Тікелей эфир

Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды

Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды
Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды
АҚШ-та өнер көрсетіп жүрген жас әнші Орынбасар Әбу informburo.kz тілшісіне GGG драма шоуында қалай ел әнұранын шырқағанын әңгімелеп берді.

Елден кетуге не себеп болды?

Орынбасар Шымкент қаласында туған. Бала кезінен музыкаға бейім болған ол Оңтүстік Қазақстан Саз колледжінде білім алып, кейін оқуын ел астанасындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғастырған. Негізгі бағыты – вокал.

– Музыка өнеріне қызығуыма анам себепші болды. Ол бала күнімде маған арнап ән айтқанда мен үйдегі кез-келген затты алып, сүйемелдеп отырушы едім. Сыпырғы мен үшін гитара болса, шелектер барабан ролін атқара беретін, – дейді кейіпкеріміз.

Орынбасар университеттен кейін Қорғаныс министрлігінің ұлттық оркестрінде 4 жыл қызмет етіп, 25 жасында өз бағын республикалық арналардың бірі ұйымдастырған "Қазақстан дауысы" байқауында сынап көреді. Іріктеу сынынан сәтті өтіп, байқау мәресіне дейін жетеді. Жалпы есеп бойынша үшінші орынды иеленген.

Оқи отырыңыз: Қазақ жігіті 19 жасында АҚШ-қа кетіп, 40 адамды жұмыспен қамтитын өз ісін ашып үлгерген


Орынбасар 2016 жылы басталған "Қазақстан Дауысы" шоуына қатысқан

Орынбасар 2016 жылы "Қазақстан дауысы" байқауында бақ сынаған/ Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды


Орынбасар "Қазақстан дауысынан" кейін түрлі ұсыныс түкенін айтады. Бірақ ол өз өнерін дамытуды АҚШ-та жалғастыруды ойлайды.

– Менің басты мақсатым – соло әнші болу. "Қазақстан дауысына" қатысқаныммен, одан күткенім аз болды. Себебі өнерімді бір ел емес, бүкіл әлем танығанын қаладым. Уақыт көрсетіп отырғандай, Қазақстанда сенің өнеріңді мойындау үшін алдымен шетелде абырой жинауың керек. Сондай-ақ, америкалықтардың музыка стильдерінің табиғаты маған бұрыннан жақын болатын. Мәселен, соул, джаз, R&B. Осы стильдерде өзімді дамыта алсам, мұнда оны тыңдайтын алып аудитория да бар, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Диаз Мусалимов: "Қазақ әндері –менің негізгі репертуарымда"

"Америкаға ағылшын тілін білмей бардым"

Отандасымыз АҚШ-қа 2017 жылдың соңында ұшып келген. Жат елде жаңа қоғамға бейімделіп, өз ортасын табуына біраз уақыт қажет болыпты.

– Өнер адамы үшін өзге ұлт өкілдерімен араласу қажет деп ойлаймын. Себебі, мәдениеті мен дәстүрі, сенімі басқа адамдармен сөйлескенде жаңа идеялар пайда болады. Сол үшін де Нью-Йоркта тұрақтадым. Бұл қалада әлемде қанша ұлт болса, сон ұлттардың барлығының кем дегенде бір өкілі тұрады, – дейді Орынбасар.

Қазақстандық әнші ағылшын тілін жетік білмесе де, тәуекелге бас ұрып, АҚШ-қа ұшып кеткен. Алып қалада жол сілтейтін, жөн сілтейтін танысы да болмапты. Сол себепті алғашқы бірнеше күн Нью-Йорктің халықаралық әуежайында қонуына тура келген.


Орынбасар Нью-Йорктағы қазақстандық суретші Берік Құлмамыровпен бірге

Орынбасар Нью-Йорктағы қазақстандық суретші Берік Құлмамыровпен бірге / Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды


Кейін Нью-Йорктің Бруклин округіне орналасқан Орынбасар дереу жұмыс іздеуге кіріскенін айтты.

– Күнделікті тұрмыстық шығындарымды жабу үшін кез келген жұмысқа дайын болдым. Қазақстанда ыдыс-аяқ жуып, тіршілік етемін деген он ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. АҚШ-та ыдыс жуудан бөлек, дәмханаға тауар тасумен, асханада аспазға көмекшілікпен де айналыстым, – дейді Орынбасар.

Осылай оның жаңа құрлықтағы жарты жылы өте шыққан.

– Аптасына 7 күн жұмыс істеп, 540-560 доллар көлемінде табыс табатынмын. Сағатқа шақсақ, 7-7,5 доллар болады. Тіпті, демалыс күндері де бос уақытым болмаған соң, музыкамен айналысуға, ән айтуға мүмкіндігім болмады, – дейді ол.

"Мені афро-америкалықтар көбірек тыңдайды"

Америкада өткен алты айдан кейін Орынбасар Бруклиндегі орыс тілді радиода өнер көрсетіп бастайды. Осы жерде америкалық ресторатормен танысып, мейрамханада ән айтуға жұмысқа ұсыныс алады.

– Оның Нью-Джерси штатында «Ұлттық Бұхара» деп аталатын мейрамханасы бар екен. Маған демалыс күндері сол жерде ән айтуға шақырды. Мен бірден келісіп, жұма, сенбі және жексенбі күндері көрші штатта ән айта бастадым, – дейді Орынбасар.


Орынбасар өткен жылдың соңында Нью-Йоркта жеке концертін ұйымдастырды

Орынбасар Нью-Йоркта алғашқы жеке концертін өткізді / Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды


Отандасымыздың айтуынша, оның 3 күн мейрамханада ән айтып тапқан табысы дәмханадағы 7 күндік жалақысынан артық шығады. Сөйтіп, ол музыкаға қайта оралып, уақытының басым бөлігін шығармашылық жұмысқа арнай бастапты. Жаңа достары мен тыңдармандарының саны да арта түскен.

– Нью-Йоркта мен шамалағаннан да көп қазақ тұрады екен. Көпшілігімен танысып, жақсы араласып кеттік. Бірқатары мұнда әжептәуір жетістікке жетіп үлгерген. Солардың бірі – Берік Құлмамыров есімді суретші. Ол менің жеке концертімді ұйымдастыруға көп жәрдем берді, – дейді Орынбасар.


Орынбасар жеке көнцертінде өзімен бірге өнер көрсеткен афро-америкалық инструменталды музыканттармен бірге

Орынбасар жеке көнцертінде өзімен бірге өнер көрсеткен афро-америкалық музыканттармен бірге / Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды


Берік Құлмамыровтың АҚШ-тағы өмірі туралы осыған дейін де жазған болатынбыз. Ол көп жылдан бері АҚШ-тағы қазақ диаспорасына арнап коммерциялық емес түрлі шаралар ұйымдастырады. Оның кезекті шығармашылық кешінде Орынбасар Әбу негізгі соло әнші болыпты.

– Кеш Memories (Естеліктер – ред.) деп аталды. Онда А'Студио және басқа да қазақ өнерпаздарының классикалық шығармалары орындалды. Сондай-ақ, америкалықтар сүйіп тыңдайтын танымал әндерді де репертуарға қостық. Одан бөлек, мен өзімнің авторлық әндерімді де шырқадым, – дейді ол.

Орынбасар кешке дайындық барысында өз командасына тек афро-америкалық аспапты музыканттарды жинағанын айтты. Себебі, әндер афро-америкалықтар сүйіп тыңдайтын R&B, соул және джаз жанрларына бейімделген екен. Әншінің айтуынша, осы жанрлардағы әндерді сүйемелдеу тек афро-америкалықтардың қолынан келеді.

Оқи отырыңыз: Америкалық миллионер қазақ: АҚШ-та бизнес жасау әлдеқайда жеңіл

– Көрермендердің бір бөлігі АҚШ-қа Қазақстаннан барған азаматтар болды. Одан бөлек, қырғыз, өзбек, украин сынды ТМД елдерінен келгендер де бар. Дегенмен жиналған қауымның басым бөлігін афро-америкалықтар құрады. Маған Стиви Уондер, Джеймс Браун, Рэй Чарльз, Брайан Макнайттардың шығармашылығы жақын. Олардың музыкасы менің өнеріме да өзгеріс енгізгенін сеземін. Сондықтан да мені афро-америкалықтар көбірек тыңдаса керек, – дейді Орынбасар.

GGG драма шоуындағы әнұран

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин Нью-Йоркта жиі бокс кешін өткізетіні белгілі. Кеш алдында боксшылар елдерінің мемлекеттік әнұрандарын орындау дәстүрге айналған. Қазақстан Республикасының әнұранын орындау екі рет Орынбасар Әбуге жүктеліпті.

– Нью-Йорк қазақтарымен етене араласа бастағаннан кейін көбі мені әнші ретінде тани түсті. Қазақстан Бас консулдығы да мен жайлы жергілікті қазақтар арқылы естіген болар. Олар маған хабарласып, GGG драма шоуында Қазақстан әнұранын орындауды ұсынды. Басында қорқыныш жеңіп, "жоқ" деп жауап беріп жіберіппін, – дейді ол.

Орынбасар Геннадий Головкиннің канадалық боксшы Стив Роллс және украиналық боксшы Сергей Деревянченкоға қарсы шыққан бокс кештерінде Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындаған.


Орынбасар Геннадий Головкин мен Стив Роллстың жекпе-жегі қарсаңында Ұлттық әнұранды орындауға шығуға дайындық сәтінен

Геннадий Головкин мен Стив Роллстың жекпе-жегі алдында Қазақстан әнұранын орындауға дайындық сәтінен / Фото Орынбасардың жеке мұрағатынан алынды


– Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және абырой деп білемін. Себебі, елден жырақта жүрсем де, қазақ екенімді, Қазақстан азаматы екенімді бір сәт те ұмытқан емеспін. Ал әнұран шетелдегі қазақтардың бірігуіне септігін тигізеді, – дейді ол.

Оқи отырыңыз: Белгілі қарағандылық пианиношы Иван Гусев Нью-Йорктегі қазақ балаларына музыканы оқытып жүр

Жаңа альбом

Қазіргі таңда отандасымыз өзінің жаңа альбомын шығаруға дайындалып жатыр. Альбом атауы әзірге нақтыланбаған. Десе де, оның тұсаукесерін 2020 жылдың көктемінде өткізуді жоспарлап отыр. Алда атқарылатын жұмыс көп.

– Әзірге үш ән дайын болып қалғанымен, олар әлі өңдеу жұмыстарын қажет етеді. Альбом атауы өмірім мен өнерімдегі өзгеріспен байланысты болары анық. Жалпы, қазақ әндерінің көпшілігіні жаңартуға болады. А'Студио мен Батырхан Шүкенов ТМД және Қазақстан эстрадасына батыстың форматын алып келгендей, қазіргі қазақ әндерін Латын Америкасына тән музыкамен сүйемелдеп, соул немесе R&B жанрларында орындауға болады. Музыканы бейімдеуге болады, бірақ оны өзгерте отырып, тілді құртып алмау керек. Тіл үнемі таза қалпында қалғаны өте маңызды, – дейді Орынбасар.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары