"Фильмнің түсіріліміне 10 млн-ға жуық доллар қаражат жұмсалды. "Қазақ хандығы" сериалы мен басқа да фильмдердің бюджеті де сондай. "Қазақфильм" түсірген ең қымбат фильм – "Көшпенділер". Оған шетелден әртістер шақырылғанын білесіздер. Ол кино бюджетіне қатты әсер етеді. "Қазақ хандығы: Алмас қылыш" және "Қазақ хандығы: Алтын тақ" фильмін шығарған кезде "Шыңғысханның" 38 сериалын түсірген Батыр атты режиссерді шақырдық", – деді "Қазақфильм" АҚ президенті Арман Әсенов.
Айтуынша, Батыр алғашында кеңесші ретінде жұмыс істеп, бұл фильмнің түсірілуіне 50-100 млн доллар керектігін айтқан. Ақыры, қалта көтермейтін болған соң Батырмен қоштасып, 10 млн долларға режиссер Рустем Абдрашев "Қазақ хандығын" түсірген.
"Кино тез ақша емес, бұл бизнес емес. Кино – көп ақша, бірақ ол ақша артығымен оралады. Киноны, мәдени мұраны бюджетпен салыстыруға келмейді. Біз өз ұрпақтарымызға қалдыруға, тарихымызды жасауға тырысамыз", – деді Арман Әсенов.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешев фильм бюджетін нақтылай келе, "Томирис" фильміне 2 млрд 259 млн теңге жұмсалғанын айтты.
"Томирис" фильмі қалай түсірілді?
Фильм 93 күнде түсірілген. Жалпы жобаны шығару кезеңі екі жарым жылға созылды. Түсірілім алаңында бір уақытта 800 адамға жуық кісі жұмыс істеген күндер де болған. Шығармашылық топтың құрамында ең көп дегенде 400 адам. Төрт үлкен локация – Шүнжа, Қапшағай және Алматы, Көкшетау.
"Біз ең басында мүмкін Вавилон, Кир патшасы бар кино бөліктерін Мароккода түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ, біздің суретшілеріміз барып, ол жақтың декорацияларын көріп келгеннен кейін кішкене қаражат жағын үнемдеу туралы шешім қабылданды", – деді фильм режиссері Ақан Сатаев.
Режиссер Ақан Сатаев басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын үшін бұл фильм дебют екенін атап өтті.
"Альмира кино табалдырығын енді ғана аттап отыр. Бірақ, менің сенімім мол – ертеңнен бастап біздің киномызда жаңа жұлдыз пайда болды деп толығымен айта аламын", – деді ол.
"Мен образға енерде қиыншылықтар кездесті. Өйткені менің болмысыма жат дөрекі іс-қимылдарды, төбелес, атпен жүруді меңгеруім керек болды", – дейді басты рөлді сомдаған Альмира Тұрсын.
Актрисаның айтуынша, ауыр костюмдер, қару-жарақ, ауа райының қолайсыздығы көп қиыншылық туғызған. Бірақ бәрі экстремалды түрде өтіп, ол да картинаның шынайы шығуына өз ықпалын тигізген.
"Мен бұрын киноны көрермен ретінде жақсы көрсем, "ішкі кухнясын" көргеннен кейін маған кино алаңында актер ретінде жұмыс істеу қатты ұнады. Алда қызықты жобалар мен рөлдерді сомдауға ұсыныс түссе қуана қабылдаймын", – дейді актриса.
Ақан Сатаевтың "Томирис" кең ауқымды тарихи драмасының премьерасы 25 қыркүйекте астанада, ал 26 қыркүйекте Алматыда өтеді. Кинотеатрларда ол 27 қыркүйектен бастап көрсетіле бастайды. Фильмді "Қазақфильм" киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Саифильм" киностудиясымен түсірген, бас продюсері – Әлия Назарбаева.
Суретте жақындарынан айырылған кішкентай Томиристің сақ патшайымы лауазымына дейінгі өмір жолы көрсетіледі. Онда сақ тайпаларының парсы патшасы Кирге қарсы жорығы көрініс тапқан және кейіпкерлер ежелгі түркі, ежелгі парсы тілдерінде сөйлейді.
Фильмге еліміздің танымал киножұлдыздары Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисембин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпековтер түскен.