Informburo.kz Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың түсіндірмесін ұсынады.
Материал соңында Balapan арнасы арқылы көрсетілетін 1-11 сынып оқушыларына арналған видеосабақтар кестесімен танысуға болады.
Қашықтан оқыту деген не?
Халық ішінде қашықтан оқыту мен онлайн оқыту екеуі – бір деген түсінік бар. Алайда Білім және ғылым министрі бұл екі ұғымға жеке-дара қарау қажет екенін айтады. Министрдің сөзінше, қашықтан оқыту – пошта, теледидар, радио, интернет секілді әртүрлі құралдар арқылы білім беру.
"Интернетті пайдаланып оқыту ешқайда кеткен жоқ. Ең бастысы "қашықтан оқыту" мен "онлайн" мағыналарын ажырату керек. Қашықтан оқыту ішіне онлайн оқу да кіреді, тиісінше қашықтан оқыту кеңірек ұғым. Онлайн деген – мұғалімдердің оқушыларға селекторлық режимде тікелей байланысқа шығып, сабақ өтуі. Осының бәрін түсінгендіктен, арнайы тексеру үшін 1 сәуірде сынама сабақ өткіздік. Нәтижесінде қашықтан оқытамыз деп шештік. Бірақ оның ішінде онлайн ғана емес, басқа жүйелер де болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: Оқушыларға 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып алынады
Онлайн режимге 1 млн 250 бала шыққан. Жалпы 2,5 млн бала Kundelik, BILIM Land, Daryn.Online сияқты платформалар мен әртүрлі мессенджер арқылы сынама сабаққа қосылған.
"Ұстаздарымыз қысқа уақыт ішінде тез қашықтан оқыту жүйесіне бағытталып, қайта шеберлігін шыңдап, дайын болды деп айта аламыз. Балалар да жақсы қабылдады, мектепті, оқуды мұғалімдерін сағынғаны көрініп тұр", – деді Білім және ғылым министрі.
Сынама сабақтар нәтижесінде көп мәселе анықталды. Онлайн оқыту осыншама қосылуды көтермейді екен. Техникалық ақаулар жеткілікті. Интернет бұл жүйені көтере алмады. Сол себепті министрлік онлайннан басқа да платформалар арқылы қашықтан оқыту керек деп шешті.
Оқи отырыңыз: Мектептерде қашықтан білім беру қалай жүргізіледі? Министр түсіндірмесі
Қашықтан оқытудың бес тәсілі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларды қашықтан оқытудың бес тәсілін айтты:
- телеарна:
- Balapan арнасында – қазақша, Ел арнада – орысша. Күніне – 8 сағат. Эфир кестесі дайын. Әр видеосабақ – 10 минуттан. 3360 видеоның 500 жуығы түсірілді. Видеосабақтар интернетте жарияланады;
- радио: Qazaq radiosy-нан аудиосабақтар беріледі;
- пошта: мектебі жоқ 1200 жуық елдімекенге материалдар пошта арқылы жеткізіледі;
- шағын жинақталған мектептер: шалғайдағы елдімекендерде 100 балаға дейін білім алатын 1080 мектеп бар. Жергілікті атқарушы органдар осындай мектептер штатты режимде бұрынғыдай оқи береді деген шешім қабылдады.
- интернет платформалар: "Күнделік" электронды журналы, BILIMLAND, DARYN.ONLINE және тағы басқа. Әрбір мектеп өзіне ыңғайлы білім беру платформасын таңдайды.
Сондай-ақ, мұғалімдер оқушыларды қашықтан оқыту кезінде әртүрлі мессенджерлерді пайдалана алады.
Оқи отырыңыз: Бүгін бала – ертең студент. Оның болашақта сапалы білім алуына қалай қаражат жинауға болады?
Сабақ кестесі бола ма?
Балалар дәстүрлі оқу кестесімен оқытылмайды. Олар берілген тапсырманы ыңғайлы уақытта орындайды.
"Біз үйренген дәстүрлі оқу кестесі болмайды. Таңертең 9.00-де бірінші сабақ басталады деген жоқ. Бізге нәтижесі керек. Оны жинақтық бақылауда көріп отырамыз. Балаларға сеніп, қолдауымыз керек. Кейбір директорлар, ұстаздар оқушыларға мектеп формасын киіп сабақ оқу талабын қойып жатыр. Мұны қолдамаймыз, бұлай жұмыс жүргізуге болмайды", – деді министр.
Теледидардан видеосабақтар кесте бойынша беріледі. Балалар қарап, тапсырмалармен жұыс істейді. Интернетпен оқитындарға да қатып қалған кесте жоқ. Платформаларға ыңғайлы уақытта кіріп, кейін мұғаліммен кері байланыс орнатып жұмыс істейді.
Төртінші тоқсан дәстүр бойынша 25 мамырда аяқталады.
Оқи отырыңыз: "Балаларды кітап оқуға баулу өте маңызды". Асхат Аймағамбетовтың ата-аналарға хаты
Мектептегі компьютерлер ата-аналарға беріледі
Оқушыларды интернет арқылы оқытуда екі мәселе бар:
- компьютер жетіспеушілігі;
- интернетке қосыла алмау.
"Мектеп балансындағы компьютерлерді балаларға уақытша пайдалануға беру арқылы мәселені шешуге болады. Қазірдің өзінде 120 мың компьютер мектеп баланысынан уақытша ата-анаға берілді. Жетпей жатса қосымша сатып аламыз. Жергілікті атқарушы органдардың бізге берген ұсынысына сәйкес, 79 870 компьютер сатып алу жоспары бар", – деді министр.
Балаларда компьютер болса да, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Алматыда қысқа мерзім ішінде ата-аналарға 4 220 роутер берілген. Нұр-Сұлтан қаласында 5 583 отбасы осылай интернетке қосылды. Бұл жұмыс барлық өңірде жалғасын табады.
Оқи отырыңыз: Мектеп оқушылары 6 сәуірден бастап сабақты қалай оқиды? Министр түсіндірмесі
Мұғалімдерден есеп талап етілмейді
Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен енді мұғалімдерден сабақ өткізгені жөнінде есеп талап етілмейді.
Министрлік барлық тексерулерді тоқтатты. Енді ешқандай тексеру болмайды. Министрлік мұғалімдер мен мектептерден жиналатын есептің көбеюі себебінен оларды тоқтату бойынша арнайы бұйрық қабылдады. Енді мұғалімнен сынып журналынан басқа ештеңе талап етілмейді.
"Балалаларымызға, ұстаздарымызға, әріптестерімізге сенуіміз керек. Артық есептер қажет емес. Кейбір жерлерде өткізіп жатқан сабақтар скринін, кейбір жерлерде оны видеоға түсіріп алуды талап ету секілді келеңсіз жағдайларға көз жеткіздік. Бұған жол бермейміз. Жергілікті өңірлерде бақылау департаменттеріне енді тексеру жүргізбей, керісінше ұстаздардан есепті талап етпеу мәселесін қадағалауды тапсырдық" – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр "ұстаздарға жақсы болды ғой, жұмыс азайды" деген пікірге жауап берді. Оның айтуынша, керісінше олардың жүктемесі көбейе түседі. Мектепке барып 1 сабақ өткізгеннен, әр баламен кері байланыс орнатып, түсіндіру күрделі мәселе.
Оқи отырыңыз: Эпидемиялық төтенше жағдай кезіндегі білім беру жүйесі туралы
БЖБ мен ТЖБ
Балдық жиынтық бақылау (БЖБ) саны қысқарады. Бұрын бір тоқсанда бірнеше рет болса, енді бір-ақ рет өткізіледі. БЖБ 2-10 мамыр аралығында өткізіледі. Ал тоқсандық жиынтық бағалау тоқсан аяқталар кезде министрлік бұйрығына сәйкес болады.
Бұрын бағалаулар мектепте қағаз түрінде өткізілді. Тарих секілді кейбір пәндер ауызша тапсырылды. Қазір Алтынсарин атындағы Ұлттық академия әдіскерлері БЖБ мен тоқсандық жиынтық бақылау (ТЖБ) тапсыру процесінде қағазбастылыққа жол бермеу үшін жеңіл және ыңғайлы форматты әзірлеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде балалардың уақытын қалай тиімді өткізуге болады? Пайдалы онлайн контент топтамасы
ҰБТ кейінге ауыстырылмайды
Министрдің сөзінше, ұлттық бірыңғай тестілеу мерзімін өзгертуге ешқандай негіз жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеу жыл сайын маусым аяғында өткізіледі.
"ҰБТ оқушылар үшін маңызды қадам. Оларға тиісті көмек беріп, қол ұшын созуымыз керек.Бұрындары орталықтарға, мектепке барып дайындалатын еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ұлттық тестілеу орталығы 70 нұсқаны өз сайтына енгізді. Баллар сол нұсқалармен әбден дайындалып, тағы керек десе жаңа нұсқаларды ақысыз беруге дайынбыз", – дейді Асхат Аймағамбетов.
Пандемия жағдайы маусым аяғына дейін дұрысталса, дәстүрлі режимде өткізіледі.
Оқи отырыңыз: Үйде жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақы төленеді, балабақшадағы бала орны сақталады
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов студенттер стипендиясы мен педагогтардың еңбекақысын төлеу тоқтатылмайтынын айтты. Ал қашықтан оқытуға көшті екен деп ұстаздардың жалақысын қысқартуға жол берілмейді.
"Мұғалімнің жүктемесі, жұмысы азайған жоқ, керісінше, көбейді. Жалақыны азайту деген болмауы керек", – деді министр.
Балабақшалар жабылған соң, тәрбиешілердің жалақысы туралы сұрақ көп. Министр олардың да еңбекақысы сақталатынын айтты. Ал жеке меншік балабақшалар бойынша да тиісті шешімдер қабылданды. Басшыларына төтенше жағдай кезінде тәрбиешілер айлығын сақтау ұсынылған. Егер жеке балабақша мемлекетті тапсырыс алып отырса, қаржыландыру тоқтатылмайды. Жалақыберіледі.
Bilimland, Daryn, "Күнделік" қалай жұмыс істейді?
Bilimland-те 40 мыңға жуық цифрлық бағдарламалар жинақталған. Оқушы жүйеге тіркеліп, пән мен сабақ тақырыбын тауып, видеосабақты қарайды. Кез келген уақытта қосылып, видеоны қайта көре алады және жаттығу сұрақтарына жауап береді. Нәтижесі белгілі болған соң, оқушы қатемен жұмыс істей алады.
Оқи отырыңыз: Мектеп директорлары енді аттестаттау нәтижесіне қарай жалақы алады
Министрдің сөзінше, Bilimland мұғалімдерге де ыңғайлы. Олар видеоны қанша оқушы қарағанын, қаншасы сұраққа жауап беріп, қандай қате жібергенін көре алады. Мұғалім тапсырма беріп, мүмкін болса форум өткізіп, оқушылармен пікірлеседі.
Білім және ғылым министрлігі мен білім беру басқармаларының қызметкерлері де видеоны қанша бала көргенін бақылай алады. Платформадағы видеолар телеарналардан да көрсетіледі.
Daryn.online білім беру нарығына жақында ғана келді. Ресурста жұмыс істеу үшін тіркелу керек. Оқушы қажет сабақты таңдап, видеосабақ көріп, тест сұрақтарына жауап береді. Қатемен жұмыс істеп, видеоны қайта көруге болады.
Оқушы барлық сұраққа дұрыс жауап берсе, платформа тағы жеңіл, орташа, ілгері деңгейдегі үш тапсырма береді.
Оқи отырыңыз: Мектеп пен ата-ана арасындағы шарт. Не үшін қажет және қалай жасалады?
Daryn ресурсында өз виртуалды валютасы бар. Оқушы сұрақтарға дұрыс жауап берсе, оған бонус беріледі. Ол бонустарды басқа тасырмаларға кіруге қолдана алады. Бұл оқушыларға мотивация беру мақсатында жасалған.
Басқа аймақтық телеарналар сигналдарды алып, өздеріне трансляция жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Білім министрі ата-аналардан қолдау сұрады
"Бәрі балаларымыздың болашағы, дұрыс тәлім-тәрбие, жақсы білім алуы үшін істеліп жатыр. Ата-ана қолдауы маңызды. Балалар кітап көп оқуы керек. Қашықтан оқыту білім саласының өркендеуіне әсер етеді деп ойлаймын. Білім басқармаларымен селектор өткізіп, тапсырма береміз. Күнделікті өткізсек те, түсінбей жатыр. Жаңа жүйеге икемделу оңай емес. Білім саласын одан сайын күрделендіріп жіберуге құқықығым жоқ. Үйде отырған ата-анаға көмектесуіміз керек. Оқитын бала өзі оқиды. Бір ғана көмек берсе, бәрі жақсы оқып кетеді", – деді Білім және ғылым министрі.
Оның сөзінше, қашықтан оқыту мәселесіне қатысты call-орталықтар министрлік деңейінде ғана емес, өңірлік білім басқармалары мен бөлімдерінде де іске қосылады.
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстандағы ЖОО саны 15 пайызға қысқарады
Телеарнадағы сабақ кестесі
Balapan арнасында күніне сегіз сағат видеосабақ өтеді.