Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады.
"Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша. Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл", – деді президент.
Ары қарай ол мұқтаж жандарға көмектесуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Бас мүфти: Ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсынуды сұраймыз
"Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді. Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін. Ораза қабыл болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін!" – деді мемлекет басшысы.