Тікелей эфир

Саудагерлерге кей азық-түлік бағасына 15%-дан артық қосуға болмайды

сурет pm.kz сайтынан алынды
сурет pm.kz сайтынан алынды
Үкімет отырысында әлеуметтік маңызды тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Өткен аптада Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жыл басынан бері халықтың жалақысы мен әлеуметтік төлемдердің көбейгені азық-түлік бағасын қымбаттатып жібергенін айтып, Үкіметті бағаны тұрақтандыруға шақырған.

Әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру бағдарламасы дайындалады

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және ұстап тұру, олардың өсуіне түрткі болған себептерін біртіндеп жою шаралары әзірленген еді. Осы жылдың 16 тамызында күшіне енген. Олардың ішінде отандық тауар өндірушілердің тауарларды барлық сауда нысандарына орналастыру мүмкіндігі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылған үстемені 15%-дан асырмау және жеткізушілерден қосымша ақы алуға тыйым салу, сонымен қатар 4 негізгі тауарлық позицияға (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) бағаның маусымдық өсуіне жол бермеу қарастырылған.

– Әкімдер баға өсіміне жол бермеу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет және күн сайын мониторинг жүргізіп, жедел шараларды қабылдауы тиіс. Әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік өңірлік ережелерін бекіту жұмыстарын жеделдету және тұрақтандыру қорларында өнімдерді сатып алуға алдын ала кірісу тапсырылды. Сатып алулар интервенцияларын жүзеге асыру үшін ӘКК шоттары мен депозиттерінде 3,7 млрд теңге бар, – деді Асқар Мамин.

Тұрақтандыру қорлары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында Үкімет басшысы атап өткендей, тұрақтандыру қорларының қызметіне тексеріп, олардың жұмысын қайта құру және тауарлық интервенциялар үшін сатып алу қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік аса маңызды 10 өнімді шығару бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Нұр-Сұлтан мен Жезқазғанды қымбатшылық қысып тұр

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция қазір 5,4%, ал 2018 жылдың шілдесінде көрсеткіш 5,9% болған еді.

– Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен – азық-түлік тауарлары. Азық-түліктің қымбаттауы инфляцияны қосымша 3,4%-ға өсіріп отыр, – деді министр.

Жалпы, республика бойынша барлық өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттауы жалпы инфляциядан жоғары.

– Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары 9% қымбаттаған. Ең жоғары өсім Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%) және Талдықорған (10,4%) қалаларында байқалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында сәбіз (2,4 есе), пияз (85,5%), картоп (82,4%), күріш (21,6%) және ұн (20,8%) қымбаттады, – деді министр.

Жалпы, республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз (79%), сәбіз (59,3%), картоп (32,9%), күріш (23,8%), бірінші сұрыпты ұн (15,3%) қымбаттаған. Министрдің мәліметінше, тауарлар бағасына талдау жүргізілгенде тұтынушылар бағасының өндірушілердің немесе импорттық бағалардан едәуір жоғары екені анықталған.

– Мысалы, сәбіздің өзіндік құны 67 теңге болса, нарықтағы баға 151 теңге. Үстеме баға ретінде 84 теңге қосылған. Біз биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Бұл пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады, – деді Ұлттық экономика министрі.

Дүкендегі тауарлардың 30%-ы отандық өнім болуы керек

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың пікірінше, реттелмеген өнідіріс, екі ортадағы тиімсіз делдалдардың көптіuі, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы қымбатшылықтың негізгі себептері болып тұр.

– Барлық жердегі пияз, сәбіз, картоп, күріш, ұн тауарлары бойынша бағаның елеулі өсуін байқап отырмыз. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одағының бірыңғай нарығы аясында баға қалыптастыруға елдердің өзара әсері байқалуда. Ресей мен Қазақстан бағалары арасындағы айқын оң корреляция көрінеді. Талдау көрсеткендей, аталған тауарлар тобына корреляция 90%-дан асады. Ресейдегі бағаның өсуіне байланысты біздің бағаларымыз да, экспорт көлемі де өсуде. Азық-түлік өнімдерінің өзіндік құнының өсіміне дизель отынының 2017 жылдан бастап 38%-ға өскені де әсер етті, – деді Сұлтанов.

Бұл тұрғыда Бақыт Сұлтанов заңнамаға енгізілген кей өзгерістердің бағаны тұрақтандыруға ықпал ететінін айтты.

– Ағымдағы жылғы 2 сәуірдегі бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу заңын іске асыру үшін сәйкесінше заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, бекітілді. Біз олардың ішінде бағаларды тұрақтандыру және тежеу бойынша жаңа шарттарын көздедік. Биыл 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне өзгерістер күшіне енді. Отандық өндірушілерге барлық сауда объектілеріне өздерінің тауарларын шығаруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ішкі сауда субъектілерінің отандық азық-түлік тауарлары үшін кемінде 30% сөрелік кеңістікті немесе сауда алаңын ұсыну міндеті көзделді. Бұл ретте халықтың ыңғайы үшін отандық өндіріс тауарларын орналастыру орындарын "Қазақстанда жасалған" арнайы белгісімен белгіленетін болады. Өңірлердің әкімдеріне отандық тауар өндірушілердің сауда орындарындағы сөрелерге еркін қол жетімділігін қамтамасыз ету және оларды ең көрнекті немесе, саудада аталатындай, "алтын" сөрелерге орналастыру бойынша жұмыс жасау қажет.

Анықтама: Алтын сөре – бұл тауарларды сауда объектілерінде 1,2 м-ден 1,7 м биіктікке дейін оңтайлы орналасқан сауда объектілерінде көрсету үшін тиімді сөре.

Сауда үстемесі 15%-дан асырылмайды

Бағаларды тұрақтандырудың тағы да бір шарасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан аспайтын мөлшерде бекіту болады.

Бұдан басқа, сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сыйақы (ретро-бонус) ала алмайды, ал қалған азық-түлік тауарлары бойынша 5%-дан аспайтын мөлшерде белгілейді.

– Осыған байланысты бизнес субъектілеріне аталған номаларды орындау бойынша түсіндіру жұмыстарын әкімдіктерге және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаменттеріне тапсыру қажет.

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Жоғарыда аталған нормаларды орындау бойынша әкімдіктердің және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша департаменттеріне құзіреті, сондай-ақ ішкі сауда субъектілерінің оларды бұзғандығы үшін жауапкершілігі көзделетін болады.

Сонымен қатар, Сұлтановтың сөзінше, биыл 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді. Осы арқылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сатып алынатын тауардың уақыты мен көлемі және оны өткізу бойынша тұрақтандыру қорының резервтерін қалыптастырудағы іс-қимылдардың дербестігін алды. Бұған дейін бұл тетік қатаң реттелген болатын, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың барлық шешімдерін әкімдіктер қабылдап келді.

Тұрақтандыру қорларының орнына жаңа тәсіл енгізіледі

Бүгінге дейін, министрдің айтуынша, кей айлардағы тапшылық кезінде бағаның шарықтап кетуінің алдын алу үшін азық-түлік мол кезде тұрақтандыру қорларына оларды жинап алып, керек кезде жаппай нарыққа шығарып отырған. Дегенмен, бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсете алмады. Өйткені, тұрақтандыру қорларының көлемі тым аз болып, нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер ете алмады.

Бұдан былай, Бақыт Сұлтановтың ұсынысы бойынша, Үкімет сауда желілеріне жеңілдетілген несие беріп, есесіне азық-түлік тапшылығы кезінде сол сауда желілері бағаны белгілі бір мөлшерден өсірмей ұстап тұрмақ.

– Аталған механизм өзінің тиімділігін дәлелдеді. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бағаны нарықтық деңгейден төмен ұстап тұруға жол ашылды. Желтоқсаннан сәуірге дейінгі кезеңде бағаны маусымдық көтерілуіне ең сезімтал 4 негізгі тауарлық позицияға (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) оператор арқылы тежелетін болады, – деді министр.

Биыл оны Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарында енгізу жоспарланды.

Ал келесі жылы бұл тәсіл республиканың әр өңірінде 19 тауарлық позиция бойынша енгізілмек.

Инфрақұрылым мәселесі де бар

Алыпсатарларды азайту мен тамақ өнімдерін сақтау, буып-түю, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету мақсатында көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу да жоспарланған.

– 5 өңірден көтерме-тарату орталықтарын салу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл – Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары. Маңғыстау облысында қаражаттың болмауына байланысты Ақтау қаласында көтерме-тарату орталығының құрылысын іске асыруды 2020 жылға ауыстыру ұсынылды. Алдағы уақытта 3 өңірде: Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларында тарату орталықтары салынады, – деді Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, көтерме-тарату және тарату орталықтарының құрылуы барлық бөлшек сауда форматтарында, оның ішінде бөлшек сауда желілері, базарлар мен үй жанындағы дүкендерге азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді.

– Көтерме-тарату және тарату орталықтарын салумен қатар бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Өңірлерде 30-дан астам ірі сауда объектілерін салып 50-ден астам сауда базарлары жаңғыртылып жатыр. Бұл өркениетті сауда үшін қосымша жағдайлар жасайды, халықты инфрақұрылымымен және тауарлардың кең түрімен жеткілікті қып қамтамасыз етуді арттырады, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны төмендету үшін нарықтағы бәсекелестікті арттырады. Осыған байланысты, өңірлер белгіленген мерзімде көтерме-тарату мен тарату орталықтарының құрылысын қамтамасыз ету, сауда объектілерінің құрылысын және базарлардың жаңғыртуын аяқтау қажет, – деді министр.

Шын статистика жинау үшін...

Бақыт Сұлтанов статистика комитетінің берген мәліметтерінің дүкен сөрелеріндегі бағамен сәйкес келмейтіндігі туралы мәселені де көтерді.

Қазіргі таңда тауар бағаларының өсуіне уақытылы ден қою үшін қажетті ақпаратты жедел жинау керек. Бізде Статистика комитеті апта сайын әр сейсенбі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар туралы мәліметті жинақтайды. Ресми статистикалық деректер әр бейсенбі күні жарияланады.

– Бұл ретте дамыған елдерде бағаны мониторингтеуге халықты тартады, яғни, кез-келген адам тауар бағасын суретке түсіріп және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар статистикасы жинақталатын мамандырылған сайтқа жібере алады. Аталған жүйе арқылы аймақтарды бөле алғанда және нақты дүкендердегі әлеметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын онлайн режимінде бақылауға болады. Сіздің қолдауыңыз болған жағдайда, біз осы жүйені құруға және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды қосуға дайынбыз, – деді Сұлтанов.

Отырыс соңында Премьер-министр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы ең алдымен әкімдер тарапынан атқарылуы тиісті шаралардың толығымен қабылданбай отырғанынан екенін айтты.

– Біріншіден, бағалар бойынша жедел ақпарат алмасудың маңызды екенін ескеріп, Сауда және интеграция министрінің бірыңғай онлайн платформа құру туралы ұсынысын қолдаймын. Екіншіден, 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидалары қолданысқа енгізілді. Ол бағаларды тұрақтандыру тетіктерін бекітуге мүмкіндік береді. Ал өңірлердің ақпараты бойынша, қағидалар тек 2 қыркүйекте бекітіледі. Әкімдерге аталған тетіктерді іске асыру үшін өңірлік қағидаларды тездетіп бекітуді тапсырамын. Тұрақтандыру қорлары тауарларды сатып алу уақытын өткізіп алмауы керек, – деді Үкімет басшысы.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары