Тікелей эфир

"GGG – қазақстандық феномен". АҚШ-тағы қазақтар Геннадий Головкинді қалай қолдады?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Танымал боксшы Геннадий "GGG" Головкинді қолдау үшін арнайы Нью-Йорк қаласына келгендердің саны көп. Одан бөлек, жергілікті қазақтар да белсенділік танытып отыр

Танымал қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий "GGG" Головкин Нью-Йорктің төрінде өз жанкүйерлеріне тамаша жеңіс сыйлады. Нокаутпен біткен кездесудің уақыты тым қысқа болса да, қуанбаған қазақ болған жоқ.

Оны қолдауға АҚШ-тың өзге штаттарынан және Қазақстаннан арнайы келгендер бар. Одан бөлек, Головкиннің "мексикалық стиліне" тәнті мексикалық жанкүйерлер де көп екен.

Головкиннің жанкүйерлері азайған емес

Отандасымыз Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альвареске қарсы қолғап түйістіргеннен кейін барлық титулдарынан айырылып қалғаны белгілі. Бұл біреуге әділ, тағы біреуге әділетсіз көрінгенімен, төрешілер шешімі өзгермеді.

Өзінің алғашқы жеңілісінен кейін Головкин 8 ай алаңға шықпаса да, кәсіби біліктілігінің артқаны, шыңдалғаны айқын көрінді. Мұны отандасымыздың жанкүйерлері де байқаған.

Қазір Массачусетс штатының Бостон қаласында тұратын қарағандылық Нұрсұлтан бұл сәтті көптен бері күткенін айтады. Ол Геннадий Головкиннің шаршы алаңдағы кездесуіне бірінші рет келген.


Головкинді қолдауға келген қарағандылықтар

Головкинді қолдауға келген қарағандылықтар / Фото іnformburo.kz


– Головкиннің Қазақстаннан екенін мақтан тұтамын. Оның танымал болса да, кішіпейіл әрі қарапайым болуы, нағыз қазаққа тән мінезді көрсетеді. Оның бүгін бізге жеңіс сыйлайтынына сеніп келдім. Ал ол сенімімізді ақтап, нокаут сыйлай білді. Оның үлкен драма шоуын көптен бері көрмеген едік, – деді Нұрсұлтан.

"Канадалық болсам да, Головкинге болыстым"

Жанкүйерлер арасында, Қазақстанда туып, бірақ Канада азаматтығын алған қазақтарымыз болды. Олар төтеден сұрақ қоюды жөн көрдік. Геннадий Головкиннің қарсыласы Стив Роллс канадалық болғандықтан, қазақ текті канадалықтардың кімге болысатыны бізге қызық болды.

– Біз Қазақстанда тудық, бірақ қазір Канадада тұрамыз. Сонда да Головкиннің жеңісін тіледік. Біз 5 раундта нокаут болады деп топшылап едік, бірақ Головкин оған жеткізбеді, – дейді Канададан арнайы келген Динара есімді отандасымыз.

Динара Геннадий Головкиннің мексикалық оппонентімен өткізген екі кездесуіне де толық анализ жасағанын айтады. Ал соңғы жаңалықтардың сарабына сенсек, Головкин Сауль "Канело" Альвареспен үшінші кездесуін жуырда өткізуі тиіс.


Канададан арнайы келген Динара (сол жақта) мен Таис (оң жақта)

Канададан арнайы келген Динара (сол жақта) мен Таис (оң жақта) / Фото іnformburo.kz


– Ол Альваресті нокаутпен ғана жеңе алады. Төреші шешімі бәрібір Канелоға берілетінін көрдік. Головкин оған дайындығын шыңдап жатыр деп сенеміз. Қыркүйекте немесе осы жыл соңына дейін ол кездесуді де көреміз деген үміттемін, – дейді Динара.

"Мексикалық стильдің" ерекшелігі

Мэдисон Сквер Гарденге келген бокс сүйер қауымның біршама бөлігін мексикалықтар құрады. Олар Канелоны емес, Головкинді қолдауы, әрине, қызық жағдай. Олар GGG деп жазылған жеңіл жейде киіп алған. Біз отандасымызды арнайы қолдауға келген мексикалықтардан қысқа пікір алуды жөн көрдік.

"Бүгінгі бокс кешінен не күттіңіз?" деген сұраққа мексикалық фанаттарының бірі Антонио "мексикалық стильдің" өзгеше, агрессивті түрін күткенін айтты.

– Головкин бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жұдырықтасудың агрессивті түрін көрсетті. Бірақ "мексикалық стилін" сақтаған. Ол осылай Сауль "Канело" Альвареске өзінің үшінші кездесуге дайын екенін көрсеткісі келді. Енді Канелоның жекеп-жекке шықпаудан басқа амалы жоқ, – дейді Антонио.


Геннадий Головкиннің мексикалық жанкүйерлері

Геннадий Головкиннің мексикалық жанкүйерлері / Фото іnformburo.kz


Алехандро деген тағы бір жанкүйердің айтуынша, Головкин шапшаң қимылдай бастаған. Оның мексикалық стиліне жылдамдық қосылған. Нақтырақ айтсақ, ол басын соққыдан жылдам алып қашып, оңға және солға тез орын ауыстыруға бейімделген. Осыған дейін оның мұндай әдісі байқалмаған болатын.

– Головкиннің жаңа бапкері жылдам боксшыларды жаттықтырғаны белгілі. Ол сол тәжірибесін Геннадийге үйретіп жүр. Оның нәтижесін бүгінгі бокс кешінде көрдік. Головкин шапшаң қимылдамағыны үшін Канелоға есе жіберіп қойған еді, – дейді ол.

Ал Мигель деген жанкүйер Головкиннің Канелоға жеңілгенін мойындамайтынын айтады. Ол сол кешке дейін Сауль Канело Альварестің жанкүйері болған екен. Әділетсіз шешімнен кейін Головкиннің қолдаушысына айналыпты.

GGG титулдарын қайтарып алады

Головкиннің Венесуэла елінен келген жанкүйерлері отандасымыздың әлі де "Үлкен Драма Шоу" көрсете алатынына сенгенін айтады. Кито есімді венесуэлалық Мэдисон Сквер Гардендегі бокс кешінен алған әсерімен бөлісті.


Геннадий Головкиннің Венесуэладан келген жанкүйерлері

Геннадий Головкиннің Венесуэладан келген жанкүйерлері / Фото іnformburo.kz


– Расында Головкинге оның қолдаушылары қуат беріп отыр. Мэдисон Сквер Гарденге кіргенімде, Головкинді әлі де көп қауымның қолдайтынын түсіндім. Оның соңғы жеңілісінен кейін, жанкүйерлер саны азайды деп ойлаған едім. Бірақ көк ту ұстаған мыңдаған жанкүйерді көрдім. Ал, Головкин өз кезегінде жанкүйерлеріне "Үлкен Драма Шоу" сыйлады. Ол жанкүйерлерін құрметтейді. Олардың сенімін ақтау үшін күн жібермей, мықтап дайындалғаны көрініп тұр, – дейді Кито.

Китоның ойынша, Головкин өз титулдарын қайтарып алады. Отандасымыз осы кездесуден кейін Канеломен шығары анық. Головкин тек нокаутпен ғана өзінің мықты екенін дәлелдей алады.

"Америкада осынша қазақ бар деп ойламаған едім"

Informburo.kz тілшісіне өз әсерімен бөліскен тағы бір жанкүйер қазақтардың бір жерде бас қосқанына қуанғанын айтты. Дарын деген отандасымыз АҚШ-қа тіл үйрену мақсатымен келген. Ол көптен бері қазақстандықтарды кездестірмепті.

– Америкада осынша қазақ бар деп ойламаған едім. Әрбірімен танысып, жақынырақ сөйлестім. Өзімді Қазақстанда жүргендей сезіндім. Головкиннің отандастарымызды бір ортаға жиналуына себепші болғанына шексіз ризамын. Алдағы уақытта да тек жеңіс күтеміз, – дейді Дарын.


Головкиннің америкалық жанкүйерлері

Головкиннің америкалық жанкүйерлері / Фото іnformburo.kz


Үшінші кездесу өте ме?

Кәсіби боксшы Геннадий "GGG" Головкин төрешілер шешімі бойынша мексикалық Сауль Канело Альвареске есе жібергені белгілі. Төрешілерді бокс саласының мамандары көп сынаса да, шешім өзгертілген жоқ. Қазіргі таңда Головкин өз титулдарын қайтарып алуды басты мақсаты деп біледі. Ол мұндай пікірін Стив Роллсқа қарсы кездесуден кейін ұйымдастырылған баспасөз жиынында айтып өтті.

– Мен үшін қазір ең басты оппонент, ол – Канело. Егер ол келіспесе, мен рейтингі жоғары, жеңіліп көрмеген боксшылармен шығамын. Бірақ Канеломен үшінші рет шығуыма ешқандай кедергіні көріп тұрған жоқпын, – деді Геннадий Головкин.

Отандасымыз Геннадий Головкин америкалық кәсіби боксшы Дэниел Джейкобспен реванш ұйымдастыру жайлы ойлап жатқан жоғын айтты.


Головкин өз қарсыласын нокаутқа түсірген сәтінен

Головкин өз қарсыласын нокаутқа түсірген сәтінен / Фото іnformburo.kz


– Менің де, оның да дені сау. Промоутерлеріміз де бұл үшінші кездесуге мүдделі. Бұл бизнес. Жанкүйерлер де бұл драма шоуды көргілері келеді. Сондықтан, жуырда үшінші рет жұдырықтасамыз, – деді Головкин.

Геннадий Головкин промоутері Том Лоэффлер де баспасөз қызметі барысында үшінші кездесуге қатысты нақты ойын жеткізді.

– Екінші кездесуде төрешілердің шешімінің әділетсіз болғанын анық айта аламын. Сол себепті де олар үшінші рет алаңға шығулары тиіс. Бұл кездесудің болуын біз қалаймыз, жанкүйерлер жақтайды. Бүкіл медиа жазып жатыр. Не кедергі?! – деді Том.

"Канело да тәуекелге баруы тиіс"

Геннадий Головкин Канелоның үшінші кездесуге қатысты ойын сынға алды. Айта кетсек, Головкинмен үшінші рет жұдырықтасуға аса қызығушылықпен қарап отырған жоғын айтқан болатын.


Жеңістен кейінгі сәт

Жеңістен кейінгі сәт / Фото іnformburo.kz


– Мен бар жетістігімді бәске тігіп, онымен екі рет жұдырықтасуға келістім. Енді ол неге тәуекелге бара алмайды. Баруы тиіс. Мен төреші шешімін әділ деп қабылдай алмаймын. Сол үшін де үшінші кездесу ұйымдастырылуы тиіс, – деді Геннадий Головкин.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары