Қазақстанның үш қаласы – Астана, Алматы және Қызылордада президент кітапханасы салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық кітап күніне орай құттықтауында хабарлады.
"Президенттің "Кітап оқитын ұлт" тұжырымдамасы аясында елімізде кітапханалар салу және оларды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында жаңа Президент кітапханалары салынатын болды. Қазірдің өзінде 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаңғыртылды. Ал, 2026 жылы тағы 30 кітапхананы жаңарту жоспарланып отыр", – деп жазды Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, елімізде 12 мыңға жуық кітапхана бар. Бұл салада 20 мыңға тарта маман еңбек етіп жүр.
Кітапханалар автоматтандырылған жүйелерге көшіп, жасанды интеллект технологияларын енгізіп, электрондық ресурстарын дамытып келеді. Соның нәтижесінде азаматтарға кітап қорына қашықтан қол жеткізу мүмкіндігі кеңейе түсті. Мемлекеттік онлайн платформаларда да тұрақты өсім байқалады. Электрондық кітапхана ресурстарын пайдаланушылар саны 30 пайызға артып, 718 мың адамға жетті.
Жалпы, кейінгі бес жылда онлайн оқырмандар саны 4 миллионнан, электрондық форматта қаралған кітаптар саны 9 миллионнан асып отыр.
"Ең бастысы, ел ішінде кітап оқуға деген қызығушылықтың тұрақты түрде артып келе жатқаны анық байқалады. Әсіресе балалар әдебиетіне сұраныс едәуір көбейді. Тек соңғы бір жылдың өзінде балалар кітаптарына сұраныс 75 пайызға артса, қазақ тіліне аударылған классикалық қазақ әдебиеті мен әлем классикасына деген қызығушылық 50 пайызға өсті. Бұл Қазақстандағы оқырман қауымның ауқымы кеңейіп, талғамы тереңдеп, санасы сергек бола түскенін аңғартады", – деді министр.
USD:
461.3 / 464.1
EUR:
540.0 / 545.0
RUB:
6.01 / 6.13

