Тікелей эфир

Балалардың денсаулығын бір жастан бастап бес жасқа дейін нығайту керек. Жаңалықтарға шолу

Amnesty International Қазақстаннан Төлесова мен Толымбековты босатуды талап етті. Fly Arystan халықаралық рейстер ұшырмақ.

Мәскеуде мұғалімін өлтірмек болған қазақстандық студент 4 жылға сотталды

Бауман атындағы техникалық университеттің оқытушысына пышақ сұғып алған Жасұлан Құдайбергеновке қатысты сот осындай үкім шығарды. Ол жазасын сондағы жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Оқыс оқиға 2018 жылдың 29 маусым күні болған. Университеттің дәретханасында қансырап қалған оқытушы хал үстінде ауруханаға жеткізілген. Сол жерден қашып кеткен Ж.Құдайбергенов келесі күні жатақханада ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары 9 айға созылды. БАҚ-да жарияланған мәліметтерде оның оқытушыны жақтырмағаннан осындай әрекетке барғаны айтылған.

27 жасар Ж.Құдайбергенов Орынбор облысының Кеңсай ауылында туылған. Қазақстан азаматы, Байқоңырда тіркелген. Мәскеуде 2011 жылдан бері тұрады екен.

Геннадий Головкин бапкері Абель Санчеспен жұмысын тоқтатты

Бұл туралы спортшы өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды. Ол мұндай шешімі бапкердің кәсібилігіне қатысы жоқтығын мәлімдеп, бокста берген сабақтары үшін оған алғыс айтты. Жаңа бапкерінің кім болатынын кейін хабарлайтынын жеткізді.

Балалардың денсаулығын бір жастан бастап бес жасқа дейін нығайту керек

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ата-аналарға осындай кеңес береді. Ұйым мамандарының айтуынша, балалардың дәл осы кезеңге дейін қалыптасуы ересек кезіндегі денсаулығының кепілі.

Бес жасқа дейін қимылдауы шабан болған, ұйқысы қанбаған баланың кейін өсе келе семіздік ауруына шалдығуы әбден мүмкін. ДДСҰ сарапшылары балалардың дамуына керек деп, компьютер, планшет, телефон беріп, отырғызып қойғаннан гөрі, асыр салдыртып ойнатқан пайдалы деген қорытынды жасады.

Қазақстан қант импорттауға қатысты жеңілдікті биылдан кейін созбайды

Елімізде сырттан қант сатып алуға жасалған жеңілдік 2019 жылдың соңында аяқталады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады. Министрлік өкілдерінің айтуынша, жеңілдік мерзімінің аяқталуы тұтынушыларға еш әсер етпейді.

– Жыл сайын Қазақстанға импортталатын 250 мың тоннаға жуық қанттың 90 пайызы Ресей мен Беларуссиядан жеткізіледі. Бұл жақтардан келетін қант өнімдеріне салық салынбайды. Сондықтан да халыққа алаңдауға еш негіз жоқ, – дейді Министрліктің департамент басшысы Ж.Күшікова.

Елорданың елтаңбасындағы "Астана" сөзі "Nur-Sultan" болып өзгертіледі

Нұр-Сұлтанның қоғамдық кеңесі осы шешімді бірауыздан қолдады. Қалалық тілдерді дамыту және мұрағат істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары С.Есіркептің айтуынша, қаланың жаңа атауының латын қарпімен жазылғаны болмаса, елтаңбаның басқа элементтері бұрынғы нұсқасында сақталады.

Әкімдіктер көктемгі су тасқынынан келген залалды өтеуге Үкіметтен қаржы сұрамады

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, биылғы көктемгі су тасқынынан былтырғыдай материалдық шығын келмеген. Тек Көкшетаудың жергілікті бюджетінен халыққа өтемақы төлеу үшін 400 мың теңге бөлінген.

2018 жылы су тасқынынан ең көп зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы. Онда 1,5 мыңға жуық үй су астында қалып, 3,2 млрд теңгенің залалы келген.

Сенаторлар ММУ филиалын басқа ғимаратқа көшіруді ұсынды

– Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) базасында жұмыс істейтін филиалдың 14 жылдағы ғимаратты пайдалану бойынша 270 млн теңге шығынын ЕҰУ өтеп келеді. Халықаралық рейтингте екі университет те бәсекелес болғандықтан олардың бір ғимаратта орналасқаны дұрыс емес", – дейді депупат Б.Жұмағұлов.

Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы Қазақстанда 2001 жылы ашылды. Бүгінге дейін 1725 маман дайындап шығарды.Түлектерінің 93%-ы Қазақстанда жұмысқа орналасқан.

Amnesty International Қазақстаннан Төлесова мен Толымбековты босатуды талап етті

Халықаралық құқық қорғау ұйымы Алматыдағы марафон кезінде "От правды не убежишь" деген жазуы бар плакаттарды ұстап шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековқа қатысты осындай мәлімдеме жасады.

Құқық қорғаушылар "азаматтар ой еркіндігі мен бейбіт жиын өткізуге құқылы болғандықтан қылмыстық та, әкімшілік те жазаға тартылмауы керек еді" деп мәлімдеді. Бұл ретте халықаралық ұйым Қазақстан бейбіт шеруге қатысушыларды қандай да бір жауапкершілікке тартпауға кепілдік беретін заң жобасын қайта қарауы тиістігін атап өтті.

"ҚазМұнайГаз" компаниясы IPO-ға шығуға қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ

Ұлттық компания ресми сайтында осындай хабарлама жариялады. "ҚМГ IPO-ға шығумен бірге компанияның өсуі мен дамуын қолдайтын іс-қимылдарды зерттеуді жалғастырып жатқандығын растайды. Алайда мұндай мәмілені өткізу, оның құрылымдары мен мерзімдерін белгілеу және кеңесшілерді тарту туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. ҚМГ тиісті тәртіп бойынша қабылданған шешімдер туралы нарықты хабардар етіп отырады" делінген хабарламада.

Дипломатиялық жұмыстармен елден шығу Қазақстанда тұрған болып есептеле береді

ҚР Конституциялық кеңесі мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өтінішіне қатысты осылай деп жауап берді. Конституциялық Кеңестің пікірінше, он бес жылдық тұру мерзіміне бірінші кезекте адамның ел аумағында тұрақты тұру уақыты кіреді. Ол әдетте азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен расталады. Сонымен қатар, бұл мерзімге ҚР дипломатиялық қызметіне жататын және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған азаматтардың ҚР-нан тыс жерлерде тұру кезеңдері де есептеледі.

Кеңес Төрағасы Қ. Мәмидің айтуынша, осы негіздер бойынша елден шығу қазақстандық азаматтықты тоқтатуға және тұрақты тұратын жерін өзгертуге әкелмейді. Аталған жағдайларда республикадан тыс жерлерде болған азамат (егер оның өзге елге тұрақты тұрғылықты түрде шыққаны, басқа мемлекеттің азаматтығын, саяси немесе өзге де баспана алғандығы немесе сондай өтініштер бергендігі туралы мәліметтер болмаса) тиісті мемлекетте уақытша тұратын болып есептеледі. Осындай жағдай тұлғаның азаматтық институтынан туындайтын Қазақстанмен тұрақты саяси-құқықтық байланысы деңгейінің қандай да бір төмендеуін білдірмейді. Оның Қазақстан азаматы ретіндегі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері толық сақталады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Fly Arystan халықаралық рейске ұшырмақ. Бұл туралы "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостер айтты. Айтуынша, әзірге Fly Arystan әуе компаниясының флотында екі ұшақ бар. Келесі аптада Қазақстан ішіндегі алғашқы рейстер ашылады. Үшінші және төртінші ұшақтар шамамен 2019 жылдың қазан айында келеді, сол кезде халықаралық рейстерге ұшыруды басталады.

Baq.kz: Қарағандыда қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылды. Жаға ұстатарлық оқиға бүгін болған. Майқұдық шағын ауданындағы үйлердің бірінің жанындағы қоқыс жәшігінен табылған шақалақтың анасы іздестіріліп жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.

24.kz: KASE: $1 = 379,73 теңге. Қазақстан қор биржасындағы таңғы сессияның қорытындысы бойынша, 1 АҚШ долларының орташа бағамы – 379 теңге 73 тиын.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары