Тікелей эфир

Ер қаруы – бес қару. Ұлттық ойын арқылы бес қаруды насихаттау қажет.

Фото ғаламтордан алынды
Фото ғаламтордан алынды
Қазақта қару түрі көп болған. Тек оны қолдану түріне қарай беске бөлген.

Қазақ аттың қомында бес қаруын қолдан түсірмей, жерінің бүтіндігін, елдің амандығын қорғай алған. Қаруды қолдануды да, одан қорғануды да жақсы меңгерген. Қару-жарақ зерттеушісі тарихшы-ғалым, этнограф Қалиолла Ахметжан қару-жарақ түрлерін топтаудың қалыптасқан дәстүрлі жүйесі бар дейді. Оның айтуынша, әр қарудың өз орны, атқаратын қызметі мен қолдану жолы бар.

Бес қаруға нелер жатады?

– "Ер қаруы – бес қару" деп шайқаста ғана қолданатын қару түрлерін айтқан. Бұл қаруларды қазақ халқы XVII-XIX ғасырдың аяғына дейін пайдаланып келді. Қолдану аясына қарай бес түрге бөлген. Бірінші – шабу қаруы (балта, айбалта, шақан), екінші – түйреу қаруы (найза, сүңгі), үшінші – кесу қаруы (қылыш,семсер, сапы), төртінші – соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), бесінші – ату қаруы (садақ, мылтық).

Садақ – ату қаруы

Садақ жебесінің бірнеше түрі болған. Жалпақ жебені сауытсыз жауға қолданған. Оны "қозыжауырын оқ" деп атаған. Ал сауыт киген жауға басы үшкір, қырлы жебені яғни, "сауытбұзарды", "көбебұзарды" пайдаланған. Адамды, аңды жараламай, ұрып құлатуға арналған жебені ағаштан, сүйектен, немесе мүйізден жасаған. Оны доғал оқ деп атаған.

Мысалы, "Ер Тарғын" жырында Қарт Қожақ батыр жекпе-жекте жас Тарғынды аяп, өзіне тимей, оның қормасақтағы оқтарын доғал оқпен атып, күлпарша қылып уатып тастайды.


Садақтың бірнеше түрі болған

Садақ жебесінің бірнеше түрі болған / Фото ғаламтордан алынды


Сонымен қатар соғыста сигнал беретін ысқырғыш оқ деп аталған сарнама деген түрлері болған. Қорамсақтағы жебені бір-бірінен айыру үшін оқ сабының бас жағына орнатылатын қанаттарды қызыл, қара, жасыл түспен бояған. Тіпті атақты жауынгерлер садақтарын алтын, күміспен зерлеп, өз елінің таңбаларын салған. Оқтың сабындағы түсті белгілерден оқ иесінің әлеуметтік мәртебесін анықтаған.

Кесу қаруы

Кесу қаруына семсер, қылыш, сапы, селебе кіреді. Семсердің басы түзу, екі жүзді болады. Көшпелі халықтарда семсерді б.з.д бірінші мыңжылдықта қолданып келді. Алғашқы семсерлер қысқа болып, қоладан құйылып жасалса, игере келе оны темірден, болаттан соғып, ат үстінде соғысуға арналаған семсер қолданысқа енген.

Семсердің басын болаттан, алмастан соғып, саптарына сүйек, мүйіз, ағаш пайдаланған. Қазақтарда XVII ғасырға дейін ауыр қаруланған атты әскер семсерді қылышпен қатар қолданған. Кейін ауыр қаруланған атты әскер соғыс аренасынан кеткен кезде қолданыстан шықты.

Ал қайқы бас қылыштың бір ғана жүзі болады. Басының қайқылығына байланысты жатаған қылыш, наркескен, алдаспан, зұлпықар деген үлгілері болған. Наркескеннің басының қайқылығы ұзындау болғандықтан кесу мүмкіндігі де зор.


Соғыста басты қарудың бірі қылыш болған

Соғыста басты қарудың бірі – қылыш болған / Фото sarbaz.kz


Семсердің ерекше түрі бүктемелі семсер туралы қазақ ертегілерінен кездестіруге болады. Өткен ғасырда Шығыс халықтары бас киіміне немесе белге орап жасырып алып жүрген солқылдақ, иілгіш қаруды қазақтар да қолданған деген дерек бар.

Суретші Мейірхан Абдрахманов Алматы облысы, Көксу ауданында Найман Қылышкер деген адамның белге жасырын тығып жүретін қылышы болғанын айтады. Кеңес үкіметіне қарсы әрекеті үшін қамауға алынған кезде НКВД күзетшісін сол қылышпен шауып өлтіріп, қашып кеткен екен.

Балта – шабу қаруы

Жауынгерлік балталардың үш түрі (ұзын, қысқа, орташа) болған. Қысқа саптыны "балташық" деп атаған. Бізге жеткен басым көпшілігі орташа сапты балталар.

Мұражайда ұзындығы 75-100 см аралығында, диаметрі 3 см балталар бар. Бұл ат үстінде айқасуға ыңғайлы ұзындық. Ал ұзын саптыны жаяу әскерлер, сарай, орда, қақпа күзетшілері ұстаған. Түріктерде сарай күзетшілерін айбалташылар деп атаған.

Сыртқы формасына қарай жүзі жіңішке балта, жүзінің жалпақтығы орташа жауынгерлік балта, жүзі жалпақ айбалта деп жасалуына қарай пайдаланған. Жүзі орташа балтаны сауытты жауынгерлерге қарсы қолданған.


Айбалта

Қысқа сапты айбалта / Фото baribar.kz


Түйреу қаруы

Түйреу қаруының үш түрі бар. Бірінші найза түрін жақын қашықтықта, бетпе-бет айқаста сауыт кимеген жауға қолданған. Екіншісі – темір сауытпен жарақтанған адамға қарсы қолданатын сүңгі. Металдан соғылатын найзаның басы – жебе деп аталады. Жебесі жалпақ, екі жүзді болады.

Сүңгінің жебесі үскідей үшкір, үш-төрт қырлы болады. Сүңгінің екі басында да жебесі болады. Сүңгі мен найзаның жебелері темірден, болаттан, алмастан соғылады. Соған қарай ақ найза, ақ сүңгі ақ алмас болаттан, көк найза көк темірден жасалған.

Үшінші түрі – жыда. Ол найзаға ұқсас, бірақ сабы қысқалау болып келеді. Оны жауға қарсы лақтырып қолданады. Қазақ жыдасының жебесі найзаныкінен жалпақтау болып келеді.

Сабының түп жағында арнайы қолға ұстайтын тұтамы, қолға ілуге арналған бүлдіргісі болады. Бұл жадыны лақтыру арқылы да, қолға ұстап түйреу арқылы да қолданғанын айғақтайды.

Найза мен сүңгінің басына шашақты да әдейі таққан. Найзаның ұшынан аққан қанды сабына жібермеу үшін және қарсыласына қарудың басын байқатпау үшін қажет болған. Тіпті батырлар жырларында "қоңыраулы найза" туралы айтылады.


найза

Найза басындағы шашақты жауды алдау үшін таққан / Фото ғаламтордан алынды


Соғу қаруы шоқпарды қалай жасаған?

Соғыс қаруының алғашқы түрі – шоқпар болған. Басы тастан, металдан жасалады. Ал бастары металдан құйылып жасалып, сапқа орнатылған екінші түрі – гүрзі. Гүрзінің басы шойыннан, қорғасыннан құйылған. Сабы металдан, ағаштан жасалған. Ағаш сабы сынбау үшін сырты металман қапталып, осал жері метал сақиналармен буылған.

Тағы бір түрі басы бірнеше тілімнен тұратын қырлы болып темірден жасалған жеңіл шоқпар. Түркі тілінде бұздыған деп атайды. Басы алты не одан көп тілімді болады. Бұл қарудың соққысы өте қатты болған. Көбіне әскербасылар ұстаған.

Шығыста әскербасыларға тумен бірге табыстаған. Алтын тастармен әшекейлеп сәнді қылып жасаған. Басы сабына қайыспен немесе шынжырмен бекітілген қаруды босмойын немесе бос мойын шоқпар деп атаған.

Бос мойынның басы ағаштан, сүйектен, металдан жасалған. Негізінде ат үстінде соғысуға ыңғайлы түрі орташа немесе қысқаша сапты болып келеді. Бұндай соғыс қаруларының ішінде арнайы рәсімдерде қолданатын әшекейленген үлгілері де болған.


Гүрзі мен шоқпардың жасалуы екі түрлі болғанмен атқаратын қызметі бір болған

Гүрзі мен шоқпардың жасалуы екі түрлі болғанмен атқаратын қызметі бір / Фото baribar.kz


Бес қаруды қалай қолданған?

Көшпелі халық соғыста бес қаруды нәтижелі қолдану үшін найзагерлер, қылышкерлер, айбалташылар, садақшылар қосындарын құрған. Мысалы, Манас жырында қырғыз, қазақ басқа да түркілерден құрылған әскер құрамында 20 мың садақшы, 30 мың мылтықшы, 5 мың гүрзішілер, 12 мың найзагерлер және 15 мың қылышкерлер қосыны болғанын айтады. Жазба деректерде Абылай, Кенесары әскерлерінде осындай топтар болғанын көрсетеді.

Әскери тактикасы да бес қару түрін ретімен қолдануға негізделген. Көшпелілер соғысты алғашқы сәтте алыстан садақ атудан бастап, кейін шығынға ұшыраған жау әскеріне найза-сүңгімен соққы беріп, қоян-қолтық ұрыста қылыш, айбалта, гүрзі қолданған.

Қазақ хандығында әскербасылық лауазымға тағайындалған батырларға дәреже белгісі ретінде гүрзі, қылыш, тулы найза тапсырылған.

Мылтықпен қазақтар XV ғасырда қарулана бастаған

Ату қаруы садақты отты қару, яғни мылтық алмастырды. Оны XIII ғасырда арабтар ойлап тауып, отты қару деп атаған. Тарихи деректерде XV ғ. аяғы мен XVI ғ. басында Қазақ хандығының құрылу кезеңінен бастап пайдалана бастағанын көрсетеді. Осы кезеңде өмір сүрген Шалкиіз жырау "Ер Шобан" атты жырында Қара найман Жақан батырдың мылтықпен қаруланғанын айтады.

Он екі құрсау жезайыр,

Қара мылтық жұмсаған.

Бұл жиынның ішінде,

Қара найман Жақан бар.

XVII-XVIII ғасырлардағы ақын жыраулардың туындыларында мылтық қазақ батырларының жауынгерлік қаруының бірі болғаны туарлы айтылады. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде мылтық – ер жігіттің жеті қазынасының бірі болып саналады.

Шиті мылтық Еуропада пайда болған

XIX ғасырдың екінші жартысында капсюлді "пистонды" мылтықтар қолданысқа ене бастады. Ол ең алғаш рет Еуропада пайда болған. Орыстар арқылы қазақтарға келеді. Содан шиті мылтық атаған. Шит немесе шиті деп мақтаның дәнін айтады. Ал өте кішкентай нәрсені шиттей дейді. Мылтықтың капсюлі мақтаның дәніндей кішкентай болған. Осылайша білтемен от алатынды білте мылтық, шақпақ таспен от алатынын шақпақты мылтық деген.

Ханды таққа отырғызу кезінде беліне семсер байлаған

Орта ғасырларда көп халықтарда әміршілерін таққа отырғызарда билік белгісі ретінде қаруды пайдаланған. Орта ғасырда еуропа елдерінде корольді таққа отырғызғанда беліне семсерді байлау немесе тапсыру рәсімі өткен.

Көшпелі түркі-монғол халқы да солай істеген. Монғол империясында семсер патшалықтың символы болған. Қазақ хандығы тұсында да болған бұл дәстүр. Бодан болған кезде орыс императицасы Анна Ивановнаның атынан Әбілқайыр ханға дәреже белгісі ретінде әшекейленген алтын қылыш берілген.


Қазақ батырлары қолынан найзасын, белінен қылыш тастмай жүріп, елін жаудан қорғаған

Қазақ батырлары қолынан найзасын, белінен қылыш тастамай жүріп, елін жаудан қорғаған / Фото syr-media.kz


Тойда қаруды сыйға тартқан

Қазақта құдалықта қалыңмал құрамына малдан өзге құл, сауыт, қару кірген. Тіпті қару-жарақпен басталатын тоғыз сый тартылған. XIX ғ ортасына дейін ұзатылған қыздың жасауына да қосқан. Бағалы зат ретінде сауыт, қалқан, садақ, қылыш берген. Мысалы, Ертөстік ертегісінде Кенжекей сұлу өзінің жасауына әкесінен Ақсырмал сауытты сұрап алады.

Сондықтан қару атадан балаға мұра болып қалатын киелі мүлік саналған. Қазақстанда болған орыс, еуропа авторлары қазақ хан-сұлтандарының, төрелерінің керегесінде түрлі бағалы қарулар тұрғанын жазады.

Кезінде Бөкей хан өз әулетінің ең үлкені ретінде отбасылық мұра ретінде қару-жарақтарды өз ордасында сақтаған. Бұл кейін хан ордасында Жәңгір хан ұйымдастырған қарулар бөлмесінің негізін қалады. Орыс авторлары мұнда шығыс, батыс қару-жарақтарының ілулі тұрғанын көрген. Алайда хан өлген соң із-түссіз жоғалып кетті.

Бес қаруды ұлттық ойынға енгізу қажет

– Ғасырларға созылған соғыс адам баласының қару-жарақтың әр түрін ойлап табуына мүмкіндік туғызды. Дегенмен халықтың даму сатысына, техникалық жетістігіне, материалдық базасына байланысты болған. Тек бір-бірінен айырмашылығы сыртқы пішіні мен құрылысында болды. Жалпы қазіргі уақытта осы бес қаруды қолдану тактикасын жігіттерге ұлттық ойын ретінде үйретсе жақсы болар еді. Өйткені қару – әскери дайындыққа, ептілікке, ойлау жүйесінің нақты болуына көп әсерін тигізеді, – дейді Қалиолла Ахметжан.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары