АҚШ – иммигранттар елі
Жаңа құрлықтағы алып елді Еуропадан көшкен иммигранттар құрғандықтан, тәуелсіздігін алғаннан бері өзге елдерден келушілерді ашық қарсы алады. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Америка құрлығына ағылшындар мен француздар көшкен. ХІХ ғасырда шотландтықтар мен ирландтықтар қоныс аударған. Ал ХХ ғасырда италиялықтар мен еврейлер АҚШ-тың резиденті атанған.
Соңғы жылдары АҚШ-қа посткеңестік кеңістіктен барушылар қатары артқан. Олардың ішінде қазақтар да аз емес. Жалпыға бірдей пікірмен New York Realism ұйымының суретшісі әрі сазгер Берік Құлмамыров келісетінін айтады. Оның растауынша, АҚШ-та шетелден келген иммигранттарға жағдай жасалған.
"АҚШ-ты иммигранттар құрған. Сондықтан мұнда адаптация кезінде ешқандай тарлық көрмейсің. Барлығы барынша көмектесуге тырысады. Сөз бостандығы бар. Адам құқығы қорғалған", – дейді Құлмамыров.
Қаламын АҚШ-та қамдап жүрген суретші 1961 жылы Алматыда туған. 1987 жылы Мәскеуде Сәулет өнері институтын тәмамдап, 1990 жылдары тәуелсіз Қазақстанда еңбек етеді. 1998 жылы ағылшын тілін игеру мақсатында АҚШ-қа аттанып, кейіннен шығармашылығын Нью-Йорк қаласында дамытуға шешім қабылдайды.
Қазіргі таңда, Берік Құлмамыров қазақ мәдениеті мен қазақ дәстүріне қатысы бар деген әртүрлі іс-шаралардың Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылуына үлкен үлес қосып жүр. Айта кетсек, үш жыл бұрын Нью-Йоркта АҚШ пен Қазақстан суретшілері еңбектерінің көрмесі ашылды. Қазақ даласына барып көрмеген америкалық суретшілері Берік Құлмамыровтың түсіндіруімен Ұлы Дала пейзаждарын салған.
Одан бөлек, танымал қазақ сәулетшісі Асқар Нартов, Талғат Тілеужанов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Досбол Қасымов, Ербол Қаримов, Мейіржан Нұрғожин сынды суретшілердің картиналары қойылды.
Берік Құлмамыров Нью-Йорк қаласында ұйымдастырылатын музыкалық концерттерге де атсалысып жүреді. Солардың бірі – Make Music New York 21-маусымда алып қаланың танымал орталық бағында өткізілмек. Осыған орай, сазгер қазір қазақстандық вокалистерді іздестіріп жатыр.
Тараздың дипломы Нью-Йоркта өте ме?
Тараз қаласының тумасы Арман Жаңабаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрады. Ол Сауд Арабиясының инвестициялық қорын басқару міндеттелген (Money Management) Нью-Йорктағы SIB Portfolio Advisors компаниясында бағдарламашы болып еңбек етеді. Арман аталған компанияның жасаған инвестициялық операцияларының транзакцияларын бақылайтын "in-house application" жасаумен айналысады.
Арман АҚШ-қа алғаш рет 2006 жылы Work and Travel бағдарламасымен келген. Студент кезінде Нью-Йорктың алып ғимараттарына тәнті болып, Манхэттенде жұмыс істеуді өзіне мақсат етеді. Тараз мемлекеттік университетінде "Ақпараттық технология" мамандығын бітірген қазақтың баласы алып корпорацияларға жұмысқа тұру үшін беделді университетте білім алу маңызды емес екенін айтады. Оның айтуынша, АҚШ-та білімді әрі еңбекқор адам міндетті түрде өзінің сыйлы орынын табады.
Арман оқуды тәмамдаған соң, Англияға тіл үйрену мақсатында кетеді. Лондонда бір жылдай жүріп, IT бойынша қосымша кәсіби тәжірибе арттырып та үлгереді.
"Англияда жүріп, дамыған елдердегі университеттерге оқу өтініштерін толтыратынмын. Бір күні анам Тараздағы мекен жайымызға менің атыма хат келгенін айтты. Ол АҚШ елшілігі жіберген мәлімдеме екен. Green Card лотереясына өтініш бергенімді ұмытып кетіппін", – дейді Арман.
АҚШ жаңа құрлыққа бүкіл әлемнен адамдар ағымын қайта жаңғырту мақсатында Green Card жобасын іске асырған. 1993 жылдан бері әлемнің әртүрлі елдерінен келген түрлі адамдар АҚШ резиденті атанады. Оларға бастапқыда жеңілдіктер беріледі. Айта кетсек, АҚШ үкіметі резиденттерінің тіл оқу курстары мен университеттерде білім алуын толығымен қаржылай қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, тегін медициналық сақтандыруға ие болады.
Арман Жаңабаев қазіргі жұмысындағы орнына жету үшін біршама тер төккен. Ол АҚШ-қа дағдарыс кезінде келген. Сол себепті бастапқыда жұмыс табу мүмкін болмапты. Амалсыздан, студент кезінде жұмыс істеген Вирджиния штатындағы Манас қаласына барады. Сол жердегі бұрын танысқан француз отбасы оған бастапқыда қолдау білдірген екен.
Десе де, Арман өзінің кәсіби мансабын алып қалада бастау үшін Нью-Йоркқа қайтып оралады. "Нью-Йорк – жан-жақты тартымды қала. Вирджинияда жеке көліксіз жүру мүмкін емес. Ал Нью-Йоркта ең қолайлы транспорт – метро. Манхэттенде таксиге мінсең, екі үш сағаттың көлемінде кептелісте қалып қоюың бек мүмкін", – дейді ол.
Жас бағдарламашы алғашқы жеті ай Вирджинияда тұрып, әртүрлі жұмыстарымен айналысады. Кейін Нью-Йорк қаласының Бруклин округіндегі жергілікті компанияда екі рет сұқбаттан өтіп, тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады. Қалтасында небәрі 400 АҚШ доллары болған Арманға жұмыс беруші компания сағатына $10-дан төлеген.
Содан кейін Арман Манхэттендегі сақтандырумен айналысатын инвестициялық қорларға (хедж-фонд) бағдарламалық қамту жасайтын HazelTree Fund Services компаниясына Junior Developer болып жұмысқа ораналасады. Аталған компанияда 1,5 жыл еңбек етіп, SIB Portfolio Advisors компаниясына ауысады.
Арман елге жылына екі рет барып тұрады. Сондай-ақ, ол өз туысқандарын Нью-Йорк қаласына алып келіп, бірге саяхаттауды жиі ұйымдастырады. Жақында қазақ қызына үйленіп, отбасын құрған.
Мүмкіндік сені іздеп келмейді
Соңғы 5 жылын АҚШ-та өткізіп, алып елдің 39 штатында болып үлгерген Талғат Әбдірахманов Қарағанды қаласында туған. Ол аударма ісі мамандығында білім алғандықтан, АҚШ-та болып қайтуды ойластырады. 2012 жылы Work and Travel бағдарламасымен АҚШ-тың Сиэтл қаласына ұшып, сол жерде жазғы демалысын өткізеді. Сосын Year Up бағдарламасының біліктілікті арттыру тренингтеріне қатысып, АҚШ-та кәсіби деңгейде тәжірибе арттыруға мүмкіндік алады.
"Нью-Йорк қаласында тренингтен өттім. Содан кейін Лонг-Айлендтегі Oheka Castle жекеменшік қонақүйінің (Private Residence) ресми өкілі қызметін атқардым. Oheka Castle – америкалық жазушы Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың "Ұлы Гэтсби" романындағы қамалдың прототипі. Осы жерде еңбектеніп жүріп, басқа да салалардан өз мүмкіндігімді табу үшін, резюмемді әртүрлі компанияларға жібере бердім. Қазіргі компанияға орналасу үшін 4 рет өтініш білдіріп, қатарынан 5 сұқбаттан өткенмін", – дейді Талғат.
Талғат Нью-Йорк қаласының Манхэттен округінде орналасқан New York State of Health медициналық сақтандыру компаниясында қызмет етеді. Жақында мансабы жоғарылап, жалақысы сағатына $18-ден $21-ға дейін өскен.
Талғаттың ойынша, АҚШ-та сөз бостандығы бар. Кез келген адамның құқығы қорғалған. Сонымен қатар, АҚШ-та Қазақстанда қарағанда табыс көлемі 7-8 есе, тіпті, 10 есе көп.
"Қазақстанда аудармашы болып қызмет еткенімде жоғары жалақы сияқты көрінетін. Бірақ АҚШ-та ол сома ең төменгі жалақы мөлшерінен де (minimum wage) аз екен. Әрине, Нью-Йорк – өте қымбат қала. Мұнда күнделікті шығын көп. Бірақ табыс көлемі одан бірнеше есе жоғары", – дейді Талғат.
АҚШ – мүмкіндіктер елі. Талғат Нью-Йоркта бірнеше жыл өмір сүріп, оны толықтай тану мүмкін емес екенін айтады.
"Әрбір штат дербес мемлекеттік статусқа ие. Сондықтан кез келген штатқа барған кезде, жаңа орта, дәстүр, тіл өзгешелігі (диалекті – автор) байқалады. Жылына үш-төрт рет саяхат жасауға үлгеремін", – дейді ол.
АҚШ-тағы қазақтардың нақты саны белгісіз. Олардың біршама бөлігі оқумен, тағы бір бөлігі Green Card немесе жұмыс визасымен (H1B) алып құрлықта өмір сүріп жатса, одан бөлек туристер мен біржола көшіп кеткендер бар.
Интернеттегі бейресми деректерге сүйенсек, АҚШ-тағы қазақтардың ең үлкен диаспорасы Техас штатының Хьюстон қаласында орналасқан. Олардың басым бөлігі Қазақстанның батыс бөлігінен көшкендер. Мұнайлы өлкеден мұнайлы жерге барып орныққандар деуге болады. Дегенмен Талғат қазақтардың саны бойынша Нью-Йорк қаласы бірінші орында дейді. Ол Хьюстондағы қазақ ортасына барып, екі қаладағы қазақтардың санын салыстырған. Алып қала Нью Йоркте мүмкіндіктердің жоғары екені рас. Сондықтан қазақтардың басым бөлігі осы жерде шоғырланған болса керек.
Талғат Нью-Йорк АҚШ-тағы Лос-Анджелестен кейінгі екінші кинематография қаласы деп біледі. "NYC – On Location Tours ақпараттық сайтынан Нью-Йорк қаласында қандай фильмдердің түсірілімі болып жатқанын біліп, өтініш білдіру арқылы фильмнің артқы пландағы көрінісіне түсу мүмкіндігін алуға болады. Ол үшін сағатына $10-12 төленеді. Мен "Жаңа Өрмекші адам: Кернеген қуат" және "Ниндзя Тасбақалары" фильмдеріне түскенмін", – дейді Талғат.
Сәті түссе, Нью-Йоркта Лионел Месси сынды футболдың әлемдік жұлдыздарының кездесулеріне, Бейонсенің концертіне баруға мүмкіндік бар. Тіпті, танымал жұлдыздарды көшеде кездестіріп қалуың да ғажап емес.
Сонымен қатар, Нью-Йорк қаласының басшылығы әртүрлі қоғамдық іс-шаралар, концерттер мен көрмелерді тегін ұйымдастырып отырады. Мысалы, осы жазда Нью-Йорктың орталық саябағында өтетін Linkin Park, Enrique Iglesias, Pitbull және Ed Sheeran сынды танымал әншілердің концерттеріне кіру тегін болмақ.
Сонымен қатар, әлемге танымал Джимми Фэллонның "Сенбілік Түнгі шоуына" (Saturday Night Live) көрермен ретінде тегін кіру мүмкіндігі бір. Ол үшін таңғы алтыда Рокфеллер орталығына барып, билетке кезекке тұру қажет. Бродвей шоуларына (Broadway Lottery) да ерте барып, кезекте тұру арқылы билетті жарты бағасына ала аласыз.
(Жалғасы бар – мына жерде).