Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 28 сәуір хронологиясы. 49 адам жазылып, 167 науқас тіркелді

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Іnformburo.kz қырық жетінші күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 46 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22.20. Коронавирус жұқтырғандар саны – 3 027

  • Алматы – 919;
  • Нұр-Сұлтан – 605;
  • Қызылорда облысы – 187;
  • Шымкент – 176;
  • Қарағанды облысы – 139;
  • Батыс Қазақстан облысы – 126;
  • Атырау облысы – 128;
  • Түркістан облысы – 121;
  • Павлодар облысы – 120;
  • Алматы облысы – 113;
  • Жамбыл облысы – 111;
  • Ақмола облысы – 95;
  • Ақтөбе облысы – 65;
  • Қостанай облысы – 43;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 30;
  • Маңғыстау облысы – 32;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 17.

Жазылғандардың жалпы саны – 774.

Көз жұмғандар – 25.

22.22 – Қауіпті кесел жұқтырған тағы 8 адам тіркелді. Оның төртеуі Нұр-Сұлтанда, үшеуі Жамбыл облысында, біреуі Қызылорда облысында тіркелді. Осылайша, елімізде індетке шалдыққандардың жалпы саны – 3 027.

22.00 – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов отандық фармокомпаниялардың басшыларымен эпидемиялық жағдайда, әрі Соvid-19 екінші толқыны болған жағдайда қажет дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

21.21 – Қазақстанда тағы 5 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты. Олардың үшеуі Алматыда, екеуі Батыс Қазақстан облысында емделді. Елімізде барлығы 774 адам аурудан айықты.

20.50 – Пәкістан Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде коронавирус індетін емдеу кезінде пайдаланатын гидроксихлорохиннің 60 мың таблеткасын табыстады. Дәрі-дәрмек жуықта Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Әрмен қарай медициналық мекемелерге тарату үшін бірыңғай дистрибьютор – "СҚ-Фармация" ЖШС-не беріледі.

20.15 – Семей машина жасау зауыты дезинфекциялық залалсыздандыру кешенін шығара бастады. Метал және поликарбонаттан жасалған тоннель, жоғары қысымда дезинфекциялық ерітінді шашады. Қондырғы ішіне бүріккіші бар сорғы станциясы орнатылған. Механизмдегі қозғалыс сенсор арқылы іске қосылады.


Залалсыздандыру кешені

Залалсыздандыру кешені / ҚР ИИДМ баспасөз қызметінің суреті


Дезинфекциялау тоннелінің бірінші данасы Семей қаласына тарту ретінде беріліп, халық көп жиналатын жерлерге орнатылмақ. Қазір облыс және басқа да аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау мақсатында оларды әрі қарай дезинфекциялық тоннельдермен жабдықтау үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде

19.40 – Елімізде тағы 15 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 5;
  • Алматы – 2;
  • Қарағанды облысы – 3;
  • Маңғыстау облысы – 2;
  • Атырау облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 1;
  • Алматы облысы – 1.


19.30 – Нұр-Сұлтанда iQala қалалық қызмет көрсету орталығы жеңіл көліктердің қозғалуына рұқсат алуды автоматтандырды. Қызмет жұмыс істеуге рұқсат етілген шағын және орта бизнес өкілдері үшін қолжетімді. Өтінімді msb.iqala.kz порталында ЭЦҚ көмегімен беруге болады. Бір кәсіпорын ең көп дегенде үш өтінім бере алады, олардың әрқайсысында төрт автомобильден және әр көлік үшін 10 қызметкерден тұратын мәліметтер ұсынылады.

19.00 – Маңғыстау облысында бір жасар баладан коронавирус инфекциясы анықталды. Бүлдіршін бұрын осы өңірде ауру жұқтырған тұрғындардың бірінің ұлы. Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Жалпы, Маңғыстау облысында Covid-19 жұқтырғандар саны – 32.

Оқи отырыңыз: Карантин талабы жеңілдеді. Енді аулаға шығуға, саяжайға баруға рұқсат

18.50 – Екібастұздың Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы эпидемияға қарсы іс-шараларға тиісті бақылау жасамай, салдарынан індет жұқтырғандардың саны күрт асқаны үшін өз еркімен қызметтен кетті. Бұл туралы pavon.kz хабарлады. Белгілі болғандай, Екібастұзда КВИ жұқтырған науқастар дер кезінде оқшауланып, олардың байланысқан адамдары уақтылы анықталмаған. Олқылықтар үшін бұған дейін айтмақ басшысы Екібастұздың әкіміне, сондай-ақ, қаланың екі медициналық мекемесінің бас дәрігерлеріне сөгіс жариялаған еді. Ал тағы біреуі жұмыстан босатылды. Павлодар облысында коронавирусты жұқтырудың 120 жағдайы тіркелді, оның 72-сі Екібастұзда.

18.45 – Алматы облысында 3 500-ден астам карантин ережесін бұзу дерегі анықталды. Оның ішіндегі 255 адам әкімшілік қамауға алынса, 253 құқық бұзушыға айыппұл салынды. 1 133 азаматқа ескерту берілді, қалғанына қатысты материалдар сотта қаралуда. Ең көп тәртіп бұзушылықтар мына жерлерде тіркелді:

  • Талдықорған қаласында – 361;
  • Іле ауданында – 308;
  • Еңбекшіқазақ ауданында – 283;
  • Талғар ауданында – 244.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?

18.25 – Қарағандыда Covid-19 диагнозы індетті бұрын жұқтырған науқастармен байланыста болған екі адамнан (59 жастағы ер адам және 40 жастағы әйел) анықталды. Тағы бір жұқтыру дерегі Теміртауда тіркелді. 1961 жылы туған ер адам провизорлық стационарда болған. Өйткені ол да бұрын ауырған пациентпен байланыста болған. Қауіпті кеселге шалдыққандардың барлығы жұқпалы аурулар стационарларына жатқызылды.

17.45 – Індетке шалдыққан тағы 37 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 2 адам;
  • Алматы – 10 адам;
  • Ақмола облысы – 1 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1 адам;
  • Маңғыстау облысы – 1 адам;
  • Ақтөбе облысы – 4 адам;
  • Алматы облысы – 12 адам;
  • Қызылорда облысы – 3 адам;
  • Қарағанды облысы – 3 адам.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 3 019 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Коронавирусты анықтайтын тестті тегін тапсыруға болады. Ол үшін не қажет?

17.40 – Әлеуметтік желіде Түркістан облысында түсірілген бейнеролик пайда болды. Онда шаруалар піскен қырыққабатты жұлып алып, тегін алып кетуді сұрады. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір фермерлерде 250 мың тонна қырыққабат жиналып қалған. Бірақ өнімді өткізетін орындар жоқ. Сондықтан, қырыққабаттың бір килограмм құны 10-15 теңгеге дейін арзандаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінде экспортты жаңарту үшін Ресеймен келіссөздер жүргізілетінін хабарлады.



17.30 – Алматы облысының Іле ауданында ЛА-155/4 мекемесінің аумағынан карантин режимі алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Бұған дейін түзету мекемесінде сотталғандардың бірінен (жүкті әйелде) коронавирус инфекциясы табылған болатын. Жақында науқас әйел Covid-19 вирусына қайта тексеруден өтіп, нәтижесі теріс шықты. Сондай-ақ, онымен байланысқан 67 адамнан, яғни сотталғандар мен мекеме қызметкерлерінен алынған талдау нәтижелері теріс.

17.15 – Ақмола облысында шаштараздар мен сұлулық салондары өз жұмысын қайта бастады. Онда тек екі адамға жұмыс істеуге рұқсат етілді. Сондай-ақ, химиялық тазалау, кір жуу орындары, кеңсе жабдықтарын жөндеу мекемелері, көлік салондары, құрылыс материалдары мен сантехника сататын дүкендер, автобөлшектер сататын орындар, СТО, дөңгелек жөндеу, көлік жуу орындары, газ жабдықтарын орнату және қызмет көрсету компаниялары, оптика дүкендері, аяқ киім мен кілт жөндеу нысандары ашылды. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП сайтында жарияланды.

Оқи отырыңыз: Медицина қызметкерлеріне төленетін үстемеақы. Маңызды 10 сұраққа жауап

17.10 – Ақмола облысында 10 сәуір күні Аршалы аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Covid-19 диагнозымен жатқызылған 27 адам жазылып шықты. Олар "Шапағат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығына алынған жандар. Сауыққан қарттардың арасында - 5 мамыр күні өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтетін елдегі ең кәрі науқас бар. Мұндай мәліметті аймақтың ішкі саясат басқармасы таратты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ЖАҢАЛЫҚТАР/ОҚИҒАЛАР/БРИФИНГТЕР (@rsk_akmola)

17.00 – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда Covid-19 вирусын медицина қызметкерлерінің жұқтыру деңгейі не себепті Еуропаға қарағанда әлдеқайда жоғары екенін түсіндірді. Оның айтуынша, ДДСҰ тек симптомдары бар дәрігерлерге коронавирусты анықтайтын тест жасауға ұсынады. Бірақ Қазақстан белсенді саясат қабылдап, барлық медицина қызметкерлерін ПТР көмегімен сынақтан өткізуді ұйғарды.

16.35 – Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған бір науқасты күніне емдеу құны 15 мың теңгеден асады. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов хабарлады.

Оның айтуынша, Covid-19 алдын алу шараларына республикалық бюджет қаражатынан 55,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларда жатқан науқастарды емдеуге – 14,7 млрд теңге, диагностикалық зерттеулерге – 5,4 млрд теңге, медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы төлеуге – 35,8 млрд теңге қарастырылған.

Науқастың медициналық мекемеде болған бір күніне келесі тарифтер белгіленді:

  • карантиндік емдеуге жатқызылған жағдайда – 10 413,96 теңге;
  • провизорлық емдеуге жатқызылған жағдайда – 11 619,80 теңге;
  • стационардың инфекциялық бөлімшесінде тәулік бойы емделген жағдайда – 15 113,34 теңге.

Оқи отырыңыз: 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Тоқаев мәлімдемесінің толық мәтіні

16.30 – Қостанайда бүгінгі күннен бастап жеке көлікпен саяжайға сағат 6.00-ден 8.30-ға дейін баруға және 18.00-ден 20.00-ге дейін кері қайтуға рұқсат етілді. 1 мамырдан бастап ТЖ кезеңінде саяжайға жеткізетін маршруттар жұмыс істейді, жол жүру тегін болады. Бұл жөнінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді. Өңірде қаржы және сақтандыру секторы, көлік жуу, тұрмыстық және компьютер техникасын жөндеу шеберханалары жұмысын қайта бастады. Аулада сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін серуендеуге рұқсат берілді.

15.55 – Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев Семей дәрігерлеріне Соvid-19 жұқтырып, өте ауыр халде жатқан науқасты емдеуге көмектескен препарат туралы айтып берді.

"Наурыз айынан бастап бұл препаратты тәжірибеде қалай қолдану керектігі бойынша белсенді бақылау жүргізілді. Иә, сульфактант Қазақстанда перзентханаларда өкпе дисфункциясы кезінде қолданылады. Препаратты КВИ-мен ауырғандарды емдеуге пайдалану туралы ой болды және бұл жоспар дәл осы Семей қаласында сәтті жүзеге асты. Бұл дәрі жаңа емес, бұрыннан бері қолданылып келе жатыр. Оны пайдалануға қатысты нұсқаулықтар да бар. Бірақ ресми түрде оның індетке тиімділігін Семей дәрігерлері растады", – деді Арнұр Нұртаев.

15.40 – Нұр-Сұлтанда қаржы жəне сақтандыру секторларындағы ұйымдардың жұмысы жандандырылады. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, электрлік тұрмыстық техника, саяжай маусымына арналған тауарлар сататын ірі дүкендер жұмысқа қайта кіріседі.

Оқи отырыңыз: Президенттің төтенше жағдай кезінде халықты әлеуметтік қолдау шаралары. Толық тізім

15.20 – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір апта ішінде 8 967 отбасыға көмек көрсетіп, 5 643 адамға маска таратты. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырымдылық шарасын елордада өзі бастап, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып, оларға насихатын жеткізді.


Мұқтаждар үшін көмек

Мұқтаждар үшін көмек / muftyat.kz сайтының суреті


14.45 – 1 мамырдан бастап ашылатын Алматы – Нұр-Сұлтан әуе рейстерінің жолаушыларын карантинге жатқызбайды. Бұл жөнінде Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Оның сөзінше, тест нәтижелері туралы анықтаманы алған соң, жолаушы жеті күн ішінде Алматыдан Нұр-Сұлтанға және кері қарай ұшып шыға алады. Карантин қауіпті аймақтардан немесе шетелден келген рейстердің жолаушылары үшін көзделген.

14.40 – Алматыда 2 мыңға жуық адам карантин тәртібін бұзған. Төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап сот карантин ережесін елемеген 1 мың 965 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде:

  • 577 – құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды;
  • 1054 – адам айыппұл арқалады;
  • 334 – адам ескерту алды

Оқи отырыңыз: "Өзіңізге де, өзгелерге де қамқор болыңыз". Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арналған 84 практикалық кеңес

14.35 – Ақтөбе облысында Covid-19 жұқтырған төрт науқас Мәскеуден келген. Олар 1968, 1986, 1985 жылы туылған Ақтөбе қаласының тұрғындары және 1989 жылы туылған Алға ауданының тұрғыны. Жолаушылар бірден Ақтөбедегі карантиндік госпитальға жатқызылған болатын. Ал індетке шалдыққаны туралы диагноз расталғаннан кейін науқастар инфекциялық ауруханаға ауыстырылды. Қазір барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

14.30 – КВИ жұқтырған 29 адам сауығып шықты:

  • Ақмола облысы – 27;
  • Нұр-Сұлтан-2.

Қазақстанда кеселден емделгендердің жалпы саны – 754.

14.20 – Алматы аулаларында спортпен шұғылдануға тыйым салынады. Тұрғындар далаға тек таза ауамен тыныстауға ғана шыға алады. Қаланың бас санитарлық дәрігерінің тиісті бұйрығы қол қойылуда жатыр, ол бойынша аула алаңдарында спортпен шұғылдануға болмайды. Соның ішінде спорттың топтық түрлеріне тыйым салынады.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлердің күйзеліске түсуіне не себеп? Психоаналитик түсіндірмесі

14.15 – "Шелл Қазақстан", "Эни", "Инпекс Норт Каспиан Си Лтд", "Тоталь", "Лукойл", "Камеко Казахстан", "Эр Ликид", "Такеда" сынды шетел компаниялары, сондай-ақ Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі Нұр-Сұлтан көпсалалы медициналық орталығына құны 200 млн теңгелік қарқынды терапия үшін заманауи жабдықтар мен жеке қорғану құралдарын сыйға берді.


Шетелдік инвесторлар тарту еткен құрал-жабдықтар

Шетелдік инвесторлар тарту еткен құрал-жабдықтар / "Такеда" компаниясы баспасөз қызметінің суреті


14.10 – 28 сәуірден бастап Алматыда азық-түлік емес тауарларды онлайн жеткізу қызметіне, сондай-ақ СТО, дөңгелек жөндеу, көлік жуу, компьютер техникасын жөндейтін ұйымдарға жұмыс істеуге рұқсат етілді. Компаниялар аудиттен өтіп, қызметті шектеуді алып тастауға рұқсат ететін дайындық актісін алуы тиіс. Онлайн-дүкендерге жұмыс тобын шақыру үшін кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтінім жолдау қажет. Анықтама телефондары: 8 (775) 882-52-00, 8 (775) 882- 53-92. Қалған компаниялар нысанның орналасқан жері бойынша аудан әкімдіктеріне хабарласуы керек.

13.55 – Қазақстан әуе компаниялары Алматы – Нұр-сұлтан бағытындағы рейстерге билет құнын сатып алу күні мен уақытына байланысты 7 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін белгіледі, деп хабарлады Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі. 1 мамырдан бастап күніне төрт рейс жиілігімен мегаполистер арасында әуе рейстері ашылады.

Оқи отырыңыз: Елжан Біртанов: Барлық медицина мекемелері жұқпалы аурулар ауруханасының форматында жұмыс істейтін болады

13.50 – Алматыда балаларға ата-аналарымен бірге сағат 18.00-ге дейін аулада серуендеуге рұқсат берілді. Дегенмен, адамдар арасындағы қашықтықты 2 метрден кем емес мөлшерде сақтап, қорғаныс құралдарын киіп жүруі керек. Аула алаңдары дезинфекцияланған соң бір сағат далаға шығуға болмайды.

13.30 – Алматылықтарға саяжайға, соның ішінде Алматы облысында орналасқан бақшаларына баруға рұқсат етілді. Бұл үшін өтінім беру қажет емес. Өзіңізбен бірге саяжай учаскесінің құжаттары, сондай-ақ жеке куәлігіңіз болса жеткілікті. Саяжайға бару кезінде медициналық маска немесе респиратор киіп, антисептиктермен қамтамасыз етілген болуыңыз шарт. Аса қажеттілік болмаса саяжайға баруға және онда қонақтар апаруға жол берілмейді.

13.20 – КВИ жұқтырған тағы 32 адам тіркелді:

  • Алматы – 16;
  • Атырау облысы – 4;
  • Қарағанды облысы – 3;
  • Павлодар облысы – 4;
  • Ақтөбе облысы – 4;
  • Қызылорда облысы – 1.

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2982 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызметтер үшін кімдерге 15 мың теңгеден беріледі?

13.15 – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры "СК-Фармация" ЖШС-мен 3 млрд теңгеге КВИ анықтайтын тест және оларға шығын материалдарын сатып алу туралы шарт жасасты. Бұл туралы МӘМС басшысы Айбатыр Жұмағұлов мәлімдеді. "СК-Фармация" ЖШС 2,2 млрд теңгеден астам сомаға 300 000 тест сатып алады. Қалған қаражат тестке жаңа сұраныстың түсуіне қарай жұмсалатын болады.

12.55 – Әуе қатынасының күшейтілген санитарлық талаптары бекітілді. Жолаушылар соған сәйкес шарттарды орындаған жағдайда ұшаққа жіберіледі.



12.35 – Елордадағы стационарларда 332 науқас індеттен емделіп жатыр, 2576 байланыста болған адамдар үй карантинінде. 10 адамның жағдайы ауыр, оның бесеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бүгінде Нұр-Сұлтанда 29 680 ПТР-тест және 15 528 жедел-тест жасалды.

Оқи отырыңыз: Еңбек министрі: 42 500 теңге төлемді заңсыз алғандар қылмыстық жазаға тартылмайды

12.25 – Нұр-Сұлтанда бау-бақша учаскелерінің иелеріне карантиндік аймақ ішіндегі жеке саяжайларына сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін баруға рұқсат етілді. Бірақ олардың қолында бау-бақша серіктестігіне мүше екенін растайтын мөр басылған құжаты немесе жер учаскесінің мақсаты көрсетілген мемлекеттік актінің көшірмесі болуы керек.

12.05 – Нұр-Сұлтанда таңғы сағат 6.00-ден бастап үй маңындағы аулада және оның айналасындағы спорт алаңдарында жүгіріп, спортпен шұғылдануға рұқсат берілді. Алайда, атлеттер осыған дейін айтылған шектеу шараларын сақтауы керек. Сондай-ақ, үй аулаларында серуендеуге болады. Бірақ үш адамнан артық жиналуға, балаларға ересектерсіз жүруге тыйым салынады. Серуендеушілер медициналық маска мен қолғап киіп, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжатын алып жүруі болуы тиіс. Көшеде тек сағат 06.00-ден 20.00-ге дейін жүруге болады.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезіндегі төлемдер. Декреттегі аналардың жағдайы қалай өзгереді?

11.40 – Алматыда кәсіпорындардың жұмысын қайта бастау мәселелері бойынша жедел желі іске қосылды. Барлық сұрақтар бойынша мына телефондарға хабарласуға болады: 8 (775) 882-52-00, 8 (775) 882-53-92.

11.35 – Қазақстанда ауруханалар құрылысының жобаларын уақытында жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау саласындағы жобалау компаниясы құрылады, деп хабарлайды Coronavirus.kz. 2025 жылға дейін елімізде ескірген 40 нысанның орнына халықаралық деңгейдегі сыйымдылығы 8000 орынды 16 көпсалалы аурухана салынады.

11.20 – Кентау қаласында сауда үйіндегі кассирдің Covid-19 жұқтырғаны туралы жалған ақпарат таратқан егде жастағы әйел ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Әйел өз кінәсін мойындады. Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Оқи отырыңыз: ЖОО студенттері биыл қалай емтихан тапсырып, диплом жұмысын қорғайды?

10.50 – Коронавирус жұқтырған тағы 90 адам тіркелді:

  • Павлодар облысы – 6;
  • Батыс Қазақстан облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 2;
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 52;
  • Қарағанды облысы – 1;
  • Шымкент қаласы – 1;
  • Атырау облысы – 1;
  • Алматы – 17;
  • Маңғыстау облысы – 1;
  • Түркістан облысы – 6;
  • Алматы облысы – 1;
  • Ақмола облысы – 1.


Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары