Дегелек қайда ұялайды?
Қазақ арасында "бес қала"деген сөз тіркесі сақталған. Оны Маңғыстау түбегі мен Арал теңізінің айналасында тұратын жұрт әлі айтады. Сол "бес қаланың" бірі – Бұқар. Талай әмір билеген. Олардың кейбірі Сыр мен Арыс бойына дейін үрей әкелген замандар өтті. Керісінше көшпелі жұрттың Бұқарды басып алып, армансыз билік құрған дәуірі келмеске кетті. Соның бәріне куәгер болып қала төрінде асқақ мұнара тұр. Орта Азияны аралап шыққан Қадыр Мырза Әли өлең арнаған. Оған айналып соғамыз. Алдымен мұнараның не үшін қажеттігін сөз етелік.
Мешітпен бірге салынып, азан шақырылатын болғалы мұнараны әлбетте, ислам мәдениетімен байланыстырады. Иә, айналадағы Пәкістан, Түркия, Өзбекстан тұрмақ, АҚШ пен Еуропа елдерінде мұнарасыз мешіт жоқ. Күмбезді, шатырлы дегендей, дөңгелек пішінді, көп қырлы дегендей сан түріне көз сүйіндірдік. Ең бастысы – бәрі өте зәулім. Кезінде оның биіктігі дыбысты алысқа жеткізуге керек еді. Енді дыбыс күшейткіш шыққан заманда сәулеттік сипат басты орында. Түптеп келгенде, мұнараның тарихы мен маңызы азан шақырудан анағұрлым тереңде.
Ғылыми деректерге жүгінсек, мұнара – алдымен қарауыл қарау үшін салынған құрылыс. Оның дәлелі қазақ даласынан табылады. Шу өзенінен Қаратау қойнауына дейін, одан Қаратаудан Ұлытауға дейін керілген кең далада Ақкесене, Көккесене, Ақсүмбе атты ескі мұнаралар бар. Оларға археологтар талай рет барған.
Алғашқы екеуі Жамбыл облысы Талас ауданының аумағында. Ақкесенені картаға 1896 жылы патша өкіметі жіберген ғалым Василий Каллаур түсірген. Ол қарауыл мұнараның үлкен, аумақты қорғанның бір бөлігі екенін анықтайды. Өлшеп көрген. Сырт аумағы 11 метр, биіктігі 9 метр болыпты. Әу-баста одан да биік болса керек. Ұшы құлаған, мүжілген, сонда да ұлы тұлғасын сақтаған. Беріде мемлекет қорғауында.
Қаланған кірпішін тексерген ғалымдар мұнара ХVІІ ғасырда, іргелес қамал ХІІІ ғасыр тұрғызылған деп болжайды. Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан Ақкесене мен Көккесенеге қызығушылық танытқан. Тегі арнайы келуге уақыт таппаса керек.
Ақкесенеден 7 шақырым жерде Көккесененің үйіндісі жатыр. Оған қарағанда Ақкесененің құламай тұрғанына тәубе дейсің. Жергілікті көнекөз қариялардың "Көккесене Ақкесенеден әдемі еді" дегенін естіп қалғандар да бар.
Талас өңірінің ақыны Жұлдыз Асқарқызы:
Ақкесене, Көккесене – айбарым,
Тарихты айтып толғанады жан-жағым.
Бір Алла деп қос қолымды жаямын,
Ақ дегелек ұясындай жайғаным, – деп жырлаған.
Осы шумақта жас ақын қыз басқалар байқай бермейтін бір сырдың ұшығын шығарған. Дегелек құсы үнемі мұнараның басына ұя салады. Оны Орта Азияның мұнаралы қалаларынан, баяғы Бұқардың өзінен көруге болады.
Қисыны келіп тұрғанда айта кетелік, бұл құс туралы өлең жолдарын ертеректе ақын Тоқаш Бердияровтан оқығанбыз. Анасы Жиенкүлге арнаған "Ескі паровоз" атты поэмасында мынадай шумақ бар:
Біз жақтың көктемі,
Емес пе керемет!
Ұяда сақылдап тұр ма екен,
Ақ қанат дегелек.
Демек, қайда дегелек ұя салады, сонда мұнара бар. Міндетті түрде.
Қарауылдар қас қақпайды
Қазақта ежелден "төбесіз жер болмайды, төресіз ел болмайды" деген мақал бар. Төре тегінің өкілі рулы елді басқарса, ауыл іргесіндегі төбе алыс-жақынды шолуға керек. Тегіс далада өмір сүрген халық қайтпек? Ондайда келе жатқан жауды осындай мұнараға шығу арқылы байқайтын. Сосын бір қарауыл екіншісіне белгі береді. Демек, сайын даладағы мұнаралар бір-біріне көрініп тұруы керек. Осылай жау хабарын жедел жеткізеді.
Түркістандағы Иассауи атындағы қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Сағынбай Мұрғабаев Қаратаудың теріскейіндегі Созақ ауданында сақталып қалған Ақсүмбе мұнарасын зерттеген. "Мұнда күндіз түтін салу, ал түнде отты алаулата жағу арқылы айналаны сақтандырып отырған" дейді.
Осы тақырыпты байыптап жүрген және бір белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов мұнаралар бағдар алу үшін де қажет болғанын айтады және оған мысал ретінде көңе аңызды келтіреді: "Таразды Қарахан деген хан билеп тұрады. Алыстағы Үндістаннан ба, Парсыдан ба келген керуенбасы ханның қабылдауында болады. Сый-сияпатын беріп, кетерінде "дат" дейді. Хан "датың болса, айт" дейді. Сонда анау: "Тақсыр, Мойынқұмнан өту үш күндік жол, бірақ үш айлық азабы бар. Керуен адасып кетеді, адамдар шейіт болып жатады. Сіз соған белгілер салсаңыз" депті. Сосын хан уәзірлеріне бірінен бірі көрініп тұратын мұнаралар салғызған дейді".
Бұл аңыз қисынға сияды. Айталық, сол Талас ауданында Күмістөбе атты жер бар. Онда да мұнара болған. Күмістөбеден Ақкесене көрінеді екен.
Талас даласына жолы түспеген Әлкей Марғұлан Созақтағы Ақсүмбе мұнарасын зерттеген. Оны ХII-ХIII ғасырларда, моңғол шапқыншылығының алдында тұрғызылған деп тұжырған. Ақсүмбе атауы Шыңғыс хан жайындағы жазбаларда жоқ болғанымен, Ақсақ Темірдің жорықтары туралы деректерде кездеседі. "Зафарнама и Темір" атты шежіреге қарағанда Әмір Темір Ақсүмбе түбіне шатыр тігіп түнеген.
Сонымен, кезінде Бетпақдала арқылы бір шеті Қаратаудан келесі шеті Ұлытауға дейін бірінен бірі көрініп тұратын мұнаралар тізбегі болған. Солардың қалдығын тауып, қалпына келтірсе, шіркін. Саман кірпіштен өрілген мұнаралар уақыт сынына төтеп бермеді. Тек, тізбек басындағы Ақсүмбе сақталып тұр. Содан бастап басқаларының тұрған орнын іздеу жұмыстарын жүргізсе. Одан қалпына келтіру басталса. Ұлы даланың тағы бір қыры андағайлап шығар ма еді!
Шежіре мен жылнамада, археология мен этнографиялық еңбектерде Ақсүмбе аталатын мұнараны жергілікті жұрт "Ақбикеш" деп те атайды. Бастапқы биіктігі – 25, айналасының аумағы – 14 метр болған. Беріде жартысы ғана сақталды. Соны аман алып қалу үшін Созақ ауданында "Ақбикешті" қайта қалпына келтіру мен көркейту қоры ашылды. Шамасы, мемлекетке керегі жоқ сияқты.
Жан сақтайтын жер
Қарахандар заманынан жеткен әпсанадан белгілі болғандай, көшпелі елге мұнара жолды бағдарлау мен жауды байқау үшін керек десек, отырықшы халықтарда үшінші қажеттілік бар. Ол – мұнараның ішіне отырып алып, келе жатқан жауды ату. Таудың тар соқпақтарында бұл ең қолайлы бекініс түрі болмақ.
Кавказ республикалары мен Түркияда тас мұнараның талай түрін көрдік. Үстінде оқ ататын қуыстары, астында ат байлап қоятын қалқасы бар. Бұрылыстан шыға келген адамның алдынан кенет биік бекініс пайда болады. Келуші есін жиғанша, аңдап тұрған мұнарадағы бірінші қимылдамақ.
Кавказды жаулау барысында орыс басқыншылары осындай мұнаралардан көресіні көрді. Тау арасында ең қысталаң тұста қасқайып мұнара тұрады. Одан жауған оқ ашық жолмен келе жатқан әскердің ту-талақайын шығарады. Ал, мұнараның тар қуысында тұрған мергенді дәл атып түсіру қиын.
Сондай атақты мұнараның бірі – Ғимра деп аталады. Тура асудың етегіне салынған. Ресей империясының жаулауға жақындап келгенін сезген Ғази Мұхаммед тұрғызған. Өзі кәпір басқыншылармен атысып, 1830 жылы осы мұнарада қаза тауыпты. Ғази Мұхаммедтан кейін қарсыласу соғысын жалғастырған Имам Шәміл Ғимра шайқасына қатысқан.
Ызаланған жаулаушылар Түркістандағы кесене сияқты мынаны да зеңбіректің тобымен атқан. Бір қабырғасы құлап, үйінді болып қалған. Кеңес тұсында ескерусіз жатты. Кавказ есін жинап, қайтадан азаттыққа талпынған кезде, 1997 жылы Ғимра толық қалпына келтірілді.
Зеңбірекпен атқыламаса, мұндай мұнаралар тастан салынғандықтан жүздеген жылдарға шыдас берер еді. Біздегі саманнан соғылған Ақкесененің Көккесенелерге қарағандағы артықшылығы сонда.
Айтпақшы, Кавказда атақты Татартүп мұнарасы жаулаушылар соғысынан аман қалып, кейін жауапсыздықтан қирап түсті. Кезінде көркіне Пушкиннің өзі тамсанған. ХІХ ғасыр соңында ағылшын саяхатшысы Джон Фредерик Баддели өзіне дейін бұл мұнараны Гильденштед, Дюбуа де Монперэ, Клапрот көргенін жазады. Одан әрі: "Бұл жер аңыз бен әфсанаға толы. Сондықтан жергілікті жұрт мұнараны киелі санайды. Мұнда "қанға-қан" антынан қорғанып қашқандар да жан сақтаған".
Осы атақты Татартүпті кеңес заманында құлатып тынды. Билікте кінә жоқ. Олар қайта қалпына келтіруге тапсырма берген. Ал, қалпына келтіруші мамандар мен құрылысшылар іргетасын дұрыс және дереу бекітпеген. Іргетастың бір бөлігін алып тастап, асықпай қайта құямыз деп жүргенде биік мұнара саудыр ете қалған. Ғимра көрген соғыс зауалына ұшырмаған Татартүп – бейбіт замандағы берекесіздіктің құрбаны екен. Қарап тұрсаң, әр мұнараның өз тағдыры бар.
Билеушілер бақ таластырғанда
Осымен алыстан сорайып тұратын ғимараттардың ежелгі қызметтері бітті ме? Жоқ, төртіншісін айтпай кетіппіз. Әр халық мемлекет құрып, бір тізгінге бағынғанда, сол үшін орталық салу керек. Қазіргі тілмен – астана, бұрынғысынша айтқанда – байтақ.
Орталық Азияда бірі ыдырап, бірі құрылып, ондаған мемлекеттің кезекпен өмір сүргені белгілі. Солардың астаналары бір-бірімен бақ таластырған, сәулетін асырғысы келген. Осы тұста келе жатқан жолаушыға алыстан бой көрсететін мұнараларға ерекше мән берілген. Ол бас қаланың ортасында неғұрлым биік салынса, мемлекеттің күш-қуаты, бай-дәулеті соғұрлым мығым деп есептелген. Ондай мысалды ежелгі астана болған Бұқар қаласынан көруге болады.
Бұқардағы атақты Калян мұнарасын тұрғызуға ХІІ ғасырда Арслан хан әмір етіпті. Соның алдында бұрынғы мұнара құлап, қасындағы мешіттің үстін басып қалған. Ислам діні Орта Азияға енді дендей бастаған тұс, мұнараның мешітке құлауы жақсылықтың нышаны емес еді. Осы тарихты естігенде ойымызға ақын Мұхтар Шахановтың мына шумағы оралсын:
Тағдырыңа өкпе айтып құлама,
Құламасын біздер сенген мұнара.
Ең бір ауыр қоштасардың сәтінде
Жыламаймын, айнам, сен де жылама.
Бұл шумақ үзіп алынған дастан да Орта Азияның бір оқиғасын сипаттайтын. Поэманы түсіндіру – біздің міндетке жатпайды. Тек құлаған мұнара туралы айтып жатқанда ойымызға оралғаны ғой.
Сонымен құлаған мұнараның орнына жаңасын салуға Бако атты шебер шақырылды. Ол мұнара салынатын жерді жеті кез етіп терең қаздырды. Қазіргі мамандардың көзімен қарасақ, өте орынды шешім. Қытайда, Кореяда, Біріккен Араб Әміреттерінде жүргенде байқадық, ғимарат неғұрлым биік болса, соның іргетасы соғұрлым тереңге түсуі тиіс.
Жеті кез, яғни он метрлік апанды қаздырған Бако маңайдан түйенің сүтін жинатады. Лайды сол сүтке илетіп, шұқырды толтырады. Содан кейін бас құрылысшы үшті-күйлі жоқ болып кетеді. Екі жылдан соң пайда болып, шұқырдағы бір кездегі лайын тексереді. Ол жер тас болып қатып, балтаның жүзіне үгітілмейтіндей шеген болып шығыпты. Міне, осыдан кейін әлгі шебер күйдірілген кірпіштен мұнараны қалап шыққан.
Жер үстіндегі биіктігі – қырық жеті метр. Төмендегі шеңберінің диаметрі – тоғыз метрі болса, жоғарыдағы шеңбері – алты метр, демек сүйірленіп біткен. Мұнара түбіне оның салынған уақыты мен салғызған әміршісінің аты жазылған.
Осы Калян мұнарасына кезінде Қадыр Мырза Әлі өлең арнаған. Тұтасымен келтірудің реті келмес, бірақ түйдек-түйдек теңеулері тілге орала береді. "Уақытқа мат қоятын ферзің бе?" дейді. Әлемдік ойлы спорт ойындарының ең күрделісі саналатын шахматтың осы өңірден шыққанын, әрі мұнараның он ғасыр мыңқ етпей тұрғанын ескерсек, орнымен табылған ғажап теңеу емес пе? Немесе мынасы... жоқ, бұл теңеуді толық шумағымен келтіру керек екен.
Қалып заман дауына,
Қор болғанда мың арман.
Бас игізбек жауыңа
Бармағың ба шығарған!
Орталық Азия – қай заманда болмасын жортуылдар ортасында тұрған аймақ. Бір жаулаушыдан құтылғанша келесісі шаң беріп қалады. Соның бәріне сес көрсетіп мұнара тұрады. Бұл орайда Боканың қыштан ғажап ескерткішті қалаған шеберлігіне ғана емес, Қадырдың жай сөздерден таңдай қағарлық өлең туғызған талантына да тәнтіміз.
Бас сүйектердің басқаша көрінісі
Сонымен мұнара тұрғызудың діндегі азан шақырудан басқа төрт қажеттігін түгендедік. Тоқтай тұрыңыз, ежелгі заманда мұнараның тағы бір түрі болған. Оны бізден гөрі жазушы Мұхтар Мағауин жақсы сипаттаған.
Бұл – адам басынан тұрғызылған мұнара. Жаулаушылар өзіне қарасты, тіпті одан тысқары елдерді қорқынышта ұстау үшін арнайы тұрғызатын. Бас сүйектен үйілген мұндай мұнара кезінде Шу бойында болғанын жазады қаламгер "Келде мұнара" әңгімесінде. Іргелес жұрттың ханы қазақты шауып кеткенде осылай істеген. Жазушыға дастан айтушы Әбіш қария кейін кек қайтарған қазақтардың ондай зұлымдыққа бармағанын айтады.
Жазушының әңгімесіне қарағанда, бас сүйектен мұнара тұрғызумен тарихта қалған – Әмір Темір. "Кейіннен ақ нәсілді Еуропа Теміріңнен де асып кетті. Адам өлігі тау боп үйілді. Ағылшындар мен испандар қос Американың жергілікті халқын тұтастай қырып салды. Бірақ, Әмір Темірдің бұл саладағы біріншілігіне адамзат ешқашан жете алмайды. Өйткені, әлем қазір Темір сызып берген жобамен жылжып келеді. Бірінің бастарына бірі тояр емес" деп тұжырған қаламгер.
Біз байқаған тағы бір деректе Әмір Темірдің Гератта 20 жерде мұнара тұрғызғаны айтылады. Хафизи Абру деген жылнамашы "Исфағанда 45 мұнара тұрғызылды, әрбірінде кемінде екі мың бас болды" депті.
Өз тарапымыздан Америка құрылығына барғанда жаулаушылардың бизондардың бас сүйегінен мұнара тұрғызғанын мұражайдағы суреттен көргенімізді қосар едік. Онда бизонды қыру арқылы үндістерді жер бетінен жойып тастау көзделген.
Рас, ондай мұнара үйгізген дәуірлер мен әмірлер алыста қалды. Бірақ, адамзат жылнамасы үшін өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қазаққа қарсы геноцид, жетпісінші жылдардағы Пол Пот мен жендеттерінің Камбоджа халқына қырғыны соншалықты алыс та емес.
Хош, бас сүйектен тұратын мұңды мұнаралар туралы жазғанда қызылордалық ақын қыз Назгүл Бердіқожаның мына шумағы ойымызға оралды:
Аспаннан қиып ақ көйлек кидім бұрала,
Айтпаймын саған, ақыннан ақыл сұрама!
Айбаты бар да, азанын ешкім естімес,
Өмірім менің – мұңнан тұрғызған мұнара!
Сөзді түйіндесек, бас сүйектерден үйілген мұнара – халықты қорқыту мен үркітуге қажет, демек оның бесінші түрі болды.
Тарихты қопарсақ, мұнараға қатысты деректер жетерлік. Біз осымен тоқталық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1🟢 Роза Рымбаева и другие: алматинцев приглашают отметить 100-летие Сагадата Нурмагамбетова
- 7001
- 8
- 33
-
2👀 Кто вы в отношениях – жертва или абьюзер? Особенности поведения, на которые стоит обратить внимание
- 3027
- 0
- 20
-
3🚗‼️ Пьяный водитель влетел в яму в Актау, машина перевернулась
- 3051
- 1
- 16
-
4🇰🇿🇷🇺 Слёт волонтёрских организаций Казахстана и России провели в Алматы
- 2952
- 13
- 84
-
5⛅️ Прогноз погоды на 24 ноября: облачная погода без осадков сохранится на большей части Казахстана
- 3034
- 0
- 3
-
6✈️ Авиакомпанию Air Astana оштрафовали на 1,8 млн тенге за задержку рейса
- 2927
- 6
- 28
-
7⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 23 ноября
- 2603
- 0
- 1
-
8🥈Казахстанский фигурист Михаил Шайдоров завоевал "серебро" на гран-при в Китае
- 2525
- 0
- 29
-
9™️TikTok хочет использовать Илона Маска как посредника в переговорах с администрацией Дональда Трампа
- 2471
- 0
- 10
-
10‼️Один убит, трое ранены: что произошло возле посольства Израиля в Иордании
- 2438
- 0
- 7