Тікелей эфир

Диаз Мусалимов: "Қазақ әндері – менің негізгі репертуарымда"

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
26 жасында Нью-Йорк университетінің профессоры атанған отандасымыз АҚШ-тағы жетістіктері мен алдағы жоспары жайлы әңгімеледі.

"Өз жолымды АҚШ-та жалғастыратынымды 10 жасымда білдім"

– 2000 жылдардың басында АҚШ азаматтарының Қазақстаннан бала асырап алу үдерісі жүріп жатты. Олармен Шығыс Қазақстан облысында бірге жұмыс істеген "Сәулетай" деп аталатын ұйым болды. Сол ұйым АҚШ елшілігімен бірігіп, Шығыс Қазақстандағы дарынды балалардың музыкалық турын ұйымдастырды. Оған Өскемен қаласынан бірнеше әнші, Зырян ауданынан (Қазіргі Алтай ауданы – ред.) бишілер тобы және Семейден мені таңдап алды. Осылай 10 жасымда ойыма да келмеген турға қатысқан болатынмын, – дейді Диаз.

Диаз қазақстандық музыка тобымен бірге 2001 жылдың мамыр айында АҚШ азаматтары асырап алған қазақстандық балаларға арналған кештерде өнер көрсетуге барады. Шығыс Қазақстаннан келген дарынды балалар АҚШ-тың Детройт, Вашингтон, Нью-Йорк сынды алып қалалары мен Вирджиния, Cолтүстік Каролина және Массачусетс штаттарын аралайды.

Оқи отырыңыз: Шымкенттік жас әнші АҚШ-та концерт берді. Ол қазақ әндерін жаңаша шырқайды

– Бізді құшақ жайып қарсы алды. Бастапқыда екі елдің уақыт айырмашылығынан қиналып жүрдім. Жергілікті уақытқа үйреніскеннен кейін, біздің музыкалық турне басталып кетті. Біз қазақстандық балаларды көп асырап алынған қалаларға бардық. Сол отбасылардың үйінде қонақта болдық. Бұл ағылшын тілін аз уақытта үйреніп кетуіме септігін тигізді. Ал сәби кезінен шет ел асқан балалар қазақша да, орысша да сөйлемейтін. Бірақ, біз олармен лезде тіл табысып кеттік, – дейді Диаз.


Диаз Вашингтонда АҚШ президенті резиденциясы алдында

Диаз Вашингтонда АҚШ президенті резиденциясы алдында / Фото Диздың жеке архивінен алынды


Диаз 10 жасында АҚШ-тың тұрмыс-тіршілігімен танысып, болашақта осы елде жоғары білімін жалғастыруды ойластырады.

I’m a Jazzman

Диаз тур барысында Шығыс Қазақстаннан келген өзге де дарынды балалармен өнер көрсетіп қана қоймай, әртүрлі туристік жерлерді де аралаған. Арасында ол америкалық отбасылардың дәстүрлі кешкі асында болып, көбімен танысып, сөйлесуге тырысқанын айтады.

– АҚШ-қа барған кезімде ағылшынша сөйлей алмайтын едім. Бірақ менің ағылшын тілінде "I’m a Jazzman" деп аталатын әнім болды. Содан бері Джаззмен атанып кеттім, – дейді кейіпкеріміз.

Оқи отырыңыз: Біз білмейтін Батыр

Отандасымыз америкалық отбасылардың жылы шырайы мен олардың асырап алынған қазақстандық балалармен қарым-қатынасы ұнағанын айтады. Олардың балалармен тең деңгейде сөйлесе білуі мен әңгіме құруға ашық болуы таңдандырыпты.

Визит картасы – жетістік кепілі

– АҚШ-қа кетер алдында әкем маған визиттік карта жасатуым керек екенін айтты. Басында оның қажеті не деп ойладым. Бірақ, қазір әкеме алғыс айтамын. Себебі сол кезде орнатқан байланыс маған кейін келгенімде өте көп пайдасын тигізді, – дейді ол.

Диаз сол кезде әкесінің көмегімен алғаш рет өзіне электрон пошта ашқан екен. Америкалық отбасылардан жиі хат келіп тұрғанын айтады. Оның айтуынша, ол бүгінге дейін сол жылы танысқан америкалықтардың бірқатарымен пошта арқылы байланысып тұрады.


Диаз америкалықтармен тез тіл табысқанын айтады

Диаз америкалықтармен тез тіл табысқанын айтады / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


Оқи отырыңыз: Q-POP, яғни QAZAQ поп музыкасы қазаққа не береді?

– Визит картаның арқасында мен балалық шағымда көрген Американы еш ұмытпадым. Себебі 2001-2010 жылдар аралығында музыкалық тур барысында танысқан америкалық достарыммен жүйелі түрде хат алмасып тұрдық. Олар әртүрлі мейрамдармен мені құттықтап, өздерінің суреттерін жіберіп тұратын, – дейді Диаз.

Ол Алматыдағы музыка мектебін 2011 жылы тәмамдағаннан кейін арманы болған алып елге қайта оралады. Бұл жолы ол жоғары білімін жетілдіру мақсатымен келген-ді.


Диаз Мусалимов бала кезінде Өскемен қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсеткен сәтінен

Диаз Мусалимов бала кезінде Өскемен қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында өнер көрсеткен / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


– Менімен үздіксіз байланыста болған достарыммен 10 жылдан кейін қайта қауыштым. Олардың маған сол кезде көп көмегі тиді. Бұны әрине, әкемнің айтуымен визит картасын жасатуымыздың арқасы деп ойлаймын, – дейді ол.

Норфолк, сосын Нью-Йорк университеті

Диаз бүгінгі жетістіктерін тікелей Норфолк және Нью-Йорк университеттерімен байланыстырады.

– Алматыдағы Чайковский атындағы музыка мектебі маған негізгі білімді берді. Ал музыка саласында өз қабілетімді кәсіби тұрғыда шыңдап, бүгінгі деңгейге жетуіме АҚШ-та алған жоғары білімнің септігі тиді. Одан қалса, мен жетістікке жету үшін тоқтаусыз еңбек ету керектігін, нәтиже шығару үшін мүмкіндіктерді іздемей, оны өзің ойластыруың керек екенін түсіндім, – дейді ол.

Диаз Норфолк университетінде тек музыканы емес, америкалықтардың өнері мен мәдениетін де үйренеді. Нью-Йорк университетінде сахнада өнер көрсету мен сахна образын жасауға бейімделеді.

Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы

"Головкин мені өзі таңдады"

Диаз Мусалимов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен танымал қазақстандық боксшы Геннадий "GGG" Головкиннің мексикалық Сауль "Canelo" Альвареспен жекпе-жегі қарсаңында көп миллиондық көрермен үшін Қазақстан әнұранын орындаған. Диаз сияқты осындай әлемдік сахнада өнер көрсету әркімге бұйыра бермейді.

– Головкин тек өз атын ғана емес, Қазақстанды әлемге танытып жүр. Оған бокс кешінің әрбір сәті маңызды. Оның ұйымдастыру барысына тікелей араласуы да соған дәлел. Мысалы, бокс кеші қарсаңында Қазақстан әнұранын айтатын үміткерлердің дауысын Головкиннің өзі тыңдап, таңдағанын естідім. Менімен бірге ол жерде кімдердің үміткер болғанын білмеймін. Бірақ, T-Mobile сахнасына менің шыққаным, оған менің орындауым ұнағанын білдіреді, – дейді ол.


Диаз танымал қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен бірге

Диаз танымал қазақстандық боксшы Геннадий Головкинмен бірге / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


Диаз Головкиннің өз елінің патриоты екенін ескере отырып, әнұранның орындалуына аса мән берген. Бұл кешке аса мұқият дайындалыпты.

Оқи отырыңыз: Мәдина Сәдуақасова Инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирге шығады

"I’m from Kazakhstan"

Диаз Мусалимов Нью-Йорк университетінде дәріс беріп қана қоймай, жеке шығармашылығын дамытумен де айналысады. Уақыт шеңберіне орай, өзінің синглдарын да жариялап отырады. Солардың бірі "I’m from Kazakhstan" әні.

– Бұл әнді жазу туралы ой Норфолк университетінде оқып жүргенімде келді. Әркез америкалықтармен танысқанымда өзімнің Қазақстаннан екенімді, яғни "I’m from Kazakhstan" деп айтудан жалықпайтынмын. Университет ұйымдастыруымен түрлі штаттарға барып өнер көрсеттік. Сол кездері де Қазақстаннан екенімді айтқанымда тыңдармандар қызыға қарайтын. Сондықтан ән жазуды ұйғардым, – дейді қазақстандық тенор.

Диаз Қазақстанды дәріптейтін бұл шығармасын түрлі шараларда орындаудан жалықпайтынын айтады. Себебі америкалықтарға Қазақстанның қандай ел екенін жеткізуді өзінің басты мақсаты деп біледі.

Классикадан да қалыс емес

Диаз өз тыңдармандары арасында көбіне эстрада әншісі ретінде белгілі. Десе де, ол өзінің вокалдық біліміне сүйене отырып, классикалық музыка саласында да біршама белестерге жетіп жүр. Айта кетсек, ол өткен жылы классикалық жанрдағы өзінің жеке концерттерін Нью-Йорк қаласында берген.

Оқи отырыңыз: Димаштың дүние жүзіндегі #dears-тарымен сұқбат


Диазтың Бердленд джаз клубында өнер көрсеткен сәтінен

Диаздың Бердленд джаз клубында өнер көрсеткен сәтінен / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


– Нью-Йорк университетіндегі академиялық білімім классикалық жанрға жақындауыма негіз болды. Өткен жылдың мамыр айында жеке концертімді бердім. Одан бөлек, Бердленд (Birdland – ред.) деп аталатын Манхэттендегі белгілі джаз клубында танымал америкалық музыканттармен бірге өнер көрсеттім, – дейді Диаз.

"Қазақ әндері менің негізгі репертуарымда"

Диаз АҚШ-тың үздік университеттерінің бірінде білім беріп, елден алыста жеке шығармашылығымен айналысып жатса да, туған жерге деген ыстық ықыласы азаймаған. Туған жердің бет сипаған самалы мен жұпар таза ауасы, жұмсақ топырағы мен иісі аңқыған жусаны оның жеке шығармашылығында көрініс тапқан.

– Қазақ музыкасы мені осы салаға келуіме негіз болды. Сол себепті де жеке концерттерімде өз репертуарымдағы авторлық немесе қазақ музыкасындағы танымал әндерді орындауға тырысамын. Мысалы, менің репертуарымда Мұқан Төлебаевтың романстары мен "Ақ сиса", "Тос мені, тос", "Кестелі орамал" халық әндері бар. Сонымен қатар, "Абай" операсындағы арияларды да орындаймын, – дейді отандасымыз.

Оқи отырыңыз: "Әміре" фильмі. Актерлар түсіру алаңында біршама қиындықтарды бастан кешкен


Диаз Нью-Йорк қаласында түрлі спорттық шараларда АҚШ әнұранын да орындайтынын айтады

Диаз Нью-Йорк қаласында түрлі спорттық шараларда АҚШ әнұранын да орындайды / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


Диаз америкалықтардың қазақ әндеріне аса қызығушылықпен қарайтынын айтады. Олар әр кеште орындалған қазақша әннің шығу тарихы мен мәтін мазмұнын қысқаша айтып беруді сұрайды екен.

– Қазақстанның қай жерде орналасқанын да білмейтін, бұл ел туралы өмірі естімеген америкалықтар қазақша орындаған әндеріме тәнті болып, менің туған жерім туралы көбірек дерек білуге асығады. Бұны Қазақстанды дәріптеуге аз болса да қосқан үлесім деп білемін, – дейді Диаз.

Музыкалық продюсинг және менеджмент

Диаз Мусалимов университетте дәріс оқуғаннан бөлек, музыкалық менеджментпен айналысады. Нақтылап өтсек, оның "Jerson Music" деп аталатын жеке компаниясы Қазақстан және ТМД елдерінен келген дарынды әншілердің АҚШ-тағы промоутингімен айналысады. Диаздың компаниясы америкалық CBS арнасында ұйымдастырылған The World’s Best шоуына қатысқан қазақстандық жас әнші Данеля Төлешованың менеджментімен де айналысқан.

– Нақтырақ айтсам, біз Данеляның АҚШ-тағы музыкалық мансабы мен шығармашылығын дамытумен айналысамыз. Тек АҚШ территориясында ғана, – дейді ол.

Диаздың айтуынша, оған CBS арнасынан хабарласып, қазақстандық дарынды әнші Данеля Төлешованы шоуға шақыруды жоспарлағандарын айтқан. Ал Диаз, өз кезегінде, Данеляның Қазақстандағы продюсерімен байланысқа шығып, ұйымдастыру ісімен айналысқан.

Оқи отырыңыз: Халықтың сүйіктісіне айналған сазгердің шығармалары неге өз нақышында орындалмай жүр?


Диаз қазақстандық жас әнші Данеля Төлешовамен бірге

Диаз қазақстандық жас әнші Данеля Төлешовамен бірге / Фото Диаздың жеке архивінен алынды


– Көрермендер үшін шоу әп-сәтте өтеді. Ал ұйымдастырушылар үшін бұл көптеген айға, кейде жылдарға созылады. Келіссөздерге үш жақ та қанағаттануы үшін әрбір мәселе ортақ талқылауға түседі. Біз, мысалы, АҚШ-тағы шоу ұйымдастырушылармен Қазақстандағы Данеляның өкілдерін байланыстырдық. Менің ойымша, жоба сәтті өтті. Бұл байқауда Данеля жеңе қоймаса да, тамаша өнер көрсетті. Қазіргі таңда, басқа да жобаларға ұсыныстар келіп жатыр, – дейді ол.

Айта кетсек, бұл шоуға қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген де қатысқан болатын. Ол өзінен кіші дарында жастарға жол беру мақсатында, өз еркімен байқаудан бас тартқан еді. Жоба жүлдесі – $1 миллион болды.

Серіктестер жаңалықтары