Тікелей эфир

Белгілі қарағандылық пианиношы Иван Гусев Нью-Йорктегі қазақ балаларына музыканы оқытып жүр

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Іnformburo.kz тілшісі Мәскеуді, Нью-Йоркті, сосын әлемді тәнті еткен қазақстандық пианиношымен сұқбаттасты.

Иван Гусев Қарағанды қаласында туған. Оның әке-шешесі музыка маманы болмаса да, Иван музыкаға ерте жасынан ден қойыпты. Үйдегі түрлі әуен жазылған пластинкалардың әсері болыпты.

Қызығушылықтан кәсіби бағытқа

– Мен классикалық музыкадан бастап, рок жанрына шейін жақсы көретінмін. 3 жасымда маған ойыншық музыкалық аспап сыйлады. Анамның айтуынша, мен күнде 30-40 минут аспапта ойнайды екенмін. Кейін тыңдаған әуен-әнімді бірден айтып кете алатынымды байқаған әке-шешем мені музыка мектебіне беруді ұйғарыпты. Ол кезде мен 7 жаста едім, – дейді Иван informburo.kz тілшісіне.

Қабілетін ерте байқап, музыка мектебіне жетелеп алып барған әке-шешесіне Иван Гусевтің алғысы шексіз. Өзіне болашақта көп мүмкіндік сыйлаған музыка әлеміне апарған қадамы сол мектептен басталған.

Мәскеу және Нью-Йорк

Ғұмырын музыкаға арнауға бел байлаған Иван білімін арттыру мақсатында П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясына түседі. Оқу барысында ол халықаралық және әлемдік жарыстарда жеңіп, өзінің жеке концертін беретін деңгейге жетеді.

– Консерваторияда аты әлемге әйгілі пианиношылар Михаил Воскресенский және Элисо Вирсаладзеден дәріс алдым. Олардың тәжірибесі менің бүгінгі жетістіктеріме негізгі демеу болды десем адаспаймын, – дейді ол.


Иван Гусев әр концертке бірдей дайындалатынын айтады

Иван Гусев әр концертке бірдей дайындалатынын айтады / Фото ivan-gusev.com сайтынан алынды


Иван Гусев 2013 жылы Мәскеу мелекеттік консерваториясында бакалаврды тәмамдап, екі жылдан кейін магистрлік деңгейін де осы жерден алады. Айта кетсек, қазақстандық музыка шеберінің қанжығасында Италияда өткен Мауро Монополи атындағы пианиношылардың халықаралық байқауы мен Ресейдегі Бендицкий атындағы біріншіліктің жүлделері бар. Одан қалса, Нью-Йорктегі Халықаралық клавиш аспаптар институты (2015 жылы) мен фортепиано фестивалінде (2017 жылы) үздік атанған.

Иван Гусевтің үздік жетістіктерінің қатарында Нью-Йорк қаласында өткен Джордж Гершвин атындағы халықаралық музыкалық байқаудың бас жүлдесі тұр. Ол бұл байқауға көп дайындалғанын, жалпы жарыстың да оңайға соқпағанын айтады.

Музыкамен өткенге саяхат

– Маған классикалық музыкадан барлық репертуарым ұнайды. Себебі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, классиканың ең үздіктері бізге сұрыпталып жетті. Сосын сол классикалық музыканы орындай отырып, мен сол дәуірге барып қайтқандай боламын. Скарлаттиден Бах заманына, классицизм кезеңінен Шуберт романтизміне шейін саяхаттауды ұнатамын, – дейді Иван.

Жоғарыда айтқан сазгерлардан бөлек, Иванға инпрессионизм өкілдері мен XX ғасыр шеберлері де ұнайды екен. Сонымен қатар, Иван бүгінгі сазгерлердің өнімдерін де кейде орындайтынын жеткізді.

– Үнемі орындағым келетін музыкалық композициялар бар, әрине. Бірақ оларды да мен жиі ауыстырып тұрамын. Десе де, менің концерттерім Шопеннің ноктюрні немесе Шуберт пен Рахманинов шығармаларысыз өтпейді, – дейді Иван.


Иван Гусев әр сазгердің шығармасын оның ішкі өміріне жетелейтін көпір деп біледі

Иван Гусев әр сазгердің шығармасын өз ішкі жан дүниесіне жетелейтін көпір деп біледі / Фото ivan-gusev.com сайтынан алынды


Иванға үлкен аудиторияда да, камерді репертуар жасағанды да ұнататынын айтады. Қазақстандық пианиношының орындауындағы үлкен бағдарлама өткен жылдың қараша айында Нью-Йорктегі Карнеги-холл концерт залында өткен.

– 2018 жылдың қараша айында Карнеги-холлда концерттік бағдарламамды өткіздім. Бұл sold out ("sold out" – кіруге билет қалмаған шараларға қатысты – авт.) болды, – дейді Иван Гусев.

"Классикалық музыканы қанша көп адам түсінсе, соншалықты жақсы"

Аудитория кез келген өнер адамын ойландыратыны анық. Иванды да өз тыңдармандарының кімдер екендігі қызықтырады.

– Классикалық музыканы үлкен жастағылар қызығушылықпен көбірек тыңдайды. Бірақ жастар арасында да классикаға қызыға қарайтын, әртүрлі композицияны ажырата алатындар бар. Олардың санын көбейту керек. Классикалық музыканы қанша адам түсінсе, соншалықты жақсы. Адамдар классикалық музыканы жасанды немесе өзі үйренуге міндетті деп қабылдамауы тиіс. Олардың сүйсіне үйренуіне мен де атсалысып келемін. Жас аудиторияға бірнеше рет лекция түріндегі концерттерімді ұйымдастырдым, – дейді қазақстандық пианинашы.


Иван Гусев Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық музыка фестивальдерінің бірінде

Иван Гусев Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық музыка фестивальдерінің бірінде / Фото ivan-gusev.com сайтынан алынды


Балалардың музыкаға қызығып, ойландырған сұрақтарын қойып жатса, қуанатынын айтқан Иван Нью-Йорк қаласында қазақ балаларына да арнайы лекция оқыпты.

"Қазақ қоғамынан алыстаған емеспін"

Иван Гусев бала кезінде Мәскеуге көшіп кеткен болса да, Қарағандыдағы балалық шағын, туған өлкесін есінен шығармағапты. Қазақ даласы мен халқы оған әрқашан бір табан жақын дейді ол.

– АҚШ-та да қазақ қоғамы бар. Ол үлкейіп келеді. Жас қазақ балаларын музыкаға баулуға Нью-Йорк университетіндегі қазақ студенттері түрткі болды. Сол университетте құрылған Nomads клубының ұйымдастырушылары менен бірнеше рет арнайы лекция өтуімді сұрады. Мен ойланбастан барамын, жас бүлдіршіндердің музыкаға ықыласын ояту маңызды. Одан бөлек, қазақ текті американдықтардың ұйымдастыратын өзге де шараларының қонағы боламын. Қазақ қоғамынан алыс емеспін, – дейді кейіпкеріміз.

Иван Гусев Қазақстанды өз туған жері деп қана қоймай, өз тегінің шыққан өңірі деп біледі. Оның 91 жастағы атасы бүгінге дейін Қарағанды қаласында тұрады екен. Ал әке-шешесі өзімен бірге АҚШ-қа көшкен.

– Ата-әжем көп жылдар бойы Қарағандыдағы мемлекеттік университеттерде орыс әдебиетінен дәріс оқыған. Өзге туысқандарымыз да Қарағандыда тұрып жатыр. Мен ерте жасымда көшіп кетсем де, әр жазда ата-әжеме баратынмын. Балалық шағымның шуақты күндері Қазақстанмен байланысты. Ал ол естеліктер адам санасында мәңгі есте қалады, – дейді ол.

"Қазақ музыкасы жадымда"

Иван қазақ даласымен тек бала кездегі естеліктері емес, оның музыкасы да байланыстыратынын айтады.

– Лекция түрінде өтетін концерттерімде үнемі қазақ музыкасын дәріптеймін. Қазақ музыкасы менімен бірге, үнемі жадымда. Мысалы, маған белгілі қазақ сазгері Ғазиза Жұбанованың шығармалары ұнайды. Оны орындаудан бұрын айрықша таныстырып өтемін, – дейді жас талант.

Қазақстанда жеке концертін ұйымдастыру Иванның жоспарында бар екен.

– Мен Қазақстанға да концерттік бағдарламамен баруды ойлап жүрмін. Әзірге нақты жоспарда жоқ болса да, менің ойымша, жақын болашақта туған жеріме барып, шығармашылығымды қазақ қоғамына бағыштаймын, – дейді Иван.

Концерттік бағдарламалар жоспарланған

Иван Гусев сынды дарындылар бар болса, оны тыңдайтын аудитория да табылады. Классикалық музыканы сүйетін американдықтар оны үнемі түрлі шараларға шақырып, жеке концерттерін өткізуді сұрайды екен. Иван аз уақытта АҚШ-тың бірқатар штаттарында өнер көрсетіп, американдықтардың ыстық ықыласына бөленген.

– Мен Нью-Йорк қаласында шығармашылық кештерін өткіздім. Манхэттендегі Маннес музыка колледжіне оқып жүргенімде де бірқатар концертте өз шығармашылығымды таныттым. Одан бөлек, Олбани (Нью-Йорк штаты – ред.) және Вустер (Массачусетс штаты – ред.) қалаларында да жеке концерттерімді бердім. Алдағы уақытта Массачусетс штатындағы Сомервилл және Клинтон қалаларына концерттік бағдарламамен бармақпын, – дейді ол.


Қазақстандық пианинашы кезекті шығармасын орындау кезінен

Қазақстандық пианинашының кезекті шығармасын орындау сәтінен / Фото ivan-gusev.com сайтынан алынды


Одан бөлек, Иван Гусев Испания, Италия, Польша және Финляндияда жеке шығармашылық кештерін өткізіп, халықаралық музыка фестивальдеріне қонақ ретінде қатысқан.

– Польшада жыл сайын Фредерик Шопен атында музыка фестивалі өтеді. Соған мені екінші рет шақырып отыр. Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Себебі маған Фредерик Шопеннің шығармалары өте ұнайды. Бала кезімде музыкаға баруыма түрткі болған негізгі сазгерлердің бірі – осы Шопен. Жоспар бойынша, мен фестивальдің жабылуында жеке концертімді беремін, – дейді ол.

"Музыканы насихаттаушымын"

Иван өзінің әр күнін пианиномен бастайтынын айтады. Бос уақытында, кино көріп, өзіне жаңа болған американдықтардың мәдениеті мен салтын зерттейді екен.

– Соңғы кездері Америкалықтардың кино индустриясына зер салып жүрмін. Олардың ертеректе түсірген фильмдерін көремін. Осылай мен олардың қоғамын зерттегім келеді. Бос уақытымда жаңа дос тауып, таныс емес адамдармен әңгіме-дүкен құрғым келеді. Олар маған өз саласы мен мәдениетін таныстырса, мен оларды музыкаға жақындатамын, – дейді Иван Гусев.

Әсіресе, ол балаларға музыкадан дәріс оқығанды ұнатады. Оның лекцияларына қатысатын жас бүлдіршіндер арасынан болашақта танымал музыка шебері шығуы бек мүмкін. Иван сондай себепкер болуға арқашан дайын екенін жеткізді.

– Бала музыкаға ықыласпен қызыға бастаса, оның қызығушылығына күш қолданып, баспау керек. Кейбір ата-аналар балаларын жеке курстарға апарып, ерте жастан көп қысым жасайды. Бастапқыда бала ықыласының күшті иммунитетке айналуын күту керек. Сонда ғана бала музыкадағы өз орнын таба алады, – дейді ол.

Белгілі қазақстандық пианиношы музыканы насихаттауды өзінің өмірлік мақсаты деп білетінін айтады. Ол музыканы дәріптеу үшін лекция және жеке концерттерін ұйымдастырып жүр. Мақсаты – классикалық музыканы сүйетін азаматтар санын арттыру, оларға музыканың жаңа қырларын ашу.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары