Тікелей эфир

Пәтер мәселесі қалай шешіліп жатыр? Көп балалы ана тіркеусіз болса, қайда хабарласады?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Бүгінгі Үкімет отырысы кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік мәселелерге арналды.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы ұзартылды

Бұл туралы бірінші сөзді алған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовқа мәлімдеді. Ол "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылғанын және қаржылық қолдауға қатысты тармақтар түзетіліп жатқанын айтты.

Руслан Дәленовтен кейін сөйлеген ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайлов, ҚР Индустриялар және инфорақұрылымдық даму министрі Роман Скляр шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мол қаржы бөлініп жатқанын хабарлады.

"Атамекен" кәсіпкерлікті қаржысыз қолдайды

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы А.Мырзахметовтің айтуынша олар:

  • Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау;
  • Моноқалаларда, шағын қалалар мен аудан орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттық қамтамасыз ету;
  • "Бизнес-мектеп", "Іскерлік байланыстар", "Аға сеньорлар" жобалары.

20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мен 191 кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді.

Субсидияларды Qoldau.kz сайтынан көріңіз

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша бөлінген 200 млрд теңгенің жартысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге жұмсалатынын айтты.

1 ақпанынан бастап мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сәйкес аталған субсидия тек қана электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Ақпараттық-есеп орталығы "Транстелекоммен" бірлесе отырып, инвестиция салып, Qoldau.kz платформасында субсидиялаудың электронды ақпараттық жүйесін әзірледі.

Күлгінов пен Бақауов сын естіді

– Батыс Қазақстан облысында бағдарламаны іске асыру кезеңінде шағын және орта кәсіпкерліктегі жалпыөңірлік өнімнің үлесі 5,8 пайызға төмендеді, – деді премьер-министр Асқар Мамин. Сонымен бірге Павлодар облысында да осындай төмендеудің барын айтты.

Аталған облыс басшылары түсініктеме беріп, мәселені жеке бақылауларына алатынын айтты.

Халықтың ең үлкен мәселесі – үйсіздік

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев өңірлерді аралағанда бұның ең көп қойылған сауал екенін ескертті.


Бердібек Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев / Сурет informburo.kz


Екінші мәселе – жұмыс табу.

Үшінші – атаулы әлеуметтік көмектер мен жәрдемақыларды көбейту.

Төртінші орында – өз кәсібін бастау және жұмысты кеңейтуге қажетті жабдықтарды сатып алуға қолдау сұраған.

Сапарбаев ұсынған пәтер мәселесін шешу жолдары:

– Біз өңірлерде халықпен және кәсіпкерлермен кездестік. Жеке компаниялар үкіметке көмектесіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысулары керек. Кәсіпорын басшылармен кездестік. Ұсыныстарымыз қолдау тауып жатыр, – деді министр.

Министр мырза бұл жөнінде "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі, "Самұрық қазына" әл-ауқат қорымен де келіскендігін жеткізді.

  • Бірінші – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның "Бақытты отбасы", "Нұрлы жер" секілді бағдарламалары негізінде аз қамтылған және көп балалы отбасыларды үймен қамтуда 10 пайыздан кем емес субсидиямен көмектесу;
  • Екінші – жергілікті әкімшілік жер берген жағдайда үй салуға қажетті құрылыс материалдарымен жәрдемдесу;
  • Үшінші – мецанаттар мен үлкен компаниялардың көмегіне сүйену.

Министр көп балалы отбасыларға жеті жылда кемі 52 мың пәтер, осы жылы 12 мың берілу керек деді.

Ірі компаниялар көп балалы аналарға үймен көмектесулері керек

Бердібек Сапарбаев:

– Қазақстанда 1178 үлкен компанияда 23,3 мың көпбалалы ата-ана жұмыс істейді. Олардың 15 мыңға жуығында үй жоқ.

Бұл мәселеде ірі компаниялар үкіметке көмектесіп, мәселені шешуге бірлесіп кірісулері керек.

"Болат Өтемұратов қоры" жағдайы төмен отбасыларға 150 пәтер салып жатыр

Отырыс кезінде сөз алған қор директоры Марат Айтмағамбев:

– Біз Қызылорда облысында салып жатырмыз. Бұл үйлер көп балалы отбасылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған. Ал пәтерді кімге және қалай беру мәселесін жергілікті әкімшілік өздері шешеді, – деді.


Марат Айтмағамбев

Марат Айтмағамбев / Сурет informburo.kz


"Балық емес, қармақ беріп жатырмыз"

"Үш күн ішінде бизнес ашу" әлеуметтік жобасы үйлестірушісі Айжан Нұрланованың айтуынша, жоба қызметкерлері бірінші күні танысып және істей алатын жұмыс туралы ұсыныс жасайды. Екінші күні дайындайды, ал үшінші күні алғашқы өнімді шығаруға көмектеседі.


Айжан Нұрланова

Айжан Нұрланова / Сурет informburo.kz


– Жоба – Маңғыстау облыстық әкімдік пен жеке кәсіпкерлердің біріккен шарасы. Жағдайы төмен отбасылардың үйіне барып, көзбен көрдік. Отбасы мүшелерімен сөйлесіп, олардың мүмкіндігін зерттей отырып, белгілі тірлік істеуге ұсыныс жасаймыз. Түсіндіріп, рухани күш берер сенімді ұялатуға тырысамыз. Сосын материалдық жақтан қамтимыз. Оларға бизнес куратор, бренд жасап береміз, – деді Айжан ханым.

Сонымен бірге, кәсіптің дәмін алған жаңа кәсіпкерлер ісін әрі қарай дамытуға өздері кірісіп жатыр екен. Оларды да қолдау ұйымдастырыла бастапты.

Бұны естіген Асқар Мамин бұндай жобаларды жалпыластыруды тапсырды.

"Менің Атамекенім" порталынан көмек сұрасаңыз болады?

– Кәсіпкерлер көбіне мақтануды, өзіне жарнама жасауды жөн көрмейді. Олар өз ауылына мектеп, спорт кешенін салып, су мәселесін шешуге, мүмкіндіктері шектеулі жандарға үнемі қол ұшын береді.

Елбасының үндеуінен кейін "Атамекеннің" бастамасымен "Менің Атамекенім" порталы құрылған болатын. Бұл портал екі терезе бойынша жұмыс істейді. Біреуі – "Маған көмек қажет", екіншісі – "Көмек бергім келеді" деп аталады, – деді Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов.

Кімдер көмек алып жатыр?

Портал ашылғаннан бері 700 меценат тіркеліпті. 593 өтініш түскен. Оның 36%-ы баспана мәселесі бойынша көмек сұрайды.

– Қостанай облысының кәсіпкерлері осы бір айдың ішінде 22 адамға баспана сыйлады. Алматыда 5 адам пәтерлі болды, – деді Абылай Мырзахметов.

Сапарбаев ұлына тыбыс тіледі

Отырыстан соң Министр Бердібек Сапарбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Алғашқы сауал Сапарбаевтің отбасына арналды.

Естеріңізде болса, өткен аптада Жансұлтан Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары қызметіне келді. Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтында жазылған. Осыған орай ол қойылған сұраққа жауап берді.

– Ол – Қазақстанның азаматы ретіндегі оның конституциялық құқы. Ол – жас емес, өз болашағын өзі таңдайды. Менің оған ешқандай қатысым жоқ. Жақсы, таза адал жұмыс жасап, сенімді ақтап әкесі секілді үлкен қайраткер болсын, – деді.

Тіркеуде жоқ көп балалы аналар қайда барады?

– Олар сол өзі тұрып жатқан жердегі Әлеуметтік бейімдеу орталықтарына тіркелуі керек. Сонымен бірге құжаттарын тапсырулары керек. Сол негізде мемлекеттік жардемақы беріледі, – деді министр.

"Жергілікті орындарда құжат қабылдау неге қиын?" деген мәселеге байланысты да сұраққа жауап берілді. Министрдің айтуы бойынша, бұл мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Тек жеке басын куәландыратын құжатын алып бары, өтініш бере алады.

"Табысты есептеуге көңіліңіз толмаса, хабарласыңыз"

Бұл сұраққа жауап берген министр қосымша жеке табысты есептеуде мемлекеттің құқықтық актілерін негізге алуы керек екенін ескертті.

Министрдің айтуынша, әр отбасының табысын есептеуді жергілікті әкімшілік жүргізеді. Олар мемлекетте қабылданған құқықтық негіздемелер бойынша табысты есептемеуі керек. Мысалы, бір сиырдан түсетін табысты есептеу үшін оған қатысты шығынды да есептеулері керек. Сонымен бірге шығысты есептегенде оған несиелер де кіреді.

– Егер, жергілікті комиссияның есебіне көңіліңіз толмаса Халыққа қызмет көрсету орталықтарында біздің адамдарымыз бар. Сонда хабарласу керек. Байланыс орталығының жедел желісіне де хабарласуға болады, – деді.

Табысты есептеуде зейнетақыны да табыстан алып тастауды қараймыз

Табысқа есептелмейтін жәрдемақылар:

  • Біріншіден, төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Екіншіден,"Алтын алқа" және"Күміс алқамен" марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • Үшіншіден, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • Төртіншіден, студенттердің шәкіртақысы;
  • Бесіншіден, жергілікті атқарушы органдар беретін біржолғы төлемдер, бала тууына байланысты бір реттік берілетін төлем, мерекелерге төленетін жәрдемақы.

Министр табысты есептеуде зейнетақыны алып тастау мәселесі әлі де қарастырылатынын жеткізді.

Жүктілікке қатысты 425 мың теңге жардемақы туралы

Өткенде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әр ана жүктіліктің 12 аптасына дейін тіркелген жері бойынша осы көлемде жәрдемақы алудың мүмкін екенін айтқан болатын.

Осыған орай қойылған сұраққа Б.Сапарбаев бұл мәселені білмейтінін айтып, жауабын келесі жолы айтамын деп уәде берді.

Бір баласы шетінеп кетсе, "Күміс алқа" беріле ме?

Бұл сұраққа жауап берген Б.Сапарбаев:

– Күміс алқа алу үшін ең кенжесі бір жасқа келген болуы және құжат өткізіп жатқан кезде барлық баласы тірі болуы керек. Сонда ғана "Күміс алқа" не "Алтын алқа" ала алады, – деді.

Гастарбайтерлерді құзіретті органдар реттеу керек

– Шетелден келетін мамандар квота бойынша катогорияға бөлініп қабылданады.

Ал базардағы гастарбайталармен айналысу – ІІМ Көші-қон полициясының ісі. Олардың кейбіреуі бала бағушы болып жұмыс істеуі мүмкін. Оларды ІІМ көші-қон полициясы қатарлы құзіретті органдар тексерулері керек. Сол негізде жұмыстарын тоқтаттырып, елден шығару керек, – деді министр Сапарбаев.

Көпбалалы аналардың отбасы кірісін есептеу туралы

Сөз соңында:

– Бұл кірісті есептеуге қатысты сұрақтардың барлығын әлеуметтік желіге шығарып талқылаймыз. Сол негізде тағы да өзгерістер енгіземіз, – деді Б.Сапарбаев.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары