Ауа райы
Бүгін +10…+16°
Ертең +3…+10°
Ауа райы Алматы +16°C
Тікелей эфир
+16°C

Ала бұлтты

Сезіледі +16° Жел 3,6 км/сағ
Бүгін
+10…+16°
Ала бұлтты
Ертең
+3…+10°
Қатты жаңбыр

Болжам уақыты 26.11, 13:21

Түркістанда 55,6 млрд теңгенің жобалары іске қосылды. Кәсіпкерлерге қандай тегін қолдау көрсетіледі

Кәсіпкерлерге көмек. Фото: ЖИ жасап берді
Кәсіпкерлерге көмек. Фото: ЖИ жасап берді
Орталықтың жан-жақты көмегімен биыл 377 бизнес-жобаға қолдау көрсетіліп, бүгінде оның 325-і толық іске қосылды.

Бүгінде елімізде, соның ішінде қарқынды дамып келе жатқан Түркістан өңірінде өз кәсібін ашып, шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейткісі келетін азаматтар үшін мемлекет тарапынан ауқымды әрі сан салалы қолдау тетіктері қарастырылған. Қаржылық субсидиялардан бастап, жеңілдетілген несиелер мен өтеусіз гранттарға дейінгі мүмкіндіктер кәсіпкерлік бастамаларға тың серпін береді. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, жаңадан іс бастаушылар мен тәжірибелі кәсіпкерлер сауатты бизнес-жоспар құру, жер телімі мен нысандарға қатысты рұқсат құжаттарын рәсімдеу, сондай-ақ тиімді қаржыландыру көздерін дұрыс таңдау кезінде бірқатар күрделі түйткілге тап болады.

Осындай әкімшілік және ұйымдастырушылық кедергілерді жойып, кәсіпкерлерге "бір терезе" қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсететін бірегей құрылым – "Turkistan" кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы. Аталған мекеме биылдың өзінде 26 мыңнан астам тұрғынға кәсіби кеңес беріп, миллиардтаған теңге инвестиция тартылған жүздеген жаңа жобаның сәтті іске қосылуына тікелей мұрындық болды.

Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлерге жасалған ерекше жеңілдіктер, цифрлық трансформация және алдағы кезеңге жоспарланған тың жаңашылдықтар туралы мекеме басшысы Берік Кенжебаевпен сұқбаттастық.

– Берік Халиоллаұлы, "Turkistan" кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басты миссиясы мен негізгі жұмыс бағыттарына тоқталсаңыз. Орталық кәсіпкерлерге қандай нақты қолдау тетіктерін ұсынады?

– Біздің орталықтың ең басты ұстанымы – "бір терезе" қағидаты. Яғни өңір тұрғыны немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпкер әртүрлі мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырмай, өз бизнесін ашуға, дамытуға және кеңейтуге қажетті қолдаудың барлық түрін бір ғана орталықтан кедергісіз алады. Біз кәсіпкердің уақыты мен қаржысын үнемдеуге барынша жағдай жасаймыз.

Жалпы, мекеменің жұмысы өзара тығыз байланысқан үш іргелі бағыттан тұрады:

  1. Консалтинг және жобаларды толық сүйемелдеу: Мамандарымыз кәсіпкерлерге бастапқы тегін кеңес беріп, банктер мен қаржы институттарының талаптарына сай келетін кәсіби бизнес-жоспар әзірлеуге көмектеседі. Ең бастысы, біз жобаны тек қағаз жүзінде дайындап қоймай, идея туындаған сәттен бастап өндіріс немесе қызмет көрсету орны толық іске қосылғанға дейін сүйемелдейміз.
  2. Оқыту және бизнес-бастамаларды дамыту: Кәсіпкерлік – үздіксіз ізденіс пен білімді талап ететін сала. Сондықтан біз мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тетіктері, тиімді бизнес-жоспарлау, маркетинг негіздері және заманауи кәсіпкерлік дағдылар бойынша арнайы оқыту курстарын тұрақты түрде ұйымдастырамыз.
  3. Рұқсат құжаттарын рәсімдеу: Бизнес бастаудағы ең күрделі кезеңдердің бірі – құжаттама жұмыстары. Біздің мамандар жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеуге, олардың нысаналы мақсатын өзгертуге, сәулет-жоспарлау және техникалық құжаттамаларды дайындауға, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке қатысты өзге де заңдық рәсімдерді жеделдетуге қызмет көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Ең төменгі – зейнетақы 75 мың теңге. 2027 жылы зейнетақы төлемдері қалай есептеледі


Осы негізгі бағыттардан бөлек, орталық халықаралық тәжірибені енгізуге де баса мән береді. Мәселен, "Аға сарапшылар" бағдарламасы аясында шетелдік және отандық жоғары білікті мамандарды өңірге шақырып, олардың жергілікті өндірушілерге тікелей кеңес беруін ұйымдастырамыз. Сонымен қатар кәсіпкерлерді шағын өндірістік парктерге орналастыруға жәрдемдесеміз, өңірге отандық және шетелдік инвесторлар тартамыз және бірыңғай Kasip.info цифрлық порталы арқылы барлық өзекті ақпаратты қолжетімді етеміз.

– Орталықтың жұмыс нәтижесі нақты сандармен өлшенетіні белгілі. Жыл басынан бері мекемеге қанша азамат жүгінді және нақты қанша бизнес-жобаның іске қосылуына немесе кеңеюіне қолдау көрсетілді?

– Биылғы жыл ұжымымыз үшін өте жемісті әрі қарқынды өтті. 2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша орталық мамандары ауқымды жұмыс атқарып, өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосты. Нақты көрсеткіштерге тоқталсақ:

  • жалпы саны 26 380 кәсіби кеңес берілді;
  • оның ішінде 3262 кеңес тікелей өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары (РҚРБ) бойынша көрсетілді;
  • рұқсат құжаттарын рәсімдеу бағытында 2115 нақты қызмет орындалды;
  • кәсіпкерлердің тапсырысымен 2618 бизнес-жоспар әзірленді;
  • жалпы сомасы 11 млрд теңге болатын 1315 жоба сүйемелдеуге алынды;
  • 886 азамат арнайы кәсіпкерлік оқу курстарынан өтіп, біліктілігін арттырды.

Ең басты жетістігіміз – нақты іске асқан жобалар. Орталықтың жан-жақты көмегімен ағымдағы жылы 377 бизнес-жобаға қолдау көрсетіліп, бүгінде оның 325-і толық іске қосылды. Бұл жобалардың жиынтық инвестициялық құны 55,6 млрд теңгеге жетті. Осы бастамалардың нәтижесінде өңір тұрғындары үшін 3123 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Аталған жобалар экономиканың ең маңызды секторларын – өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, қызмет көрсету және сауда салаларын толық қамтиды.

– Қолында тың бизнес-идеясы бар, бірақ бастапқы капиталы мен кәсіпкерлік тәжірибесі жоқ қарапайым тұрғын орталыққа келсе, оған қандай көмек көрсетіледі? Мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие алуға қалай жол сілтейсіздер?

– Кәсіп бастауға ниетті әрбір азаматқа біздің есігіміз әрдайым ашық. Тәжірибесі мен қаржысы жоқ тұрғын орталыққа келген сәттен бастап, мамандарымыз онымен жеке жұмыс жүргізеді. Барлық үдеріс бірнеше жүйелі қадамнан тұрады:

  1. Идеяны талдау және бағдарлама таңдау: Алдымен мамандарымыз азаматқа тегін кеңес беріп, оның бизнес-идеясының өміршеңдігі мен нарықтағы сұранысын талдайды. Содан кейін жобаның ерекшелігіне сәйкес келетін ең тиімді мемлекеттік қолдау бағдарламасын (грант, жеңілдетілген несие немесе субсидия) анықтайды.
  2. Білім беру: Келесі кезекте үміткер арнайы оқыту курсына жіберіледі. Онда мемлекеттік бағдарламалардың шарттары, бизнес-жоспар құру әдістемесі, салық және қаржылық сауаттылық бойынша терең теориялық әрі практикалық білім беріледі.
  3. Бизнес-жоспар әзірлеу: Оқуды тәмамдаған соң, орталық сарапшылары азаматпен бірлесіп, қаржы ұйымдарының барлық талабына жауап беретін егжей-тегжейлі бизнес-жоспар дайындайды.
  4. Құжат жинақтау және бағыттау: Конкурсқа немесе несиелеуге қатысу талаптары, қажетті құжаттар тізімі және өтінім беру тәртібі жан-жақты түсіндіріледі. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін арнайы ақпараттық нұсқаулықтар мен түсіндірме буклеттер әзірленген.
  5. Толық сүйемелдеу: Мамандарымыз жоба қаржыландыру алғанға дейін ғана емес, бөлінген қаражат игеріліп, кәсіпорын іске қосылғанға дейін кеңес беріп, сүйемелдеуді жалғастырады.

Бұл жүйенің тиімділігін нақты цифрлар дәлелдейді. Мәселен, биыл оқыту курстарына қатысқан азаматтардың 39-ы жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастап кетті. Тағы 330 тұрғын несие алуға ниет білдіріп, жобаларын пысықтаса, 82 азамат қазір құжаттарын тапсырып немесе жинақтап жатыр. Бұдан бөлек, "Берекелі бизнес" бағдарламасы аясында да тұрғындарға өз ісін ашуға кең көлемде ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетіліп, қаржыландыру тетіктері жіті түсіндіріледі.


Оқи отырыңыз: 11 мыңнан астам камера мен "Жасыл дәліз". Түркістан облысында оқушылар қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде?


– Кәсіпкерлер үшін қаржы табудан бөлек, бизнес-жоспар құру, салық есебін жүргізу, маркетинг және құжат рәсімдеу үлкен кедергі болып жатады. Бұл бағыттағы тегін сервистік қызметтер мен оқыту курстары қалай ұйымдастырылған?

– Дұрыс айтасыз, кәсіпкерлікте қаржылай қолдаумен қатар, сервистік және білім беру қызметтерінің маңызы зор. Себебі сауатты есеп-қисап пен дұрыс маркетинг болмаса, бөлінген қаржының тиімділігі төмендейді. Осыған орай, аталған қызметтердің барлығы орталықтың арнайы үш бөлімі арқылы жүйелі түрде көрсетіледі:

  • бизнес-жоспарлау қызметі: Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы 10 айда мамандарымыз 2618 бизнес-жоспарды тегін әзірлеп берді. Бұл кәсіпкерлердің жеке консалтингтік компанияларға жұмсайтын миллиондаған қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді;
  • құжат рәсімдеу қызметі: Рұқсат құжаттарын рәсімдеу бөлімі 2115 қызмет көрсетті. Бұл бөлімнің басты мақсаты – бюрократиялық рәсімдерді барынша жеңілдету және кәсіпкердің алтын уақытын үнемдеу;
  • көшпелі және стационарлық оқыту: Оқыту курстары тек облыс орталығында ғана емес, облыстың барлық 17 ауданы мен қаласында екі кезеңмен ұйымдастырылды. І кезеңде 443 адам, ІІ кезеңде 441 адам, барлығы 886 азамат білім алды. Оқу бағдарламасына мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес-жоспарлау, өңірге тән агросала ерекшеліктері және заманауи кәсіпкерлік дағдылар енгізілген. Сабақтар құрғақ теориямен шектелмей, нақты жағдаяттарға негізделген практикалық дәрістермен ұштасады;
  • халықаралық сараптамалық қолдау: "Аға сарапшылар" бағдарламасы аясында Еуропа мен Азияның дамыған елдерінен келген білікті мамандар кәсіпорындарға барып, өндіріс технологиясын жаңғырту, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сай ету, жаңа нарықтарға шығу және сапа менеджментін енгізу бойынша тегін кеңес береді;
  • халықаралық деңгейдегі бизнес-оқыту: Биыл өңір кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында беделді Woosong University базасында заманауи бизнес-оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды.

– Сіздерге күнделікті жүгінетін шағын және орта бизнес өкілдерін көбіне қандай мәселелер мазалайды? Орталық олардың әкімшілік немесе заңдық кедергілерін шешуге қалай атсалысады?

– Күнделікті тәжірибеге сүйенсек, кәсіпкерлер жиі көтеретін және шешімін табуға көмек сұрайтын негізгі төрт түйткіл бар:

  • тиімді қаржыландыру көздері мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу;
  • талапқа сай сапалы бизнес-жоспар дайындау;
  • жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды рәсімдеу;
  • мемлекеттік бағдарламалардың өзгеріп отыратын талаптары туралы ақпараттың жеткіліксіздігі.

Әкімшілік кедергілерді барынша азайту үшін орталық құрамында арнайы рұқсат құжаттарын рәсімдеу бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлім кәсіпкердің сенімді өкілі ретінде жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеуге, оның нысаналы мақсатын өзгертуге, сәулеттік және техникалық құжаттарды дайындауға тікелей көмектеседі. Биылғы 2115 қызметтің көрсетілуі – осы жұмыстың нақты жемісі.

Сонымен қатар ақпараттық тапшылықты жою үшін Kasip.info бірыңғай порталы іске қосылды. Бұл ресурс арқылы кәсіпкерлер барлық мемлекеттік қолдау тетіктері, өңірдегі индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері туралы толық мәліметті бір жерден алады. Нәтижесінде кәсіпкерге әрбір мемлекеттік органның есігін жеке-жеке қағып жүрудің қажеті болмайды.

– Ірі қалалармен салыстырғанда шалғай елдімекендердегі тұрғындардың ақпаратқа қолжетімділігі төмендеу екені жасырын емес. Ауылдық жерлерде кәсіп ашқысы келетіндерге және әлеуметтік кәсіпкерлікке қандай басымдық беріледі?

– Біздің орталықтың қызметі тек Түркістан қаласымен немесе ірі елді мекендермен ғана шектелмейді. Керісінше, басты назарымыз – ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлікті өркендету. Жоғарыда айтқанымдай, оқыту курстары облыстың барлық 17 ауданы мен қаласында өткізілді, ал кеңес беру мен жобаларды сүйемелдеу жұмыстары әрбір аудан бойынша жеке мониторингке алынып, қатаң есепке алынады.


Оқи отырыңыз: Әлемде жоғары білімді әйелдердің үлесі ерлерден асып түсті


Ауылдық аймақтарға берілетін ерекше басымдықты біз сүйемелдеген жобалардың құрылымынан-ақ анық байқауға болады. Мәселен, жалпы сүйемелденген 1315 жобаның 586-сы мал шаруашылығына, ал 373-і егін шаруашылығына тиесілі. Бұл – жобалардың басым бөлігі тікелей ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанының айғағы. Арыс, Қазығұрт, Отырар, Ордабасы, Созақ, Келес аудандарында балық шаруашылығын дамыту, сүт және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ жергілікті жиһаз өндірісі бойынша ірі әрі маңызды жобалар сәтті іске асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде өндіріс орындарын ашуды жеңілдету мақсатында "Шағын өндірістік парктер" жобасы аясында өңірдің 29 алаңында өндірістік ғимараттар салынып жатыр. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне ғимарат салуға қаржы шығындамай, бірден заманауи өндірісті іске қосуға зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпкерлік белсенділігі төмендеу аудандармен жұмысты одан әрі күшейтіп, ондағы тұрғындарды мемлекеттік қолдаумен қамту деңгейін барынша арттыруға басымдық береміз.

– Алдағы кезеңге құрған жоспарларыңыз туралы айтсаңыз. Келер жылы орталық жұмысында қандай жаңашылдықтар күтіледі және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қандай өзгерістер енгізілмек?

– Біз қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмай, уақыт талабына сай қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейміз. Алдағы кезеңде орталық жұмысы бес стратегиялық бағыт бойынша жаңғыртылады:

  1. Толық цифрландыру: Kasip.info порталының мүмкіндіктерін кеңейте отырып, шағын және орта бизнеске қызмет көрсету үдерістерін толық цифрлық форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпкерлерге үйден шықпай-ақ онлайн өтінім беруге мүмкіндік жасап, қызмет көрсетудің ашықтығы мен жеделдігін арттырады.
  2. Инновация және жасанды интеллект: Халықаралық Woosong University базасында жасанды интеллект технологияларына бағытталған заманауи бизнес-инкубатор құру қолға алынады. Бұл орталық жастардың стартаптары мен инновациялық бизнес-бастамаларын қолдап, өңір кәсіпорындарына цифрлық технологияларды енгізуге қуатты серпін береді. Бүгінде екі тарап арнайы меморандумға қол қойып, нақты жұмыстарды бастап кетті.
  3. Өндірістік парктерді кеңейту: Шағын өндірістік парктерге жаңа кәсіпкерлерді орналастыру және өндірістік жобаларды іске қосу қарқынды жалғасады. Қазір жоспарланған 275 өндірістік ғимараттың 178-і салынып бітті, ал 269 жобаның 146-сы нақты іске қосылып, өнім шығара бастады. Келер жылы қалған нысандарды толық пайдалануға беру көзделіп отыр.
  4. Шетелдік инвестицияларды тарту: Беделді "Kazakhstan Global Investment Roundtable – 2026" форумы аясында Түркия, Қытай және Малайзияның ірі компанияларымен басталған маңызды келіссөздерді нақты инвестициялық жобаларға айналдырып, өңірге жаңа технологиялар мен капитал тарту жұмыстары жалғасады.
  5. Аудандармен мақсатты жұмыс: Өңірдің барлық аумағында теңгерімді дамуды қамтамасыз ету үшін көрсеткіші төмен аудандарға ерекше көңіл бөлініп, көшпелі кеңестер мен оқыту шаралары арқылы кәсіпкерлерді қамту деңгейі айтарлықтай арттырылады.

Оқи отырыңыз: 95 пайыздық көрсеткіш және 1725 жеңіс: Түркістан облысындағы қосымша білім берудің басты жетістіктері


Біздің басты мақсатымыз – Түркістан өңірін кәсіпкерлік бастамалар еркін жүзеге асатын, инвестициялық тартымдылығы жоғары іскерлік орталыққа айналдыру. Ол үшін орталық мамандары әрбір кәсіпкерге сапалы қызмет көрсетуге қашан да дайын.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз