Қазір елімізде 130 жоғары оқу орны бар болса, олардың 15 пайызының сапасы мен түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте төмен. Кей университеттер аккредитациядан өтпеген, кейбірі еңбек нарығына қажетті мамандықты оқытпай, құр диплом берумен ғана шектелген. Тексеріс кезінде студенттердің арасында бәсекелестік жоғы, барлығына теңдей баға қойылатыны анықталған.
Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия биыл саны бар, сапасы жоқ университеттердің санын қысқартпақ. Олар сот шешімімен жабылады не мәртебесін өзгертіп, басқа оқу орындарымен бірігеді.
Оқи отырыңыз: Сырттай оқыту алынып тасталды. Қашықтықтан оқытудың қандай айырмашылықтары бар?
Комиссия мүшесі, ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігі тексерістен өткізіп, сапасына күмән келтірген оқу орындарының тізімін комиссияның қарауына береді. Комиссия мүшелері ЖОО ректорларымен сөйлесіп, өз ұсыныстарын айтады. Яғни, университеттер басшылығы өз еркімен бір шешімге келуі керек не мәселе сот арқылы шешіледі.
"Бастапқы тізімде 5-6 ЖОО тұр. Олар қазір бірігу жолдарын іздеп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін бір жақты шешім шығады. Шамамен оқу орындарының 15 пайызы жабылады не мәртебесін өзгертеді. Мысалы, Қостанай және Тараздағы университеттер бірігетін болды", – деді Рахман Алшанов.
ЖОО оңтайландыру бойынша комссия жақын арада жабылатын оқу орындарының тізімін жариялайды. Ал сынақтан өткен университеттер үшін жаңа нормативтік актілер қабылданып, сол талапқа сай болуы қадағаланады. Яғни, оқу орындарының басшылары қажетті жаңа мамандықтар ашуы және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін көтеруі тиіс.
Қазір елімізде газ, мұнай, химия өндірісі, металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы және машина жасау салаларында білім алған түлектер ғана жемісті жұмыс істеп жатыр екен. Ал, білікті программист, заңгер мен экономистер тапшы.
Оқи отырыңыз: Жоғары оқу орындарына бөлінетін 20 мың қосымша грант үміткерлерге қандай мүмкіндік береді?
ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, кезінде либералдық тұрғыда лицензия беріліп, көптеген ЖОО ашылған.
"Қазір студенттердің саны артты. Алайда оларға сабақ беретін білікті мамандар көбеймеді. Сондықтан, сапа төмендеп кетті. Бізде дамыған педагогикалық институттар 17 аймақта да болуы керек. Бұған жергілікті билік назар аударуы қажет", – деді Ерлан Сыдықов.
Былтыр Білім және ғылым министрлігі 5 жоғары оқу орнының лицензиясы алынғанын хабарлаған болатын. Ол тізімде Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті (Шымкент); Инновациялық Еуразия университеті (Павлодар); Алматы университеті (Алматы); Қазақстан-Американдық еркін университеті (Өскемен); Қазақстан-Ресей халықаралық университеті (Ақтөбе) бар.