Тікелей эфир

Моңғолияға сапар: мұндағы қазақтар қазір мал төлдетіп, уыз жеп, көктеуде отыр

Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды
Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды
Қазақтың көшпелі өмірі Моңғолияда сақталған. Табиғи тұрмыс-салты да бәз баяғы қалпында. Көшпелі шаруашылықтың да біз ұмытқан қыр-сыры көп.

"Әр дәуірдің өз сұрқылтайы болады" депті. Көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың заманында мұздатқыш та, тоңазытқыш та болмағаны белгілі. Ендеше, сол дәуірде әжелеріміз тез бұзылатын ет пен майды, сүтті қалай сақтады? Соның үрдісі қазір бар ма?

Көшпелі өмірдің көктемгі хронологиясы қандай? Моңғолияға сапар кезінде өзіміз куә болған осы тұрмыс-тіршілікті жас ұрпаққа таныстыруды жөн көрдік.

Көктем – мал төлдетіп, уыз ішетін, қой қырқып, жылқы мен түйе күзейтін қарбалас кез

Қазір елімізде де, Моңғолияда да мал төлдетіп жатыр. Мал көкке, ауыз аққа жари бастаған кез.

Моңғолиядағы қандастарды атай сөйлеуіміздің себебі, олар бізге қарағанда нағыз көшпенді дала салты мен тұрмыс дағдысын әлі күнге сақтап отыр.

Біздегі қала сағалаған қазақ үшін ол – арман ғана. Оның үстіне жан бағу үшін қалаға шұбырған қазақтың ұл-қыздары көшпелі шаруашылықты ұмыта да бастаған.


Қыстан жүдеп шыққан торпақты көктеуге айдап, көшіп келе жатқан ақсақал

Қыстан жүдеп шыққан торпақты көктеуге айдап, көшіп келе жатқан ақсақал / Туған жердің түтіні атты фейсбук парақтан алынды


Ұзын сары мезгілі деген не?

Бұл мезгіл – қыс кетіп, көктем басталған және мал семіре қоймаған белгілі аралық. Яғни, қалыңның жұқарып, жуанның жіңішкерген, жіңішкенің үзілген, сары өзек шағы.

Ұзын сары – қазақы тамақтың аты. Көшпенді халықтың күздің соңы – қыстың басында соғым соятыны белгілі. Ол – қыстың қамы. Ал көктем мен жазғытұрымға да арнап сүрісі мен ұзын сарысын – етін дайындайды, сақтайды.

Ұзын сары күзде күн суытқан кезде дайындалады. Онда жаңа сойылған жылқының төсінің және семіз қабырғасының етегінен ұзынша қылып кесіп алып, тұздап, бұрыштап, домалақтап орайды да ұсақ малдың бүйеніне толтырады. Бүйенді ауа кірмейтіндей етіп буады да тошала үйдегі арсаға іліп қояды.

Арса – ет ілу үшін жасалған ағаш сырық. Ұзын бүйенге салынған ет пен май сарғайып көрінетіндіктен ұзын сары деп атаған.

Міне, бұл – мал арықтап, еттің азайған кезіне жеуге дайындап қойған сүрінің бірі түрі.

Ұзын сары көбінесе жылқы, түйе, сиыр секілді ірі қара малдың етінен дайындалады. Әдетте жаңа сойылған малдың етін киіз үйдің сол жағындағы керегенің басына, көгіне немесе уық қыдырып кетпеуі (жылжымауы) үшін байланған жіпке іліп қояды.


Жаңа сойылған малдың еті киіз үйдің сол жағына керегеге ілінеді

Жаңа сойылған малдың еті киіз үйдің сол жағына керегеге ілінеді / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Қарынға салған ет

Ұзын сарыға ұқсас жасалатын тағы бір тәсіл – семіз бағыланның етін жіліктеп бұзып, сүйектен арылтады да, сол сойылған малдың қарнына толтыра салып, аузын ауа кірмейтіндей етіп тігіп тастайды. Бұл күн суытқан кезде жасалады. Қарынға салған ет те тошала үйдегі арсаға ілінеді.

Қарыннан су өтпейді, ауа кірмейді. Суық жерге іліп қоятындықтан, ет бұзылмайды. Қыстан шығып, оны жеу үшін ашқан кезде жаңа сойылған малдың етіндей болып тұрады.


Бүйенге салынып жатқан сары май. Осындай бүйенге ет те салып сақтайды. Оны ұзын сары деп атаған

Бүйенге сары май салу. Осындай бүйенге етті де салып сақтайды / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Бітеу сойылған мал

Ұзын сарыға дайындалатын тағы бір тағамның түрін қойды бітеудей сойып жасайды. Қойды бауыздап, ішек-қарнын алғаннан кейін ішіне мұз кесектерін толтырады да, терісін қайта тігіп, бітеудей суық тошалаға тастайды. Оның да терісі мойнынан ауа өтпейтіндей бүріліп тігіледі.

Сонымен ет таусылып, қолдағы мал арықтаған ұзын сарының кезінде суық тошаладағы етті алып шығып, мұзды алып тастайды. Арық болса пісіріп, қатты семіз болса үйітіп алады.

Үйітілген қойдың еті майымен қосылып ерекше дәм беретіндіктен таңсық тамақ ретінде сүйсініп желінеді.

Қатқан сүт

Күз және қыс кезінде сауылған малдың сүті қою болады. Ұсақ мал қашып, сиыр күйлеп, інген қайып, бие үйірден шыққанан кейін-ақ сүті азайып, суалады. Сол кезде кей қысыр қалған малдарды ғана сауады.

Осылайша қыстың күндері қою сүтті сауып болған соң, далаға мұздатып, қатырады да, от жағылмаған суық тошалаға іліп қояды. Қатқан сүттің бетін қырып, шәйға қосады. Бұл тәсіл Моңғолияның Баян өлгей аймағында әлі де қолданылып отыр. Тіптен, әлі күнге алыстағы оқудағы балаларына беріп жіберіп отырады.

Бұл туралы блогер сарапшы Амангелді Құрмет былай деп еске алды: "Біз оқуда жүргенде үйден қатқан сүт келетін. Оның бетін қасықпен қырып жегенді қатты ұнатушы едім. Ондай дәмді тамақты қалай ұмытасың?!".


Айран-шалапты сабаға құйып піскеннен кейін іркіт деп аталады

Сабаға құйылып, пісілген айранды шалап – іркіт деп аталады / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Етті түтінмен ыстау

Күзде семіз малды сойып, етін сүрлеп алатын болған. Бұл көбінесе сексеуіл, арша түтіндері арқылы ысталып, кептіріледі.

Етті арсаға іліп, қаны сорғығаннан кейін, астына арша секілді ағашты тұтатып, бір күнге кейде 2-3 күн бойы түтіндетіп қоятын болған. Түтін иісі сіңіп, аңызақта сырты кеуіп, қаны тартылған ет бұзылмайды. Оған шыбын-шіркей де жоламайды.

Кептіру

Бұл да соғым кезінде басталады. Арсаға бірнеше, тіптен, онға жуық қой, жылқы еттерін іліп, тошаланың іргесін ашып, желдетіп қояды. Ұзақ уақыт аңызақта тұрған ет те кеуіп, қатады.

Күн жылы кезде кептірілген ет қатты ыстықта да бұзылмайды екен. Оны ағаштан жасалған кебежеге салып қоятын болған.

Кей үйлер кебеже-сандықты киізбен қаптап отырған. Сонда оған ыстық та, суық та өтпейді.

Ұзын сарының кезінде уыз жейміз

Әрине, көктем туа мал төлдейді. Төлдеген малдың алғашқы сүті көп әрі қою болатындықтан уыз деп атайды. Уызға тойған төл тез ширап, тез марқаяды.

Уызды пісіргенде, қатты қою болғандықтан аппақ болып қатады. Оны етпен, нанмен не басқа тамақтармен қосып жесеңіз, дәмі тіл үйіреді және құнарлы, жұғымды болады.

"Уызға жарымаған" деген сөз осыдан айтылса керек.

Тағы бір қызықты дерек, егіз туған малдың сүті жалқы туғанға қарағанда қою болады.


Сап-сары қаймақ қатқан сүт пен қып-қызыл мәйек ірімшік

Сап-сары қаймақ қатқан сүт пен қып-қызыл мәйек ірімшік / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Алғашқы төл туғанда "Көтен ішек асады"

Мысалы, шешелеріміз сиыр туғанда шүйіншілеп, көтен ішек асады. Оған сиырдың уызын да қосатын. Бұл – бір жағынан малдың аман төлдей бастағаны үшін жасалған мереке болса, енді бір жағынан мал төлді, жер майлы болсын деген ырым.

Малшылар өрісте туған төл әлсіз болып, енесіне ере алмаса кереқап деп аталатын қаптарына салып, алып қайтады. Мал төлдейтін кезде түнде де аңдиды. Себебі, мал туа алмай қиналуы мүмкін немесе туылған төл әлсіз болса өздігінен еме алмайды, аяққа басылып қалуы мүмкін.

Дәл осы қарбаластық кезде сақпандар керек.


Қой шетінде жаңа туылған қозыны ұстап тұрған қойшы бала

Қой шетінде жаңа туылған қозыны ұстап тұрған қойшы бала / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Түйенің жолы ауыр

Қазақ түйені ұлық мал деп атайды. Қатты кіріптарлық болмаса жас түйені соймаған. Түйе боталағанда толғағының ауырлығы сондай, бошалап алысқа кететін болған.

Боталағаннан кейін көбінесе інгеннің үстіне жабу жауып, белін буған. Ал ботасына ішіндегі өркені тез түссін деп май ішкізгенін көзіміз көрді. Ботаның ішінде домаланған қалдық тоңғақтары болады. Сол түскеннен кейін тез сергиді. Ұрғашы ботаның табаны маймиған жалпақ, еркегінікі тік болады.

Жаңа боталған інгеннің сүті де қою, уызы да дәмді. Ал шұбатының дәру екенін бәріміз білеміз.

Аққа жарымаған төлді телиді не жағызады

Кейде қыстан көтерем шыққан мал төлдегенде арық енеліктер төлдерін жарытпайды. Мысалы, бір сүті көп болып, төлінен асып жатқан енелікке жарытпаған қой-ешкінің төлін апарып емізеді. Оны жағызу деп атаған. Сосын өз енесіне жем беріп, сүті шыққанша күтеді.

Егер енесі өліп қалса, екінші бір енелікке теліп жіберген. Бірнеше рет емізгеннен кейін енелік оған өзі туған төліндей қарайды екен. Кейбір енеліктің төлі өліп қалса, оған басқа бір төлді теліп жіберген. Ондай төл екі енені тең емген.

Кейбір енеліктер өте балажан болатындықтан, туған кезде төлінің қасына басқа ешкімді жолатпайды.

Қорықтық

Малшы өрісте мал жайып жүргенде қой не ешкіні тостағанына сауады да, оған алдын ала отқа салып қыздырып қойған тасты салады. Сүт тез піседі. Сол отқа қызып тұрған таспен-ақ сүт пісіреді. Мұны қорықтық деп атайды.

"Қорықтық қайнатып ішкен қосшы" деген сөз осыдан.

Көктемде қайың сауады

О заманда бұ заман мал сауғанды білеміз. Ал қайыңды сауғанды көрмегендер көп.

Қайыңды көктемнен бастап сауады. Өте ерте кездегі жаугершілік пен ашаршылық кезінде ел "қайың сауып" аман қалыпты деп жататын. Оны "Қайың сауған" атапты.

Қайыңның құрамындағы су мөлшері басқа ағаштардан көп болады. Қабығын бойлап, ағып тұратын тәтті шырынның құрамында қант та бар. Одан сусын, түрлі тосаптар жасайды. Энергетикалық қуаты күшті, денені сергітіп, қуаттандыратын көнеден келе жатқан сусын.

Қайыңды қалай сауады?

Қайың – түзу өсетін ағаш. Қайыңның қабығынан өткізе кертіп не тесіп шеге қағасыз да, шегенің ұшына ыдыс тосып қоясыз. Қайың шырыны сол шегені бойлап келіп, ыдысқа тамады.

Екі-үш күнде бір қайыңнан 10-20 литр шырын шығуы мүмкін. Тәжірибелі қайың сауушылар діңі үлкен ағаштан 50-60 литр қайың шырынын сауып алады екен.

Қазіргі заманда шеге қағып, оның ұшына түтік жалғап, түтіктің бір үшын ыдысқа жалғап қою тәсілі көп қолданылады.


Қайың сауу

Қайың сауу / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Көктемде аң-құстарға тиісуге болмайды

Көшпенділердің арасындағы қалыптасқан дала заңы бойынша көктем – күллі тіршілік иелерінің өсіп-өрбитін кезі. Құс жұмыртқалап, аң мен мал төлдейді, жыртқыш күшіктейді.

Табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін бәрі де болуы керек.

Қазақ құмырсқадан бастап, барлық түз тағыларына дейін тиісуді қойып, үркітуге тиым салған. Мысалы, торғайдың жұмыртқасын ұстауға болмайды. Онда торғай жеріп, жұмыртқасына қарамай кетеді екен. Балаларға құстың жұмыртқасына, өзіне тиіссең қарғайды деп үйреткен. Мысалы:

"Торғай, торғай атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп жетім қал" – деп қарғайды екен.

Тіптен, құс келіп, үйдің ішіне ұя салса, қуанып, ырымдаған. Кезінде Төле би бабамыз өз киіз үйіне ұя салған қарылғаштың балапаны қанаттанып ұшып кеткенше жайлауға көшпей отырыпты.

Қасқыр апанын қойшы қорасының қасына салып, сонда күшіктейді

Бұл туралы айтылатын аңыз да көп.

Қазақ қасқырдың бөлтірігіне тиіспеген. Ол – дала заңы. Оның үстіне, бөлтірігін өлтірген адамның малын, ашулы қасқыр қырып кетуімен қатар кейде адамын да жазым қылуы мүмкін.

Қасқыр өте ақылды. Ол аңшы мен малшының мінезі мен психологиясын да жақсы түйсінеді. Тек мылтық алмай шыққан кезде ғана кездесіп, көзқарасын бағамдайды екен. Мал төлдеген кезде қасқыр да күшіктейді. Сол кезде өзіне тиіспейтін малшыны да таңдайды екен.

Қасқыр өзі күшіктеген маңайға басқа қасқырлардың келіп, малға шабуына жол бермеген. Себебі, малшы мал өлімін сол күшіктеген қасқырдан көруі әбден мүмкін. "Қасқыр да қас қылмайды жолдасына" деген осыдан қалған болса керек.

Ал малшылар ішті қасқырға ешқашан тиіспеген. Обалы қатты деп санапты. Бертін келе адамдардың ындыны ашылып, обал-сауапқа көп қарамайтын болды.

Көктемде аңшы екі қасқырды қуса, бірі қаша алмай, өтірік шойнаңдап, екіншісінің аман құтылуына мүмкіндік жасайды екен. Қашып құтылған қасқырдың күшіктеуге жақын қалған қаншығы екеніне күмәніңіз болмасын. Кейде қаншығын құтқару үшін арлан аңшыларға тіке шабуылдап, оққа өзі қарсы шығатын болған.


Бие сауу

Бие сауу / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Боз биенің сүтін ем санаған

Сонымен, көктем шығып, төл отығып, мал көкке тоя бастағанда бие сауыла бастайды. Алғаш биебау құрылып, құлынды желіге байлап, бие сауылғаннан кейін далаға дастархан жайып, үлкен ақсақалдардан бата алатын болған.

Жылқының құйрық, жалын майлаған не ақ тамызған. Бұл да "ақ мол болсын, мал семіз болсын" деген жақсы ырыммен жасалады. Әдетте биені сағат сайын сауады.

Бір қызығы қазақ малдың сүтін де малдың түсіне қарай қолданған. Мысалы, әлсіз, асқазаны не өңеші ауырғандарға ақ биенің не боз биенің сүтін ішкізеді екен.

Қазақы дүние танымда, неше мың жылдардан келе жатқан бұндай түсініктер мен түйсіктік ұғымдар ғылымнан жоғары қойылады.


Желі құрылып, құлын байланғаннан кейін биебау басына осылай дастархан жәйілатын

Желі құрылып, құлын байланғаннан кейін биебау басына осылай дастархан жайылады / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Киік "Құралайдың салқыны" деп аталатын 2-3 күндік жаңбырлы суықта төлдейді

Бұл да – табиғаттың ғажайып заңы. Құралайдың салқыны деп аталатын амал көктемнің ортасында басталады. Дәл осы кезде киіктер төлдейді. Күн суық болғандықтан төлі тез аяқтанып, тез ширайды.

Киіктерді кейде лақтады деп те атайды. Киіктің лағын құралай дейді. Құралай әдетте 5-7 күн ішінде отығып, шөп жейді.

Төрт түлік малдың төлдері де әдетте 7-8 күн ішінде отыға бастайды.

Қой мен ешкі егізді ең көп туады

Төрт түлік малдың ішінде қой мен ешкі егізді ең көп табады. Кейде мал күйлі болса, бір жылда екі рет төлдейді. Қазақта "есің кетсе ешкі жи" деген сөз осыдан айтылса керек.

Ал сиыр, жылқы, түйе малдары негізінен егіз тумайды. Егер сиыр егіз туса, бірін ырымдап, бауыздап тастайтын болған. Оны жақсылық әкелмейді деп есептеген. Бие мен інгеннің егіз туғанын естіп көрмеппіз. Өте сирек кездеседі.


Қайнатылған құртты сүзгеннен кейін, жармалап құрт жасап отырған ана

Қайнатылған құртты сүзгеннен кейін, жармалап құрт жасап отырған ана / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Арамза және кенже туу

Жалпы қазақ малдың төлдейтін уақытын белгілеп, жоспарлап отырған. Сол үшін аталықты яғни қошқар мен текеге күйек таққан. Белгіленген уақытта күйекті алып, малға жіберіп отырған. Бұқаны да күйлеген сиырға жіберуді жоспарлы уақытқа сай орайластырған.

Ал, мезгілсіз уақта яғни ұрғашы мал күйектен бұрын қашып кетіп, қыста туылған төлдерді "арамза" деп атаған. Себебі, ондай төлдердің қыста қатарға қосылуы қиын.

Сонымен бірге, жаппай төлдеп болғаннан кейін де бірен-саран мал төлдейді. Оны "кенже туды" деп атайды.

Қозы бағу

Әдетте, төлдерді отыққанан кейін ақырындап бөлек баға бастайды.

– Балалық бақыттың ең әдемі бір сәті кешкі сауыннан соң, қозы-лақты жамырату еді. Қосақ ағытыла бере алдына шалған шалғышын қолына алып жеңгең не апайың әлде анаң қыр басында қозы соңында жүрген саған қолын бұлғайтын. "Айдоо, айдооо" деп. Сол сәтте қозы-лақтан бұрын сен алдымен үйге тұра жүгіресің. Бастарын бірден көк майсадан жұлып-жұлып алған қозы-лағың да артыңнан лап қоятын, – деп блогер Манарбек Керей еске алады.


Қозы бағып жүрген балалар

Қозы бағып жүрген балалар / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Ию мен исіну

Әдетте енелік өз төлі болмаса сүт шықпайды. Яғни иімейді. Сол үшін төлін бауырына әкеліп, емшегін бірер сорғызғанда ғана исінеді. Сол кезде сүт те шығады. Осылайша бірнеше күн үйреткеннен кейін, сауыншыға үйреніп, иіп, сүт береді.


Бұзауын емізіп, енесін исіндіріп тұрған келіншек

Бұзауын емізіп, енесін исіндіріп тұрған келіншек / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Көктем соңында қой қырқып, жылқы мен түйе күзейді

Төрт түлік мал төлдеп біткеннен кейін, көктем кезінде, күн жылына қой-ешкінің жүні көтеріліп, түсе бастайды. Осылайша "қой қырқым" басталады. Онымен қоса түйені де жүндейді не күзейді. Қырқылмай өзі түскен жүнді өлі жүн, өзі түспейтін көтерілмен жүнді тірі жүн деп атайды.

Жылқының жал-құйрығын күзеп алады.

Қой жүнінен киіз басады. Ал түйенің жүнінен көбінесе көрпе, төсеніш жасайды. Ал жылқының қылынан қыл арқан еседі. Қой-ешкінің жүнінен есілген жіп не арқан жұмсақ, ыңғайлы болады. Ал жылқы қылынан есілген шылбыр не арқан қатты берік болады. Оны көбінесе шалмаға, құрыққа, қосаққа істетеді. Ал қой-ешкінің не түйенің жүнінен есілген арқан-жіптер үй мүкәміне, көшкенде байлап, матауға пайдаланылады.

Сонымен бірге түйе шудасынан жіп иіреді. Оны ұршық арқылы иірген. Ол жіңішке болады. Киім тігуге және ызу мен жиектеуге, жөргемдеуге, көктеуге ыңғайлы.

Ешкі түбіті, терісі, ішегі – өте құнды

Жалпы Моңғолия мен Қытайда ешкі түбіті қымбат. Тіптен, ешкі терісі мен ішегін де сатып алады. Жұрт "ешкінің өзінен түбіті мен тірісі, ішегі қымбат" деп қалжыңдайды екен.

Әдетте әр ешкіден орта есеппен 2,5-3 келі түбіт шығады. Ол 10-20 мың төгрөкке (Бүгінгі валюта бағамы бойынша 1 теңге – 7,28 төгрөк) дейін пайда әкеледі. Біздің теңгеге шаққанда 5-10 мың теңгеге дейін пайда түсіреді.

Ешкі түбіті – өте құнды шикізат. Сонымен бірге ешкі терісі ең берік терінің бірі. Сол себепті көкпардың орынына ауылда серке терісін тартатын болған. Ал ешкі ішегі де берік, үзілмейтін болғандықтан медицина саласында қолданылады.


Ешкі түбітін тарау

Ешкі түбітін тарау / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Қой қосақтап, ешкі көгендеп...

Әр түлік малды байлау да әр түрілі аталады. Мысалы, қойды керілген ұзын арқанмен екі-екіден екі жағынан кезек қосақтайды. Ал ешкіні арнайы жасаған көгенге көгендейді. Кейде қойды да көгендейді не ешкіні қосақтайды. Қосақтап болғанан кейін сауады.

Төлді күндіз алып қалып бөлек жаяды да кеште мал сауылып болғаннан кейін жамыратып жібереді.

Ал жылқыны байлайды және шідерлейді, тұсайды, өрелейді, арқандайды. Түйені шөгеріп, алдыңғы екі аяғын тізеден байлап, тұра алмайтын етеді. Оны матау деп атаған. Түйені де тұсайды. Сиырды байлайды. Кейде өгіздің мұрнын тесіп, оған мұрындық өткізіп, жіп байлайды.

Бұзауларға мойыншақ не ноқта жасаса, үлкен мүйізді сиырларды мүйізінің түбінен орап байлайды. Жылқыға ноқта-жүген салады. Құлынды да ноқталайды. Түйенің мұрнын тесіп сілбі (мұрындық) өткізеді де оған бұйда тағып тастайды. Бұл жетектегенге, байлағанға ыңғайлы.


Малшы үйінің отыны сиыр тезегі немесе қыстаудан әкелген қи

Малшы үйінің отыны сиыр тезегі немесе қыстаудан әкелген қи / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Ат тағалау

Түйені биік, тасты жерге шығармайды. Себебі, аяғына тас кіріп, табаны жұқарып, ауырсынуы мүмкін. Оны тасырқау деп атаған. Жылқыны тасырқамауы үшін тағалайды.

Кейде сиыр, қойлар да тасырқайды. Ондайда оларды жері жұмсақ тау етегіне түсіреді. Ал ешкі малы тау-тастың малы. Тасырқамайды.

Міне осылайша, көктемнің төлі еріп, мал көкке тойғанда адамдардың да аузы аққа тиіп, мамыражай тірілік басталады.

Малы төлдеп болғаннан кейін, малшылар көктеуліктен жайлауға көше бастайды. Міне бұл – жазғытұрым деп аталатын кез. Жайлауда екі-үш айға дейін отырады. Яғни күн салқындай бастағанда, күзеуге көшіп, түседі.

Алдағы уақытта қазақтың көшпелі өмірінің әр маусымы туралы жеке-жеке айтатын боламыз. Біздің Интернет порталдың қазақша бөліміне жиі кіріп, жарияланымдағы мақалаларды назардан қалдырмаңыз.


Қазір жайлауға осылай көшеді

Қазір жайлауға осылай көшеді / Туған жердің түтіні атты ФБ парақтан алынды


Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары