Алғашқы болып сөз алған премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.
"2019 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5 пайызды құрады. Оның 85 пайызы шикізаттық емес салаларға тиесілі.
Экономика өсуіне айтарлықтай үлес қосқан негізінен құрылыс (12,9 пайыз), сауда (7,6 пайыз), байланыс (5,2 пайыз) және көлік (5,1 пайыз) салалары болды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім – 4,4 пайыз. Оған машина жасау, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп салалары үлес қосты. Тау-кен өнеркәсібі 3,7 пайызға өсті" – деді премьер-министр.
Маминнің айтуынша, 2019 жылы халықтың табысы 5,5 пайызға өскен. Оған ең төменгі еңбекақы шегін ұлғайту шарасы себеп болған. Сонымен қатар, премьер-министр Қазақстандағы еңбек нарығына былайша баға берді:
"Елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. 423 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды (оның 280-ге жуығы – тұрақты жұмыс орындары).
Трансферттерді қоспағанда, мемлекеттік бюджет кірісі – 9 трлн 688 млрд теңге. Бұл 2018 жылғы кірістен 1,5 трлн теңгеге көп".
Сондай-ақ, 2019 жылы сыртқы сауда айналымы 97 млрд долларға дейін өскені белгілі болды (экспорт – 60 млрд доллар, импорт – 37 млрд доллар).
Оқи отырыңыз: 1,5 млн адам жұмыс тауып, 40 мың несие рәсімделген. "Еңбек" бағдарламасы аясында қалай кәсіп бастауға болады?
Асқар Мамин баяндаған 2019 жылы атқарылған маңызды жұмыстардың бір парасы:
- "Нұрлы жол", "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламалары аясында 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды;
- "Ауыл – ел бесігі" жобасының аясында 53 ауылда 452 жоба жүзеге асырылды;
- Экспортқа тауар шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдауға 230 млрд теңге бөлінді;
- 2019 жылы "Сарыарқа" магистралды газ құбыры (1061 шақырым) іске қосылды;
- Өткен жылдың мамыр айынан ұша бастаған FlyArystan лоукостері 700 мыңнан астам жолаушыны тасымалдап үлгерді.
Премьер-министр осы жылы бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы өсіп, экономиканың барлық саласында 430 мың жаңа жұмыс орыны ашылатынын мәлімдеді.
Басымдық берілетін негізгі қызмет көрсету салалары туризм, сауда және құрылыс, өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салалары болмақ.
Сондай-ақ, 2020 жылы:
- 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 150 мыңнан астам отбасы баспаналы болады;
- 11 тазартқыш ғимарат қайта жаңартылады. 2024 жылға дейін 53 тазартқыш ғимарат қайта өңдеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Оған 328 млрд теңге жұмсалады;
- Өңірлерге газ әкелу жобасын жүзеге асыру арқылы 1, 2 млн адам табиғи газға қол жеткізеді;
- "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Қазақстанның 190 ауылына 800-ден астам сапалы инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы енгізіледі. Алдағы 7 жыл ішінде елдегі 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға 900 млрд теңге қаржы бөлінеді;
- 2026 жылға дейін аймақтарда 19 ірі заманауи медициналық орталық ашылады. Мұндай орталықтар Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында биыл салына бастайды. Оған бюджеттен 210 миллиард теңге бөлініп отыр. Кейінірек Ақмола, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл және Алматы облыстарында көпсалалы ауруханалар салынады;
- 2020 жылы 200 жаңа мектеп іске қосылады. Олардың жартысы – жеке мектеп. Одан бөлек, студенттерге арналған 44 жатақхана салынады.
Ал, премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев өткен жылы 500 мың адамның қарызы, 1 миллион адамның төлемақы өсімі кешіріліп, 315 отбасыға әлеуметтік көмек берілгенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қайда құжат өткізу қажет?
Қазақстандықтарға жалпы саны 80 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген. Жұмыссыздық көрсеткіші 0,1 пайызға төмендеген.
Сапарбаевтың айтуынша, 2020 жылға қойылған басты міндеттің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды толықтай балабақшамен қамту. Cондай-ақ, апаттық жағдайдағы мектептер санын азайту мақсатында кем дегенде 800 мектеп салынатыны айтылды.
Ақша-несие саясаты туралы баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылы валюта саясатына және ұлттық валюта курсына баса назар аударылғанын айтты:
"Ұлттық валюта жыл бойы қысқа диапазонды болды және 0,4 пайызға күшейді. Ал, долларсыздану көрсеткіші 44 пайызға дейін төмендеді. Экономикадағы несие көлемі 13,9 триллион теңгені құрап, бизнесті несиелеу мөлшерлемесі 12 пайызға дейін өсті. Негізгі өсімді тұтынушылық несиелеу берді".
Сондай-ақ, 2019 жылы ұлттық банктің ЕДБ активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізгені белгілі болды. Бағалау процесінің алғашқы кезеңі өткен жылдың желтоқсанында аяқталған. Бұдан бөлек, Ерболат Досаев табысы төмен тұлғаларға несие беру мүмкіндігі жойылғанын хабарлады. Сонымен қатар, 2019 жылы ноталар көлемі 29 пайызға төмендеп, қолма-қол емес төлемдер екі есе артқаны да сөз болды. Өткен жылы 4 миллионнан астам түрлі транзакциялар жасалған.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк қазақстандық көліктерді несиелеу бағдарламасын бекітті. Оның шарттары қандай?
Қайта құрудан кейінгі негізгі міндет – ақша-несие саясатын, заманауи төлем инфрақұрылымын енгізу және осы жылы инфляцияны 4,6 пайызға дейін төмендету. Сондай-ақ,
- Ұлттық банктің валюта саясаты саласында еркін айналымды айырбас курсы режимі сақталады;
- Ұлттық банк валюталық нарыққа қатысу туралы есептерін жариялайды;
- Қарапайым заттар экономикасы және 7-20-25 бағдарламаларын жүзеге асыру жұмыстары күшейтіледі;
- Ұлттық банк қысқамерзімді ноталарды қысқартуды жалғастырады;
- Ұлттық банк мониторинг пен жүйелік тәуекелдерді анықтауды жалғастырады;
- Маңызды міндет көлеңкелі экономиканы қысқарту болып қала береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ұлттық қорды басқару тиімділігін және оның активтерін арттыру үшін қандай іс атқарылып жатыр?" деген сұрағына Ұлттық банк төрағасы былайша жауап берді:
"Басқарудың консервативті тәсіліне көшіп, акцияларға инвестицияларды арттырдық. Соның арқасында 2019 жыл қорытындысы бойынша 4,9 миллиард доллары көлемінде табыс таптық. Нарықтағы құбылмалылықты есепке алғанның өзінде, біз 2020 жыл қорытындысында оң нәтижелерге қол жеткіземіз".
Нұр-Cұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланы газбен қамту мәселесіне қатысты жаңалықтарды баяндады. Оның айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін Көктал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шығыс және Теміржолшылар тұрғын үй алаптарына газ жеткізу жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әкім 2020 жылдың алғашқы жартысында елордада "Абай әлемі" орталығы салынатынын хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қаланы абаттандыру жұмыстарына аудан әкімдерін жұмылдыруға тапсырма берді.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда оқытушы тапшы. Қандай пән мұғаліміне сұраныс көп?
Ал, Алматы облысының әкімі Амандық Батталов өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жалпы аймақтық өнім көлемі 4,5 пайызға өскенін, аймақты сумен қамтамасыз ету деңгейі 91 пайызға дейін артқанын баяндады. Батталовтың айтуынша, аймақтағы проблемалардың бірі – мектеп санының жетіспеушілігі.
"Қазір Алматы облысында үш ауысымдық режимде оқитын 38 мектеп бар. Үкіметтің қолдауымен жаңа мектептер салып жатырмыз. Бірақ оның өзі қажеттілікті толық өтей алмай отыр", – деді әкім.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қазіргі уақытта облыстағы басты міндет денсаулық сақтау саласын дамыту екенін, ал келешекте дамытатын негізгі бағыт – ауыл шаруашылығы кешені болатынын айтты. Президент Даниал Ахметовке Абайдың 175 жылдық мерейтойын артық шығынсыз тойлауды және жақында ғана тарихи орталық мәртебесін алған Семей қаласының келбетіне мән беруді тапсырды.
Ал, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 2019 жылы облыста халықтың табысын өсіру мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар атқарылғанымен, Ақтөбе облысы көрсеткіш бойынша елдегі орта деңгейден қалып отырғанын айтты. Сондай-ақ, әкім биыл Ақтөбе облысында 500 шақырым жолды жөндеу, шетелдік серіктестермен "Еуразия" экономикалық аймағын құру, аймақтағы ірі қара мал санын үш есе арттыру ісі жоспарланғанын хабарлады.
Төменде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкімет отырысында сөйлеген сөзінен тәржіма береміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев: "Біз инфляция бойынша ЕАЭО-да чемпион болдық"
Елдегі жалпы макроэкономикалық жағдай тұрақты. Үкімет көздеген макроэкономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізді. Маңызды бағдарламалар қабылданды. Олар: индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы, жол картасы 2025, өңірлерді дамыту бағдарламасы, денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы және басқалар.
Менің сайлауалды платформамды жүзеге асыру бойынша үкімет пен парламенттің ұйымдасқан жұмысын атап өткім келеді.
Бизнеске қолдау көрсету мақсатында түрлі тексерулерге мораторий жарияланды. Микро және шағын бизнес табыс салығынан босатылды.
Оқи отырыңыз: Қарапайым заттар экономикасы: кәсіпкерлерді Ресей экспансиясы алаңдатады
Өсім локомотиві ресурс потенциалы мен бюджеттік инвестициялар болып қала береді. Айта кету керек, біз инфляция бойынша Еуразиялық экономикалық одақ ішінде чемпион болдық.
"2050 стратегиясы, ұлт жоспары – біздің басты ориентиріміз"
Реформаларды жүзеге асыру баяулағанын мойындау керек. Мұны халықаралық және отандық сарапшылар растап отыр. Бізге жаңа экономикалық курс қажет. Реформалар ерік пен батылдықты талап етеді. Менің ойымша, үкімет мұндай қасиеттерін танытуы тиіс, өйткені басқа жол жоқ.
Негізгі шешімдерді мемлекеттік аппараттар баяу, нормативтік актілерге қарай отырып қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестіктің артуы және халықтың әділ талаптар қоюы жағдайында бұлай жұмыс істеуге болмайды. Президент қадағалаушы болып, бағдарламалардың жүзеге асуын бақылауы дұрыс емес. Премьер-министр де бұл режимде жұмыс істемеуі қажет. Оның өзге міндеттері бар.
"Ашық және прагмативті салықтық-бюджеттік саясатты құру міндеті тұр"
Жұмыс орындарын құру және еңбекақыны көтеру арқылы халық табысын арттыру қажет. Адам капиталын дамытумен айналысу керек. Ашық және прагмативті салықтық-бюджеттік саясатты құру міндеті тұр. Ол отандық кәсіпкерлерді қорғап, өткізу нарықтарына жол ашып, қазақстандық өнім сапасын арттыруы тиіс.
Ақша-несие саясаты, қаржылық нарық экономиканы қаржыландырумен қамтамасыз етуі керек.
Біздің алдымызда медицинадан бастап, қаржылық нарыққа дейінгі барлық салада заңнамамызды реттеп, жетілдіру міндеті тұр. Айқын мақсаттар мен түсінікті міндеттер экономикалық өсім сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондықтан үкімет орта мерзімдік кезеңге жұмыс жоспарын әзірлеуі тиіс. Бұл бірегей бағдарламалық құжат 15 мамырға дейін дайын болу керек.
Реформалардың жүзеге асуы әлсіз бақылауда. Үкімет реформаларды әзірлеп, жүзеге асырып, оны өзі бағалайды. Мұны өзгерту қажет. Президент әкімшілігі базасында қоғамдық бастама негізінде реформаларды талдау және мониторинг жасау орталығын құруды тапсырамын.
Мүмкін, бұл институт дами келе Президент жанындағы реформалар жөніндегі агенттікке айналуы мүмкін. Әзірге орталықты ешқандай бюджеттік шығындарсыз құрамыз.
"Мемлекеттік басқару реформасында сапалы қадам жасауымыз керек"
Алға қойылған міндеттерді шешудегі басты мәселе – тиімді мемлекеттік басқару. Әңгіме тек мемлекеттік қызмет туралы емес, мемлекеттік басқару концепциясы бұдан кеңірек. Ол азаматтардың әділ талаптарын қанағаттандыруды, орталық пен өңірлер арасында өкілеттіктерді бөлуді, мемлекеттің экономикаға қатысу ауқымына бағытталған сервистік модель құруды көздейді. Біз мемлекеттік аппарат құрылымын, мемлекеттік органның тиімді санын анықтап алуымыз қажет.
Бұл жерде бізге мемлекеттік органдарда меритократия, корпоративтік басқару қағидаларын бекітетін реформа керек. Жыл соңына дейін біз мемлекеттік басқару реформасында сапалы қадам жасауға тиіспіз. Қазір біз бірінші қадамды жасадық. Ол – жастар кадрлық резерві. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бұл 1000 мемлекеттік қызметкер ішіндегі 300 ғана адам.
Келесі мәселе – мемлекеттік қызметкерлердің менталитеті мен стилі. Олар жауапкершілікті өзгеге аудару емес, нәтижеге бағыт алуы керек.
Жүйедегі қателіктердің кесірінен біз білікті мамандардан айырылып жатырмыз. Сондықтан бірлесіп жұмыс жүргізу қажет. Біз бос креатив, прожектёрлік және кез келген әдіспен жеңіске жету тактикасына кедергілер қоюымыз қажет. Әдетте мұндай жеңістер қымбатқа түседі және нәтиже бермейді. Оған жұмысы тоқтап қалған зауыттар, қолданылмайтын инфрақұрылым, үлкен бюджеттік шығындар дәлел.
"Қаржылық жүйе сырқат"
Экономиканы несиелеуде банктердің ролі төмендеп жатқанына назар аударуға тиіспіз. Бұл халыққа тұтынушылық несие беру фонында тым жедел өсіп бара жатыр. Несиелердің үштен екісі кепілсіз берілген. Елдің қаржы секторындағы проблемалар айқын. Қаржылық жүйе сырқат.
1,2 млн адамның айыппұлдары мен кепілсіз несие бойынша өсімпұлдары кешірілді. Ұлттық банк пен қаржылық нарықты реттеу агенттігі мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қажетті шараларды қолға алуы керек.
Оқи отырыңыз: Астанада биржа ашылды. Бұл Қазақстан экономикасын дамытуға көмектесе ме?
Несиені оны қайтара алатындарға ғана беру қажет. Жеке тұлғаларға 1,4 трлн теңге несие берілген. Олардың қайтарылуы күмәнді. Заңды тұлғаларға несие беру 590 млрд теңгеге төмендеген.
"Көлеңкелі экономикамен күрес – маңызды ориентир"
2020 жылғы 11 шілдеге дейін орта мерзімді кезеңге ақша-несие саясатын әзірлеу міндеті тұр. Мақсат – экономикалық өсім мен инфляцияны ұстап тұру арасындағы консенсусқа қол жеткізу.
Өткен жылы үкімет пен ұлттық банк өзара қызметін күшейтті. Бұл жұмысты жалғастыру, Қазақстанның бағалы қағаздарын халықаралық индекске енгізу қажет. Осы бойынша жоспарды әзірлеуді тапсырамын.
Үкімет пен ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың валюталық операциялары бойынша бірге жұмыс жүргізе бастады. Өткен жылы квазимемлекеттік сектордың валюталық қарыздарын қайта қаржыландыру жүзеге асырылды. Үкімет пен квазимемлекеттік сектор компаниялары бірінші кезекте ел ішіндегі теңгемен қаржыландыру тартуы қажет. Көлеңкелі экономикамен күрес ұлттық банк пен үкіметтің маңызды бағыты болып қалуы тиіс.
"Салық – халықтың ақшасы"
Қаржылық нарық қатысушыларын тарта отырып, өзара тиімді шарттармен ұлттық төлем жүйесін құруға кірісу қажет. Фискальды саясат жаңғыртуды қажет етеді. Оның мақсаты ұлттық табысты әділ бөлу және экономикалық өсімге көмектесу болуы тиіс.
Салықтық кодекс, Кедендік кодекс қабылданып, қолданысқа берілді. Салықтық жеңілдіктер кеңінен қолданылып жатыр. Салықтық жеңілдіктер беру саласы мен өткізу нарығын дамытудан жеңіл. Бірақ, салық – халық ақшасы екенін естен шығармау керек, оған жалпы мемлекеттік міндеттер шешіледі. Ал жеңілдіктерді тек жеке салалар мен кәсіпорындар алады.
Біз микро және шағын бизнесті салықтан босаттық. Бұл әлеуметтік және саяси тұрғыдан дұрыс шешім. Бірақ ол үлкен салдарларға алып келуі мүмкін.
2018 жылы 4,5 трлн теңгеге жеңілдік берілді. Нәтижесінде шоғырландырылған бюджет табысы төмендеді. Ашық экономикалық аймақтар аясындағы шартты шығындар көлемі – 2 трлн теңгеден астам. Үкіметке жеңілдіктердің барлық спектріне тиімділік тұрғысынан талдау жасауды тапсырамын.
"Үкімет экспортқа қолдау көрсетіп, экспорттық экожүйені құруы тиіс"
Мен имидждік шараларға кететін бюджеттік шығындарды қысқартуды тапсырдым. Үкімет 30 млрд теңгеге оңтайландырды. Мұны бірінші қадам деп есептейік. Мұндай шара квазимемлекеттік секторда да атқарылуы тиіс.
Бірінші шара ретінде қымбат транспорт, жиһаз алуға, қымбат шаралар өткізуге мораторий жариялауды ұсынамын. Үкіметке бұл жайында 1 мамырға дейін есеп беруді тапсырамын. Кейінге қалдыруға болатын шығындарды қайта қарау керек. Бөлінетін қаражат халық игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс.
Менің тапсырмаларымды орындау аясында Ұлттық қорды пайдалану концепциясы жаңаланды. Келесі бағыт – экономиканы диверсификациялау. Жоғары шекті тауарлар экспорты шикізаттық емес экспорттың бар болғаны 14 пайызын құрайды. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі ЖІӨ-нің 11 пайызы деңгейінде қалып отыр. Үкімет экспортқа қолдау көрсетіп, экспорттық экожүйені құруы керек.
"Келісімдер елдің мүддесіне жұмыс жасауы тиіс"
Өнім сапасы да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Егер ЕАЭО техникалық регламенттерін енгізуді бірнеше жылдан бері кейінге қалдырып қеле жатсақ, экспорт туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?
2013 жылы сүт бойынша техрегламент қабылданды. 2019 жылы бізге серіктестермен тағы бес жылға кейінге қалдыру туралы келісуге тура келді. Біз неге мұндай келісімге қол қоямыз? Келіссөз кезінде тек елдің мүддесіне қызмет ететін келісімдерге ғана қол қою қажет. Барлық келісімге қол қоя беруге болмайды.
"Үкімет техникалық реттеу туралы жаңа заң қабылдауы қажет"
Халқымыз ұдайы сапасы төмен лифт, аттракцион, азық-түлік өнімдері мәселесімен кезігіп қалады. Өнім сапасы екінші планда болмауы тиіс. Ұлттық сертификаттау жүйесін дамытып, ұлттық стандарттардың беделін қайтару керек.
Техникалық реттеу туралы заңнама 10 жылдан бұрын қабылданды және қазіргі заман талаптарына сай келмейді. Үкімет жыл соңына дейін жаңа заң әзірлеп, қабылдауы қажет.
"2025 жылға дейінгі сауда саясаты бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын"
Шекара маңындағы саудада экспорттың үлкен потенциалы бар. Әсіресе, Орталық Азияда. Шекаралық әріптестік көршілес елдердің жеңілдетілген өнім импортына айналып кеткен. Отандық өндірістің мүдделерін есепке алып, қорғау керек. 2025 жылға дейінгі сауда саясаты бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Тікелей инвестициялар тарту – елдік дамудың басты құралы. 2019 жылғы 9 айда инвестиция ағыны 18 млрд доллардан асты. Бұл жақсы көрсеткіш. Онымен бірге таза ағын 57 пайызға төмендеп, 2 млрд теңгені құрады.
Тағы бір мәселе – бәсекелестікті қорғау және дамыту. Бәсекесіз экономика стагнацияға душар болады. Бәсекелестік нашарлап жатыр. Ол нарықтық баға қалыптастыруды шектейді.
Үкіметке келесі нақты шараларды қабылдауды тапсырамын:
- Демонополизациялау;
- Нарыққа жаңа кәсіпкерлердің енуіне кедергілерді жою;
- Биржалық сауданы дамыту үшін шаралар қабылдау.
Ресей федерациясы 2008 жылдан бері мұнай мен газды биржалық саудалауды жүргізіп келеді.
Биржалардың өздерін де дамыту керек. Олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек. Мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетін құруды қолдадым.
"Жекешелендіру ашық жүргізілуі тиіс"
Жекешелендіру қарқыны төмендеді. Ұлттық компаниялар жекешелендіру тізімін өзгертуді ұдайы түрде сұрайды. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі жекешелендіру ісіне мониторинг жүргізуді жолға қойып, тізімді кеңейтуі керек. Жекешелендіру ашық жүргізілуі тиіс.
Отандық бизнеске мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік беру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігі бір көз тәсілімен беріледі.
Мәселен, сегіз өңірде жеке автопарктер жеткілікті болса да, муниципалды парктер құрылған. Алматы мен Шымкентте компаниялардың банкротқа ұшырауы жанжалға ұласты. Бұған жол беруге болмайды. Бір компаниялар банкротқа ұшырайды, өзгелері тағы құрылады. Тасымалға субсидия берудің орнына әкімдіктер жаңа компаниялар құрады.
Үкімет қалалық жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға міндетті. Екі ай уақыт беремін.
"Тұрғынүй құрылысы экономикалық өсімнің локомотиві бола алады"
Үкімет кәсіпкерлікке оқытудың "Бастау" бағдарламасын жалғастыру керек. Жобалардың үштен бір бөлігі ғана қаржыландырылған. Еңбек заңнамасының сақталуы, табыста теңсіздіктің болмауы бақылануы тиіс.
Үкімет әлеуметтік сала заңнамасында инвентаризация жүргізуі керек. Әлеуметтік әл-ауқат баспана мәселесімен байланысты. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны өте жоғары болды. Ол 25 мың отбасының мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
"Бақытты отбасы" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша 20 мың отбасы ипотека алды. Баспана қолжетімділігінің баспалдағы енгізілді. Ол адамның қандай шараларға мүмкіндігі барын шамалауына мүмкіндік береді. Тұрғынүй құрылысы экономикалық өсімнің локомотиві бола алады.
"Зейнетақы жүйесін жаңғыртуды жеделдету керек"
Зейнетақы жинақтарының бөлігін баспана алуға не өзге қажеттіліктерге пайдалану мәселесі бойынша бірінші қадам жасалды. Біздің мақсат – барлық жинақты қазір беріп, қарттық кезінде адамдарды лайықты зейнетақысыз қалдырмау. Адамдар жұмыс берушіден зейнетақы аударымдарын талап етуі үшін еңбекақыны көлеңкеден шығаруға стимул жасау керек.
Оқи отырыңыз: Ерікті зейнетақы жарна ақшасынан екі рет салық төлемеудің жолы қандай?
Үкімет пен ұлттық банк бұл реформаны жүзеге асырып бастады. Бірте-бірте мұндай мүмкіндік беруге болатын азаматтар қатары көбейеді.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртуды жеделдету керек. Ол туралы пікірталас көп, алайда жыл ортасында шешімдерімізді нақтылауға тиіспіз.
"Әкімдерге мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз бейнебақылаумен қамтамасыз етуді міндеттеймін"
2019 жылы білім беру саласында маңызды құжаттар қабылданды. Олар: педагог мәртебесі туралы заң және білім мен ғылымды дамыту бағдарламасы.
Біз мұғалімдер еңбекақысын 25 пайызға көтердік, ЖОО-на академиялық еркіндік беріп жатырмыз. Бүгінде елімізде білікті мұғалімдер дефициті бар. 338 мың мұғалімнің 27 пайызы зейнет және зейнет алды жасындағы адамдар.
Педагогикалық ЖОО-на негізінен үлгерімі төмен түлектер түседі. Нәтижесінде төмен білікті мамандар даярланады. Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Бізге жаңа форматты педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындары керек. Диплом сататын оқу орындарын жою қажет. Бұл мәселе биыл шешілуі тиіс.
Жыл сайын бізде ғылымға бөлінетін қаржы артып келеді. Биыл бір жарым есе артты. Оның экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Өндіріс қажеттілігіне жауап беретін ұлттық кластер керек.
Суицид жиілеп, балаларға зорлық жасау да азаймай тұр. Бұл мәселеде үздік шетелдік тәжірибені пайдалану қажет. Әкімдерге биыл мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарды 100 пайыз бейнебақылаумен қамтамасыз етуді міндеттеймін.
"Армениядан әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеумен қамтуды тапсырамын"
Мемлекеттік органдар жұмысына сын айту жиіледі. Бүгінде Қазақстанда тіркеуге қойылмаған ЕАЭО автокөліктерінің мәселесін байқап отырмыз. Біздің азаматтарымыз сенімхат арқылы автокөлік сатып алып, бұл жақта тіркеуге қоймайды. Арменияда олар Қазақстан заңнамасын бұза отырып, техпаспорт рәсімдейді. Көліктердің басым бөлігі тіркелмеген. Ал мұндай көліктер оң мыңдықтармен саналады.
Оқи отырыңыз: Шетелде тіркелген көліктер мәселесі қалай шешіледі? Бұл жағдайға кімдер кінәлі?
Бас прокуратураға құқықтық баға беруді тапсырамын. Үкіметке бір ай мерзім ішінде бір реттік тәртіпте 2020 жылғы 1 ақпанға дейін жеке пайдалану үшін ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктерді уақытша тіркеумен қамтуды жүктеймін. Бұл автокөліктердің тіркеуі 2021 жылғы 1 наурызға дейін әрекет етеді.
Мұндай көліктер техрегламент талаптарына сәйкес болуы керек және оларға тіркеу алымы мен мемлекеттік баж төленуі тиіс. Уақытша тіркеу үшінші тұлғалардың пайдалануына беруінсіз жүзеге асады.
2021 жылғы 1 наурызға дейін көлік иелері кедендік баж және утилизациялық алымды төлеп, көлігін тұрақты тіркеуге қоюы не ел аумағынан шығаруы не заң тыйым салмайтын басқа шара қолдануы шарт.
Үкіметке бұдан әрі ел заңнамасына сай келмейтін көліктерді әкелу және пайдалану ісіне шектеу қою шарасын қабылдауды тапсырамын.
"Сөгіс беру – тиімсіз шара, бұл менің қағидам"
Бүгін менің орындалмаған тапсырмаларым үшін сөгіс бермеймін. Алайда жұмыста жетіспеушіліктер өте көп. Халықтық тұтыну тауарларының баға өсімі үшін қатаң шара қолдануға болар еді. Бірақ, сөгіс беру – тиімсіз шара. Бұл менің қағидам.
Үкімет мүшелері мен әкімдерге қателіктерді жөндеуге мүмкіндік беремін. Көктемде біз бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол уақытта алға қойылған міндеттерін орындамаған лауазымды тұлғаларды қызметтен босату туралы нақты шаралар қолданамыз.