Тікелей эфир

Еңбек министрі: 42 500 теңге төлемді заңсыз алғандар қылмыстық жазаға тартылмайды

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Бүгінге дейін 42 500 теңге әлеуметтік төлем 3 млн 960 мың адамға тағайындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "42 500 теңгені алғаны үшін қылмыстық тұрғыдан жазалайды" деген сөзге қатысты түсініктеме берді.

Заңсыз алғандар жауапқа тартыла ма?

Оның сөзінше, 5 сәуірден бастап заңгерлер осы мәселеге қатысты пікір айта бастаған. Соның ішінде zakon.kz порталында Данияр Нұрланұлы, Руслан Қожахмет есімді заңгерлер Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талқылап, соны 42 500 теңгеге қатыстырып жазған мақаласы болған. Ол азаматтар мақалада министр Нұрымбетовтың "ешкімді жаппай тексеріп жатпаймыз" деген сөзін "жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәліметтер беруі мүмкін" деп келтіріп жазған.

"Бірде-бір адам 42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті, жіберген қатесі үшін де қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осы тақырыпқа нүкте қояйық. Оны талқылап жатқан заңгерлер өздері біледі", – деді министр.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге әлеуметтік төлем алғандар жауапқа тартыла ма? Министр түсіндірмесі

Біржан Нұрымбетов "42 500 теңге әлеуметтік төлем неге бәріне бірдей төленбейді?" деген сұраққа жауап берді.

"Бұл – әлеуметтік бағыттағы төлем. Елімізде осы төтенше жағдай орын алмағанның өзінде түсінікті: бізде басым халықтың табысы аз, жалақы мөлшері төмен, зейнетақы көп емес. Сондықтан көпшілік осы төлемді алсам дейді. Өткен брифингте де айтқанмын: біз жаппай ешкімді тексеріп жатпаймыз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сізге төленді ме, алыңыз, жаратыңыз", – деді ол.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге төлем алуға өтініш беру жалғасуда. Қандай қателіктерден абай болу керек?

42 500 теңге алған жалдамалы қызметкерлер не істейді?

"Басқа жағдайда әлеуметтік төлемді алуға болмайды. Оны біз осы күнге дейін түсіндіріп келдік. Жұмыстан шығып кетсе, оған басқа төлем бар", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінше, 26 наурызда тағайындау ережесін әзірлегенде жұмыс берушілер жұмысшыларын ақысыз демалысқа жібергені жөнінде бұйрығын тіркеу немесе есепшотта ақшаның жоқтығын көрсету, үлкен сауда орталығын жалға алып отырғаны туралы құжаттарын көрсету деген талап болған. Қоғам талабы, халықтың айтуы бойынша екі күннен кейін ол талапты алып тастап, өтініш берген кезде табысымыздан айырылдық деген хабарландыру тәртібіне көшкен.

"Өтінішке сеніп, сізге төледік. Бірақ тәртіп болуы керек. Заңда, біздің түсіндірмеде айтылған болса, тек ақысыз демалысқа кеткен кезде төленеді десе, ол тәртіпті сақтау керек. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, ресми-бейресми болсын өз бетінше жұмыспен айналысып жүргендер, сіздер уайымдамаңыздар, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Оқи отырыңыз: Зейнеткерлер мен студенттер 42 500 теңге әлеуметтік төлем ала ма? Маңызды 18 сұраққа жауап

Ал мәжбүрлі демалысқа шықпай, тұрақты жалақы алып жүргендер 42 500 теңге алса, заң бұзушылыққа алып келеді. Бұл мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатқандықтан, олар мүгедек жандарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жұмысынан айырылғандарға, баланы бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты, декреттік және босануына қатысты төлемдер төлеп келе жатыр. Сол қаражатқа жауапты болғаны үшін олар бұйрығы жоқ ақысыз демалысқа жібермегендерге сұрау жасайды да, кейін оны қайтаруды талап етеді.

Министр өтініш берген біраз адамның жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін, алайда соған қарамастан 42 500 теңге төлеу туралы шешім қабылдағанын айтты.

"Табысыңыздан шынайы айырылсаңыздар, еш күмәнданбаңыздар. 42 500 теңгені алып, игілігіңізге жаратыңыз. Жұмыс істеп жүріп "қайтарамын" десеңіз, қайтарыңыз. Ол жәй қалмайды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры кейін сізге қайтару жөнінде бәрібір өтініш жасайды. Ақысыз демалысқа шықпаған болсаңыз, тұрақты жалақы алып жүрсеңіздер, қайтара салғаныңыз жөн. Министрлік ешқашан қылмыстық жауапқа тарту бастамасын көтермейді", – деп ескертті министр.
Серіктестер жаңалықтары