Тікелей эфир

Президент Қорғаныс министріне қатаң сөгіс берді. Үкімет отырысы қалай өтті?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Президент Үкімт мүшелеріне тапсырма берді. Арыстан басқа үш ауыл тұрғындары өтемақы алады.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысын өткізді.


2019 жылы 15 шілде. Нұрсұлтан. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

2019 жылы 15 шілде. Нұрсұлтан. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді / Сурет informburo.kz


Жарты жылдық қорытынды

ҚР Премер-министр Асқар Мамин баяндама жасады. Басты цифрлар:

  • Экономикалық өсім – 4,1%. Негізгі көздері – өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы;
  • Негізгі капиталға инвестициялар 11,7%-ға, оның ішінде жеке инвестициялар 13%-ға артқан;
  • Мемлекеттік бюджеттік кіріс 4 трлн 379 млрд теңге болды;
  • 2019 жылдың басынан бері инфлация 2,6% болып, жылдық 5,4%-ті көрсетті.

Әлеуметтік мәселелер бойынша:

  • Аз қамтылған отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысы 20 мың пәтерге көбейді;
  • Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғын үй Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 3 есеге, яғни 3 мың пәтерге жеткізілді;
  • Орташа алық жалақы 9%-ға, тұрғындардың табысы 5,5%-ға өсті;
  • Жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға төмендеді;
  • Шағын несиелендірумен 19 мың адам қамтылды. Жаңа бизнесті дамыту барысында 37 мың адамға қаржылай несие берілді;
  • Электронды форматта берілетін мемлекеттік қызметтер 80%-ға жетті;
  • Жыл басынан бері ең төменгі жалақы 1,5 есеге көбейді;
  • Салық жүктемесі 10 есе төмендеді;
  • Бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30%-ке өсті.

Оқи отырыңыз: Үкімет отырысы: "Нұрлы жол" қалай жүріп жатыр? АҚШ-қа қашан ұшамыз?


Асқар Мамин Үкіметтің алғшқы жарты жылдық қортындысын баяндады

Асқар Мамин Үкіметтің алғшқы жарты жылдық қорытындысын баяндады / Сурет informburo.kz


Білім және денсаулық саласы бойынша:

  • Биыл қыркүйек айынан бастап техникалық және кәсіпке қатысты жұмысшы мамандықтарда оқитын білім алушылардың шәкіртақысы 30%-ға өседі;
  • 2021 жылға дейін жоғары оқу орындары мен колледждерді жаңа оқыту бағдарламасына көшіру пысықталып жатыр;
  • Тұрмысы төмен отбасылар және көп балалы отбасылар үшін 5 мың білім гранты бөлінді.

Кепілсіз тұтыну несиесін өтеу мен салыққа рақымшылық жайлы айтылды

ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев еліміздің экономикалық жағдайы және халықаралық экономикалық интеграцияға қатысы жағдайға анализ жасады.

Сонымен бірге кепілсіз несиені өтеуге бөлінген 105 млрд теңгенің 88,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған 17 млрд теңге проблемалық несиелер қорынан тартылып жатқанын айтты. Оған қоса салық рақымшылығына қатысты да мәлімет берді (Бұл туралы ертеңгі мақаламызда толықтай ақпар береміз).

Оқи отырыңыз: Үкімет тағы бір ірі банктен қарыз алайын деп жатыр. Қарыз қандай шартпен алынады?


Ерболат Досаев

Ерболат Досаев / Сурет informburo.kz


Тұрғын үйді басқару мәселесін шешу керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндамасын тыңдағаннан кейін тұрғын үй коммуналдық мәселеге қатысты түсіп жатқан арыздар бойынша не істеліп жатқанын сұрады.

– Түскен арыз өте көп. Осыған қатысты заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Ол Сенатта. Осыдан былай тұрғын үйлерді басқаруды сол үйде тұратын тұрғындардың өздері шешетін болады. Ол үшін "Е-Шаңғырақ" бағдарламасы жасалып жатыр, – деді министр.

Тоқаев Тұрғын үйге қатысты даулы мәселелерді шешу Үкіметтің маңызды міндеті екенін ескертті.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары біріктіріледі. Үкімет қанша адамды үймен қамтиды?

Жүк тасымалынан түсетін кіріс неге азайды?

Қасым-Жомарт Тоқаев жүк тасымалынан түсетін кіріс 2020 жылы 5 млрд долларға жету керек екенін алға тартып, түсімнің төмендеу себебін сұрап, мәселеге назар аударды.

Өз кезегінде Роман Скляр Иранға салынған санкция мен Қап тауы елдері арқылы өтетін транспорттық шектеулерге байланысты транспорттық кірістің төмендегенін жеткізді. Осыған орай балама жолдардың қарастырылып жатқанын айтты.


Роман Скаляр

Роман Скляр / Сурет informburo.kz


Оқи отырыңыз: Саудагерлерге кей азық-түлік бағасына 15%-дан артық қосуға болмайды

Министрдің айтуынша, жүк тасымалынан түсетін кіріс төмендегідей:

  • 2018 жылы – 1,7 млрд доллар болды;
  • 2019 жылы – 2,4 млрд доллар болады деп күтілуде;
  • 2020 жылы – жоба бойынша 3,3 млрд доллар шамасында.

Атаулы көмекті заңсыз алғандар тексеріліп жатыр

Бұл туралы ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты. Министрдің айтуынша, 291 мың отбасы, яғни 1,4 млн азамат атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр. Заңға сәйкес аталған көмекті алатындар еңбек етуге немесе еңбек келісім-шартына жасауға міндетті.

– Елімізде 39 әлеуметтік төлем түрі бар. Қазір 1,3 миллионға жуық азамат өзінің табысын арттырды. 230 мыңға жуық жұмыс беруші 1 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның үстіне елімізде 2 миллионнан астам зейнеткер бар. Ал орташа айлық жалақы – 85 892 теңге. Зейнетақы жүйесіне 6 миллионға жуық азамат тіркелген, – деді министр.

Сонымен бірге шынайы кірісті төмендету, сыбайластыққа қатысты туындап отырған мәселелердің барлығын алға тартып, облыс басшыларымен тікелей жұмыс жүргізіп, тексеруді бастағанын хабарлады.

Солтүсікке көшіп барып жатқан отбасылардың жағдайы мен жастарды жұмысқа тарту жобалары туралы да айтылды.

Оқи отырыңыз: Бес жылда Қазақстанда 800-ге жуық мектеп бой көтереді


Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев / Сурет informburo.kz


Жұмыссыздарды орналастыру тетіктері туралы сұрады

Президент жұмыссыздықты жоюға қатысты қандай шаралардың қолға алынғанын сұраған болатын. Бердібек Сапарбаев мектеп бітірген жастарға мамандық беру және сертификат негізінде жеке кәсіп ашуға гранттар мен микронесие беру жобасы жасалып жатқанын айтты.

Сонымен бірге компаниялармен, түрлі ұйымдармен, әкімшілікпен бірлесе отырып, тұрақты жұмыс көзін ашуды жүйелі қолға алғандарын жеткізді.

Арыстан басқа 3 ауыл тұрғындарына өтемақы төленеді

Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Өмірұзақ Шөкеев хабарлады.

– Әр азаматқа 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленуге дайын. Қазір банкпен келісіп, есеп шот ашып жатырмыз, – деді ол.

Төлемақы алатын азаматтар саны:

  • Арыс қаласының 44 994 тұрғыны;
  • Ақдала ауылдық округінің 4324 тұрғыны;
  • Қожатоғай ауылдық округінің 4232 тұрғыны;
  • Дермене ауылдық округінің 2052 тұрғыны.

Оқи отырыңыз: Пәтер мәселесі қалай шешіліп жатыр? Көп балалы ана тіркеусіз болса, қайда хабарласады?

Жалпы алғанда, алдыңғы кезекте 55 602 тұрғынға 5,6 миллиард теңге төленеді. Осы үшін Үкіметтік резервтен 3 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд теңге, "Түркістан" арнайы әлеуметтік қорынан 1,6 млрд теңге бөлінген.

Әкімнің айтуынша Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, құрылыстар мен жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 159 нысан қайта салынады. 7000 үй жөнделеді.

Облыста Түркістан қаласының құрылысының қарқынды жүріп жатқанын айтқан әкім шетелдік 32 инвесторлық жобаның іске асып жатқанын еске салды. Сонымен бірге жүздеген нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 905 гектар жерге Түркістан әуежайының салынып жатқанын да айта кеткен жөн.

Президент халыққа рақмет айтты

Президент Түркістандағы құрылыстың барысына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге Арыс қаласындағы жағдайға тоқталды. Сондай-ақ Арыс қаласына көмектесіп жатқан халыққа, ұйымдарға, компанияларға рахметін жеткізді.

Оқи отырыңыз: "Жаңа ақша-несие саясатын әзірлеуді міндеттеймін". Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы қандай тапсырмалар берді?

Қорғаныс министріне "қатаң сөгіс" жариялады

Президент Арыстағы жағдайға байланысты ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа сөз берді. Ол оқ-дәріні қауіпсіз жерге тасымалдап, жою жұмысының белгіленген уақыттан бұрын басталғанын хабарлады.

Өз кезегінде Қасым-ЖомартТоқаев:

– Біз жүйедегі жалғасып келе жатқан кемшіліктердің салдарымен күресіп жүргенде әскери саланы бақылауды әлсіретіп алдық.

Сіз Қазақстан Қорғаныс министрлігі саласындағы салыстырмалы түрде жаңа адамсыз, бірақ барлық жағдайға жауаптысыз. Мен Қарулы Күштердің ең жоғары бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне қанағаттанбағанымды білдіремін. Сондықтан сізге қатаң сөгіс жариялаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысында.


Нұрлан Ермекбаев (ортада отырған)
Нұрлан Ермекбаев (ортада отырған) / Сурет informburo.kz

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызметкерлердің 25%-ы қысқартылады. Қалай?

"Арыс қаласындағы ликвидациялау жұмыстары толық менің бақылауымда болады"

Президент осылай деді:

– Оқиғаның салдары – өте ауыр. Ол туралы айтудың керегі жоқ. Қазір біз салдарын жоюға барынша күш салып жатырмыз. Шындығында, қаланың көп бөлігі бомбаланып тасталды. Қазір арнайы комиссия тексеру жүргізіп жатыр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша Уінәлі барлық тұлғаны қатаң жазалау туралы ұсынысты Президент әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесіне енгізу керек. Оның ішінде құрылысты қауіпсіздігі жоғары нысандарға жақын жерге салуға рұқсат берген азаматтық-мемлекеттік қызметшілер де қағыс қалмау керек.

Бұл жұмысты 10 тамызға дейін аяқтау керек. Тиісті ұсыныстар беріңіздер. Қайталап айтамын, барлық кінәлі тұлға қатаң толық жауапқа және жазаға тартылу керек. Қорғаныс министрлігіне басқа осындай нысандар бойынша анализ жасауды тапсырамын. Оның қорытындысы туралы ақпаратты 20 тамызға дейін жеткізсін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл шаруашылығы неге дамымай отыр?

Бұл сұрақты да Қасым-Жомарт Тоқаев қойды. Ол:

– Шетелдік қаржы иниституттары біздің аграрлық-өндірістік мүмкіндігіміздің жоғары екенін үнемі айтып келеді. Осыған қарағанда біз дұрыс басқара алмай отырмыз. Осыған байланысты Ауылшаруашылығы министрі не дейсіз?

Сапархан Омаров инвестиция тартуға жер мәселесінің кедергі боп тұрғаын айтып, оны шешу үшін инвесторлардың өңдеуші өндіріспен бірге келуі керек дегенді айтты. Сонда бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Отырыста отандық өндіріске жеткілікті көмек берілмей отырғаны да тілге тиек болды.

Президент Үкіметке мәселелерді пысықтап, шетелге ауыл шаруашылығы өнімдерін сату механизмін қалыптастыруды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Алматының құрылысын жоспарлау кезінде қателіктер кеткен. Тоқаев кімдерге сөгіс жариялады, қандай тыйым салды?


Сапархан Омаров

Сапархан Омаров / Сурет informburo.kz


"Бизнестің дамуына кедергі келтіретін шенеуніктер түрмеге түседі"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деді.

– Отандық бизнесті барынша қолдау керек. Ал оның дамуына негізсіз тексеріп, ақша жинап, рейдерлік жасап кедергі келтіретіндерді қатаң жазалау қажет. Мемлекеттік органдар мен олардың өкілдерінің бизнеске нұқсан келтіру әрекеттерін криминализациялау керек деп есептеймін. Заң бойынша қатаң шаралар қарастыру қажет. Бұл қылмыстық айыптау болуы да мүмкін.

Бірқатар елде осындай тәжірибе бар. Бизнестің дамуына кедергі келтіретін шенеуніктер түрмеге түседі. Үкіметке заңға өзгерістер енгізуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: Назарбаев 2020 жылы президенттік сайлауға түспейді деп ойлаймын

"ҚазАгор-ға реформа жасау керек"

Бұл туралы да Үкімет отырысында айтты.

– Біз ҚазАгроға қатысты шара қолдануымыз керек. 2018 жылы ҚазАгро"-ның жинақталған шығыны 120 млрд теңгеден асты. Қаржыландырған 672 жобаның 270-і тоқтап тұр. Бұл – нашар басқарудың дәлелі. Компанияға шетелдік сарапшыларды тартып, реформа жасау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке екі ай ішінде осы мәселе бойынша нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.

Президент ЛРТ жобасын сынға алды

Тоқаев Нұр-Сұлтандағы LRT жобасы туралы ренішін білдірді.

– Халық үшін ыңғайлы, түсінікті. Қолайлы көлік түрінің орнына қымбат ЛРТ ұсынылған. Сәулетші мамандардың пікірі ескерілмеген. Әкімдіктің мәліметінше, халық ағымы тәулігіне 146 мың адамға жетеді. Қазіргі уақытта осыған ұқсас маршрут бойынша әуежайдан вокзалға дейін жолаушылар ағыны 2 мың адамды құрап отыр. Сіздер 70 есеге дейін қалай көтерейін деп отырсыздар, маған түсініксіз.

Өз шығынын өтей алмайтын жоба үнемі субсидияланып отырады және Үкіметке ауырлық түсіреді. Оның үстіне 100 миллиард теңге – қытайлық несие жоғалып кетті? – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев:

– Бұрынғы міндеттемелердің бір бөлігі (Астана Банкіндегі депозиттер) берілді. Проблемалы несиелер қоры осы қаражатты қайтару мүмкіндігін іздейді. Алғашқы нәтижелер бойынша қайтару ықтималдылығын 30-40% шамасында болады деп бағалаймыз, – деді төраға.

Оқи отырыңыз: "Барымыз да, бағымыз да – тәуелсіздік". Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сұхбатын қазақтілді журналистерге берді


Президент Үкімет мүшелерін тиімді жұмыс жасауға шақырды

Президент Үкімет мүшелерін тиімді жұмыс жасауға шақырды / Сурет informburo.kz


Қорытынды: "Ли Куан Ю-ді үлгі ету керек"

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударатынын жеткізді. Осыған орай жер мәселесін, ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісі жағдайын қадағалауды міндеттеді. Әрі жеке кәспкерліктерді дамыту, ғылыми дамуды негізге алуды әрі жерді үйлесімді пайдалан жағын зерттеуді тапсырды. Сол арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару механизмін жүйелеуді тапсырды.

Оған қоса әлеуметтік-экономикалық даму, Инвестиция тартуымен бірге отандық кәсіпкерлікті дамыту, заңсыздықтарды тоқтату мәселелеріне тоқталды. Сөз арасында Сингапур Президенті болған реформатор Ли Куан Ю (Lee Kwan-Yew)-дың инвестиция тартудағы, жұмыс жүргізудегі іскерлігін мысалға алды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары