Жетісу облысынан Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданына қоныс аударған Данагүл Берекет жаңа ортада өзіне ерекше міндет жүктеді. Ол – Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектептің кітапханашысы. Кітапханаға келгеніне көп уақыт өтпесе де, балаларды кітапқа қызықтырудың түрлі әдісін ойластырып, комикс жасап, жас оқырмандардың талғамын қалыптастыруға кіріскен. Оның пікірінше, кітапханашы кітап беріп, қайта қабылдайтын маман ғана емес, бала жанының бағбаны болуы керек.
Ауыл мектебіндегі кітапханаға күніне қанша оқушы келеді?
Данагүл Берекет Шығыс Қазақстан облысына "Шығыс шақырады" бағдарламасы арқылы көшіп барған. Бағдарлама шарты бойынша алдағы 5 жыл бойы осы өңірге қызмет етуі керек. Жетісудан Катонқарағайға қоныс аударып, жаңа ортаға бейімделген ол бүгінде ауыл мектебінің кітапханасында еңбек етіп жүр.
Данагүл кітапханадағы алғашқы күндерден-ақ оқушылардың кітапқа қызығушылығын байқаған. Оның айтуынша, мектеп кітапханасына бірінші үзілістен бастап оқушылар келе бастайды. Бірі оқыған кітабын тапсырып, екіншісі жаңа шығарма таңдауға асығады. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары белсенді. Кейде олардың қарасы көбейіп, кітапханашының формуляр толтыруға да уақыты жетпей қалады.
"Бірінші сабақтың үзілісі өте қысқа болғандықтан, үлгермегендері келесі қоңырау соғылғанда қайта кеп жатады. Олардың басым бөлігі бастауыш сынып оқушылары. Шамамен 12-15 оқушы келеді деп айта аламын. Ал кей күндері одан да көп. Тіпті формуляр толтыруға уақыт болмай, параққа есімдерін, алған кітабын асығып жазып алып, артынан асықпай толтыратын күндеріміз болып тұрады", – дейді Данагүл.
Кітапханашының байқауынша, балалардың кітап таңдауы да заман ағымына қарай өзгерген. Қазір әлеуметтік желідегі жарнама мен кітап баспаларының маркетингі оқушылардың қызығушылығына әсер етеді. Әсіресе шағын форматта шыққан шығармаларға сұраныс жоғары.
"Қазір әлеуметтік желілерде кітап маркетингі, басылымдардың бәсекесі қарқынды жүріп жатқандықтан, балалар көбіне жарнамасы жақсы кітаптарды сұрап келеді. Әсіресе "Qasymkitap" баспасы өте жақсы әдіс тапты деп ойлаймын. Бір шығарманы бір кітап етіп шығару идеясы оқырман үшін тиімді болған сияқты. Тілімдей ғана шағын кітап. Жақын арада оқып аяқтайтынын біледі, ол аяқталған соң мида "оқылды" деген белгі қойыларын тағы біледі. Сөйтіп бір кітаптан екінші кітапқа ауысып отыру тез әрі жеңіл өтеді", – дейді ол.
Кітапханаға келетін балалар "Қарғын", "Гауһартас", "Сары қазақ", "Сүйекші", "Дермене", "Оң қол", "Қош бол, Гүлсары" сияқты шығармаларды сұрайды екен. Сонымен қатар фантастика жанрына да қызығушылық артқан. Данагүл мұны "Кітап оқитын ұлт" марафоны аясында ұсынылған балалар әдебиеті тізімімен байланыстырады. Соның нәтижесінде Джоан Роулинг, Дж.Р.Р. Толкин, Жюль Верн, Даниель Дефо шығармаларына қайта сұраныс пайда болған. Ал детектив пен танымдық әдебиетті белгілі бір топтағы тұрақты оқырмандар таңдайды.
Баланың кітапқа қызығушылығы қалай қалыптасады?
Данагүлдің байқауынша, балалар кітапханаға тұрақты оқырман ретінде көбіне 2-3 сыныптан бастап келеді. Алғашқы таңдауы ертегілерге түседі. Бұл кезеңде баланың кітап талғамы әлі қалыптаспағандықтан, кітапханашының бағыт-бағдар беруі маңызды.
"Балалар бірде құстар туралы, бірде ғарыш жайлы, бірде роботтар туралы кітап сұрап келуі мүмкін. Ондай кітаптар болмаған күннің өзінде "жоқ" деп айтпай, басқа нұсқаларын ұсыну керек", – дейді кітапханашы.
4-5 сыныпқа аяқ басқанда оқу программасына сай қазақ халық ертегілерін, батырлар жырын сұрайды екен.
"6-8 сынып аралығында балалар әдебиетімен қош айтысып, жасөспірімдер әдебиетіне қадам басады. Таңдау аясы кеңейеді. Бұл кезеңде де кітап әлемі ертегілермен аяқталып қалмайтынын сезіндіру маңызды. Шытырман оқиғалар, детектив, фантастика, қазақ классиктерінің прозасы сияқты түрлі жанрларды жақсы талдай алатын кезең. Бұл белсенділік 9 сыныпқа дейін жалғасып, одан әрі жас оқырман қатары сирей бастайды. Кітапқұмар деп атауға лайық бірнеше бала қалады. Бұны мектеп программасындағы Мемлекеттік емтихан, ҰБТ сияқты маңызды сынақтардың өтуімен байланыстырамын. Бар фокусын ҰБТ дайындығына қойған баланың кітапханаға келуге уақыты болмайтын шығар. Десек те, оқырман жасын өсіру, 9-10 сыныптарын қызықтыруды өзіме мақсат етіп келдім", – дейді ол.
Данагүлдің айтуынша, оқушылардың басым бөлігі кітапты өздері таңдайды. Кейде кітапханашыдан кеңес сұрайды. Бастауыш сынып мұғалімдері үш тілде қатар жазылған кітаптарды оқуға ұсынатындықтан, қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі басылымдарға да сұраныс бар.
Оқушыларды кітап оқуға қызықтырудың қандай әдістері бар?
Данагүл балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін дәстүрлі әдістермен шектелмейді. Мәселен, оқушылардың комикстерге сұранысын байқаған соң, өзі де шығарма желісі бойынша комикс жасап көруге шешім қабылдаған. Алғашқы жұмысын Даниель Дефоның "Робинзон Крузо" шығармасына арнап, балаларға электронды нұсқасын ұсынған.
"Комикс сұраныста екенін кітапханаға жұмысқа тұрмасам білмейтін де едім. Балалар сұрай бастаған соң бір нұсқасын жасап көруді шештім. "Робинзон Крузо" шығармасына лайықтап жасап, балаларға электронды нұсқасын ұсындым. Алдағы уақытта өзекті деген шығармалардың комиксін жасап, басып шығарып кітапхана сөресіне қоюды ойлап жүрмін", – дейді ол.
Кітапханашы комиксті оқудың "жалқау әдісі" деп атайды. Өйткені қанық суреттер, қысқа мазмұн мен шағын диалог оқырманды тез баурайды. Дегенмен комикс кітаптың толық нұсқасын алмастыра алмайды. Оның ойынша, шығармадағы кейіпкерлерді көз алдына елестетіп, оқиғамен бірге өмір сүргендей сезіну – кітап оқудың ерекше ләззаты. Сондықтан комикстің негізгі міндеті баланы шығарманың толық нұсқасын оқуға ынталандыру болуы керек.
Данагүл алдағы уақытта комикстерді оқырманды қызықтыратындай етіп жасауды жоспарлап жүр. Кейбір оқиғаларды толық ашпай, құпия қалдыру арқылы баланың "ары қарай не болады?" деген сұрағына жауап іздетуге болады.
"Кітап оқуға құлықсыз бала тым құрығанда оны тыңдауға ниетті болады. Жағымды дауыс ырғағымен оқып беруге болады. Бетін парақтап отырғысы келмегенімен, ол тыңдауды сүюі мүмкін ғой. Ал кейбір оқушының тыңдауға жаны қас. Ол бейне форматты ғана қабылдай алатын визуал шығар? Оларға "буктрейлер" ұсынған дұрыс. Кәдімгі фильм трейлері сияқты, шығарма мазмұнын ЖИ көмегімен трейлер етіп жасайсың. Бала көкейінде "Толық нұсқасында не болады? Оқиға қалай жалғасады?" деген сұрақ қалуы керек", – дейді ол.
Тағы бір әдіс – оқушыға автордың рөлін беру. Шығарманы ең қызықты жерінен тоқтатып, оқиғасын өз қалауынша жалғастыруды сұрауға болады. Мұндайда кей балалар өз қиялын іске қосып, кейіпкерлердің тағдырын басқаша өрбітеді.
"Кей оқушылар назарды сүйеді. Оған маңыз беріп, ойын сұрасаң көзі жанып қоя береді. Бұндай балаларға автордың "рөлін" беріп, шығарманы қақ ортасынан үзіп тастап, «сен автор болсаң қалай жалғастырар едің?» деп көрші. Бар қиялын, шеберлігін салып тұрып өз нұсқасын баяндай жөнеледі. Енді бір оқушылар "интригаға" жаны құмар. Шығарманың ең соңғы екі бетін оқытып, "Бұл неге бұлай аяқталды? Осыған дейін кейіпкер басынан не өтті? Бұл халге қалай жеткен?" деген сұрақты қузай түсіп шығармаға деген қызығушылығын ашамыз. Кітапханашы деген тек кітапты "алды-тапсырды" деп тізіп қана отыратын жан емес. Ол да – педагог, бала жанының, жас оқырманның бағбаны. Менің кітапхана саласында бұрын-соңды тәжірибем болған емес. Педагогикалық білімге, өзімнің кітап оқудағы аздаған тәжірибеме сүйеніп балалармен осылай жұмыс істеймін. Осы тұста мектебімізде 22 жыл қызмет етіп келе жатқан әріптесім, кітапханашы Жанаргүл Мұқтарханқызының көмегі зор. Әрдайым білмегенімді үйретуден жалыққан емес. Кітапханашы ретіндегі үлкен тәжірибе иесі және жаңашыл көзқарас енгізуді ниет еткен маман ретінде екеуміз бір-бірімізді толықтырып тұратындаймыз", – дейді Данагүл.
Кітапханашының тағы бір жоспары – балаларға жылдам оқу дағдысын үйрету. Бұл ойды көптен бері кейінге қалдырып келген Данагүл кітапханаға жұмысқа орналасқан соң оның өзі үшін де, оқушылары үшін де қажет екенін түсінген. Қазір алдымен осы дағдыны өзі меңгеріп, кейін балаларға үйретуді көздеп отыр.
Кітап оқитын ата-ана баласына үлгі бола ала ма?
Кітап оқу мәдениеті тек мектеп пен кітапхананың жұмысына байланысты емес. Данагүлдің пікірінше, баланың кітапқа деген алғашқы қызығушылығы отбасында қалыптасады. Ол мұны өз тәжірибесімен де байланыстырады.
"Отбасындағы кітап оқу мәдениетінің рөлі бала үшін өте маңызды. Жеке тәжірибемнен айтайын: биыл 1-сыныпқа қадам басқан баламның кіттапқа қызығушылығын оятуды 2-3 жасынан бастадым. Қазір өзі қызықтап, кейде бізден оқып беруді өтінеді. Санамақ, боямақ форматындағы кітапшаларды әкеліп бердім. Бастапқыда оны бүтін сақтап қалу мүмкін болмайды. Бояп көреді, әбден қызығы басылған соң шетін қиып көреді. Маңыздысы – оның баламен әбден танысуына мүмкіндік беру, қолжетімді ету. Сіз кітапшаны шамадан тыс аялаған сайын балада "бұнымен абайлау керек, шама келсе, тіпті, тиіспей-ақ қою керек екен" деген ой келуі мүмкін. Сөйтіп кітаппен "алыстан сыйласу" басталады. Кейін есі кіре келе кітапты қадірлеу керегін, аяқ асты етуге болмайтынын, оқып болған соң сөреге қоюды үйретіп аласыз. Қысқаша айтқанда, баланың жеке кітапханасындағы алғашқы кітаптар – құрбан", – дейді ол.
Кітапханашы балаға кітап оқуды үйрету үшін ата-ананың өзі де кітапты қолына алуы керек деп есептейді. Өйткені бала үлкендердің айтқанынан гөрі, күнделікті іс-әрекетіне көбірек назар аударады.
"Бала айтқанды емес, көргенін істейді деген сөзбен келісемін. Кейде зауқым соқпай тұрса да кітапты қолыма алып, бірер парақ оқып шығамын. Оның көзі үйреніп, үйдегі қалыпты дағдыға айналуы керек", – дейді Данагүл.
Ол мектептегі жас оқырмандардың ата-аналарына арнайы хат жолдауды да ойластырып жүр. Хаттың мақсаты – баласының кітап оқуға деген қызығушылығын байқап, қолдап отырған ата-аналарға алғыс айту. Кітапханашы мұндай хатты ресми хабарлама емес, баланың кітап таңдау кезіндегі әрекеті мен шығарманы оқып аяқтағандағы қуанышын суреттейтін жылы лебіз түрінде жазғысы келеді.
"Қай ата-анаға болмасын мұндай хатты алу қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Бұл бір жағынан "Кітап оқи бергенше сабақ оқысаңшы" дейтін ата-аналардың жаңсақ пікірін өзгертуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Кітапханаға баласымен келіп, оның талғамын қалыптастыруға жәрдемдесетін ата-аналар саны артады ғой деп үміттенемін", – дейді ол.
Балаға қалай кітап оқытамыз?
Кітапханашыдан баланы кітап оқуға қызықтыру әдістерін сұрадық.
"Қаіргі балалар гаджетпен ерте жастан танысып, регламенті бар болғаны 10-15 секундтық контентті тұтынып үйренген. Назарын ұзақмерзімді нәрсеге бұру – үлкен еңбек. Сол себепті қысқа әрі нұсқа дүниеден бастау керек шығар. Қазір Иран жазушысының бір беттік кітаптары бар. Бір-ақ парақ. Қазақшаға аударылған. Жазушының шеберлігі сондай, ең дәмдісін, ең маңыздысын бір параққа сыйғыза білген. "Бір күнде – бір кітап" деген ұстаным орнатып, күніне біреуін бірге оқып, талдап отыруға болады. Әр оқылған кітап сайын баланы шағын сыйлықтармен ынталандыру да – бір шешім. Одан бөлек "Оқырман күнделігін" жасап қоюға болады. Біздің оқушы кезіміздегі "анкета" сияқты болмақ. Оқыған шығармасы туралы ойын жазып, ұнаған кейіпкердің суретін салып, дәптерді қалауынша безендіре алады. Сөйтіп достарына да ұсынуына болады, қолдан-қолға өткен күнделік креативті шығармашылыққа айналады. Бірінікін бірі оқи отырып, шығармалармен таныс болады, толық нұсқасын оқуға құлшынады. Мұғалімдер мен ата-аналарға осы әдісті ұсынар едім", – дейді Данагүл.
Кітапханашы балаға кітап таңдағанда оның жас ерекшелігінен бөлек, тағы бірнеше факторды ескеруге шақырады. Атап айтқанда, жеке қызығушылығы, мінезі мен психологиялық ерекшелігін де ескеру қажет. Мысалы, халық ауыз әдебиетін, жұмбақ пен жаңылтпаш оқығанды ұнататын балаға бірден басқа жанрдағы көлемді шығарма ұсынудың қажеті жоқ. Оны жаңа жанрлармен біртіндеп таныстырған дұрыс.
Данагүл кітаптың мазмұнына ғана емес, сыртқы безендірілуіне де мән береді. Әсіресе кішкентай балаларға кітап таңдағанда қазақы таным мен құндылықтарды ескерген жөн деп санайды. Сонымен бірге оқушының сезімталдығын да назардан тыс қалдырмау керек. Жаны жараланғыш, эмпатиясы жоғары балаға ауыр тағдырды суреттейтін шығарманы оқуға ерте болуы мүмкін.
"Ал кішкентай балаға дүкен сөресінен қандай кітап таңдап алу керек десеңіз, қазақы танымға сүйенер едім. Мұқабасына, иллюстрациясына мән берер едім. Мысалы, мұқабада танауы таңқиып торай тұрса, ол кітапты алмас едім. Қазақылығымызға да, мұсылмандығымызға да жат дүниені балаға қалыпты етіп көрсетуді жөн көрмеймін. Бала темпераменті мен психологиясына да қарау керек. Жаны жараланғыш, эмпат оқушыға тағдыры ауыр, бастан-аяқ қасірет шегетін кейіпкері бар шығарманы ұсынбас едім. Оның сәл есейгенін күтер ме едім", – дейді ол.
Ауыл кітапханасына қандай жағдай қажет?
Данагүлдің айтуынша, ауыл мектебіндегі кітап қоры оқулықпен толық қамтылғанымен, көркем әдебиеттің ассортименті әлі де шектеулі. Балалар сұрайтын шығармалардың барлығын бірдей табу мүмкін емес. Данагүл алдағы уақытта кітап қорын толықтырып, әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істейтін баспалармен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Тіпті мектеп кітапханасының жеке парақшасын дамытып, баспалармен жарнамалық бартер арқылы жетіспейтін кітаптарды алуды да ойлаған.
"Республикалық маңызы бар қала немесе мегаполис болмағандықтан 100% қамту мүмкін емес. Оқулықпен толық қамтылуы мүмкін, бірақ әдеби басылымдардың ассортименті өте аз. Ол кітаптарды сұрату ойымда бар. Тіпті кейде кітапхананың жеке парақшасын дамытып, "Qasymkitap", "KitapAL", "Sanapublishing" сынды әлеуметтік желіде белсенді басылымдармен жарнамалық бартер ұсынып, жоқ кітаптарымызды түгендеп алсақ деген ойым бар", – дейді ол.
Оның пікірінше, мектеп кітапханасы тек оқулық тарататын кабинет болмауы керек. Ол – мектептегі тәрбие жұмысының маңызды бөлігі. Оқушы кітапханада өзін жайлы сезініп, қажетті кітабын оңай таба алуы қажет. Қазіргі балалардың талғамы жоғары болғандықтан, кітапхананың атмосферасы да тартымды болуы маңызды.
"Мектеп кітапханасы – мектептегі тәрбие ісінің бір бөлігі, оқу жылы басында оқулықты таратып, аяғында жиналып алып қана отыратын кабинет емес. Оқушы кітапханада өзін жайлы сезінетіндей жағдай жасалуы керек. Тыныштық, сұранысына қолжетімділік, жағымды атмосфераны сезінуі керек. Қызылды-жасылды гаджет әлемімен ерте таныс болғандықтан қазіргі балалар өте талғампаз, қызықтырып әкету оңай емес. Креативті, қазіргі тілмен айтқанда "cozy atmosphere" жасай алуымыз керек", – дейді Данагүл.
Ол кітапханашылардың да тәрбие сағаттары мен түрлі іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі бар екенін айтады. Алайда мұндай жұмыстар формалды есеп пен бейнесілтеме үшін ғана ұйымдастырылмауы керек. Кітапханашы педагогтерге артылатын артық жүктеменің бұл салада да кездесетінін айтып, іс-шара санынан гөрі сапасына мән беру қажет деп есептейді.
Мектеп оқушыларының ішінде ең танымал кітап қайсы?
Данагүлдің айтуынша, кітапханаға 3-8 сынып оқушылары жиі келеді. Олардың арасында Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" шығармасы да танымал.
Кітапханашы Қожаның мінезін қазіргі балалардың болмысымен байланыстырады. Оның ойынша, шығарма кейіпкерінің еркіндігі мен қалыптасқан тәртіпке қарсылығы бүгінгі жас ұрпаққа да жақын.
"Қожа ел ойлағандай сотқар бала емес. Ол тәуелсіз, еркін қазақтың өзі. Ондағы қарсылық жүйеге деген қарсылық. Қазіргі балаларда да бұл мінез бар. Себебі, олар өз заманын қалыптастыру үшін бүгінгі әділетсіздіктермен, қасаң қағидалармен күреседі. Бұл шығарма сондығымен өміршең, сонысымен терең", – дейді ол.
Оқушыға қандай үш кітап ұсынады?
Данагүл қазіргі оқушыларға оқуға кеңес беретін үш шығарманы да атады.
Біріншісі – Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұясы". Кітапханашы бұл шығарма баланың отбасы тарихына, үлкендердің сөзіне және өз тамырына қызығушылығын арттырады деп санайды. Ол оқушылардың кітапты оқығаннан кейін ата-әжесінің әңгімесін тыңдап, отбасының тарихын білуге ынталанғанын қалайды.
Екінші шығарма – Мұхтар Мағауиннің "Сары қазағы". Данагүл бұл туынды арқылы оқушылар ұлттың басынан өткен тарихи қасіреттерді, қазақ қоғамындағы өзгерістерді басқа кейіпкердің көзімен танып, ел тарихына тереңірек үңіле алады деп есептейді.
Ал жоғары сынып оқушыларына Джек Лондонның "Теңіз қорқауы" романын ұсынады. Оның айтуынша, шығарма күш пен билікке сүйеніп өмір сүрудің салдарын көрсетіп, адамдық қасиет, ар-ұят пен ақыл туралы ойлануға жетелейді.
Данагүл үшін кітапханадағы басты міндет – оқушыларға белгілі бір шығарманы оқытып қана қою емес, олардың өз талғамын қалыптастыруына көмектесу. Бір балаға ертегі, екіншісіне фантастика, үшіншісіне тарихи шығарма ұнауы мүмкін. Маңыздысы – баланың кітаптан өзіне жақын әлемді табуы.
Жетісудан Катонқарағайға қоныс аударып, жаңа ортада еңбек етіп жүрген кітапханашы алдағы бес жылда осы өңірдің балаларына қызмет етпек. Ал оның кітапханадағы алғашқы жоспарларының өзі кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың бір ғана жолы жоқ екенін көрсетеді. Біріне комикс, біріне буктрейлер, енді біріне автордың рөлін беру арқылы кітап әлеміне жол ашуға болады. Бәлкім, кітап оқитын ұлт қалыптастыру да осындай шағын кітапханалардағы күнделікті еңбектен басталатын шығар.
Ауыл кітапханаларына жабылу қаупі төніп тұр – депутат
Астана, Алматы және Қызылордада президент кітапханасы бой көтереді