Тікелей эфир

Бірінші кезеңде 54 пойыз жолға шығады. Билет бағасында өзгеріс бола ма?

Фото Іnformburo.kz
Фото Іnformburo.kz
1 маусымнан бастап теміржол тасымалы іске қосылады. Бастапқы кезеңде 54 пойыз жолаушы тасымалдайды.

Бүгін Қазақстанның Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабыловтың теміржол қатынасын қалпына келтіру бойынша қаулысы қабылданды. Соған сәйкес, жолаушы тасымалдауға рұқсат етілген пойыздарда жаңа талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте тасымалдаушылардың, вокзалдардың, көлік құралдарына қызмет көрсететін ұйымдардың және көлік саласындағы кәсіпорындардың басшыларына қойылатын талаптар шектелді.

"Ең алдымен вокзал ғимаратына жолаушылар жол жүру билеті болған кезде ғана жіберіледі. Сондай-ақ, жолаушылар мен қызметкерлерден ғимарат пен пойыз ішінде бетперде киіп жүру талап етіледі. Пойыз бригадаларының қолғаптары да болуы тиіс. Жолаушыларды шығарып салуға келген адамдар теміржол вокзалдарының ғимараттарына жіберілмейді", – деді Сәдуақас Байғабылов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 1 маусымнан бастап теміржол тасымалы іске қосылады

Теміржол вокзалдарының кіреберістерінде өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері тұрады. Олар жолаушылардың дене қызуын өлшеп, ауру белгісі бар адамдарды ғимаратқа кіргізбей кері қайтарады.

Санитарлық талаптардың тәртібі:

  • жұмысты қайта бастамас бұрын кондиционерлеу жүйесіне толық тексеру және сүзгілерді ауыстыру жүргізілуі тиіс;
  • вокзал ғимаратында, сондай-ақ пойыздарға отырғызу және түсіру кезінде жолаушылар арасындағы 1 метр әлеуметтік қашықтықтық сақтау;
  • вагондар арасында жолаушылар қозғалысын және олардың жиналуын шектеу;
  • жолаушылар вагонында қолға арналған антисептиктердің және дезинфекциялау құралдарының болуы;
  • жолсеріктердің жол бойында жолаушыларға сауалнама жүргізуі;
  • вокзал мен пойызда дезинфекциялық режимді күшейту және оны сақтау бойынша қатаң талаптарды қамтамасыз ету.

Сапар алдында пойыз қызметкерлері қатаң медициналық тексеруден өтеді. Олардың дене температурасы өлшенуі тиіс. Ал коронавирустық инфекцияның тармалуы бойынша елдегі жағдай тұрақтанғанда, санитарлық талаптар кезең-кезеңімен қайта қаралып, жеңілдейді. Сонымен қатар, қалааралық автобустардың қатынасы да эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты іске қосылады.

Оқи отырыңыз: Мешіттер 18 мамырда ашылады. Намаз оқу, құран оқыту және неке қидыруға қандай талаптар қойылады?

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ел ішіндегі пойыздар қозғалысын екі кезеңде: 1 және 10 маусымнан іске қосу жоспарланып отыр. Бастапқы кезеңде 54 пойыз іске қосылады. Олардың тізімін мына сілтемеден көруге болады.

Жол жүру билеттері 15 мамырдан бастап сатылымға шығады. "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, билеттердің бағасы бұрынғы қалпында сақталған. Егер жолаушылар баратын жеріне билетті алдын ала сатып алатын болса, арзанға түседі. Сондай-ақ, 15 жасқа дейінгі балаларға да бұрынғыдай 50% көлеміндегі жеңілдік сақталады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары