Тікелей эфир

"Арыстан патшаны" қазақша сөйлеткен кім?

Сурет ашық дереккөзден алынды
Сурет ашық дереккөзден алынды
The Lion King көркем фильмі қазіргі технологияның тың мүмкіндіктерін қолдана отырып, қайта жаңғыртылды, жаңа нұсқасы 19 шілде күні әлемдік прокатқа шықты.

The Lion King – әлемдік кинематография тарихындағы үздік жобалардың бірі, атақты Дисней студиясының 32-ші толықметрлі мультфильмі. Тұңғыш рет 1994 жылы 15 маусымда АҚШ-тың бірнеше қаласында көрсетілді. Замануи технологияның мүмкіндіктері артқан сайын, аталмыш анимациялық картинаны қайта жаңғыртып отырды.


1994 жылғы "Арыстан патша"

1994 жылғы "Арыстан патша" / Сурет ашық дереккөзден алынды


Мәселен, 2002 жылдың соңында бұл мультфильмнің суреті және дауыс сапасы жақсартылған ІМАХ түрінің тұсауы кесілсе, 2011 жылы 3D және IMAX 3D форматындағы нұсқасы көрермен назарына ұсынылды. The Lion King көркем фильмі қазіргі технологияның тың мүмкіндіктерін қолдана отырып, қазіргі әлемдік танымал жұлдыздардың қатысуымен жаңартылған, көптен күткен картина 19 шілде күні әлемдік прокатқа шықты.

Оқи отырыңыз: Қазақ киносы мазаққа айналды. Ақша мен атақ үшін "жер өртейтіндер" көбейді


Бұл картинаның ұраны - "Патша оралды"

Бұл картинаның ұраны - "Патша оралды" / Сурет ашық дереккөзден алынды


Осыдан үш жыл бұрын аталмыш ремейктің анонсы жарияланып, онда картина режиссерінің есімі де белгілі болды – Джон Фавро. 2017 жылы актерлердің ресми құрамы бекітіліп, осы жылдың мамырында түсірілім жұмыстары басталып та кеткен. Былтыр қайта жаңғыртылған "Арыстан патшаның" ресми трейлерін жариялаған Walt Disney Pictures көп ұзамай ремейктің өзін көпшілікке ұсынды.

Оқи отырыңыз: "Құлықсыз" кинотеатр. Қазақ киносы қашан прайм таймда көрсетіледі?

"Арыстан патша" қазақша сөйледі


"Арыстан патшаның" қазақ тіліндегі постері

"Арыстан патшаның" қазақ тіліндегі постері / Сурет ашық дереккөзден алынды


2011 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан "Өзіңнен баста" әлеуметтік жобасының аясында The Lion King көркем фильмі қазақшаланды. "Болашақ" корпоративтік қоры қолға алған аталмыш жоба аясында бүгінге дейін 31 әлемдік үздік картинаны дубляждаған. Демеушісі – BI Group компаниясы.

– Дисней студиясының танымал жобасы – "Арыстан патша" мультфильмі қазақ тілінде дубляждалып, көрерменге жол тартты. Кішкентай балақайлардың көңілінен шығатынына кәміл сенемін, – дейді "Болашақ" корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.

"Болашақ" корпоративтік қоры мен BI Group компаниясы 2020 жылға арналған меморандумға қол қойған екен. Бұл құжатқа сәйкес Walt Disney Pictures, Pixar, Sony Pictures компанияларының жеті фильмі қазақшалануы тиіс. Айта кетейік, "Өзіңнен баста" жобасы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды, тек жеке компаниялар мен меценаттардың демеушілігімен жүзеге асады.

Оқи отырыңыз: "Томирис" фильміне қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды

Қазақша дубляждың қызығы мен қиындығы

"Арыстан патша" картинасын қазақшалау үшін Нұр-сұлтан және Алматы қалаларынан 50-ден астам актер кастингке шақырылған. Дубляж жұмысымен айналысқан AМG компаниясы осы салада тәжірибесі бар кино және театр саласындағы танымал артистерін таңдапты.


Арлан Симба

Арлан Симба / Сурет ашық дереккөзден алынды


Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев: –"Арыстан патша" фильмі – Дисней компаниясының ренесанс кезеңінде шыққан ең танымал туындысының ремейкі. Әлемдік деңгейдегі таңдаулы дүниені сапалы әрі сауатты етіп қазақшалауға тырыстық. Актерлердің жалпы образын кейіпкерлердің кейпіне келетіндей етіп таңдадық. Осы жолы кастингке театр актерлері ғана емес, кино актерлері де қатысты. Музыкалық туынды болғандықтан өте көп жұмыс атқарылды. Музыкасын жазудың өзіне екі апта кетті, – дейді.

Дубляж барысы
Дубляж барысы / "Болашақ" қорының суреті

Оқи отырыңыз: Соңғы 10 жылда қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі он есе өскен

Маңғаз Муфаса

Бұл картинада махаббат пен достық, адалдық пен билік үшін күрескен африкалық Саваннаның мекен етушілері туралы баяндалады. Аңдардың патшасы – айбарлы арыстан, аса қамқор әке Муфаса. "Қорқау патша халқының барын жейді, арыстан патша елінің қамын жейді" дейтін орман билеушісінің бар арманы – бейбітшілік пен бірлік орнату, қарамағындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда, оның ғұмыры қысқа болады. Муфасаны ардагер актер Бекболат Құрманғожаев сөйлеткен.


Муфаса мен Бекболат Құрманғожаев / "Болашақ" қорының суреті


– Бағыма орай, Муфасаны сөйлету маған бұйырды. Әр жұмыстың өз қиындығы бар, десек те, дауыс, дыбыстау тұрғысынан кәсіпқой актер ретінде Муфасаны сөйлету қиын болған жоқ. Бірақ оның жан-дүниесін, ішкі тебіренісін беру оңайға түскен жоқ. Ата-ананы сыйлаудан бастап елін (прайд) сүюді, өзі мекен еткен жердің қамын ойлау, ондағы тіршілік иелерінің болашағына алаңдауды, өз мұрагерін патшаға лайықты етіп тәрбиелеуге дейінгі игі де ұлы арман-мұраттарды мақсат еткен маңғаз Муфасаның образы өз басыма үлкен ой салды, – дейді актер.

Симба – бала күнгі арманым

Симба – Муфасаның мұрагері. Фильмде оның тынымсыз, тентек арланнан бақытсыз аңға дейінгі, бейқам кезбеден құтқарушы мен барлық аңдардың әміршісіне дейінгі бұралаңға толы өмір жолы баяндалады. Арлан Симбаны – Бекнұр Ыбырай, арыстан Симбаны – жас актер Олжас Жақыпбек қазақша сөйлеткен. Бекнұр дубляж жұмысынан, жалпы мультфильмнің мазмұнынан ерекше әсерленгенін айтады. Симбаны дыбыстағанымен, Тимон мен Пумбаның образын аса ұнатыпты.

Оқи отырыңыз: "Қазақ хандығының" екінші маусымы қалай түсіріліп жатыр? Түсірілім алаңынан репортаж


Симба мен Олжас Жақыпбек

Симба мен Олжас Жақыпбек / "Болашақ" қорының суреті


Ал Олжас Жақыпбек: – "Симбаның рөліне өттің" дегенді естігендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. "Арыстан патшаның" алғашқы нұсқасын бала күнімізде сүйіп көретінбіз. Сол уақытта Симба сияқты арыстанға айналып кетсем ғой деген арманның жетегінде кететінмін. Бұл картинаның қайта жаңғыртылып және қазақшаланып көрерменге ұсынылғанына ерекше қуандым. Ал бас кейіпкерді сөйлетуім, яғни тиіттей де болса Симбаны сезіну ғажайып сезімге бөледі, – дейді.

Бейонсенің деңгейін білесіздер...

Нала – өжет, қайсар мінезді кейіпкер. Симбаның бала күнгі досы. Бас кейіпкердің бейқам өмірден өз үңгіріне оралып, аңдардың әміршісіне айналуына септесетін данагөй кеңесшілердің бірі. Фильмнің түпнұсқасында Наланы шетелдік танымал әнші Бейонсе дыбыстаған, ал оны қазақша сөйлету мүмкіндігі жас актриса Наурыз Сабағатоваға бұйырыпты.

Оқи отырыңыз:


Нала мен Наурыз Сабағатова

Нала мен Наурыз Сабағатова / "Болашақ" қорының суреті


– Дубляж жұмысын ерекше ұнатамын. Әр кейіпкерімді дыбыстау барысында қобалжу болады, әрине. Алайда, Наланың жөні бөлек. Дубляж режиссері: "Сені Наланың дауысына бекіттік, шетелдік нұсқасын кім дыбыстағанын көргің келе ме?" деді де, Бейонсенің суретін көрсетті. Бейонсенің деңгейін білесіздер. Бойымды үрей билегенін жасырмаймын, жауапкершілігім екі есе артты. Үлкен тәжірибе болды, – дейді Наурыз.

Тентек Тимонмен әзіліміз жарасты

Тимон – аталмыш картинаның нәрі. Фильм режиссері басқа кейіпкерлері арқылы өмірдің қиын да көпқырлы белестері турасында ойсаларлық образдарды беруге тырысса, дәл Тимон мен Пумба сол бұралаң жолдардың қызықты да тұстары бар екенін еске салып тұратындай. Бұл екеуі Симбаның өз үйінен қуылып, басы ауған бағытқа кетіп бара жатқанда жолығатын достары. Тимон мен Пумбаны танымал актер Даурен Серғазин мен Жәнібек Мұсаев қазақша сөйлеткен.


Тимон мен Даурен Серғазин

Тимон мен Даурен Серғазин / "Болашақ" қорының суреті


– Тимон – ақылды да ақымақ, қорқақ та ержүрек кейіпкер. Оның өзіне тән әлемі бар, өмірлік философиясы бар. Тимонның кейбір тентек мінезі мен әзілкештігін өзіме ұқсаттым, сол үшін де маған жақын кейіпкер, – дейді Дәурен.

Кинозалға жиылған көрермен, дәлірек айтсақ, балақайлар осы екеудің диалогы болған тұста күлкіге қарық болды.


Пумбаны сөйлеткен Жәнібек Мұсаев

Пумбаны сөйлеткен Жәнібек Мұсаев / "Болашақ" қорының суреті


– Дубляж жұмысына кастингтен өту кезеңі оразаның уақытына сәйкес кеп қалды. Сол уақытта Сағи ағамыз да осы Пумбаның (доңыз) дауысын жазған екен, сонда: "Мына оразаның кезінде халал рөл табылмады ма?" деп қалжындапты. Сол халал емес Пумбаны қазақша сөйлету мүмкіндігі маған бұйырыпты. Дубляж барысында аңқау, ақжарқын, достыққа адал, ебейдессіз доңыздан адамзаттың үйренетіні бар-ақ, – дейді Жәнібек Мұсаев.

Ызғар десе ызғар

Ызғар (Шрам) - бұл картинадағы билікке таласушы жағымсыз кейіпкер. Фильм сюжетінде қорқаулардың тарапынан қолдау тауып, Муфасаны өлтіріп, Симбаны қуып жібереді. Қоғамдағы әділетсіздік, қанағатсыздық, қулық атаулысының жинақталған образы – осы Ызғар. Басты әрі батыр кейіпкерді сомдау бір басқа да, жағымсызын дыбыстау мүлдем бөлек екені рас. Ызғарды қазақша сөйлеткен актер Асылбек Қапаев.


Ызғар мен Асылбек Қапаев

Ызғар мен Асылбек Қапаев / "Болашақ" қорының суреті


– Ызғар – көпқырлы, қитұрқы әрекеті көп, айлакер арыстан. Картина барысында бірнеше кейіпке енеді. Бірде ақылшы, бірде ашулы, ендібірде маңғаз, біресе мүсәпір. Осы сезімдерді оның дауысы арқылы сезіндіре алуым керек еді. Дубляждың өз қиындығы бар, әрине. Десек те, Ызғарды дыбыстау аса қызықты болды.

АМG компаниясының бірқатар фильмдерін қазақшалауға атсалысып жүрген тәжірибелі мамандар бүгінгі қазақ дубляжы деңгейінің, техникалық мүмкіндігінің артып келе жатқанын айтты. Әлемдік картиналардың қазақшалау барысындағы тіл мамандарының еңбегін ерекше атап өту керек. Аудармашы – Әсел Мамырова. Ағылшын тілінен тікелей аударып, қазақ тіліне аса сауатты икемделген мәтіннің мазмұнына риза болғанымыз рас.

Дерек-дәйек


Симба мен Нала

Симба мен Нала / Сурет ашық дереккөзден алынды


  • Фильмнің қазақ тіліндегі басты саундтрегін әнші Маржан Арапбаева орындады;
  • Рафики маймылдың дауысын жазған қазақ актері суахили тілінде сөйлеген;
  • Картина кейіпкерлерінің есімі Шығыс және Орталық Африканы мекен ететін тайпалардың тілінен (суахили) алынған. Симба – арыстан, Сараби – сағым, Рафики – дос, Пумба – аңқау, Шензи – дөрекі дегенді білдіреді, ал Муфаса – ағылшындардың отарлауының алдында Кенияны мекендеген халықтың соңғы патшасының есімі;
  • Мультфильмдегі тірі табиғат пен ондағы тіршілік шынайы етіп жеткізу үшін картина суретшілері арнайы Кенияға барған;
  • The Lion King туындысына екі мәрте "Оскар" сыйлығы, үш реттен "Золотой глобус" және "Грэмми" жүлдесі берілген.

P.S. Айтқандай, Динара Шайжүнісова кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдер прокатының ыңғайсыз уақытқа қойылатыны туралы шағымның көптеп түсетінін айтты.

– 2018 жылы Қор қолданыстағы заңнамада көрініс таппаған сала субъектілері үшін салықтық преференцияларды қоса алғанда, кинотеатрлардағы аудиториялар үшін қазақ тіліндегі контенттің тең қол жеткізуіне қатысты "Кино туралы" заң жобасына ұсыныстар енгізді. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмысты қазақ тілі мен мәдениетін дамыту саласындағы уәкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, жалғастыруы керек, – дейді маман.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары