Тікелей эфир

Балалар аллергиясы неге айрықша қауіпті? Дәрігер кеңесі

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Аллергияны асқындырып алса, бала анафилактикалық шок алады. Бұл сәбидің өміріне өте қауіпті.

Аллергия – адам ағзасының белгілі бір антигенге қорғаныс реакциясы. Адам ағзасы ішке қауіпті зат немесе антиген енген кезде оны жоюға тырысады. Салдарынан көз қызарып, дене қышынып, бөртпелер шығады. Мұндай сырқат балалар арасында соңғы кездері дендеп барады. Оның себебі не және аллергияның алдын алу жолдары қандай? Дәрігер кеңесін ұсынамыз.

Оқи отырыңыз: Ауыздың уылуын (стоматитті) қалай емдейді? Бұл ауру шынымен қатерлі ме?

Балаларға аллергия неден шығады?

Сәбилерде сырқаттың бұл түрінің пайда болу себебі көп. Дәрігерлер оған қоршаған ортаның ластануы, экологияның нашарлауы және климаттың өзгеруі себеп екенін айтады. Яғни, күннің күрт суып немесе ысып кетуі балалардың ағзасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, анасының жүктілік кезінде аллергия шақыратын тағам, антибиотик және дәрумен тұтынуы ауруға шалдығу қаупін жоғарылатады.

Баланы омырау сүтінен тым ерте айырып, құрамында түрлі қоспасы бар өніммен тамақтандыру аллергияға қарсы иммунитеттің жетілмеуіне әкеліп соғады. Салдарынан бала ағзасы әлсіз, әрі аллергендерге сезімтал болады.

Оқи отырыңыз: ХХІ ғасырдың эпидемиясы – аллергиядан құлантаза айығуға бола ма?

Дәрігерлер баланы аллергиядан сақтаудың ең тиімді тәсілі – оны 2 жасқа дейін емізу екенін айтады: "Ана сүті ағзаға пайдалы дәруменмен қоса, аллергияға қарсы иммунитетті қалыптастырады. Денсаулығы мықты балаға ешқандай антигендер қауіп төндірмейді".

Отбасында аллергик адам болса, баланың да осы ауруға шалдығу қаупі жоғары. Сәбидің ата-анасының біреуі ғана мұндай дертпен ауыратын болса, сырқат балаға тек 30 пайыз беріледі. Ал екеуі де аллергик болса, оның үлесі екі есе артады. D дәрумені мен кальций жетіспеген балалар да аллергияға бейім болады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қандай емдік шөптер өседі. Оларды ажырата аласыз ба?

Балалар аллергиясының белгілері:

  • Тері қызарады, қышынады және қабыршақтанады. Есекжем (крапивница) түрінде үлкен-үлкен дақ, бөртпелер пайда болып, кейде ісіну белгілері көрінеді;
  • Көз конъюктивит түрінде қызарады, қышиды, жас ағады және құм түскендей қатты ауырсыну белгілері болады;
  • Тыныс алу органдары жұмысы бұзылады. Аллергиялық ринит түрінде мұрны бітеледі немесе мұрнынан су ағады. Жиі түшкіреді, қатты жөтел қысады, өкпеде сырылдар естіліп, тыныс алу қиындайды;
  • Асқазан және ішек жұмысы бұзылады. Аллергендерден іштің ауыруы, құсу немесе диарея пайда болады.

Оқи отырыңыз: Сүт және сүт өнімдерінің пайдасы мен зияны қандай?



"Жаңа туған сәбилер мен емізулі балаларда аллергия көбінесе атопиялық дерматит немесе диатез түрінде білінеді. Денесінде, бетінде қызарған бөртпелер пайда болып, қышынады. Мұндай кезде ата-аналары баласын түймедақ және басқа да шөптермен шомылдырғанды жөн көреді. Бұл дұрыс емес. Себебі, балада шөпке аллергия болып, ауруды одан бетер асқындырып алу қаупі туады. Аллергияны емдеместен бұрын оның қалай пайда болғанын анықтау қажет. Ол үшін қан тапсырып, ағзаның қандай антигенге қарсы тұрғанын білуге болады. Тағамдық аллергия болса, гипоаллергенді диета сақтау керек. Аллергия асқынған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеген жөн. Антигистаминді және жүйелі глюкокортикостероид препараттарын қолданып, сорбенттерді ішу арқылы емделу қажет", – деді Алматы клиникалық балалар ауруханасының аллерголог дәрігері Мөлдір Тұрлыбекова.

Оқи отырыңыз: Қан доноры болу қауіпті ме? Маман кеңесі

Балалар үшін ең қауіпті аллергендер:

  • өсімдіктер тозаңы;
  • шаңды кенелер;
  • жануарлардың жүні мен терісі;
  • азық- түлік өнімдері;
  • жәндіктердің шағуы;
  • дәрі-дәрмектер;
  • латекс;
  • ылғалдан көгеру;
  • тұрмыстық химия және косметика;
  • бояғыштар, консерванттар және басқа да тағамдық қоспалар.
Оқи отырыңыз: Жүктіліктің 12 аптасы несімен маңызды? 425 мыңды кім алады?

Балалар аллергиясының кең тараған түрлері:

  • Сиыр сүтінің ақуызына аллергия. Кішкентай балалар арасында жиі кездеседі. Сиыр мен ешкі сүті сәбидің ағзасына өте ауыр, әсіресе оның құрамындағы казеин ақуызынан болатын аллергия балаға айтарлықтай қауіп туғызуы мүмкін. Сондықтан екі жасқа дейінгі балаларға жануарлардың сүтін беру ұсынылмайды.
  • Тағамдық аллергия. Ең қауіпті азық-түлік аллергендеріне сүт, жұмыртқа, жаңғақ, соя, бал, шоколад өнімдері, цитрусты жемістер және теңіз өнімдері жатады. Кейбір балық өнімдері де аллергия шақырады.
  • Маусым аллергиясы немесе поллиноз. Аллергияның ең жиі кездесетін түрі және ол жылдың белгілі бір маусымында ғана пайда болады. Аллергияның бұл түрін өсімдіктердің тозаңдануы тудырады.
  • Тұрмыстық аллергия. Үй өсімдіктерінің шаң-тозаңынан, пәтер ішіндегі шаң мен қабырғалардың көгеруінен, ылғалдан пайда болады. Сондай-ақ, жиһаздар мен кітаптардың шаңы, көрпе-жастық ішіндегі құс жүні және үй жануарларының түгі аллергия тудырады.
  • Дәрі-дәрмек аллергиясы. Аллергияның бұл түрі де жиі кездеседі. Әсіресе, антибиотик препараттары мен дәрумендерді қолданғанда токсикалық әсер беріп, балаларға аллергия шығады.

Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі

"Дәрі-дәрмектен болатын аллергия өте қауіпті саналады. Мұндай аллергияға шалдыққан балаларға сироп түріндегі және лимон, құлпынай, ментол сынды түрлі дәмдеуіш қоспалары бар дәрілерді ішкізбеуге кеңес береміз. Балалардың мұрнынан су ағып, тыныс жолдары бітіп, жөтеле бастаса үлкен кісілер оларға қойдың және өсімдік майын жаққанды жөн санайды. Бірақ одан кейін балаларда ентігу одан ары өршіп, аллергияның ауыр түріне алып келеді. Дәріден болатын аллергияда барлық антибиотик препараттарын, витаминдерді, екпелерді сынамадан кейін ғана салғызуға кеңес береміз. Әйтпесе бала анафилактикалық шок алып, аллергиялық реакцияның ең ауыр түрімен ауруханаға түсуі мүмкін", – деді аллерголог дәрігер Мөлдір Тұрлыбекова.

Оқи отырыңыз: Гайморитті үй жағдайында емдеу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Балаларды аллергиядан қорғаудың жолдары:

  • Тағамдық аллергиясы бар кішкентайларға гипоаллергенді диета тағайындалады. Оларға майлы, қуырылған, тез дайындалатын тағамдар бермеу қажет. Әрі аллергия шақыратын азық-түлік өнімдерінен және бояғыш заттар қосылған тағамнан шектеген жөн.
  • Маусымдық аллергиясы бар балаларды бірнеше ай бұрын дәрігерге қаратып, ағзаның өсімдіктің қай түріне қарсылық танытатынын анықтау керек. Аллергияның осы түріне шалдыққан балаларға монтелукаст препараттарын беру ұсынылады.
  • Тұрмыстық аллергиясы бар балаларды қорғау үшін үйді шаң-тозаңнан арылтып, гипоаллергенді ұнтақтармен жиі-жиі тазалаған жөн.
  • Шаң жинайтын жиһаз, кілем, ескі кітаптар мен ойыншықтарды лақтырып, бөлменің ауасын тазартып тұру керек.
  • Баланы шомылдырғанда да тек гипоаллергенді гигиеналық заттар қолдану қажет.
  • Аллергиясы бар балаларға синтетикалық киім кигізбей тек мақтадан тігілгенін таңдау керек.
  • Үй жануарын ұстамау қажет.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары