Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – әлеуметтік осал топтар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің бизнес-бастамаларын дамытуға берілетін 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант. Мұндай бастамалар өңірлердегі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге, халыққа қажетті жаңа қызмет түрлерін ашуға және білікті мамандардың өз ісін өрістетуіне зор серпін беріп отыр. Түркістан қаласының тұрғыны, тәжірибелі остеопат, нутрициолог-дәрігер Дариға Амангелдиева осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен олардың аналарына көмек көрсететін бірегей орталығының жұмысын жаңа деңгейге көтерді.
Қайтарымсыз грантқа бастар жол және "Атамекен" қолдауы
Дариға Амангелдиеваның айтуынша, мемлекеттік грантқа қатысу идеясы оның көкейінде бірнеше жылдан бері жүрген. Әлеуметтік мәртебесі ресми түрде расталған соң, оған "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының мамандары жөн сілтеп, бизнес-жоспарды сауатты құрастыруға көмектескен.
"Негізі мемлекеттік грантқа қатысуды қанша жыл бұрын армандап жүрген едім. Әлеуметтік мәртебені алғаннан кейін, 5 миллион теңгелік грантқа қатысуға болады дегенді естіп, орталығымды кеңейту мақсатында құжат тапсырдым. Себебі бізде негізінен психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, сондай-ақ аутизм спектріндегі ерекше балалар көп келеді. "Атамекен" орталығының мамандары Түркістан қаласында мұндай бағыттың жоқ екенін айтып, үлкен қолдау білдірді, бизнес-жоспарды жазуға бірге отырып ақыл-кеңес берді", – дейді Дариға Амангелдиева.
Кейіпкеріміздің сөзінше, жобаны қорғау барысында оның көпжылдық кәсіби білімі, тәжірибесі мен нақты нәтижелері шешуші рөл атқарған.
Жобаның басты ерекшелігі – "Ана мен бала" кешенді тәсілі
Комиссия мүшелерінің назарын аударған және жобаның жеңіске жетуіне ықпал еткен басты фактор – орталықтың жұмыс істеу әдістемесі. Әдетте көптеген оңалту орталықтары тек баланың өзімен ғана жұмыс істесе, Дариға Жұмабекқызы енгізген "Ана мен бала" кешенді жүйесі ана мен баланың денсаулығын қатар қалпына келтіруге бағытталған.
"Біздің бизнес-жоспарымыздың басты ерекшелігі – "Ана мен бала" бағытындағы кешенді жұмыс. Көптеген орталықтар тек баламен айналысса, біз баладағы бұзылыстарды анасының ағзасындағы өзгерістермен бірге, бірлесе отырып емдейміз. Оның үстіне остеопатия – ешқандай аппаратсыз, тек маманның қолымен жасалатын нәзік әрі тиімді процедура. Менің ойымша, комиссия алдында жобамыздың ерекшеленіп, жеңіп шығуына дәл осы тәсіл себеп болды", – деп түсіндіреді дәрігер.
Оқи отырыңыз: Ең төменгі – зейнетақы 75 мың теңге. 2027 жылы зейнетақы төлемдері қалай есептеледі
Түркістан қаласына бұл бағытты алғаш болып алып келген маманның айтуынша, баланың сауығуы ананың физикалық және психологиялық жағдайымен тікелей байланысты. Сондықтан кешенді емдеу тәсілі қысқа уақыт ішінде оң нәтиже беріп, ата-аналар тарапынан сұранысты арттырған. Бүгінде орталыққа тек Түркістан қаласынан ғана емес, жақын маңдағы аудандардан да арнайы іздеп келетін ата-аналардың қатары көбейіп келеді.
Алғашқы жылы грант ұта алмай қалған кәсіпкер екінші мүмкіндікте жеңімпаздар қатарынан көрінгенде, бастапқыда өз көзіне өзі сенбегенін жасырмайды. Қуанышты жаңалық расталған сәттен бастап, ол уақыт оздырмай мемлекет қаржысын орталықтың игілігіне бағыттаған.
"Ұтып алған кезде басында сенген жоқпын, өйткені бұған дейін бір рет қатысып, өте алмай қалған кезім болған еді. Екінші ретінде жеңіске жеткенде өте ерекше сезімде болдым. Бірден орталықтың ғимаратын кеңейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргіздім, қажетті құрал-жабдықтар мен заттарды толықтырып, бәрін жаңалап алдым. Себебі бізге келушілердің сұранысы күннен-күнге артып келеді", – дейді остеопат.
Бүгінде жаңартылған орталықта ерекше балалардың жайлы әрі сапалы ем алуына барлық жағдай жасалған. Грант қаражатына алынған жабдықтар маманның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, қабылданатын емделушілер санын арттыруға да мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар кеңейтілген бөлмелер балалардың өзін еркін сезінуіне және оңалту шараларының барынша тиімді өтуіне оң әсерін тигізуде.
Тәжірибеден түйген ой: "Бір сәтсіздіктен кейін тоқтап қалмау керек"
Дариға Амангелдиева мемлекеттік қолдау бағдарламаларына күмәнмен қарайтын, "таныссыз грант алу мүмкін емес" деп ойлайтын жандарға өз тәжірибесін үлгі етеді. Оның пікірінше, егер жоба қоғамға нақты пайда әкелсе және кәсіпкер өз ісінің қыр-сырын жетік білсе, мемлекет тарапынан қолдау табу әбден мүмкін.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында 80 мыңға жуық тұрғын тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты
"Мемлекеттен қайтарымсыз грант алатын кезде кәсіп бастаудан, бизнес-жоспар жазудан және оны қорғаудан мүлде қорықпау керек. Көп адам "бәрібір ала алмаймыз" деп бастамай жатып бас тартады. Егер сіздің қоғамға пайдасы тиетін нақты ісіңіз, мақсатыңыз болса, соны комиссия алдында жан-жақты, сенімді түрде дәлелдеп, шашып тұрып түсіндірсеңіз – міндетті түрде жеңіске жетесіз", – дейді кәсіпкер.
Сұхбат соңында кейіпкеріміз жаңа бастама көтерген жандарға табандылық танытуға кеңес берді.
"Мен бір рет ала алмай қалдым екен деп қол қусырып отырып қалған жоқпын, екінші рет қайта тапсырдым. Дегеніме жеткенше қайта-қайта жазып, қорғауға тыңғылықты дайындалдым. Сондықтан әр адам өз бойындағы таланты мен қолынан келетін ісін жүзеге асырудан қорықпай, өз бағытын батыл қорғай білуі керек", – деп түйіндеді Дариға Жұмабекқызы.