармашылық тұрғыда дәстүр мен стильді ұштастыруға ынталандыратын түрлі фестиваль, байқаулар ұйымдастыруға себеп болады. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға үлес қосып, сонымен қатар халық мұрасының маңыздылығын еске түсіріп, бірлігімізді арттыра түседі.

Бұл күн – киім үлгісі арқылы әр адамға өз даралығын білдіруге, сонымен қатар Қазақстанның бірлігі мен мәдени әралуандығын танытуға мүмкіндік береді. Ұлттық киімде қолданылған маталардан біз өткен заманның сұлулығы мен болашақтағы бірегейлігімізді сақтаудың кілтін көреміз.

Ұлттық киім – ұлттың мәдени кодын сақтайтын халықтың мәдени мұрасының бір бөлігі. Ұлттық киім арқылы қазақстандықтар өздерінің бірегейлігі мен ерекшелігін айшықтайды. 

Ұлттық киімді насихаттау салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты және тарихи ерекшеліктерді сақтауға және келер ұрпақтаға жеткізуге ықпал етеді. Бұдан басқа, ұлттық элементтер қолданылған киімге сұраныстың артуы – қазақстандық өндірушілерді қолдаудың артуы. 


Оқи отырыңыз: Кентауда қаланың әжелері дауыс берушілерге Наурыз көжеден дәм татырды


Ұлттық стильдегі fashion-фестивальдер жастар арасында ұлттық стильді кең таратуға ықпал етеді. Бүгінгі күні қазақ этно-стилі заманауи мәдениеттің трендіне айналды, күнделікті киім үлгісінде принт, кесте, ою-өрнектер, ана тіліндегі сөз тіркестері сияқты ұлттық бірегейлікті көрсетуге мүмкіндік беретін көрнекі элементтер жиі қолданылып жүр. 

Сонымен қатар, этно-стильдегі киім шетелде өзінің ұлттық ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді, сол арқылы Отанға деген патриоттық сезім мен сүйіспеншіліктің күшеюіне әсер етеді. Мысалы, қазіргі жастар арасындағы кең тараған ұран сөздерге ("Qazaq republic" сияқты танымал брендтер) деген сұраныстың тамыры осында жатыр, бұл ұлттық сана-сезімнің артуын көрсетеді.

Бұл күні біз әрбір қазақстандықты өз мәдениеті мен ұлттық бірегейлігі үшін мақтануға, ата-бабаларымызға құрмет көрсетуге және озық дәстүрлерімізді қазіргі заманға жалғауға шақырамыз.

Ағаш отырғызу \ Фото: depositphotos.com

19 наурыз – Жаңару

Бұл күні сөзбе-сөз мағынада да, қоғамдық-саяси тұрғыда да "өмірдің жаңаруын" бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады

"Жаңару" күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді.

Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты. 


Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесіне орай Димаштың бейнебаяны Мексика метросында көрсетіледі


Наурыз айында ел аумағында отырғызатын жаңа көшеттер тәрізді бұл күндері қоғамдық мәдениетке Наурыздың жаңа дәстүрлері сіңіріледі. Отырғызылған көшеттер өніп шығып, ағаштар жеміс бергені сияқты жаңа идеялар бен құндылықтар өз жемісін беріп, қоғамымызды нығайтып, өркендеуге жетелейді.

"Ғұн" этно ауылы \ Фото: Informburo.kz

20 наурыз – Ұлттық спорт

Көшпенді өркениеттің спорттық рухы

Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Бұл мереке біз үшін бірліктің символына айналып, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді. Бұл күні барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіледі. Ат жарыстарын (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу) және құсбегілік жарыстарын, сондай-ақ түрлі турнирлерді (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту) өткізу қазақстандықтардың жалпыға ортақ мерекені сезініп, төл дәстүрлерімізді жаңғыртуға мүмкіндік береді. 

Ат спорты, оның ішінде бәйге көшпелі өркениеттің бірегей мұрасы ретінде ерекше қастерлі. Ата-бабаларымыз әлемге ат спорты мәдениетін сыйлап, ат спортының дамуына жол ашқаны – даусыз дерек. Осы себепті Наурызнама кезеңінде бәйге бойынша ҚР Президентінің жыл сайынғы арнайы сыйлығы тағайындалды. Жалпы, дәстүрлі спорт түрлері өмір сүру салты, адам өмірі, еңбегі, ұлттық негіздер, ар-намыс, қадір-қасиет, батылдық, күш-қайрат, ептілік, төзімділік және жылдамдық сияқты қадір-қасиеттерді бейнелейді.


Оқи отырыңыз: Кібісе жылдың адам тағдырына әсері бар ма? Астрологтар бұл жайында не дейді


Біздің ұлттық спортымыз – тек сайыс пен жарыс емес. Онда  көшпелі тұрмыстың рухы бар, Ұлы Далада күш-қайрат, ептілік, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылыс, жақындарына тіреу болу қабілеті өмір сүру мен дамудың кілті саналатын.

Қазіргі кезде дәстүрлі спорт түрлеріне деген ықылас ел ішінде ғана емес, шетелде де артып келеді. Бұл да заңдылық, себебі атқа отырып, құс салып, садақ тартқанда, біз ата-бабаларымыздың даналығы мен сұлулығын паш ететін мәдени құбылыс тудырамыз. Бүгінгі күні Наурыздың арқасында ұлттық спорт түрлерінің бәрі дерлік қайта жаңғырып, тән мен жан үйлесімін сақтау үшін қажетті салауатты өмір сүру салтына көшуге мүмкіндік беріп отыр. 

Екінші жағынан, Наурызнаманың бір күнін ұлттық спорт тақырыбына арнау – бізде ғаламдық деңгейде мақтан тұтатын мұра бар екенін түйсініп, мықты рух пен ерік-жігер тұрғысынан үлгі тұтатын бабаларымызды еске түсіруге себеп.

Қазақтың ұлттық тағамдары \ Фото: depositphotos.com

21 наурыз – Ынтымақ

Жалпыхалықтық бірлік марафоны

Бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады. Бұл ел үшін маңызды тарихи оқиғалар мен ұлттың жетістіктерін еске алу уақыты, сонымен қатар елдегі әртүрлі топтар мен қоғамдық топтарды біріктірудің маңыздылығын білдіреді. 

Қазақстанда Наурыз мейрамы бізді ұлттық өзекке оралтып қана қоймай, ел ішіндегі ағайын мен сырттағы бауырларды байланыстырушы көпір ретінде қызмет етеді. Ынтымақ күнін біз бірлік және ынтымақта бірге атап өтіп, мәдени әралуандықты ұлтты ұйыстырушы тетікке айналдыруды көздеген  бірқатар іс-шаралар ұйымдастырамыз.

Бұл күн ауызбірлік, ортақ құндылықтар мен азаматтық бірегейліктің маңызын түсінуге жетелейді. Ынтымақ күні азаматтарды бейбітшілікке, келісім мен төзімділікке қолдау білдіруге үндеп, әділ және  бақуатты қоғам құруда өзара сыйластықтың, ынтымақтастық пен бір-бірін қолдаудың маңыздылығын көрсетеді. Бұл қоғамдағы қайшылықтарды азайтуға және қоғамның әр түрлі топтары арасындағы түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Бұл күні жалпыұлттық телемарафон – еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар мен шетелдегі қандастардың қатысуымен тікелей эфирдегі құттықтау эстафетасы өткізіледі. Тікелей эфирдегі телемарафон – шетелдегі отандастарымыз бен достарымыз үшін Наурыз мейрамын бізбен бірге атап өтуге жасалған мүмкіндік.


Оқи отырыңыз: Тымаққа салу салты. Қазақ халқы ертеде шала туған баланы қалай өсірген?


Елордада "EXPO" халықаралық көрме орталығында Этноауыл ашылып, оның аумағында жақын және алыс шет елдердің (Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан) үздік шеберлерінің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істейді. Бұл жәрмеңке ғана емес, әртүрлі халықтардың мәдени дәстүрлерін өзара байланыстыратын ерекше көпір болады.

Бұл күнгі іс-шаралар біздің мәдениетіміз бен шығармашылық әлеуетіміздің жан-жақтылығын көрсетеді. Шығармашылық топтардың мерекелік қойылымдарынан бастап ұлттық тағамдар гастрофестиваліне дейін, ұлттық спорт түрлерінен жаппай жарыстардан бастап шығармашылық алаңқайларына дейін – мұның бәрі әралуандылық біздің артықшылығымыз екенін еске салып, бірігуге жол ашады.

Осы күні ашылатын Шығыс базары асқан қонақжайлықпен мерекелік дастарханның мәзірлерін ұсынады. Мұндай іс-шаралардың басқа өңірлерде де өтуі мерекеге жалпыұлттық сипат береді. Ендеше, Ынтымақ күні – мәдени мұрамызды қадірлеп, бір-біріміге деген құрметімізді айшықтап, әралуандығымызды артықшылыққа айналдыратын уақыт.

Бишілер \ Фото: depositphotos.com

22 наурыз – Жыл басы

"Жыл басы" – бұл әрбір қазақстандық өз мәдениеті мен тарихының өзегіне оралатын уақыт. 

22 наурыз – халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарына қайта оралудың символы әрі жаңа тарихи кезеңді бастауға дайындық. Барлық қалалардың басты алаңдарында этноауылдар ашылып, ұлттық мәдениеттің байлығын паш етеді. Бұл күні біз ата-баба әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін тамашалап, өткеннің рухын сезінеміз. Сонымен қатар, әр қалада және елдімекенде "Наурыз стиліндегі ең креативті безендіру", "Наурыз стиліндегі ең әдемі көше" атты  халықтық байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау шаралары ұйымдастырылады. 

Халықтық байқаулар жеңімпаздарын марапаттау – азаматтардың шығармашылық шабытын шыңдау ғана емес, мәдени орта қалыптастыру. Байқаудың маңызы – әр адам елдік тұрғыда мерекелік ахуалын қалыптастыруға үлес қоса алатынымызды көрсететіні. Үй-жай, аула мен көшелерді Наурыз нақышымен безендіруге қатысу арқылы әрбір тұрғын мерекелік ахуалды сезініп, отбасы ынтымағын арттырады.  

Бұл іс-шаралардың маңызы – тарихымызды жалғастырады, өткенмен байланысты нығайтады және болашаққа жол ашады. Бұл күні біз халқымыздың ауызбірлігі және ежелгі дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтай отырып, барлық сын-қатерлерден бірге өтуге дайын екендігімізді атап өтеміз.


Оқи отырыңыз: Қазақ халқы төркіндеп келген қызға қандай құрмет көрсеткен?


"Жыл басы" –  күнтізбедегі қатардағы күндердің бірі емес. Бұл –  қоғам өміріндегі ерекше сәт, біз бұл күні мерекелік қуанышпен бас қосып, тарихымыздағы жаңа кезеңнің басталуын мақтанышпен атап өтеміз.

Ұлттық киім киген қазақ қызы \ Фото: depositphotos.com

23 наурыз — Тазару

Жаңа өмірге қадам басу

Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. "Тазару" күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі. Бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді. 

Наурыз мерекесі ертеден табиғат тазалығы мен адамның ішкі жан-дүниесінің тазалығын сақтап, үйлесімде болуын үндейді. Мерекенің мәні – көктемнен қысқа көшу, табиғаттың (демек, адамдардың да) жаңа өмір бастауы осының нышаны. Бұл кезең символдық мағыналарға толы, оның басты үрдісі – тазару арқылы жаңару.

Тазару рәсімі – үй-жайды, аулаларды тазалап, бұлақтар мен арықтарды аршу, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді. Бұл – табиғатпен үндес болу қажеттігі мен адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақыт пен береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады. Ұлттық мерекеге экологиялық науқандарды енгізу – Мемлекет басшысы көтерген проблемалар (су ресурстарының тапшылығы және т.б.) аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын айшықтау. 


Оқи отырыңыз: Ерулік беру дәстүрі. Қазақ халқы көршісін қалай сыйлаған?


Айналаны тазарту артық нәрселерден арылуға, кеңістікті мүмкіндігінше пайдалы етіп қайта құруға мүмкіндік береді. Оның мәні өте терең: "Тазару" – ұлттың жаңа жылды жаңа үміт, тың серпін, нық сеніммен бастауының басты нышаны. 

Бұл "жасыл күн" табиғат пен адамның қарым-қатынасында көпір болып, дені сау ұрпақ өсіруге, елдің гүлденуіне негіз болады.

Мұндай ауқымды экологиялық бастамалар Наурызнама онкүндігін қорытындылау ғана емес, сонымен қатар таза қоршаған ортада жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға негіз болады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары