Ең төменгі – зейнетақы 75 мың теңге. 2027 жылы зейнетақы төлемдері қалай есептеледі

Зейнеткер мен зейнетақы. Фото: depositphotos.com
Зейнеткер мен зейнетақы. Фото: depositphotos.com
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін 8,5 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Зейнет жасына жақындаған адам қандай құжат жинауы керек? Зейнетақыны рәсімдеу үшін қайда жүгінеді және төлем мөлшері қалай есептеледі? 2027 жылдан бастап зейнетақы көлемі де өзгереді. Қазақстанда зейнетке шығу тәртібі мен алдағы жылғы төлемдерге қатысты қандай жаңалық бар? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап береді.

№1. Зейнетке қанша жаста шығады?

2026 жылы Қазақстанда ерлер – 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шыға алады.

Әйелдердің зейнеткерлік жасын ерлермен теңестіру процесі уақытша тоқтатылған. Сондықтан 2027 жылы да әйелдер 61 жасында зейнетке шығады.

  • 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
  • 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
  • 2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
  • 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдерде зейнетке 63 жаста шыға бастайды.

№2. Кімдер зейнетке ертерек шыға алады?

Сонымен қатар заңда кейбір азаматтарға жалпы белгіленген жастан ертерек зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған.

Мәселен, 5 және одан көп бала туған немесе асырап алған, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. Бұл үшін олардың 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі болуы керек.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген азаматтар үшін де арнайы талаптар бар. Мысалы, 55 жасқа толған, өздері үшін кемінде 84 күнтізбелік ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған және заңнамада белгіленген зиянды жұмыстарды тоқтатқан азаматтар БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары есебінен төлем алуға құқылы. Олар белгіленген талаптарға сәйкес арнайы әлеуметтік төлемдер де ала алады.

Бұдан бөлек, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген азаматтар заңда көзделген талаптарға сай зейнетақы жинақтарынан төлем алуға құқылы.

Сонымен қатар қызмет өтілі бойынша полиция қызметкерлері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер және ерекше маңызды немесе құпия хат-хабарларды жеткізушілер ертерек зейнетке шыға алады.

№3. Зейнетақының қандай түрлері бар?

Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады. Олар – базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы.

Базалық зейнетақы – зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарға мемлекет бюджеті есебінен төленетін міндетті төлем. Оны алу үшін БЖЗҚ-да міндетті түрде жинақ болуы шарт емес.

Бұл төлемнің мөлшері адамның зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеледі. Оған 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі, одан кейінгі міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезең және заңнамада көрсетілген әлеуметтік маңызы бар кезеңдер кіреді.

Мысалы, жұмыс істемеген ата-ананың бала күтімімен айналысқан кезеңі де зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептелуі мүмкін. Әр бала үш жасқа толғанға дейінгі күтім кезеңі жалпы алғанда 12 жылдан аспайтын мерзімде ескеріледі.

2026 жылы базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге, ең жоғары мөлшері 60 005 теңге болды.

Ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі болған азаматтарға тағайындалады.

Оның мөлшері зейнетке шыққан адамның 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен табысына байланысты есептеледі. Есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан қатарынан кез келген 36 айдағы орташа айлық табыс ескеріледі.

Толық зейнетақыны есептеу үшін осы табыстың 60 пайызы негізге алынады. Бұл ретте есепке алынатын орташа айлық табыс заңда белгіленген 55 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

Толық мөлшерде зейнетақы тағайындалуы үшін 1998 жылғы 1 қаңтарда ерлердің еңбек өтілі – кемінде 25 жыл, әйелдердің кемінде 20 жыл болуы керек. Талап етілетін өтілден артық әр толық жыл үшін төлем 1 пайызға ұлғаяды. Алайда ол есепке алынатын табыстың 75 пайызынан аспауға тиіс. Еңбек өтілі аз болса, зейнетақы толық мөлшердің тиісті үлесі ретінде есептеледі.

Сондықтан 1998 жылға дейін жұмыс істеген азаматтардың ынтымақты зейнетақысы еңбек өтілі мен сол кезеңдегі табысына қарай әртүрлі болады.

Жинақтаушы зейнетақы – азаматтың БЖЗҚ-да жинаған қаражаты есебінен төленетін ақша.

Жұмыс істейтін азаматтардың жалақысынан міндетті зейнетақы жарналары аударылып отырады. Бұдан бөлек, кейбір жұмыс берушілер міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді. Азамат өз еркімен де зейнетақы жинағын қалыптастыра алады.

Зейнетке шыққан кезде БЖЗҚ-дағы жинақ белгіленген тәртіппен төленеді. Оның мөлшері азаматтың қорда қанша қаражаты бар екеніне байланысты.

Осылайша, 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар және одан кейін зейнетақы жарналары аударылып отырған адам үш түрлі төлемді де ала алады. Ал 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған азаматқа ынтымақты зейнетақы тағайындалмайды. Бірақ зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық және БЖЗҚ-дағы жинағына сәйкес жинақтаушы төлем алуға құқығы бар.

№4. Зейнетке шығу үшін қандай құжаттар қажет?

Зейнетке шығуға дайындықты алдын ала бастаған дұрыс. Мамандар еңбек өтілін растайтын құжаттарды зейнеткерлік жасқа толуға шамамен бір жыл қалғанда тексеруге кеңес береді. Себебі еңбек кітапшасында қате немесе толық емес мәліметтер болса, оларды түзетуге уақыт қажет болуы мүмкін.

Құжаттар тізімі азаматтың еңбек өтіліне және жеке жағдайына байланысты.

Зейнетақы тағайындау үшін қажет құжаттар:

  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • еңбек кітапшасы;
  • білімі туралы құжаттар (оқу кезеңі еңбек өтіліне есептелуге жататын жағдайда);
  • әскери қызмет кезеңін растайтын құжат;
  • тегін, атын немесе әкесінің атын өзгертсе, соны растайтын құжаттар;
  • балалардың туу туралы куәліктері (бала күтіміне байланысты кезеңдерді есепке алу қажет болғанда).

Егер еңбек кітапшасы жоғалған немесе ондағы жазбалар дұрыс толтырылмаған болса, еңбек өтілін архивтен немесе жұмыс орнынан алынған анықтама арқылы растауға болады. Қажет болған жағдайда сот шешімі де негіз бола алады.

Жеке жағдайына қарай азаматтан қосымша құжаттар талап етілуі мүмкін. Мысалы, заңнамада көзделген ерекше жағдайларды, соның ішінде белгілі бір радиациялық аймақтарда тұрғанын растайтын құжаттар ұсынылады.

Айта кету керек, жоғарыдағы құжаттардың барлығын бірдей жинау міндетті емес. Тек нақты жағдайға қажетті құжаттар ұсынылады.

№5. Еңбек өтіліне не кіреді?

 Зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне тек ресми жұмыс істеген уақыт қана емес, заңда көзделген бірқатар басқа кезеңдер де қосылады.

Атап айтқанда:

  • еңбек шарты бойынша жұмыс істеген, жеке және заңды тұлғаларға ақы төлеп қызмет көрсеткен уақыт;
  • әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет, мемлекеттік қызмет;
  • кәсіпкерлік және өзге де кіріс әкелетін қызмет;
  • І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жасы бойынша зейнеткерлерге және 80 жастан асқан адамдарға күтім жасаған уақыт;
  • 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға күтім жасаған кезең;
  • жұмыс істемейтін ата-ананың жас балаларға күтім жасаған уақыты. Бұл кезең жалпы алғанда 12 жылдан аспауға тиіс, әр бала 3 жасқа толғанға дейінгі уақыт есептеледі;
  • қылмыстық жауапқа негізсіз тартылып, кейін ақталған немесе қудалауға ұшырап, бостандығынан айырылған азаматтардың тиісті кезеңі;
  • бұрынғы КСРО аумағында немесе басқа мемлекеттерде саяси қуғын-сүргінге байланысты мәжбүрлі түрде тұрған уақыт;
  • Ұлы Отан соғысы кезінде жаралану, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан жұмыс істей алмаған мүгедектігі бар адамдардың тиісті кезеңі;
  • шетелде тұрған бұрынғы кеңестік мекемелер мен Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері қызметкерлерінің жұбайларымен бірге тұрған уақыты (жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайды);
  • әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жұбайлары қызмет бабына байланысты жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерде бірге тұрған кезең (жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайды);
  • Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарында, колледждерде, училищелерде, мектептерде білім алған уақыт, сондай-ақ докторантура мен клиникалық ординатурада оқыған кезең;
  • ведомстволық бағыныстылығына қарамастан әскери бөлімдердегі, арнайы байланыс және тау-кен құтқару бөлімдеріндегі қызмет;
  • Қазақстанға тарихи отанына тұрақты тұруға келген этникалық қазақтардың шыққан еліндегі еңбек қызметі.

Заңнамада жекелеген қызмет пен жұмыс кезеңдерін еңбек өтіліне жеңілдікпен есептеу тәртібі де қарастырылған. Мысалы:

  • алапеске және обаға қарсы мекемелерде, сондай-ақ иммун тапшылығы вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдейтін мекемелерде жұмыс істеген уақыт – 2 есе мөлшерде;
  • сот-медициналық сараптама және патологиялық-анатомиялық диагностика мекемелеріндегі жұмыс – 1,5 есе мөлшерде есептеледі.
  • толық навигациялық кезеңдегі өзен кемелеріндегі жұмыс 1 жылдық еңбек өтіліне теңестіріледі.
  • Үкімет бекіткен тізімге кіретін өнеркәсіптің маусымдық салаларында толық маусым жұмыс істеген уақыт та 1 жылдық еңбек өтілі ретінде есептеледі.

№6. Зейнетақыны қайда және қалай рәсімдейді?

Зейнетақыны рәсімдеудің негізгі екі жолы бар.

  1. Тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) бару. Азамат зейнетақы тағайындау туралы өтініш береді. Бір өтініш арқылы мемлекеттік базалық зейнетақыны, жасына байланысты ынтымақты зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақыны рәсімдеуге болады. Бұл – бірнеше мемлекеттік қызметті біріктіретін композиттік қызмет.
  2. Электрондық үкімет порталы. Азамат eGov.kz арқылы зейнетақы тағайындауға өтініш бере алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Онлайн рәсімдеу мүмкіндігі қажетті мәліметтердің мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болуына байланысты.

Зейнетақы тағайындау қызметі тегін көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтің стандартты мерзімі – 10 жұмыс күні. Қосымша құжаттарды тексеру қажет болған жағдайда бұл мерзім ұзаруы мүмкін.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, зейнетақы төлемдерін уақтылы рәсімдеу үшін зейнеткерлік жасқа толғанға дейін он жұмыс күні ішінде өтініш беру қажет. Өтініш пен құжаттардың тіркелген күні зейнетақы тағайындау мерзімін есептеуде маңызды. Сондықтан рәсімдеуді кейінге қалдырмаған жөн.

Бұдан бөлек, зейнеткерлік жасқа толуына екі ай қалғанда азаматтың eGov жүйесіндегі мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жіберіледі.

№7. 2027 жылдан бастап зейнетақы қанша теңгеге өседі?

Құрылтай "2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды" мақұлдады. 

Заңда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін 8,5 пайызға арттыру көзделген. Осы болжамға сәйкес, ең төменгі зейнетақы 74 919 теңге болуы мүмкін. Ең жоғары мөлшері 193 587 теңгеге дейін жетуі ықтимал.

Мемлекеттік базалық зейнетақы да өседі. Оның мөлшері күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Бюджет жобасында 2027 жылға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге деп белгіленген. 2026 жылы бұл көрсеткіш 50 851 теңге болды.

2027 жылға зейнетақының болжамды мөлшері мынадай:

  • Ең төменгі зейнетақы – 74 919 теңге
  • Ең жоғары зейнетақы – 193 587 теңге
  • Ең төменгі базалық зейнетақы – 38 622 теңге
  • Ең жоғары базалық зейнетақы – 66 208 теңге

Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Бұл төлем зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болғанда, сондай-ақ өтілі болмаған жағдайда тағайындалады.

10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін күнкөріс деңгейінің тағы 2 пайызы қосылады. 2027 жылдан бастап базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 120 пайызынан аспайды. 2026 жылы бұл шек 118 пайыз болды.

Мысалы, 2027 жылы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 20 жыл болған азаматтың базалық зейнетақысы күнкөріс деңгейінің 90 пайызына тең болады. Бұл – шамамен 49 656 теңге.

Ал 35 жыл және одан көп өтілі бар азаматқа ең жоғары мөлшер – 66 208 теңге төленуі мүмкін.

Демек, зейнетақы мөлшері адамның зейнетке шыққан жасына ғана емес, оның бүкіл еңбек жолындағы зейнетақы жүйесіне қатысуына да байланысты.

№8. 2027 жылдан бастап зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдік өзгере ме?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс күшіне енеді. Ол – БЖЗҚ-дағы жинақтардың сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті есептеу тәртібі.

Қазір азамат зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты аударған жарналары инфляция деңгейі ескеріліп есептеледі. Егер нақты жинақ сомасы осылай есептелген мөлшерден аз болса, мемлекет айырмашылықты бюджет есебінен өтейді.

Ал 2027 жылдан бастап мемлекет БЖЗҚ-ға нақты аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.

Бұл өзгеріс мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына беретін кепілдігінен бас тартатынын білдірмейді. Алайда бұрынғыдай инфляцияны ескеріп есептелген сома мен нақты жинақ арасындағы айырмашылықты өтеу тетігі өзгереді.

№9. Болашақ зейнеткерлер нені алдын ала тексеруі керек?

Зейнетақы мөлшеріне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы. Сондықтан зейнетке шығуға жақындаған азаматтарға бірнеше мәселеге назар аударған жөн.

Біріншіден, еңбек кітапшасындағы жұмысқа қабылданған және жұмыстан босатылған күндердің дұрыстығын тексеру керек. Жұмыс берушінің мөрі мен тиісті жазбалардың толық болғаны маңызды.

Екіншіден, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растайтын құжаттарды алдын ала жинаған дұрыс. Егер жұмыс істеген ұйым жабылып қалса, архивке сұрау жіберуге болады.

Үшіншіден, БЖЗҚ-дағы жеке шоттың жай-күйін тексеріп, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аударып отырғанына көз жеткізу қажет. Мұны БЖЗҚ-ның жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.

Төртіншіден, болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеу үшін eGov.kz порталындағы зейнетақы калькуляторын пайдалануға болады. Алайда калькулятор көрсеткен сома түпкілікті тағайындалатын төлем мөлшеріне кепілдік бермейді.

Осылайша, зейнетақыны уақытылы әрі дұрыс рәсімдеу үшін құжаттарды алдын ала реттеп, еңбек өтілі мен жинақ туралы мәліметтерді тексерген жөн. Себебі бұл деректер болашақта алатын төлем мөлшеріне тікелей әсер етеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау