Тікелей эфир

Қазақ жігіті 19 жасында АҚШ-қа кетіп, 40 адамды жұмыспен қамтитын өз ісін ашып үлгерген

Фото Серіктің жеке мұрағатынан алынды
Фото Серіктің жеке мұрағатынан алынды
Бала кезінен Джефф Безосқа қызыққан Серік Нью-Йорктегі өмірі мен бизнестегі жетістіктері жайлы informburo.kz тілшісімен бөлісті.

Қазіргі таңда мұхиттың арғы жағына әртүрлі мақсатта кетіп жатқан қазақтар көп-ақ. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, алып қаладағы отандастарымыздың саны 3 мыңнан асып кеткен. Олардың көбіне Нью-Йоркте шоғырлануы да сәйкестік емес. Себебі мегаполисте иммигранттарға сансыз мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар қала әкімдігі де олардың конгломераттар қоғамына сіңісуіне айтарлықтай жағдай жасаған.

Жаңа елге барып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға тырысып жүрген отандастарымыздың қатарында Серік есімді қазақ жігіті де бар. Оны Нью-Йорк қазақтары мувингтегі Сека деп біледі. Себебі ол құрған компания мувинг қызметіне бағытталған және ол Seka Moving деп аталады.

Айта кетсек, мувинг қызметін жаңа пәтерге не үйге көшуді мақсат еткен адам пайдаланады. Одан бөлек, әртүрлі үй жиһаздары мен өзге де ауыр әрі қолайсыз заттарды көшіру де осы қызмет түріне кіреді. Серік Баймолдаевтың осы салада бизнес бастауына айрықша себеп бар және ол тек осы саламен шектелмек емес. Сонымен, әңгімені басынан бастайық.

Бәрі тіл үйренуден басталды

Серік Талас пен Меркінің арасындағы жолда туған екен. Балалық шағының аз бөлігі Меркіде, сосын Астанада өткен екен. Ол бас қаладағы колледждердің бірінде мұнай және газ өнімдерін өңдеу саласы бойынша білім алады. Оқуын тәмамдаған соң біліктілігін іс-жүзінде тәжірибеден өткеріп үлгермей, АҚШ-қа тіл үйрену мақсатымен кетеді.

– Ағылшын тілін жетік меңгергім келді. АҚШ-та қалып қою ойымда болған жоқ. Бірақ кейіннен ойым өзгерді. Оған Нью-Йоркта көрген мүмкіндіктер себепші болды, – дейді Серік Informburo.kz тілшісіне.

Отандасымыз Американың мүмкіндіктер елі екеніне көзі жеткенін айтады. Себебі өзі де бұл елге ешнәрсесіз және еш тәжірибесіз келген. Тіпті, ағылшын тілін де білмеген. Ал бүгінде ол Нью-Йорктегі жылдам дамып келе жатқан мувинг компаниясына жетекшілік етіп жүр.


Серік Лас Вегас қаласында жүрген сәтінен

Серік Лас-Вегаста жүрген сәтінен / Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды


"Қазақ Америкада да қонақжай"

Серік АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында ағылшын тілі курсын алған. Бірақ ол бірінші Нью-Йорк қаласына ұшып, содан АҚШ-тың батыс бөлігіне, яғни Калифорния штатына баруы керек екен. Ол үшін ұшаққа билет алуы қажет болғыпты.

– Нью-Йорк қаласына жеткен кезімде "Hello", "How are you?" (Сәлем! Қалайсың? – ред.) тіркестерінен артық ешнәрсе білмеген едім. Калифорнияға билет алу үшін әуежайды кезіп, орысша сөйлейтін адам іздедім. Үш сағат дегенде ұлты кәріс қазақстандық азаматты кезіктірдім. Ол маған билет алуға көмектесіп жіберді, – дейді ол.

Калифорнияға ұшпас бұрын Голлувид фильмдерінен белгілі Таймс скверді көрмек болып әуежайдан шыққан. Жолы болмай, таксиге алданып, JFK әуежайынан Манхэттенге жету транзитіне 200 АҚШ долларын төлепті.

– Басқа басқа, Манхэттенде қазақты кезіктіремін деп ойламаған едім. Еркебұлан (Кәкімбеков – ред.) есімді отандасымызбен кездейсоқ танысып, ол мені үйінде қонақ етті. Сол күні тағы бірнеше қазақпен таныстым. Олар менің АҚШ-та орнығуыма үлкен үлес қосты. Түрлі сұрақтарыма олардан жауап алған болатынмын. Ол үшін оларға алғысым шексіз, – дейді Серік.

Тіл білмей Америкада даму мүмкін емес

Серік Сан Диего қаласында тіл оқып жүріп, қосымша табыс көзі ретінде мувингпен айналыса бастайды. Сол кездері ол ағылшын тілінің қаншалықты қажет екенін шын сезіне бастаған.

– Жұмыс барысында қызметке тапсырыс берушілермен байланысу қажеттігі туындады. Біз мувер (mover – орнынан қозғаушы, тасымалдаушы – ред.) болған соң, қай затты қалай алып, қайда орналастыру қажет екенін клиенттен сұрауымыз керек. Ал менің тіл білмеуім үлкен түсініспеушіліктерді қалыптастыратын. Сондықтан оқуға ден қойып, тілді жетік меңгеруді мақсат еттім, – дейді ол.


Серік Манхэттендегі көшелердің бірінде

Серік Манхэттендегі көшелердің бірінде / Фото Серіктің жеке мұрағатынан алынды


Серік Сан Диегода жарты жыл білім алып, Нью-Йоркке қайтып оралады. Мақсаты тағы 6 ай тіл біліктігін дамытып елге қайту болған. Алып қалаға орналасып, жұмыс табуына да сол баяғы таныс қазақтар көмек қолын созыпты.

Табыс көзі – педикэб қызметі

Нью-Йорк қаласындағы педикэб қызметіндегі қазақтар жайлы осыған дейін жазған болатынбыз. Бүгінгі кейіпкеріміз де Нью-Йорктегі алғашқы табысын осы жерден тауыпты.

– Нағыз Америка өмірін, нағыз өмірдің өмірін осы Нью-Йорк қаласында көрдім. Ал педикэб маған көпті үйренген мектеп болды. Өйткені ол жерде табыс та таптым, ағылшынымды да дамыттым. Полиция қызметкерлерімен де бірталай теке-тіреске келіп, өмір мектебін өткердім, – дейді Серік.

Табысты, бірақ дамусыз қызмет

Серік педикэбте айтарлықтай жақсы табыс тапқанын айтады. Сөйтсе де, ол жаңа табыс көзін іздеуге асыққан. Себебі педикэб ол үшін жайлы жұмысқа айналып үлгерген еді. Бірақ ол жерде ілгерілеу жоқ. Ал даму үшін өз комфортының шегінен шығу керек.

– Педикэбте 7-8 жылдан бері жұмыс істейтін жігіттерді танимын. Олар ол саладан кеткісі келмейді. Себебі педикэбте нақты жұмыс уақытының кестесі жоқ. Олар қалаған күні өзіне демалыс жариялай алады. Табысы да Нью-Йорк қаласында өмір сүруге, жылына бірнеше рет АҚШ-тың өзге штаттарына саяхаттауға жетеді. Ал мен педикэбте айына 6-7 мың АҚШ долларындай қаражат тапсам да, кетуді ұйғардым. Себебі мен 25 жасыма дейін миллионер болуды мақсат еткен едім, – дейді Серік бірнеше жыл бұрынғы өмірін еске алып.

Серік сол кезде оқуын жалғастырғысы келеді. Бірақ бұл оның бірнеше жыл уақытын шегеретіндіктен, ол ойынан қайтып, бизнестің көзін іздей бастайды.

Келесі қадам … Бизнес!

Серік бизнес бастауға бастапқы жарнасын жинап алған соң, педикэбтен кетеді. Ол бір жылдай Uber қосымшасымен такси қызметімен айналысады. Содан кейін көлік саудалауда да өз мүмкіндігін сынап көреді.


Серіктің қол астындағы қызметкерлердің жұмыс барысындағы сәті

Серіктің қол астындағы қызметкерлердің жұмыс барысындағы сәті / Фото yelp.com сайтынан алынды


– Uber такси немесе жүк көлігін алыс жолға жүргізушісі қызметтерімен айналысу арқылы орта таптағы америкалықтар сынды табыс тауып, өмір сүруге болады. Бірақ ол толық қаржы еркіндігін бермейді. Көлік саудасында да белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін шек бар. Сондықтан үздіксіз дамып отыруға жол беретін бизнес саласы қажет болды, – дейді Серік.

Ол мувинг саласында бизнес бастауды Калифорнияда жүргенде ойлаған екен. Бірақ оған қажет тәжірибе мен ресурс жетіспеген. Оның қазіргі күйі сол саланы игеруге дайын екенін өзі сезінген кезде, компания құрып, ісін бастайды.

"40 қазаққа жұмыс беріп отырмын"

– 2016 жылы Қанат Бейсекеевтің Вашингтондағы қазақтар туралы "Мувинг" атты деректі фильмі шықты. Сол кезден бастап, осы салаға қайта қызыға бастадым. Фильм кейіпкері Ержанға бірнеше рет байланысқа шығып, кеңес сұрадым. Ол басында хаттарымды жауапсыз қалдырғанымен, кейіннен алғашқы бастамаларыма толық қолдауын білдірді. Ол қазір бизнесін Чикаго қаласына көшірді. Онымен бүгінгі күнге дейін жақын байланыстамын, – дейді ол.

Серік АҚШ-тағы қазақтардың ұйымшылдығына қуанатынын айтады. Сондықтан ол өзі де отандастарымызға қолынан келгенше қолдау білдіреді. Әсіресе, өз бизнесіне көбіне қазақ жігіттерін тартатынын жеткізді.

– Қазақ жігіттері Америкаға келмей тұрып, жұмыс бабымен хабарласады. Байланыс нөмірімді таныстар арқылы алса керек. Әр қазаққа, әрине, қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Кейде өзімізге тапсырыс аздау болып кетеді. Мувинг те маусымдық бизнес қой. Қыста жұмыс азаяды. Ал жазда керісінше көбейеді. Қыста компания қарызға кірмеуі үшін бизнестің басқа салаларын да игеруді жоспарлап жүрмін, – дейді Серік.

Кейіпкеріміз өз компаниясын 2016 жылдың соңына жақын құрған кезде 1 жүк көлігін сатып алады. Бастапқыда өзі жүргізуші, өзі тапсырысты қабылдаушы, өзі клиенттермен байланысқа шығушы, өзі жүктерді тасымалдаушы болған екен. Ал бүгінгі таңда, оның 8 жүк көлігі бар. Ал компанияға 40-қа жуық мувер жалдамалы түрде жұмыс істейді.

– Компания осы 2,5 жылда 8-9 есе өсті. Оның қаржы айналымы да сол шамада артты. Ал жұмысшылар саны 12-15 есеге көбейді, – дейді ол.

Қызмет көрсету табыстан да маңызды

Отандасымыз кез келген бизнестің негізгі мақсаты табыс алып келу болғанымен, ондағы қызмет көрсетуді үнемі дамытып отыру одан да маңызды екенін айтады. Ал Америкада қызмет көрсету жоғары деңгейде болмаса, бизнес жасау тіптен мүмкін емес.


Серік тапсырыс берушіні риза ету компанияның негізгі мақсаты екенін айтады

Серік тапсырыс берушіні риза ету компанияның негізгі мақсаты екенін айтады / Фото Серіктің жеке мұрағатынан алынды


– Бастапқыда компанияны аяққа тұрғызу үшін табысқа көбірек назар аудардық. Ол кезде жұмысшылардың тәжірибесіне де аса көп мән бере қоймадық. Бірақ, компания белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін қызмет көрсетуді алға қойдық. Мысалы, клиент хабарласқаннан бастап оның көшу мәселесін уайымдамайтындай етіп, қызметті толық өзімізге аламыз. Оған көшу барысын толық түсіндіруден бастап, әрбір мувердің сапалы қызмет көрсетуіне шейін бақылауға аламыз, – дейді ол.

Серік қызмет көрсетуден бөлек қызметкерлердің де осы компания құрамында болғанына қуанатындай жағдай жасауға тырысады. Мысалы, оның кеңсесінде үнемі пицца, балмұздақ және сусынның түр-түрі тұрады. Жұмыстан кеш қайтқан қызметкерлер кеңседе аялдап, демін басатын орын да қарастырылған.

Үздіксіз білімді көтеру қажет

– Жоғарыда айтқанымдай, мен 25 жасқа дейін миллионер болғым келді. Қазір ол жастан ассам да, мақсатым өзгерген жоқ. Дұрыс жолмен келе жатқаныма сенемін. Бір орында тұрып қалмау үшін, әрине, үнемі жаңа идея іздеуге тырысу керек. Мысалы, мен дамудың жаңа көздерін кітаптардан және қоршаған ортадан іздеймін, – дейді Серік.

Отандасымыз интервью барысында америкалық кәсіпкер, инвестор, Zappos.com компаниясының негізін салушы Тони Хсиенің "Delivering Happiness" (Шаттықты жеткізіп беру – ред.) атты кітабын айрықша атап өтті. Ол аталған кітаптан қызмет көрсету сапасы жайлы өте көп бағалы кеңестер алғанын айтады.

– Менің кеңсеме қарама-қарсы бетте "Moishe’s Moving" деп аталатын компания орналасқан. Оны құрған адам бүгінде мультимиллионер екен. Қазір ол бизнесін бірнеше бағытқа дамытып үлгерген. Қазіргі таңда, оның негізгі табысы мувингтен емес, жылжымайтын мүлік саласынан келеді. Мен де алдағы уақытта сол салаға ауысуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Болмасаң да ұқсап бақ ...

Серік Нью-Йорк қаласында бизнес жасаудың ең негізгі артықшылығы шексіз мүмкіндіктер мен дамудың бар болуында дейді. Ол қасындағы бәсекелестерінің жетістіктеріне қарап-ақ, өзін жігерлендіре алады. Уақыты болғанда түрлі тренингтерге де қатысатынын айтады. Басты мақсаты – бизнестің көзін тауып, қазақтан шыққан миллионер атану.

– Америкалық арман дегенде өзі қарапайым отбасынан шығып, әлемнің ең бай адамдар тізімінде көш бастаған Джефф Безос, Марк Цукерберг, Билл Гейтстер есіме түседі. Олардың қолынан келсе, демек менің де қолымнан келуі керек. Ол үшін тек дамуға бағыт алу керек. Олар сынды мультимиллиардер атанбасам да, жақындауға шамам жетеді деп ойлаймын, – дейді Серік.

Серік америкалық арманының жарты жолына жеткенін айтады. Алып қалада шығын да көп. Мұнда бизнесті тұрақты қалыпта ұстап тұру да оңай шаруа емес. Бәсекелестік те жоғары болғандықтан, табыс табу да қиын.


Серік тапсырыс берушілердің көбі достарының кеңесімен хабарласатынын айтады. Сондықтан қызмет көрсету сапасын үнемі дамытып отыру керек деп сенеді

Серік тапсырыс берушілердің көбі достарының кеңесімен хабарласатынын айтады. Сондықтан қызмет көрсету сапасын үнемі дамытып отыру керек деп сенеді / Фото yelp.com сайтынан алынды


– Мысалы, Нью-Йоркта көлік тұрақтары тапшы. Жүк көліктер дұрыс орында тұрмағаны үшін жиі айыппұл төлеп отырамыз. Ең аз айыппұл көлемі $115 екенін ескерсек, 8 көлікпен тек айыппұлдардың өзі айына бірнеше мың АҚШ долларынан асып кетеді. Ал ол жылына $30-40 мыңды құрайды. Одан бөлек, қызметкерлерге жалақы төлеу керек. Сосын кеңсені жалдауға және әртүрлі әкімшілік шығындарға қаражат кетеді, – дейді кейіпкеріміз.

Кейінгі жоспар қандай?

Серік өз бизнесін көп профильді компанияға айналдыруды жоспарлап отыр. Әзірге бірнеше бизнес жоспар бар.

– Storage (қойма – ред.) және trucking (жүк көліктерін жалға беру – ред.) бизнесін алға қоюды ойластырып жүрмін. Ал болашақта IT саласына ауысып, адамның өмірін жеңілдететін мобильді қосымшалар дайындаумен айналысқым келеді. Жалпы идеялар көп. Бірақ оны бастауға нақты жоспар мен біршама қаржы қажет. Ал соңында жылжымайтын мүлік нарығына ауысатыным анық. Себебі Нью-Йорк қаласында жылжымайтын мүлік бағасы еш төмендеген емес. Ол үнемі өсіп отырады және тұрақты түрде табыс алып келіп отырады, – дейді ол.

Арманым анама Американы көрсету болды

Серік өзі көрген Американы анасына да көрсеткісі келген. Ол АҚШ-қа келген кезден бастап, анасын алып келуді ойластырыпты.


Серік анасымен бірге

Серік анасымен бірге / Фото Серіктің жеке мұрағатынан алынды


– Бизнес, табыс, жетістік артынан қуып, ата-анамыздың қартайғанын сезбей де қаламыз. Уақыт, әсіресе, Нью-Йорк қаласында тез өтеді. Менің әкем ертеректе қайтыс болған. Мен үшін анамнан артық асыл адам жоқ. Сондықтан анама да көбірек уақыт бөлуге тырысамын, – дейді ол.

Анасы әр жарты жылда Нью-Йоркке келіп тұрады. Серік анасымен Калифорния және Гавай штаттарына саяхаттап барып қайтыпты.

"АҚШ-та кинодағыдай өмір жоқ"

– Жұмыс тәжірибесі болмаса да, кейде өзіміздің қазақ жігіттерін жұмысқа аламын. Себебі олардың көзі жанып тұрады. Кез келген жұмысқа дайын, аянбай еңбектенеді. Ондай жігіттерге қосымша үстемақы төлеуге тырысамын. Ал жұмыс таңдап, "мынау болмайды, ал ананы көтермеймін" дейтіндерге Америкаға келмей-ақ қойғандары жөн. АҚШ-та кинодағыдай өмір жоқ, – дейді ол.

Қазақстандағы көптеген адамдардың ойынан Америкадағы өмір басқаша. Келіп көрмегендер мұнда табыс көлемі жоғары әрі жұмыс жеңіл деп ойлайды. Иммигранттар аз ақшаға ауыр жұмыстарды істейтінін ескерсек, олардың жаңа құрлық туралы ойлары теріске ауады. Сондықтан мұнда келмес бұрын он ойланып, шешім қабылдау керек дейді Серік.

– Америкаға келіп, бар мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын қазақтарға қарап, кейде көп ойланамын. Бруклинде орыс тілді қауымдастықтан шықпай, жылдап өмір сүре беретін отандастарымыз бар. Мүмкіндіктер жерінде жүргенін бағаламайды. Қазақстанда АҚШ-қа виза ала алмай жүрген қанша талапты қазақ бар. Соларға қарап, өзінің қалай жолы болғанын жиі есіне алса ғой, – дейді Серік Баймолдаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары