Тікелей эфир

"Қазақфильмдегі" өрт: кино өнерін бизнеске айналдырып, қазынаға қол салып жүргендер кім? Сараптама

Іnformburo.kz суреті
Іnformburo.kz суреті
2021 жылы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы жаңартылып, кинофабрикаға айналады.

Материал 31 телеарнасының "Неге?" ток-шоуында айтылған пікірлер негізінде әзірленді.

Қазақфильмдегі өрт қасақана болды ма?

14 тамызда Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы аумағында өрт болып, ондағы қойма мен "Қазақ хандығы" телехикаясына арналып жасалған декорация түгелдей жанып кетті. Қазіргі киностудия басшысы Ақан Сатаев мұны бәзбіреулердің қасақана істеген қылмысы деп атады. Себебі, декорация мен қойма бір-бірінен алыс орналасқан. Бірақ, соған қарамастан, өрт екі нысанда қатар тұтанған.

"Қазақфильмді" әдейі өртеді дегенге мен толықтай қосыламын. Әрине, кинода жүрген адамдар өздері өртемес. Бірақ, сыртта осы киностудияға бұрынғы министрліктен бастап, көз алартып жүрген адамдар көп. Өртенген декорацияда қыруар ақшаның ізі жатыр. Ол декорацияда "Қазақ хандығы" және басқа тағы біраз фильмдер түсірілген. Сол кезде қыруар ақша жоғалған. Соның барлығын декорацияға жауып, орысша айтқанда "списать" ету үшін әдейі жасалған қастандық", – деді актер Тұңғышбай Жаманқұлов.

Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың айтуынша, "Қазақфильмнің" төңірегінен "Мосфильмдегідей" шағын декорациялық қалашық жасау идеясы болған. Онда келген киноқұмар жастар мен туристер қазақ киносының тарихымен етене таныса алатын еді. Бірақ, тілсіз жау тағы да бірнеше фильмге қолдануға болатын декорацияның күлін көкке ұшырды. Ал киностудияны 2002-2007 жылдары басқарған Сергей Әзімовтың өрт әдейі қойылды дегенге сенгісі жоқ. Оның сөзінше, декорацияны маңайдан өткен жас балалар өртеген болуы мүмкін.

"Киностудияның аумағы дұрыс қоршалмаған. Жас балалар кіріп, өртеп жіберуі мүмкін. Өзіміздің ұжымнан біреу әдейі өрт қойды дегенге сенбеймін. Қазіргі індет кезінде жұмыс істейтіндер де азайды. Киностудияда жұмыс істеп жүргендер шамамен 15-20 пайызды құрайды. Мүмкін, күзеттің адамдарын да қысқартып, аумақ қараусыз қалған шығар?" – деді Сергей Әзімов.

Оқи отырыңыз: Қазақ киносы мазаққа айналды. Ақша мен атақ үшін "жер өртейтіндер" көбейді

Киногерлердің "Қазақфильмге" қастық етуге қолы бармайды

Кинопродюсер Қанат Төребайдың пікірінше, "Қазақфильм" аумағындағы алапат өрт әдейі жасалса да, оны істеген адамның кино саласына еш қатысы жоқ. Өйткені, барлық киногер "Қазақфильмді" киелі шаңыраққа балайды дейді кинопродюсер. Сондай-ақ, ол "декорация жымқырылған қаражатты жасыру үшін жойылды" дегенді де жоққа шығарды. Айтуынша, арнайы тексеріс өтіп, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті "Қазақ хандығы" туындысына қатысты еш былық таппаған.

"Ол декорация 2014 жылы "Қазақ хандығы" туындысына арналып салынған. Одан кейін кино үлкен экранда көрсетіліп, тапсырылды. Тиісінше, бюджеті жабылып, шоттары министрлікке тапсырылды. Мысалы, екінші қойма өртенді ғой. Ол отын қоймасы болатын. Бухгалтерия заңдары бойынша, аталмыш декорация фильм түсіріліп біткесін бұзылуы керек болатын. Бірақ, оны "Қазақфильмнің" жерінде тұрғасын сақтаған. Егер басқа жерде, сыртта салынса, фильм біткесін оны бұзып, қалған ағашты қоймаға апарып жинаушы еді. Негізі бұл декорация онсыз да орысша айтқанда "списан" болған. Фильм жарыққа шықты, жоба жабылды", – деді ол.

Қанат Төребайдың сөзінше, киностудияның тіршілігі мен "Қазақ хандығының" декорациясына дейін түгел тексерген есеп комитеті еш мін таппаған.

"Былтыр 3-4 ай есеп комитеті отырып, киностудияны бірнеше рет тексерді. Олардың дәл осы жобаға, осы декорацияға қатысты еш міні болған жоқ. Екіншіден, "Қазақ хандығына" қатысқан адамдардың қызығушылығы болса, олар бухгалтерияны өртемей ме? Егер ақшасын жеді деген күдік болса, бухгалтерияны бірінші тексеретін еді ғой", – деді Қанат Төребай.

Оқи отырыңыз: "Құлықсыз" кинотеатр. Қазақ киносы қашан прайм таймда көрсетіледі?

"Қазақфильмнің" жеріне кім көз тігіп жүр?

Кино саласында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мамандардың айтуынша, аумағы 17 гектарды алып жатқан "Қазақфильмнің" жеріне көз тігіп жүргендер көп. Тіпті ат шаптырым аумақты қолынан келсе жекешелендіріп алуға талпынып жүргендердің бұл әрекетіне 20 жылдан асқан. Сергей Әзімов киногерлердің жеріне кім қызығып жүргенін нақты атамай, бұл тұтас жүйе деп қысқа қайырды. Әрі өзінің сол "жүйеге" шыдамай қызметтен кеткенін де жасырмады.

"Бұл керемет жер, қаланың ортылығы. Үлкен сауда орталығын салуға болады. Біздің қызметтен кетуіміздің себептерінің бірі осы болды", – деді ол.

Кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов те әріптесінің сөзін қолдап отыр. Ол да киностудияның жерін ірі кәсіп ашқысы келетіндер торуылдап жүргенін жасырмады. Сөзінше, соңғы уақытта "Қазақфильмнің" жеке киноларын түсіртуге мүмкіндік берілмеуінің өзіндік астары бар.

"Баяғыда Шәкен ағаларымыз адақтап жүріп, Қонаевтан алған үлкен жер ғой бұл. Сол кезде мемлекеттік кино комитеті бар болатын. Одан кейін жекешелендіру басталып, киностудиямыз акционерлік қоғамға айналды. Акционер деген ілініп тұрған дүние, бір күні банкротқа ұшырасаң, бітті. Тұрған жеріңді өзіңмен қосып сатып алады. "Қазақфильм" киностудиясы "Ұлттық киноны қолдау орталығына" бірнеше сценарий ұсынды. Оның бір де бірі қабылданған жоқ. Бұның мақсаты – "Қазақфильмге" осылай 2-3 жыл қаржы аудармаса, фильм түсіртпесе, мекеме өздігінен банкротқа ұшырайды. Сол кезде осы жерге құмартып жүргендер бірінші болып сатып алып, бизнес орталық жасайды. Бұрынғы "Алатау" кинотеатрын бұзып тастап, орнына тамақтану орнын жасады ғой. Мұнда да осындай саясат бар", – деді Сатыбалды Нарымбетов.

Оқи отырыңыз: Соңғы 10 жылда қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі он есе өскен

Киногерлер не бөлісе алар емес?

Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, "Қазақфильм" киностудиясының бұрынғы бағы тайған. Өнер ордасы қазір ауру, дертті. Ал сонда еңбек ететін киногерлердің ауызбіршілігі ажыраған. Ортақ мақсатқа келгенде барлығы өз бастарын қорғап, ақшаны бөлісудің қамымен ғана жүреді дейді актер.

"Қазақфильмнің" дерті неде? Ол ақша. Ақша жүрген жерде бәле жүреді. "Қазақфильмдегі" азаматтар, әсіресе режиссерлер Мәдениет министрлігіне тәуелді. Егер сол министрлікке "мынауың дұрыс емес" десе, бастары бәлеге қалады. Келесі жолы фильмге ақша ала алмай, қаңғырып қалады. Өз бастарының қамы үшін соларға жарбаңдап, "сен жақсы да, мен жақсы" деп жүреді. Фильмге бөлінген ақшаның біраз пайызын соларға бөліп береді. Егер шығармашылыққа осындай суық қолды араластыратын болса, онда ол қандай шығармашылық болады? Өнерге суық қол араласқанда ол өнер болмайды. Өнер білекпен емес, жүрекпен істеледі", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Оқи отырыңыз: "Әміре" фильмі. Актерлар түсіру алаңында біршама қиындықтарды бастан кешкен

Киноны тек танысы мықтылар ғана түсіреді

Соңғы 9 жылда режиссер Ақан Сатаев 10 миллиардқа жуық қазына қаржысына кино түсірген. Елбасы туралы, Қазақ хандығы туралы бірнеше картинадан түсірген Рүстем Әбдірашев 9 жылда мемлекеттің 7,5 млрд теңгеге жуық ақшасын пайдаланған. Кинобюджеттің бөлінуін соңғы уақытта сынға ала бастаған Ермек Тұрсыновтың да мемлекет қаржысына түсірген дүниесі аз емес. Мәселен, "Шал" фильміне – 387 млн теңге жұмсалған. Сол жылдары түсірілген Досхан Жолжақсыновтың тарихи тақырыптағы "Біржан сал" туындысына – 308 миллионнан астам қаржы кеткен. Мамандар мұны "бармақ басты, көз қыстыға" балап отыр.

"Киноны жоғарыда отырған колдаушылары барлар, шенеунік туыстары, достары барлар, министрмен ауыз жаласқандар, онымен ақшаны бөлісетіндер ғана түсіреді. Мен өмірімде бірінші рет продюсер ретінде, қазақ космонавтикасы жайында фантастикалық ғылыми көркем фильм түсірмекші болып іске кірістім. Сол кезде ақшаны бөліп бермегенім үшін менің басымды бәлеге қалдырды", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Қазақ кинематографиясы төңірегіндегі мұндай әділетсіздіктің барын кинопродюсер Қанат Төребай да айтып отыр. Оның пікірінше, 2000 жылдардан бастап Үкімет жыл сайын қазақ киносына қыруар ақша бөле бастады. Бірақ, сол қаржыны бөлу процесі ашық болмаған.

"Қаржы "Қазақфильм" киностудиясы арқылы таратылатын. Көп киногерлер ренжіп жүрді, "бір адамдарға жылда кино түсіргенге ақша бөлінеді, маған неге бұйырмайды?" деп. Расында кейбір киногерлер он жылда бір фильмді түсіреді. Ол әділетсіздік. Ақша бөлу процесі ашық болған жоқ. Оны жөндеп, ретке келтірудің орнына үкімет "Ұлттық киноны қолдау" оратылығын құрды. Қазір де киноны кімнің түсіретінін орталық шешіп жатқан жоқ. Соңғы қол министрдікі, демек министр шешеді", – деді ол.

Оқи отырыңыз: "Арыстан патшаны" қазақша сөйлеткен кім?

Ұлттық киноны қолдау орталығының қажеті бар ма?

Былтыр елімізде кино туралы заң қабылданып, соның аясында "Ұлттық киноны қолдау орталығы" құрылды. Оның сараптама кеңесінде кино саласында еңбек ететін 15 адам бар. Олардың төрт-бесеуі ғана мемлекеттік тілді жетік біледі. Мамандар орталыққа тапсырылған сценарийлерді сүзгіден өткізіп, ұлттық деген ұғымға сай келетіндерін іріктейді. Таңдалған сценарийді түсіру үшін мемлекет қазынасынан қаржы бөлінеді. Қаражат дәл сол орталық арқылы кино түсіруші шығармашылық топқа немесе тиісті компанияларға таратылып беріледі. Десе де, киногерлер бұл орталықтың да жұмысы ашық болатынына, кино түсіру мүмкіндігі әділ өтетіне үлкен күмән келтірді.

"Мен биыл сараптама кеңесіне мүше болып, питчингке қатыстым. Сонда 200-ден астам сценарий түсті. Оның 95%-ы коммерциялық жобаларға арналған екен. Үш-төртеуі ғана қазақша жазылған болса, қалғанының барлығы орыс тілінде. Ал үкімет тарапынан ақша бөлінген кезде, ол қазақтың ұлттық киносын өркендету үшін жұмсалатын қаржы деп бөлінеді емес пе? Ал мына сценарийлерді қайтеміз? Мен кеңес мүшесі ретінде ол сценарийлердің барлығы ұлттық кино деген ұғымға кереғар екенін, керісінше тек бизнес, коммерцияны көздейтінін айттым. Бірақ, сөзімді елемеді. Қазақтың тарихы, кешегісі, бүгіні мен ертеңіне арналған 5-6 сценарий бар еді, олар өтпей қалды. Сосын мен арыз жазып, өз еркіммен кеңестен кеттім", – деді Сатыбалды Нарымбетов.

"Қазақфильмде" 9 ай продюсерлік қызмет атқарған Қанат Төребай ұжымды Арман Асенов басқарып тұрғанда сол орталыққа киностудия атынан 70 сценарий ұсынғанын жеткізді. Солардың барлығы да сыннан сүрінген көрінеді.

"Қазақфильм" киноны қолдау орталығына 70 сценарий ұсынды. Олар соңғы 10 жылда жиналған сценарийлер. Он жыл бойы соны жинап жүрген кім? Арман Асенов те, мен де "Қазақфильмге" қызметке былтыр қыркүйек айында келдік. Біз жұмысқа кіріскен бойда толассыз тексеріс жүрді, сосын карантин басталды. Жұмыс істейтін уақыт болмады. Байқау жарияланды, біз редакциялық коллегияда не барын қарадық. Сөйтсек, кезінде студия сатып алған 70 сценарий жатыр екен. Соны ұсындық. Оны жинаған біз емеспіз, оны бірнеше жыл бойы сол редакциялық коллегияны басқарған Бекболат Шекеров жинаған. Қазір сол жігіт сараптама кеңесінде мүше болып отырып, кезінде өзі қабылдаған сценарийлерді құлатып, сосын сұхбат беріп, бізді сынап жүр", – деді Қанат Төребай.

Оқи отырыңыз: "Томирис" фильміне қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды

Ұлттық киноны қолдау орталығы фильм түсірудегі әділетсіздікті жояды

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ вице-президенті Айдархан Әділбаевтың айтуынша, былтыр құрылған Ұлттық киноны қолдау орталығы бұрынғы көлеңкелі жүйені түбегейлі жойып, ашық жұмыс істейді. Соның арқасында таңдаулы режиссерлердің ғана айы оңынан туа бермейді. Жас буынның да кино түсіруіне мүмкіндік туады. Айдархан Әділбаев бұған кепілдік берді.

"Ұлттық киноны қолдау орталығы" техникалық орган. Олар конкурс жариялайды, сценарийлерді қабылдайды және сараптама кеңесінің қарауына береді. Қандай фильм сыннан өтетінін осы сараптама кеңесі шешеді. Біз кеңес осы фильмдерді қолдады деп, тізімді Мәдениет министрлігіне жібереміз. Министрлік ақша бөледі, біз соны таратамыз. Демек, шешім қабылдауда сарапталамық кеңеске біз ықпал ете алмаймыз. Келіп түскен 222 сценарийдің ішінде 90%-ы орысша болса, авторлардың өздері орыс тілінде бергені, біз қайтеміз? "Қазақфильм" өзі 77 фильм тапсырды, соның 67-сі орыс тілінде болды. Бес-алты сценарий ғана қазақ тілінде түсті", – деді Айдархан Әділбаев.

"Ұлттық киноны қолдау орталығы" екінші питчингтен өткен 42 жобаны қолдапты. Соның тізімінде ойын-күлкіге құрылған, арзанқол дүниелер жоқ көрінеді. Есесіне, қазақтың біртуар азаматтарының өмірін дәріптейтін тағлымды фильмдер жарық көрмек.

Оқи отырыңыз: Ермек Тұрсынов "кино түсіргіштер" жайлы: Олардың таратып жүргені – у

Тәуелсіздіктен бері "Қыз Жібектей" туынды түсіре алдық па?

Киногерлер қазір бізде ел сүйіп көретіндей, әлемдік прокатта көш бастайтындай кино бар ма деген сауалға жауап іздеді. Бірақ, ешқайсысы бұл сауалға жарытып жауап бере алмады. Сатыбалды Нарымбетовтың айтуынша, ондай туындылар санаулы болса да, бар.

"Жаужүрек мың бала" фильмі бірталай жерде көрсетілді. "Томирис" туындысы да Американың көптеген кинотеатрларында көрсетілді. "Ликвидатор" фильмі де Еуропа елдерінде жүрді. "Қазақфильмнің" біраз фильмдері де шетелдерден жүлделі оралды. Бірақ оның барлығын сыншылар көрмейді, өйткені бізде прокатпен байланыс жоқ. Кеңес үкіметінен кейін прокат пен киностудия екі жаққа тарап кетті. Әйтпесе бұрын "Қазақфильм" ағасы, прокат інісі сияқты еді. Ағасы кино түсірсе, прокат оны міндетті түрде көрсететін еді. Қазір кинотеатрлар жекешелендірілгеннен кейін біз оларға жалынамыз. Тұсаукесеріне ақша төлейміз, сосын ең болмаса бір он күн көрсетші деп келісімшарт жасаймыз", – деді режиссер.

Оқи отырыңыз: Деректі киноның тәуелсіз фестивалі. 8 үздік фильмді тегін тамашалаңыз

Қазіргі кино өнер ме әлде бизнес пе?

Тұңғышбай Жаманқұлов "қазіргі кино өнердің атын жамылған бизнес" дейді. Оның пікірінше, қазір кино түсіріп жатқандардың көбі ұлттық мүдде мен көркемдік дүниені ысырып, пайда табу жағын ғана көздейді.

"Ұлттық құндылықтарды айтатын жағдайы бар ма? Оны ешкім қарамайды. министрге барады да, "мен мынаны түсіремін, мұнша ақша бер, мына сомасын қайтарамын" дейді. Сосын ақша береді. Бизнес болған жерде ұрлық та бар", – деді актер.

Қанат Төребайдың пікірінше, үкіметтің ақшасына түсірілген фильм ешқашан өз-өзін ақтай алмайды. Кезінде "Қыз Жібек" туындысының өз-өзін ақтап, прокаттан қаншама сом пайда тапқаны кинотеатрлардың көптігінен. Оның сөзінше, 1985 жылы Қазақстан бойныша 12,5 мың экран болған. Яғни, әр ауылдарда клуб пен кинотеатрлар жұмыс істесе, қазір Қазақстанда 350 ғана кинотеатр бар.

"Неге "Қазақфильм" түсірген фильмдердің бюджеті үлкен? Мысалы, киноға 1 млн теңге бөлінген болса, оның ішінен 15%-ы сол студияны асырау үшін қорға бөлінеді. 10%-ын насихат жұмысына деп студия тартып алады. Сосын салықтары бар бәрін есептегенде, бөлінген ақшадан 48%-ы ғана кино түсіруге қалады. Студияның бірнеше өндіріс департаменттері бар, олар сені мәжбүрлейді "Сен қалған ақшадан кемінде жартысына осы менің аппараттарымды жалға аласың" деп", – деді ол.

Айдархан Әділбаев киноға бөлінетін ақша "Ұлттық киноны қолдау орталығы" арқылы берілсе, осындай олқылықтар болмайды. Қаржының көп бөлігі режиссерде қалады. Бұл өз кезегінде, сапалы дүниенің шығуаны септік етеді.

"Ұлттық қор осы үшін құрылды. Мысалы, продюсер келеді, "маған 100 мың доллар керек" деп айтады. Егер сценарий жақсы болып, сараптамалық кеңес оны қолдаса, сол сұраған ақшасын береміз. Онда жалпы студиялық шығын жоқ, міндетті түрде "Қазақфильмнің" теникаларын жалға алыңдар деген шарт жоқ. Фильмді түсіреді, кейін ақшаны қайтарады", – деді ол.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда неге дәстүрлі құндылықтар басым? Сарапшылардың пікірі

"Қазақфильмдегі" басты проблемалар қандай және оны қалай шешу керек?

Киногерлер кезінде нағыз шығармашылықтың майданына айналып, дәурені жүріп тұрған "Қазақфильм" киностудиясының қазір хәлі мүшкіл екенін айтады. Олар қазір киностудия апараттары мен костюмдерін жалға берумен ғана айналысатын, банкротқа ұшыраған қойма дейді. Сондықтан, ондағы басты мәселе – қара шаңырақты сақтап қалу. Акционерлік қоғам ұғымынан ажыратып, Ш.Айманов атындағы ұлттық киностудия деген мәртебесін қайтару қажеттігін алға тартты мамандар.

"Екіншіден, "Ұлттық киноны қолдау орталығының" өз атына заты сай болуын қадағалау керекпіз. Үшіншіден, "кино туралы заңдағы" шала-шарпы қабылданған бөлімдерін жойып тастап, кезінде мақұлдамай қойған, өзіміз қайтадан жаңадан дайындап жатқан бөлімдерді енгізу қажет. Ұлттық кино деген түсініктемені енгізу тиіспіз. Ұлттық "Қазақфильм" деген бұрынғы атауын қайтарып, мемлекеттің қарамағына кіру керек. Әйтпесе киностудия төңірегіндегі айқай-шу бітпейді", – деді Сатыбалды Нарымбетов.

Оқи отырыңыз: "Қазақ хандығының" екінші маусымы қалай түсіріліп жатыр? Түсірілім алаңынан репортаж

Қашан әлемдік прокатта көш бастайтын кино түсіреміз?

Айдархан Әділбаевтың мәлімдеуінше, "Қазақфильм" киностудиясы келер жылы толық модернизациядан өтеді. Ол үшін тиісті қаражат бөлініп қойған. Соның нітижесінде өнер ордасындағы мәселелер бірте шешіліп, киноқоржынды сапалы, тың туындылар толықтырмақ.

"Егер бізге авторлар жақсы сценарий алып келсе, сараптамалық кеңес оны қараса онда жақсы фильмдер болады. Әлемге шығамыз. Сараптамалық кеңесті жыл сайын ауыстырып отыру туралы заңға өзгеріс керек екенін айттық. "Қазақфильм" келесі жылы модернизациядан өтеді. Содан кейін үлкен кәсіби кинофабрика болады. Өзі фильмдер түсіреді және сол фильмдерге пайдаланған қызметтерін өзгелерге жалға береді", – деді Айдархан Әділбаев.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары