Мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптардың күшейтетін бұйрыққа қол қойылғанын хабарлаған оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құжаттың негізгі талаптары туралы түсіндірді.
Мемлекеттік тапсырыс енді тек келесі талаптарға сай келетін балабақшаларға ғана беріледі:
- өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Сондай-ақ дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет.
- Міндетті түрде бейнекамералар орнату.
- Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар жасау.
- балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі.
- Балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау.
- медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, балабақша тәрбиешілерінің балалармен жұмыс істеуі үшін тиісті біліктілігі және/немесе білімі болуы қажет.
Оқи отырыңыз: Ата-аналардың жеке балабақшаларға қатысты шағымдары қандай?
"Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі өзгертілді. Бұрын білім басқармалары мемлекеттік тапсырысты орналастырған кезде белгілі бір балабақшаға нақты орын санын көрсетсе (мысалы, "Балбөбек" – 100, "Еркетай" – 100 орын), енді барлық талапқа сәйкес келетін балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алатын ұйымдардың жалпы тізбесіне енгізіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.
Сәйкесінше, ата-аналар балабақшаға жолдама алған кезде тізімнен нақты балабақшаны таңдай алады. Яғни қанша ата-ана балабақшаны таңдаса, балабақша солардың санына сәйкес қаржыландырылады.
Жаңа бұйрықта келесі тағы бірқатар талаптар қойлыған:
- Мемлекеттік тапсырысты алу үшін құжаттар саны қысқартылды. Егер бұрын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар көп құжатты ұсыну қажет болса, енді тізім 4 құжатқа дейін қысқартылды. Қалған құжаттар ақпарат жүйелерінен алынады.
- Электронды түбіртектер енгізіледі. Бұл шара "жалған орынға" айналған тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Яғни мектепке дейінгі ұйым қаржыландыру алып, бірақ балалардың мәлімделген саны сәйкес келмеген жағдайда.
- Енді білім басқармаларына мемлекеттік тапсырысты орналастыру Тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін балабақшалардың жұмысымен, жағдайымен танысу құқығы берілді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мұндай мониторинг міндетті түрде балабақшалар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жүргізілуі керек.
- Рәсімнің ашықтығы үшін өтінімдер мен барлық құжатты комиссия міндетті түрде бейне және аудиожазбамен қарайды.
Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мемлекет қолдауына ата-аналар таңдаған балабақшалар ие болады
"Сонымен бірге мемлекеттік тапсырысты алу үшін берілген өтінімдер мен құжаттарды енді білім бөлімі сайтқа орналастыруы тиіс. Қоғам ұсынылған құжаттарды көре алуы үшін және соның негізінде осы мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік тапсырыс алушылар тізіміне енгізілген. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың ашықтығын қамтамасыз етуі керек", – деп жазды оқу-ағарту министрі.