Пантеон құрылысына жұртшылық арасындағы көзқарас бүгінде екіұдай. Бірі мемлекет дамуына ықпал еткен көрнекі қоғам қайраткерлерінің бөлек жерленгені дұрыс десе, енді бірі үзілді-кесілді қарсы. Қалай болса да, пантеон деген термин болмаса, жалпы ұлттық элиталық қорым бізде бұрыннан бар.
Есік Обасы, Сарай, Сарайшық, Сауран, Түркістан қорымдары ежелден келе жатқан қазақтың пантеондары, – дейді тарих ғылымдарының докторы Зиябек Кабульдинов. – Әр өңірдің өзінде игі жақсылары, батырлары, билері, хан, сұлтандары жерленген орталықтар болған. Пантеон деп аталмаса да, соның қызметін атқарған.
Маңғыстаулықтардың өз Қабірстаны бар
Маңғыстауда, Үстірттің үстінде, шыңның жиегінде Сисем Ата деген үлкен қорым бар. Осы қорымды көшпелі адай жұртының пантеоны деп атайды. Әрине, қазақта бұрын пантеон деген сөздің болмағаны белгілі, оны солай атап жүрген – кеңес заманындағы зерттеушілер, тарихшылар, бірақ келе-келе осы сөз күнделікті қолданысқа еніп кетті, деп жазды маңғыстаулық Қуаныш Еділхантегі өзінің Facebook парақшасына.
Сисем Ата халықтың өз жүрек қалауымен, табиғи түрде, уақыт өте келе қалыптасқан пантеон.
Қорым аумағында жергілікті тас-құмнан, қиыршықтан салынған мыңнан астам ескерткіш бар.
Ол жерде кімдер жатыр?
Әрбір ру өкілдері өздерінен шыққан атақты, елге еңбегі сіңгендерін Сисемге жерлеуге тырысқан. Кейде ондай адамдардың өздері де сондай өсиет қалдыратын болған.
– Ол жерде адай тайпасының көптеген рубасылары, атақты батырлар, билер, шешендер, тұтас елге қайыры тиген байлар жерленген. Әбіш Кекілбаевтың сегізінші атасы, Қожаназар деген атақты бай сол жерде жатыр. Бірақ, байлығы үшін емес, елге сіңірген еңбегі үшін сол жерге жерленген.
– Байлығын меценаттық мақсатта жұмсаған, яғни, жоңғарға қарсы жорыққа аттанатын әскерді ат-көлікпен қамтамасыз еткен. Айналасындағы жарлы-жақыбайдан да малын аямаған.
Сисем Ата ескерткіштері – заманының сәулет өнері туындысы
Ескерткіштер әрбір рудың немесе марқұмның артында қалған туыстарының ұйымшылдығын, ауызбірлігін, байлығын, беделін көрсетеді. Олар – маңғыстаулық сәулет өнерінің қаншалықты шарықтап дамығандығын айқындайтын өнер туындылары.
Қазіргі кезде ол ескерткіштер тек маңғыстаулықтардың ғана мақтанышы емес, шетелдік қонақтарға көрсетуге тұратын қазақ халқының сәулет өнерінің туындылары деп айтуға болады, – дейді ол.
Әр қазақтың өз пантеоны бар
– Онда шебердің қолының ізі, туыстарының жүрек жылуы, сезімі болады, – деп ойын жалғады Қуаныш аға. – Сисем Атаға қанша барсақ та, барған сайын толқимыз, жүрегіміз қобалжиды, бұрынғы өткен бабалар рухымен тілдескендей ғажайып күйге енеміз.
Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі тұрған жердің өзі де 2000 жыл бұрынғы пантеон орны екені анықталған. Мәселен, кесене жанында 12 оба қатар жатыр. Бұлардың кез-келгені Алтын адам табылған обадан әлдеқайда көлемді.
Жалпы әруақты сыйлаған әр қазақтың өз пантеоны бар. Ол – ата-баба қорымы.
Пантеон өзге елде де бар
Ұлттық Пантеон көптеген елдерде бар. Мәселен Армениядағы пантеон – Ереванның көзге көрінерлік орындарының бірі.
Вашингтондағы Арлингтон зираты да танымал. Бірнеше ғасыр бойы миллиондаған туристер үшін тәу ететін бірден бір жер болып табылады. Мұнда оқытылған гидтар жұмыс істеп, бұған қатынайтын арнайы қоғамдық көлік мәселесі де шешілген.
Ежелгі Римдегі пантеон туралы да білмейтін адам кемде-кем. Осыдан екі мың жыл бұрын салынған, бүгінге дейін қаз қалпында сақталыпты.
Париждегі пантеонды да айтпай кетуге болмайды, ол жерде 80-ге жуық танымал жазушы, генерал, саясаткер мен ойшылдар жатыр.
Ең ірі пантеон атауына лайықты қорым Мехикода. Ол ұлттық және әлуметтік белгілері бойынша блоктарға бөлінеді, тіпті аттарымен көшелер де бар.