Тікелей эфир

Әлеуметтік аударымдары бар азаматтардың қандай төлемге құқы бар?

Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Дина Ли арнайы informburo.kz үшін
Informburo.kz әлеуметтік аударымдарғың маңызы мен олардың қандай төлемдерге кепіл болатынын зерттеп көрді.

Қазақстандықтар не үшін әлеуметтік аударымдар жасайды? Кім оған міндетті, кім бұл міндеттен босатылған. Informburo.kz әлеуметтік аударымы бар қазақстандықтардың қандай мүмкіндіктері барын, сонымен қатар қаражат қандай көлемде, қайда түсіп жатқанын білді.

№1. Әлеуметтік аударымдар дегеніміз не?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударылатын міндетті төлемдер. Әлеуметтік аударымы бар адамның кейін әлеуметтік төлем алу құқы болады. Егер ол адам қайтыс болған жағдайда қаражат оның асырауындағы отбасы мүшелеріне беріледі.

Маңызды! Әлеуметтік аударымдарды әлеуметтік салықпен шатастырмаңыз. Ол мемлекеттік бюджетке түседі, ал әлеуметтік аударымдар әрбір адамның шотына бөлек түседі.

№2. Әлеуметтік сақтандыру кімдер үшін ойлап табылған?

"Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" ҚР заңына сәйкес, төмендегілер міндетті түрде сақтандырылуы тиіс:

  1. Жалдамалы жұмысшылар;
  2. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар;
  3. Қазақстанда тұрақты тұрып, табыс тауып отырған шетелдіктер мен азаматтығы жол тұлғалар.

Жұмыс істейтін зейнеткерлер міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатпайды.

№3. Әлеуметтік аударымдарды кімдер, қандай көлемде жасауы тиіс?

Сіздің жұмыс берушіңіз, яғни салықтық агент (соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысып жүрген тұлғалар). Олар мұны өз қаражаты есебінен істеуі керек. Төлемдер әр айдың 25-нен кешіктірілмей түсіп тұруы тиіс. Мәселен, 2019 жылдың мамыр айына арналған аударымдар 2019 жылдың 25-ші маусымынан қалмай жіберіледі.

Әлеуметтік аударымның көлемі жұмысшы жалақысының 3,5%-ын құрайды. Мәселен, жұмысшының мамыр айындағы табысы 150 000 теңге болды делік. Әлеуметтік аударымды есептеу үшін табыстан әуелі міндетті зейнетақы жарнасын шегеріп тастаймыз және айырмасын 0,035-ке көбейтеміз. Нәтижесінде Әлеуметтік аударымдар = (150 000 – 15 000) * 3,5% = 4725 теңге. Осы соманы жұмыс беруші өз қаражаты есебінен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорындағы жұмысшысының шотына жібереді.

№4. Әлеуметтік аударымдардың көлемі неге байланысты?

Жалақыға байнысты есептеледі. Минималды айлықтан 7 немесе одан жоғары айлық жалақы алатын адамға ең көп сомасы аударылады. 2019 жылы бұл 297 500 теңге: 3,5% * 7 * 42 500 теңге = 10 413 теңге шығады айына бір адамға.

1 айлық жалақы негізінде (2019 жылы 42 500 теңге) есептелетін әлеуметтік аударымдардың минималды сомасы бар. Оның көлемі былай анықталады: 3,5% * 42 500 = 1488 теңге айына. Бұдан төмен аударым сомасы болмайды.

№5. Әлеуметтік аударым ретінде аударылған қаражатты мемлекет қалай бөледі?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік тәуекелдің 6 түрі бойынша төлемдер жүргізеді:

  • Еңбекке жарамдылықтан айырылу;
  • Асыраушысынан айырылу;
  • Жұмысынан айырылу;
  • Жүктілік және бала туу бойынша;
  • Жаңа туған нәрестені асырап алу;
  • 1 жасқа толғанға дейін баланы күту бойынша.

№6. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді қалай алады?

Төмендегілерге жүгіну керек:

  1. Жалпы еңбекке жарамдылықтан айырылудың бірінші деңгейін анықтау жағдайында еңбекке жарамдылықтан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне (жолдама тіркелген емханадан беріледі).
  2. Жұмыссыз ретінде тіркелгенде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін жұмыспен қамту орталығына;
  3. Баланы 1 жасқа дейін күтумен байланысты табысын жоғалту жағдайында "Электронды үкімет" веб-порталы арқылы (www.egov.kz).
  4. Басқа жағдайларда тұрғылықты мекен-жайы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (Халыққа қызмет көрсету орталықтарына).

Өтінім құжаттар түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінде қаралады. Одан кейін төлемді тағайындау туралы шешім қабылданады Қабылдаудан бас тартқан жағдайда мұндай шешім қабылдаудың себептері хабарланып, ұсынылған құжаттар кері қайтарылады.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Социальные отчисления. Сколько денег уходит в фонд страхования и кто за это платит?

№7. Төлем көлемі неге байланысты?

Әлеуметтік төлемдер көлемі сіздің орташа айлық жалақыңыз бен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан мерзіміңізге байланысты. Әрбір тәуекелдер бойынша төлемдерді есептеудің үлгісі "Азаматтарға арналған электронды үкімет" порталының сайтында толық көрсетілген.

Мәселен, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем еңбек өтілііне байланысты тағайындалады. Әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін аударылып отырса –1 айға; 12 айдан 24 айға дейін аударымға – 2 айға; 24 айдан 36 айға дейін аударым жасалған болса – 3 айға, 36 айдан көп мерзім аударым жасалса– 4 айға төлем тағайындалады. Мұндай төлемдерді тағайындаудың максималды мерзімі – жарты жыл. Оны қысқарып қалуына немесе компанияның жабылуына байланысты жұмысынан айырылғандар ғана ала алады.

№8. Жұмыс берушінің аударым жасап отырғанын қалай тексеруге болады?

Әлеуметтік салыққа қарағанда мұны тексеру әлдеқайда жеңіл. Бұл үшін жұмысшы "Электронды үкімет" порталы арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтына сұраным тастай алады немесе қордың филиалдарынан көшірмесін алуға болады. Қызмет тегін көрсетіледі.

Егер сіздің жұмыс берушіңіздің сіз үшін әлеуметтік аударымдарды төлемей отырғанын білсеңіз, мұны салық қызметіне немесе еңбек инспекторына хабарлауыңыз керек.

№9. Әлеуметтік аударымдарды төлеуден бас тартуға бола ма?

Жоқ. Оны аудару – жұмыс берушінің міндеті. Міндетті орындаудан бас тартқаны үшін айыппұл ретінде әкімшілік жаза қарастырылған. Өсімпұл ҚР Салық кодексінің 117 бабына сәйкес есептеледі.

Әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздарды өтемеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы банк шоттары және төлеушінің кассалары бойынша шығыс операцияларын уақытша тоқтатып тастайды. Егер төлеушінің банк шотында ұлттық валютада ақша болмаса, мемлекеттік кірістер органының ұлттық валютада берген инкассалық өкімі негізінде тиісті шоттардан шетел валютасынан да қарызды өндіріп алады.

№10. Әлеуметтік аударымдардың жоқтығы неге әкеп соғады?

Мұндай азаматтар №5 кәртішкеде көрсетілген төлемдерді ала алмайды.

№11. Жұмысы жоқтар немесе басқа да табысы барлар әлеуметтік аударымдарды өздері жасауына бола ма?

Болады. Бұл үшін Бірыңғай жиынтық төлем бар. Бірыңғай жиынтық төлем төлейтін жеке тұлғалар, әлеуметтік аударымдарды есептеу нысанынан 20%-ын бөліп шығара алады. Бірыңғай жиынтық төлемді қолма-қол ақшамен банктерге, сонымен қатар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының шотына қолма қол ақшасыз төлеуге болады. Төлем банктердің мобильді қосымшасы арқылы ауларуға болады. Ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлемнің көлемі: астаналықтар, алматылықтар мен шымкенттіктер үшін – 1 АЕК (2525 теңге) және Қазақстанның басқа өңірлерінің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК (1263 теңге).

Материалды дайындауда көмектескені үшін "Варити" бухгалтерлік компаниясының директоры Любовь Сапуноваға алғыс айтамыз.


Авторы Наталья Батрақова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары