Тікелей эфир

Қазақтың көшпелі ауылының күзгі өмірі (хронологиялық суреті)

Сурет Қалиәкбар Үсемхандікі
Сурет Қалиәкбар Үсемхандікі
Қазақтың жайлаудан күзеуге, одан қыстауға көшкенге дейінгі көшпелі өмір барысы. Қысқа дайындық қалай жасалады?

Төр жайлаудан орта жайлауға, одан төменгі етекке түскен малшылар ауылының жазғы тірлігі жапырақтар сарғая бастағанда бітеді.

"Қыстың қамын жаз ойла"

Әрине, аттың жалында, түйенің қомында өскен балалар үшін әр отбасында бөлінген міндет бар. Жүн сабап түту, жіп есу, арқан тартуға көмектесу – балалардың қашып құтыла алмайтын жұмыстары. Теріс жайылған тулақ (малдың қатқан терісі) үстіне жуып кептірілген жүнді жайып алдымен сабайды, сосын қолмен түтеді. Жүнді қайшымен кесіп, түтсе жүн талшықтары қиылатындықтан одан жасалған киіз жаңбыр суын ұстамайды.

Оқи отырыңыз: Көшпелі қазақ ауылының қысқы өмірі


Жайлау төсінде жайылған мал

Жайлау төсінде жайылған мал / Сурет Қалиакбәр Үсемханнан алынды


Жазда жасалатын қыстың қамының бірі құрт-ірімшік алумен қатар үйағаш пен киіз басып, арқан-жіп есу және ноқта-жүген, айыл-тұрман мен қайыстан арқан өру. Сонымен қатар тұсамыс пен шідер түю.

Ал жаздың соңына қарай әр үйдің азаматтары шөп шабуға аттанады. Шөпті күздің басына қарай апарып қыстауға түсіреді. Сол кезде ши тартып әкеліп, оны орап, ши тоқу басталады.

Жаздың соңы мен күздің басында малшылар малдың арық-тұрағы мен кәрі-құртаңын реттейді. Басы артығын сатып жібереді немесе кәрі малдың етінің дәмі сорпаға шығады деп сойып алады. Көп жағдайда малдың төлін енесінен бөлек бағады. Бұл енеліктердің күйін сақтау және семірту үшін істеледі.

Оқи отырыңыз: Сахара салтын сақтаған

Кейбір енесін еміп жүрген тайынша-торпақтарға сірге тағады. Сірге – тайыншаның мұрнын тесіп орнатылатын, енесін емуіне кедергі жасайтын жабдық.

Тағы бір ескерер жәйт, жаздың аяғында кейде күздің басында күн жылы күндері ұсақ малды суға тоғыту. Яғни, жүннің арасындағы бит мен құрттан арылту және тері ауруларының алдын алу үшін үлкен ор қазып, сондағы дәрі қосылған суға тоғытады.

Күйек алу

Төрт түлік мал екіге бөлінеді: Ірі қара – жылқы, сиыр, түйе. Ұсақ мал – қой мен ешкі. Ірі қара мал егіз тумайды. Жылқы не сиыр егіз туса – "пәле шақырады" деп ырымдап, бір сыңарын бауыздап тастайтын болған. Ал ұсақ мал егіздеп те, үшем де, төртем де туа береді.

Ұсақ мал күйлегеннен кейін 5-6 айдан кейін төлдейді. Малдың қыста төлдемей, төлдің ерте көктемде қатарға қосылуын жеңілдету үшін қошқар мен теке күйті келіп бас көтере бастағанда күйек тағады. Сол арқылы ұрғашы малдардың ертерек ішті болуының алдына алады. Малдың ішті болуын – буаз болды деп атайды.

Оқи отырыңыз: Туризмді дамыту үшін мажарлар сияқты ғұндардың көшпелі өмір салтын жаңғырту керек (видео)

Күйек алу маусымы – солтүстік облыстарда қарашаның соңынан қазан айының ортасына дейін болады. Ал оңтүстікте одан ертерек болуы мүмкін.

Күйлеу – күйті келген сиыр және қой-ешкінің ұрықтануы. Кейде бұқадан шықты, қошқардан не текеден шықты деп те айтылады да оларды "буаз" деп атайды.

Қаю – түйенің ұрықтануы. Қайыған інген – қаймалы інген делінеді. Яғни бура шөгуі. Бура қыста жарап, түйе қайығаннан кейін 11 ай іш көтерді. Боталарда бошалап кетеді.

Айғырдан шығу – биенің ұрықтануы.

Бұл итте – ылығу, қасқырда – ұйығу делінеді.

Қысыр қалу – ұрғашы малдың ұрықтанбай қалуы. Қысыр қалған сиырды – ту сиыр, биені – ту бие, қойды – ту қой, ешкіні – ту ешкі деп атайды. Бір рет те тумаған биені – бедеу деп атайды.

Төрт түлік малдың жасы қалай есептеледі?

Малды аналық деп атамайды, туындық (кейде енелік) немесе ұрғашы, ал аталық немесе еркегі деп аталады.

Жасын тісіне қарап айырады. Яғни екі тісті, үш тісті дегендей. Мәселен, бәйгеге қосылған жүйріктің жасына қатысты күдік болса, тісін ашып көреді. Егер, сүт тістері тісемеген толық болса құнан болғаны.

Оқи отырыңыз: Саба пісіп, құрт жасау қалай өзгерді? Жалған құрт-майды қалай білеміз?

Қой – жасына қарай: қозы, марқа қозы, тоқты, тұсақ (пішілген еркегі – ісек), қой немесе қошқар. Пішілгенін еркек қой кейде бойлақ қой деп те атайды.

Ешкі – жасына қарай: лақ, марқа лақ, шыбыш (еркегін серкеш), ешкі немесе теке. Пішілгенін серке деп атайды.

Сиыр – жасына қарай: бұзау, тайынша (еркегін торпақ), құнажын, дөнежін, сиыр немесе бұқа. Пішілгенін өгіз (құнан өгіз – 3 жас, дөнен өгіз – 4 жас) делінеді.

Жылқы – құлын, жабағы, тай, құнан (ұрғашысы байтал), дөнен, бесті, бие немесе айғыр. Пішілгенін ат дейді.

Түйе – бота, тайлақ, бүлдіршін (буыршын) інген, қаймалы інген немесе бура. Пішілгенін атан дейді.

Төрт түлік малды санау

Мал санаудың өзіндік ерекшеліктері бар: ұсақ малға – "тұяқ", ірі қараға – "бас" деген мөлшер сөз жалғанады. Мысалы, 500 тұяқ қой, 100 бас сиыр немесе жылқы. Қазір барлығына "бас" деп қолданып жүр.

Төрт төлік мал үшін: қой-ешкі – қора (бірер жүзден бірер мыңға дейін бас мал), жылқы – үйір (бір айғыр үшін бірнеше биеден жиырмашақтыға дейін), түйе – келе (бір бура үшін жиырма-отыз інген), сиыр – табын (сан шектемесі жоқ, сиыр бағушының шамасына қарай) қолданылады. Ал бір отар, бір қос, бір қора мал дегендер барлық түлікке ортақ. Бір отар қоста 2-3 адам болады. Кейде малы аздар қосылып бір отар болады.

Мысалы, бір қысырақтың үйірі дегеніміз – қысыр қалған оншақты биемен бір айғырдан құралған жылқы үйірі.

Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: мұндағы қазақтар қазір мал төлдетіп, уыз жеп, көктеуде отыр

Көш

Жаздың қоңын құйрығына жинаған қойлар мен жаясы жыра сап тойынған жылқы, екі өркеші баладай түйелердің күйін кетіріп алмау үшін қазақ жылжи көшіп күзеуге беттейді. Кей ауылдар тіптен оншақты рет көшіп діттеген жеріне жетеді. Әрине, жылда көшіп үйренген түліктер де таныс жермен әр қоналқыға жете байырқалайды.


Көш жетектеу сәлихалы жұмыс

Көш жетектеу / Сурет Қалиакбәр Үсемханнан алынды


Көштің қашан, қалай басталатынын ауыл ақсақалдары жұлдызшылармен ақылдаса отырып белгілейді. Бірін-бірі ес көрген малшылар қатарласа көшіп, өзара көмектесіп, сырттай хабарласып отырады. Кешкі қоныста күннің батқанын, айдың туғанын және үркер шоқ жұлдызының қозғалысына қарап ертеңгі күннің ауа райын болжайды.

Малшылар үшін таңға жақын малдың өріп кетуі қауіпті. Егер жауын не боранға ұрынса ығып кетуі, тіптен ит-құс тиюі мүмкін. Малшылар қасқырдың атын атаса өршеленіп кетеді деп ырымдап "ит-құс" деп атайды.

Оқи отырыңыз: Моңғолияға сапар: Баян өлгейдегі бес күн (жалғасы)


Көште балаларды кебежеге отырғызып, түйеге теңдеп қояды

Көште балаларды кебежеге отырғызып, түйеге теңдеп қояды / Сурет informburo.kz


Таң ата малды көш жолына салып жіберген қойшыларға қарағанда жылқышылардың тірлігі мырзалық. Себебі, жылқы түнде жайылып алатындықтан күндізгі көшке оншалық кедергі келтірмейді.

Таң ата жүкті түйеге теңдеп, ауыл қариялары немесе әйел қауымы артынып-тартынып жолға шығады. Кішкентай балалар түйеге теңделген кебежеге екі екіден бір-біріне қарап отырады. Ойын балалары тыныш отырсын ба? Сәлден соң басталған жылау мен төбелесті әлде біреудің "Енді төбелессеңдер осында тастап кетемін. Аю мен қасқыр жейді" деген сөздері жым қылады. Әрине, қасқырдың ұлығанын, желдің уілімен қатар аталарынан жыртқыш туралы ертегі естіп өсіп келе жатқан баллар үшін онан артық қорқыныш та, жау да болмақ емес.

Оқи отырыңыз: Тіліміздің түгі жығылып, тікені мүжіліп барады

Таң ата басталған көш түс ауа екінші қонысқа келіп жетеді. Түйеден жүктерді түсіріп, керегелерді бір-біріне қатар жастап итарқа немесе шаңырақтың орнына уықтардың басын буып үй тігеді. Кейде қос та тігеді. Әйелдер қауымы тезек теріп, кешкі тамақтың қамына кірскенде азаматтар аттарды арқандап, не тұсап отқа қояды. Түйелерді де кең тұсаумен жайылысқа шығарады.

Бұл кезде балалар да аяқтарын жазып, жаңа қоныста тайраңдап ойынға кіріседі.


Кейде қарды күреп тастап қос тігуге тура келеді

Кейде қарды күреп тастап қос тігуге тура келеді / Сурет Түсіпбек Сіламқұлдікі


Қас қарая қысқа аяқты мал да жетеді. Малды көне қораның орнына қоралап, жан-жағына қарақшы тігеді. Әсіресе жылға бойы мен дөңестерге тіккен қарақшыдан қой ығып, өруіне аз да болса кедергі жасайды. Оның үстіне бұл қасқырға да "күзетшісі" мықты деген белгі.

Оқи отырыңыз: Астана – Таулы-Алтай – Баянөлгей: Жол сапар және Баянөлгей қызықтары (фоторепортаж)

Күзеу мен ықтырма

Кейде көш соңына қарай үй артқан көш малдың жетуін тоспай, жеделдете көшіп бірнеше күн бұрын келіп күзеуге орналасады. Ал артта қалған қысқа сирақты мал 2-3 күн кешігіп жетеді.

Әрине кей қыстауда қар түспесе су болмайтыны белгілі. Оның үстіне Абай атамыз айтпақшы "Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырма мен күзеуде отырар бай" дейтін мезгіл дәл осы қазан-қараша айларына айтылған болса керек.

Көшпелі қазақ ауылдары күздің соңына қарай қыстауларына жылжи бастайды. Күзеу мен қыстаудың арасы жақын болады. Алғашқы қар түсісімен, күн қатты суытпай тұрып көшіп барып орналаспаса, мал сулы, қарлы боран мен үсікке ұрынуы мүмкін. Қар түспей барса малға да өздеріне де су таппай қалатындары да бар.

Яғни, кей малшылар қыста қар ерітіп ішеді.

Оқи отырыңыз: Беташардың мәні неге бұзылды? Тойды тәртіпке келтіруге бес кеңес

Күздік

Отар бұта-бүргенді жағалап, қойтастың арасына сіңіп бара жатқанын көз алдыңызға келтіріңіз.

Ауыл "күздік" деп атап тай сойып абыр-сабыр болса, қос артқан түйесін жетектеген отардағы адамдардың қорегі де өзгеше. Киіз үйдің не қостың іргесіндегі үзіктің шетін түріп, желге қақтап, кептірген тоқты етін талғажау етеді. Қойдың бір белдемесін не төстігінің етегін үлкен қара шәугімге қайнатып қоятын, дәмі сіңген шайды сораптап шіп, жапырақтап тураған етті құшырлана асайтын кез әлі есімде. Ол күндер енді тарих боп бара жатқанын түйсігім сезеді.

Ішін терімен жұрындаған сапатама былғары етікті киіп, қасқыр ішіктің белін шарт буып, түлкі тымағы желпілдеген ат үстіндегі малшылардың өмірін қазір тек Моңғолиядағы қандастардан іздеп табасыз. Малшылардың күзгі қорегінің бірі – кәдімгі құрт-ірімшігі, жұмсақ ежігейі. Ал сары майды қазақ жолға көп алып шыға бермейді. "Сарының" жолы қатты деп ырымдайтыны бар?!

Оқи отырыңыз: Әдет-ғұрыпқа айналған қазақы емдер. Қазақ қатерлі ісіктен қалай сақтанды?

Күздің ең елеулі жұмыстарының бірі – отын тасып, қи жию

Көп ауылда қыстау қорадағы қиды күздің басында ояды. Сосын бірер ай кеуіп жатуы керек. Қыстауға келгенде бірден жинап үлгереді. Қи өте көп болса тамға жастап жинап, кәдімгі қора да салады. Яғни кірпіш орнына да пайдаланады.

Міне, бұл маусымдық қоралар. Қыс біткенде, көктемге қарай қидан жиналған қораны бұзып, отынға жаратуы мүмкін.


Қи жағып, оттың табына табамен нан пісіру деген осы

Қи жағып, оттың табына табамен нан пісіру деген осы / Сурет informburo.kz


Оның үстіне тамыздық үшін таудан отын алады. Немесе жайлаудан жинаған қарағай шөркелерін, ойтаудан алған сексеуілді тасып әкеліп жинайды. Қазір көмір де түсіріп алатын болды.

Оқи отырыңыз: Елорда іргесінде түркілердің көне жұрты бар. "Бозоқ қалашығы" туристерді қабылдауға қашан дайын болады? Фоторепортаж

Отарға аттану

Қазақта "мал бір борандық, бай бір жұттық" деген аталы сөз бар.

Солтүстік өңірлерде қар қалың, аяз қатты болатындақтан малды алыстағы құмға, яғни жылы жерлерге отарлатып жіберу тіршілік дағдысына айналған.

Күздің ортасынан бастап отарға жіберілетін малдар мен отарға шығатын адамдар іріктеледі. Олар ауылда демалып, дайындықтарын жасайды. Киім-кешектері мен қару-жарақтарын сайлайды.


Отар көш деген осы

Отар көш деген осы / Сурет Түсіпбек Сіламқұлдікі


Ауылда тек қыстық соғымға және күнделікті тұрмысқа, ішіп-жемге қажетті мал мен ат-көлік іріктеліп қалады. Қалған мал, әсіресе жылқы күздің қара суығы бастала оңтүстікке отарлап көшеді.

Отарға арнайы қос, ыдыс дайындалатыны белгілі. Қостың уығы жуан әрі тым ұзын емес, шаңырағы да кішкене болады. Сыртына киіз туырлық не үзіктен жабылады. Кейде екі керегеден итарқа да тіге салады.

Оқи отырыңыз: Қазақта пантеон бұрын да болған

Малшылар сол қоста жатып, қоста тамақтанады. Астарына тері не таза киізден жасалған сырмақ пен тулақ төселетіндіктен суық өтпейді. Үстіне де тері көрпе жамылады. Былайша айтқанда нағыз таза табиғи мал өнімдері.

Кейде қосқа жаңадан үйленген отау да жіберіледі. Олар келесі көктемде, күн жылына елге оралады.

Отарға бірнеше ауыл адамдары қатар шығып, өзара көмектесіп отырады. Олар күн суыған сайын жылжып, жылы қойнаулар мен құмға кіріп кетеді. Олар үшін кәдімгі аласа қос пана болады.

Жалпы отарға шығу мен жылқы бағу – ер адамдардың шыңдалып, нағыз сыналатын кезі, өмір мектебі. Онда қыстың қарлы боранынан және ұры-қары мен бөріден сақтану, жер танып, ауа райын болжау, малдың мінезі мен бөгенайын тану секілді тіршілікке ең қажетті білімдерді үйренері хақ.

Әсіресе, қазақтың қос қанатының бірі есептелген жылқы малының бағымы бөлек. "Жылқы – жаудың малы" деп бекер айтылмаған. Ауылға жау тисе алдымен жылқысын алатыны бар. Сол үшін ең сарабдал, қағылез де айлалы, қарулы да батыл жігіттер таңдап алынады.

Оқи отырыңыз: Мына арада мұнара болған

Күзде өтетін шаралар

Күзге қарай ел жайлаудан көшіп құржа мен қалаға жақын маңға топтасып келіп қонады. Оның үстіне мал тойынып, жағдайдың ең жақсы кезі есептеледі.

Осы мезгілде той-томалақ, нәзір-тілеулер өтеді. Әсіресе, ас беру, отау көтеру көбінесе осы кезге тура келеді.

Байлар мен билер әр тарапқа аттанып, шай-тұз, керек-жарақ сатып алады. Ел аралаған саудагерлер де көбейеді.

Асар салты және ақы төлеу жолдары

Көшпелі ауылдағы қой қырқу, құйрық-жал күзеу, киіз басу, қи ою және жинау, шөп шабу жұмыстарының көбі өзара жиналып, кезектесіп "асарлату" жолымен істеледі.

"Көрші қақысы – Тәңір қақысы" дейтін қазақ үшін өзара селбесіп өмір сүру салтқа айналған.

Оқи отырыңыз: Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет

Ал ұсталықтан басқа өрмешілік, арқан-жіп есу, тарамыспен ат әбзелдерін жасау, таға соғу секілді жұмыстарды әр отбасы мүшелері өздері жасап отырған. Бұл қарапайым тірліктің түрлері еді.

Ал үйді толық жабдықтап ерсе оның құны "тоғыз" деп аталатын сый өлшемімен (кейде айыпқа да пайдаланылады) есептелген. Яғни, түйе бастатқан тоғыз, бие бастаған тоғыз" деп "тоғыз малдан" тұратын бағамен айырбас жасасты. Тіптен, үйдің қымбаттылығына қарай бірнеше тоғыз не бірнеше үйір жылқы төлеген кездер де болыпты.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары