Тікелей эфир

2023 жылы оқушылар мен студенттер қалай оқиды? Білім берудегі өзгерістерге шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Білім саласы – Ашық диалог порталындағы ең сұрақ көп қойылатын сала.

Қазақстанның білім беру саласында 2022 жылғы ең басты жаңалық – Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлініп, Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы болды. Биылдан бастап мектеп оқушылары 35-36 апта оқиды. Ал 10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектепте де, коледжде де оқи алады. Жалпы, білім саласында биыл өзгеріс көп. 

Бұл материалда балабақша, мектеп, кәсіптік және жоғары білім мекемелері, сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеу мен ұлттық біліктілікті тестілеу жүйелеріндегі және "Болашақ" стипендиясын тағайындаудағы ең маңызды өзгерістерді баяндаймыз. 

Мектепке дейінгі білім

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеші қызметкерлері толтыруы тиіс құжаттар саны үшке қысқарды. Жаңа тізім бойынша тәрбиешілер келесі құжаттарды ғана толтыруы қажет:

  • оқу жылына арналған перспективалық жоспар (жылына бір рет толтырылады);
  • тәрбие-оқу процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады);
  • диагностиканың (бастапқы, аралық, қорытынды өлшеулердің) нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасы (қажеттілікке қарай толтырылады).

Мемлекеттік тапсырыс алғысы келетін барлық балабақшаға қосымша талаптар енгізілді:

  • өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;
  • дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет;
  • міндетті түрде бейнекамералар орнату;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар жасау;
  • балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі;
  • балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау;
  • медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету. 

Оқи отырыңыз: Мемлекеттен тапсырыс алатын балабақшаларға талап күшейді


Ата-аналар балабақшаға жолдама алған кезде тізімнен нақты балабақшаны таңдай алады. Яғни, қанша ата-ана балабақшаны таңдаса, балабақша солардың санына сәйкес қаржыландырылады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалары қабылданды. Осыған орай балабақшалар енді күн тәртібін еркін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге оқыту мен тәрбиелеуде әртүрлі тәсілдерді қолдануға, минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалардың ойын және оқу жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Балабақшалар білім беру сапасын өздері бағалайды. Аттестациядан өткенде, олардың стандартты орындауы, үлгілік оқыту бағдарламасын игеруі, оның сапасы, балабақшадағы орын мен топ саны сияқты өлшемшарттар қаралады. Балабақшалар өздерінің мүмкіндігін, кемшін тұстарын – критерийлер арқылы бағалап, жұмысын жетілдіруді жоспарлай алады.

Балалар 2 жастан бастап балабақшамен қамтылады. Бұған дейін мемлекеттік дотация тек 3-6 жастағы балаларды қамту үшін берілетін.

Әлеуметтік осал, яғни қаржылай қиындыққа ұшыраған және ата-анасы тамақ ақысын төлей алмайтын отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақтанады.

Оқушыларға мектеп асханаларында өзімен әкелген тамақты жеуге рұқсат. Мектеп әкімшілігі балаларға қажет жағдай жасауы қажет. Сонымен бірге, бастаушы сыныпта оқитын 1,4 миллион оқушы тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. 

Мектеп оқулықтарын таңдауға оқушылар мен ата-аналар да қатыса алады. Бұл үшін "Жаңа оқу жылындағы мектеп оқулары" көрмесі ұйымдастырылады. 

Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға БИЛ, "Дарын" және басқа да мамандандырылған мектептерде оқу үшін 15 пайыз квота бөлінеді. Жыл сайын 1500-дей бала жаңа квота бойынша осы мектептерге оқуға түсе алады.


Оқи отырыңыз: Мектеп асханалары оқушылардың үйден әкелген тамағын қалай сақтайды?


2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшеді.

Биыл оқу жылы 25 мамырда емес, 31 мамырда аяқталады. Ал соңғы қоңырау 1 маусымда соғылады. Соған орай, оқу жылының мерзімі екі аптаға ұзартылып, оқушылардың демалысы қысқарды.

2023-2024 оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары да қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11 сынып оқушылары ғана тапсыратын. Емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады.

2022-2023 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша үздік оқушылар және соңғы үш жыл бойы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанған "Алтын белгі" төсбелгісіне үміткерлер қажет болған жағдайда қорытынды емтихандардан босатылып, үздік белгісін алады. Сондай-ақ, үміткерлердің 5-11 сыныптардағы барлық тоқсандағы бағалары "5" болуы керек.

Биыл 1 қыркүйектен бастап 10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектепте де, коледжде де оқи алады. Оқушы мамандықты өзі таңдайды.

Биыл ҰБТ-да бірқатар өзгерістер бар. Қазақстан тарихы пәнінің сұрақтары беске көбейіп, керісінше оқу сауаттылығының сұрақтары азаяды:

  • "Қазақстан тарихы" пәнінің бір нұсқасында 20 тест тапсырма (20 балл) болады: 1-ден 10-ға дейін – бір дұрыс жауапты таңдауға арналған тест тапсырмалары, 11-ден 20-ға дейін – контекстке негізделген тапсырмалар (5 сұрақтан 2 контекстік мәтін).
  • "Оқу сауаттылығы" пәнінде талапкерлерге 3 мәтін бойынша 15 тест сұрағы (15 балл) беріледі.

Сонымен қатар ҰБТ тапсырмаларының құрылымы да өзгеріске ұшырайды:

  • 1 дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін;
  • 1 немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (3 дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін қысқарады.

Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап "Информатика мұғалімдерін даярлау", "Ақпараттық технологиялар", "Ақпараттық қауіпсіздік" білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны "Математика-Информатика" комбинациясы бойынша тапсырады. Ал шығармашылық емтихан тапсыратындар Қазақстан тарихы мен оқу сауаттылығынан ғана тест тапсырады. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы ҰБТ өзгеріп, мәтіндік сұрақтар саны артады


ҰБТ өтетін ғимаратқа алып кіруге болмайтын заттар тізімі кеңейеді. Атап айтқанда, бұл қатарды смарт көзілдірік, фитнес білезік (трекер), диктофон және А4 форматындағы қағаздар толықтырады. Негізгі ҰБТ-да Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесін қағаз нұсқада пайдалануға рұқсат беріледі. 

Білім беру салалары бойынша 2023 жылғы шекті балдар келесідей:

  • "Құқық" – кемінде 75 балл;
  • "Педагогикалық ғылымдар" – кемінде 75 балл;
  • "Денсаулық сақтау" – кемінде 70 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл.

Сондай-ақ, ұлттық жоғары оқу орындарында білім алу үшін кемінде 65 балл жинау қажет болса, басқа оқу орындарының шекті балы 50 балл болып белгіленген. Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.


Ұлттық біліктілік тестілеу

Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізді. Енді бірқатар педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырудан босатылады. Олар:

  • 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер тек қызмет нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын, яғни портфолионы ғана тапсырады;
  • ескі жүйе бойынша "бірінші", "жоғары" санаттары бар мұғалімдер жұмыс нәтижелерін жан-жақты қорытындылау арқылы "педагог-модератор" біліктілік санатына ауысса, онда ҰБТ-дан босатылады;
  • зейнет жасына шығуға төрт жылдан аспайтын уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады.

Аттестация мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізіледі. Нәтижесіне сай біліктілік санаттары беріледі және жалақының 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төленеді.

Аттестациядан өту кезеңдері де қайта қаралды. Бірінші кезеңде мұғалімдер білім беруді ұйымдастыру барысында біліктілік бағалаудан өтеді. Одан кейін өз қызметінің нәтижелерінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын тапсырады, яғни олар портфолиосын сараптамаға ұсынады. Келесі кезең – Ұлттық біліктілік тесті. 


Оқи отырыңыз: Оқу-ағарту министрі: Біліктілік арттыру курсының үш жыл сайын өткізілуі аттестация мерзіміне әсер етпейді


Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады. 

Мұғалімдерді тестілеудің шекті деңгейі де 50%-ға төмендетілді. Педагогтердің біліктілігін арттыру мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқарды.

Кәсіптік және жоғары білім

Колледж түлектері университетке түсу үшін екі пәннен ғана ҰБТ тапсырады. Өз мамандығы бойынша білім алуды жалғастырғысы келетін колледж студенттері 60 сұрақтан тұратын қысқартылған ҰБТ тапсырады.  

Колледж студенттері енді 23 біліктілік бойынша ғана сырттай білім ала алады. Салыстыру үшін: 2 жыл бұрын олардың саны 595 болатын. Студенттер сырттай оқу кезінде сапалы машықтар мен дағдыларды ала алмаған соң оқу бітіргеннен кейін практика жетіспей жұмыс таба алмай жатады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі сырттай оқу мамандықтарын жылда қысқартып жатыр. Бұл жолы қысқартылған мамандықтар:

  • "Радиоэлектронды көлік құралдарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (көлік түрі бойынша)";
  • "Техник-электроник" біліктілігі;
  • "Техник-технолог" біліктілігі бойынша "Пайдалы қазбаларды өңдеу (көмір дайындау)"
  • "Техник-құрылысшы" біліктілігі бойынша "Қалалық коммуникацияларды салу және пайдалану";
  • "Тазалау құрылыстарының технолог-технологы біліктілігі бойынша "Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту құрылыстарын пайдалану".

Оқи отырыңыз: Студенттер шәкіртақысы 2030 жылға дейін 4 есе артады


Енді басқа өңірден келген студенттерге демалыс уақытында барып-қайту жолақысы растайтын құжаттарсыз төленеді. Оның мөлшері – 4 АЕК (2023 жылы – 13 800 теңге).

Сондай-ақ, студенттер жатақханасындағы орындарды бөлу ережелері жаңадан бекітілді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру (мемлекеттiк қызмет) ұйымдарында студенттерге жатақхана беру өтiнiш негiзiнде өтеусіз жүзеге асырылады. Жатақханадағы бос орындардың болуы туралы ақпарат университеттің ресми сайтында ай сайын жарияланады. Жатақханадағы орындарды басымдық бойынша арнайы құрылған комиссия конкурстық негізде бөледі.

2023-2024 оқу жылынан бастап студенттер оқу ақысын төлеу үшін банктен 2-3 пайыздық несие ала алады. Несиені екінші деңгейлі банктер береді. 

Педагогтер мен психологтар үшін арнайы магистратура бөлімі ашылады. Бұл бөлімге психологиялық медициналық педагогикалық кабинеттің, түзету кабинеттері мен орталықтардың мамандары сұхбат арқылы ағылшын тілінсіз түсе алады.

Сонымен бірге, 2023 жылдан бастап әскери борышын өтегендер жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсе алады. Олар ақылы түрде және әскери борышын өтеу кезіндегі тәртібі мен жетістіктеріне қарай тегін оқиды. Жылына шамамен 3 мың грант бөлінеді. 

Биыл "Болашақпен" тағылымдамадан өтушілер конкурсқа қатысу үшін шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Сонымен қатар үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі үш жылдан кем болмауы керек. Соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс. Қабылдаушы шетелдік ұйымнан шақыру және кемінде В1 деңгейіндегі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификат талап етіледі. 

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап инженерлік-техникалық қызметкерлер мен медициналық мамандар жеңілдетілген шарттармен "Болашақ" халықаралық стипендиясының конкурстық іріктеуіне қатыса алады. Олар қазақстандық дәрігерлер мен техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады. Сондай-ақ, олар стипендияға құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес. Олар стипендия жеңіп алғаннан кейін-ақ оқу орнын таңдай алады. 

"Болашақ" стипендиясына үміткерлер енді қазақ тілінен онлайн тест тапсыра алады. Онлайн тест тапсырған үміткер "Болашақ" конкурсына Qazaq resmi test сайтынан жүктелген ресми сертификатты ұсынады. 

Серіктестер жаңалықтары