Ауа райы
Бүгін +10…+16°
Ертең +3…+10°
Ауа райы Алматы +16°C
Тікелей эфир
+16°C

Ала бұлтты

Сезіледі +16° Жел 3,6 км/сағ
Бүгін
+10…+16°
Ала бұлтты
Ертең
+3…+10°
Қатты жаңбыр

Болжам уақыты 26.11, 13:21

Балалар арасында жүйке аурулары жиіледі. Невропатолог ата-аналарға маңызды кеңес берді

Балалар арасында жүйке аурулары жиіледі. Фото: ЖИ жасап берді
Балалар арасында жүйке аурулары жиіледі. Фото: ЖИ жасап берді
Дәрігер әлемдік балалар неврологиясындағы қандай озық жетістіктердің елімізге енгізіліп жатқанын айтты.

Сәби өмірінің алғашқы жылы – мидың нейропластикасы шарықтау шегіне жетіп, баланың болашақ денсаулығының іргетасы қаланатын шешуші кезең. Сондықтан жүйке жүйесіндегі кінәратты ерте анықтап, "алтын уақытты" жоғалтпай оңалтуды бастау аса маңызды.

Бүгінде отандық медицинада алғашқы буынды күшейту мен ауылдық жерлерде оңалту қызметін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Осы орайда, балалар неврологиясының өзекті мәселелері мен саладағы озық жетістіктер туралы балалар және ересектер невропатологы, Қазақстан невропатологтар қауымдастығының мүшесі, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісінің иегері Тілеужан Қайырханұлы Нүсіповпен сұқбаттасқан едік.

– Ерте диагностика мен ата-аналардың дер кезінде дәрігерге жүгінуі ем нәтижесіне қалай әсер етуде?

– Балалар невропатологы ретінде байқағаным, кейінгі кездері ата-аналардың денсаулық сақтау мәдениеті едәуір өсіп, перзентінің даму барысына жіті мән бере бастады. Нейроғылымда сәби өмірінің алғашқы мың күнінде ми жасушалары арасындағы байланыстар өте жылдам қалыптасатыны дәлелденген. Медицинада бұл аралық "нейропластикалық мүмкіндік кезеңі" деп аталады – яғни, мидың тежелген немесе зақымданған қызметін қайта қалпына келтіру әлеуеті орасан зор болады.

Баланың жанынан күндіз-түні табылатын ең басты сарапшы – оның ата-анасы. Нәрестенің мойнын бекітуі, аунап түсуі, отыруы, жанарын бір нүктеге тоқтатуы немесе алғашқы дыбыстарды шығаруы секілді қимыл-қозғалыс пен психикалық даму сатыларындағы болар-болмас кідірісті ата-ана дер кезінде аңғарып, маманға жүгінсе, біз сырқатты бастапқы кезеңінде-ақ ауыздықтай аламыз. Отбасы мен дәрігердің өзара сенімді одағы – ауыр неврологиялық зардаптар мен балалар мүгедектігінің жолын кесетін ең сенімді тосқауыл.

– Сәбилерді тексеруде педиатр, ЖТД және невропатологтың бірлескен жұмысы қандай нәтиже беруде?

– Бүгінде елімізде халықаралық ұйымдар ұсынған Әмбебап прогрессивті патронаж моделі табысты жұмыс істеп тұр. Аталған жүйе бойынша арнайы оқудан өткен патронаж мейіргерлері сәби перзентханадан шыққан сәттен бастап шаңырағына барып, баланың жетілуі мен ықтимал "қауіп дабылдарын" бақылауға алады.

Егер мейіргер, учаскелік педиатр немесе жалпы практика дәрігері нәрестенің бұлшықет кернеуінен, туабітті рефлекстерінен немесе жалпы даму қарқынынан күмәнді белгілерді кезіктірсе, баланы шұғыл түрде невропатологқа жолдайды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тексеру кестесіне сай, сәби бір айға толғанда балалар невропатологының қабылдауынан міндетті түрде өтеді. Біз бас миының ультрадыбыстық зерттеуі мен өзге де аспаптық тексерулер арқылы нақты байлам жасаймыз. Осындай жүйелі сабақтастықтың нәтижесінде жүйке жүйесінің перинаталдық зақымдануы, миішілік қысым мен қимыл-қозғалыс ақаулары ерте бастан анықталып, сәтті емделуде.


Оқи отырыңыз: Дәрі тапшылығынан – жоғары технологиялық оталарға дейін. Ел медицинасы 35 жылда қалай өзгерді


– Мемлекеттік бағдарламалар балаларды оңалту ісіне қандай жаңа мүмкіндіктер ашты?

– Қазіргі уақытта мемлекет алғашқы медициналық көмек пен оңалту инфрақұрылымын өркендетуге айырықша көңіл бөлуде. Егер бұрындары күрделі жүйке ауруларына шалдыққан балаларды емдету үшін ата-аналар алыстан ат арытып Астана мен Алматының ірі клиникаларына ғана жүгінуге мәжбүр болса, бүгінде "Қамқорлық" қорының бастамалары мен МӘМС жүйесінің арқасында өңірлер мен аудан орталықтарында заманауи сауықтыру орталықтары бой көтеруде.

Сонымен бірге, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының шеңберінде аудандық ауруханалар жанынан арнайы оңалту бөлімшелері іске қосылды. Бұл невропатолог, реабилитолог, логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру мамандарының тізе қосып еңбек етуіне, ал ауыл бүлдіршіндерінің өз өңірінен ұзамай-ақ тегін әрі сапалы оңалту курстарынан өтуіне зор мүмкіндік туғызды.

– Бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды және кішкентай науқастардың сауығуы қандай шабыт береді?

– Мен 2005 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, педиатрия мамандығын игердім, ал 2011 жылы жалпы практика дәрігері ретінде интернатураны аяқтадым. Еңбек жолымды ауылдық жерде бастаған тұста аудандық ауруханада балалар невропатологы мүлде тапшы болатын. Осы олқылықтың орнын басу үшін қайта даярлау курстарынан өтіп, невропатолог мамандығын алып шықтым да, туған өлкемдегі аудан орталығына қайта оралдым.

Жұмыс барысында балалар неврологиясының ғажайып ерекшелігіне көзім жетті: ересек адамдармен салыстырғанда бала ағзасының қайта қалпына келу қуаты теңдессіз. Диагноз дәл қойылып, ем-дом дер кезінде басталса, бүлдіршіндердің толық сауығып кету ықтималдығы өте жоғары. Кеше ғана басын тік ұстай алмаған немесе аяғын баса алмаған сәбидің емнен соң тәй-тәй басып, ата-анасының көзіне қуаныш жасы үйірілген сәтін көру – дәрігер үшін ең биік кәсіби мәртебе әрі таусылмас шабыт көзі.

– Өңірлер мен ауылдарға білікті мамандарды тарту үшін қандай қолдау шаралары бар?

– Соңғы жылдары ауыл медицинасындағы кадр жетіспеушілігін жою бағытында нақты қаржылық және әлеуметтік қолдау пакеттері іске қосылды. Мәселен, "Дипломмен – ауылға!" жобасы шеңберінде өңірге барған жас мамандарға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтермеақы төленіп, баспана алуға немесе салуға небәрі 0,01% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ұсынылады.

Бұдан бөлек, еліміздің денсаулық сақтау туралы заңнамасына енгізілген тың өзгерістерге сәйкес, ауылдық жерге кемінде бес жыл мерзімге қызмет етуге аттанған аса тапшы мамандық иелеріне 100 ең төменгі жалақы көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек қарастырылған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қызметтік пәтермен қамту, коммуналдық төлемдерді өтеу және біліктілік арттыру курстарына тегін жіберу секілді шаралар жас дәрігерлердің ауылда тұрақтап қалуына оң ықпал етуде.


Оқи отырыңыз: Алматыда дәрігерлер салмағы 990 грамм болып туған сәбиді аман алып қалды


– Әлемдік балалар неврологиясындағы қандай озық жетістіктер елімізге енгізілуде?

– Жаһандық балалар неврологиясындағы ең ірі жетістік – сирек кездесетін тұқым қуалайтын жүйке ауруларын емдеуге арналған гендік және патогенетикалық терапияның өмірге келуі. Бұрындары дауасыз саналған жұлын бұлшықет атрофиясы, Дюшенн бұлшықет дистрофиясы сынды ауыр дерттердің бетін қайтаратын бірегей дәрі-дәрмектер жасалды.

Қазақстанда да бұл озық технологиялар сәтті қолданылуда. "Қазақстан халқына" қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен СМА дертіне шалдыққан отандық бүлдіршіндерге әлемдегі ең қымбат гендік препарат – Онасемноген абепарвовек егіліп, Нусинерсен және Рисдиплам дәрілерімен жүйелі ем жүргізілуде. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекке көнбейтін эпилепсияны нейрохирургиялық жолмен емдеу, кезбе жүйкені ынталандыру және ботулинотерапия әдістері еліміздің жетекші орталықтарында кеңінен қолданылады.

– Жасанды интеллект пен генетикалық зерттеулер емдеу сапасын қалай арттырып отыр?

– Қазіргі медицина дербестендірілген емдеу қағидатына көшті. Бүгінде балалар неврологиясында толық экзомдық және геномдық секвенирлеу сынды терең молекулалық-генетикалық зерттеулер пайдаланылады. Бұл күрделі эпилепсиялық синдромдардың, аутизм спектріндегі ауытқулар мен зат алмасу бұзылыстарының түпкі генетикалық себебін дәл тауып, әр баланың ағзасына лайықты дәріні таңдауға мүмкіндік береді.

Ал жасанды интеллект құралдары мидың МРТ суреттері мен ЭЭГ жазбаларын сараптауда дәрігерлердің таптырмас көмекшісіне айналды. Ақылды алгоритмдер ми қыртысындағы адам көзіне байқала бермейтін өте ұсақ құрылымдық өзгерістерді дәл тауып, эпилепсия ошағын жоғары дәлдікпен анықтауға септігін тигізуде. Отандық клиникалық хаттамалар да дәлелді медицинаның халықаралық талаптарына сай үздіксіз жаңартылып отырады.

– Алдағы уақытта саланы дамытатын ең перспективалы бағыттар қандай?

– Менің пайымдауымша, таяу болашақта балалар неврологиясы мен өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің серпінді дамуы үш басты бағытқа негізделеді:

  1. Кеңейтілген неонаталдық генетикалық скрининг: Сәби дүниеге келген алғашқы күндері алынатын бір тамшы қан арқылы ондаған тұқым қуалайтын жүйке және метаболикалық ауруларды алғашқы белгілері білінбей тұрып анықтау.
  2. Цифрлық мониторинг және мобильді шешімдер: Ауылдық жерлердегі ата-аналар мен учаскелік дәрігерлерге арналған цифрлық платформалар мен жасанды интеллектке негізделген скринингтік қосымшалар арқылы баланың психомоторлық дамуын үздіксіз қашықтан бақылау.
  3. Ерте араласу желісін кеңейту: Тек дәрі-дәрмекпен шектелмей, әрбір аудан деңгейінде баланың ойлау, сөйлеу және әлеуметтік дағдыларын дамытатын инклюзивті орталықтардың қолжетімділігін арттыру.

Осы бастамалар жүйелі іске асса, ауыл мен қала медицинасы арасындағы алшақтық толық жойылып, әрбір баланың дені сау, бақытты өсуіне берік негіз қаланады.


Оқи отырыңыз: 2027 жылы декреттік төлемдер қалай есептеледі? Жаңа ережені түсіндіреміз


 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз