Биыл мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен сәйкес келеді. Дін ғалымдарының есебінше, мұндай сәйкестік 33 жылда бір келеді екен.
Соған орай, Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігіне қарасты мешіттерде Наурыз мерекесі күндері ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ұлт мәзірі бойынша ауызашарлар беріледі.
"Қасиетті Рамазан айы тек құлшылық айы қана емес, қоғамға оң әсерін тигізер іс-шараларды қолға алынды. Осы жылы алғаш рет "Табиғатты аяла" іс-шарасы аясында "Рамазанда бір тал ек", жамағатты кітап оқуға баулу мақсатында "Мешітке кітап сыйла" акциясын өткізу жоспарланған. Одан бөлек, Рамазан мейірімділік айы болғандықтан қалада 6 орында қайырымдылық орталығын ашуды көздеп отырмыз. Осы орталық арқылы әлеуметтік жағдайы әлсіз отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріледі. Әз Наурыз мерекесінде ауызашар ұлттық ойындарға кезек беріліп, жамағатқа наурыз көже, бауырсақ тағы басқа таратылады", – деді Шымкент қаласының наиб имамы Мұхамеджан Естеміров.
Мұндай шаралар республиканың басқа өңірлерінде де қолға алынбақ.
Оқи отырыңыз: 2024 жылғы ораза кестесі: Қазақстан қалалары мен елді мекендері
Еске салайық, биыл Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал тарауық намазы 10 наурыздан бастап оқылады.