Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ведомство емтихан тапсыру мен диплом жұмысын қорғау бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірледі. Оның алгоритмі заңнама талаптарына, БҒМ қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 123 бұйрығына және ЮНЕСКО ұсыныстарына негізделген.
Оқи отырыңыз: Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізіледі? Министр түсіндірмесі
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, емтихандарға қатысты студенттерді екі санатқа бөлу қажет:
- 1, 2, 3 курс студенттері;
- биыл оқуын тәмамдайтын түлектер.
Бірінші санатқа жататын студенттер сессияны келесі 3 жолмен тапсырады:
- Емтиханды қашықтан тапсыру форматы;
- Пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою;
- "I" (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін шегеру. Бұл студенттерге емтиханды кейін тапсыруға мүмкіндік береді және оларды оқудан шығарудан қорғайды.
Әрбір ЖОО академиялық дербестік аясында таңдауды өзі жасайды.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?
Студенттердің екінші санаты – соңғы курс студенттері.
"Егер карантиндік шектеулер алынбаса, онда диплом жұмыстары қашықтан қорғалады. Студенттер диплом жұмыстарын ақпан-наурыз айларында алдын ала қорғаған болатын, яғни негізгі жұмыс атқарылып қойған", – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Кешенді емтихан тапсыру бойынша әрбір ЖОО келесі үш нұсқаның бірін қолданады:
- Кешенді емтиханды қашықтан тапсыру форматында өткізу;
- Жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою;
- Кешенді емтиханды кешірек мерзімге ауыстыру (жазға немесе күзге).
Осылайша, ЖОО министрлік тарапынан рұқсат алмай-ақ, жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою арқылы кешенді емтихандарды өткізбеу туралы шешім қабылдай алады.
Оқи отырыңыз: Биыл мектеп түлектері қалай аттестат алады? Білім және ғылым министрінің түсіндірмесі
"Бүгін біз емтихан тапсыру және диплом жұмыстарын қорғау алгоритмін талқыладық. МЖМБС-на сәйкес, ЖОО емтихан өткізу түрлерін өз бетінше анықтайды. Дегенмен, қашықтан оқыту жағдайында Министрлік тарапынан әдіснамалық қолдау көрсету қажеттілігі туындайды. Ол үшін біз барлық жоғары оқу орындарымен алдын ала талқыланған алгоритмді әзірледік", – деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.