Тікелей эфир

Соңғы 10 жылда қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі он есе өскен

Фильмнің аңдатпасынан
Фильмнің аңдатпасынан
Қазақстан кинотеатрларында жылына 300-ден астам фильм көрсетілсе, оның 20-дан астамы – отандық фильмдер. Олардың үлесі 7 пайызға да жетпейді.

"Нұр Отан" партиясы жанындағы "Мирас" республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, 2009 жылы қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі 1,6 пайыз болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 14 пайызға жеткен. 3 жылдан кейін фильм шығару барысында жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығыны 30 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

"Кинематография туралы" заң қандай өзгеріс әкелді?

"Осы күнге дейін барлық фильмдер толықтай мемлекет не жекеменшік компаниялар тарапынан жеке-жеке қаржыландырылып келсе, 2019 жылдың 3 қаңтарында "Кинематография туралы" заң қабылданғаннан кейін коммерциялық жобаларды қос тараптың бірігіп қаржыландыруына жол ашылды. Сонымен қатар, республика аумағында фильмдер шығару мен ұлттық фильмдерді прокатқа шығару ісінде салықтық жеңілдіктер де көзделген. Айталық, кино өндірісі 12 пайыз қосымша құн салығынан, ұлттық фильмдерді прокатқа шығару ісі 20 пайыз корпоративтік табыс салығынан босатылды. Сондай-ақ, шетелдік өндірушілерге 30 пайызға дейінгі мөлшерде субсидия қарастырылды" – деді министр.

Мемлекет қандай фильмдерді толықтай қаржыландырады?

Биыл кино туралы заңды іске асыру мақсатында құрылған Ұлттық киноны қолдау орталығы өз жұмысын бастаған. Сонымен қатар, Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясын жаңғыртудың қысқа және орта мерзімді бағдарламаларының жобасы әзірленген.

Оқи отырыңыз: "Томирис" фильміне қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, соңғы 10 жылда қазақстандық прокаттағы ұлттық кино үлесі он есе өскен. "Кинематография туралы" заңның 12-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар фильмдер, дебюттік және шытырман оқиғалы фильмдер толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе қажет пе?

"Кинематография туралы" заңда фильмдерге мониторинг жасайтын Біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру туралы айтылған.

"Кино туралы заңды біз 2015 жылдан бастап дайындадық. Негізгі мақсатымыздың бірі ұлттық фильмді прайм-тайм уақытына қою болатын. Ол үшін автоматтандырылған жүйе қажет деп таптық. Бұл жүйе әлемнің көптеген елдерінде бар, қазір Ресей мен Өзбекстанда енгізіліп жатыр. 2015 жылы "Зерде" компаниясына біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйені құруға тапсырма бердік. Жобаны толық аяқтау үшін әлі де біршама уақыт керек", деді Ақтоты Райымқұлова.

Қатысушылар арасынан министрдің сөзімен келіспейтіндер де табылды. "Болашақ" бағдарламасының түлегі Дастан Аспан қазақстандық киноға біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе қажет емес деп санайды. Оның ойынша, министрліктер мемлекеттік орган ретінде тек инфроқұрылымды құруы тиіс. Ал, автоматтандырылған жүйе секілді қосымша бағдарламалар жеке кәсіпкерлердің қолында болған тиімді. Сондай-ақ, ол автоматтандырылған жүйенің жақсы нәтиже әкелеріне сенбейтінін айтып, мұндай жүйенің Ресейде қарқынды жұмыс істеп жатқанына күмән келтірді.

Оқи отырыңыз: Қазақ киносы мазаққа айналды. Ақша мен атақ үшін "жер өртейтіндер" көбейді

Қазақша дубляждалған фильмдер қолайсыз уақытта көрсетіледі

Ал, "Болашақ" корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова жыл басында қабылданған кино туралы заңның 3-бап, 4, 5-тармақтарында айтылған мәселелер іс жүзінде орындалмай жатқанын айтты.

"Бүгінде қазақ тіліне дубляждалған фильмдер көрерменге қолайсыз уақытта көрсетіліп жүр. Бізге көптеген адамдар осыны айтып, шағымданады. Елімізде біртұтас автоматтандырылған ақпараттық жүйе құрылғанына қарамастан, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілетін уақыты мен қолжетімдігін бақылайтын мониторинг жоқ. Сондықтан, электронды жүйе арқылы мониторинг мәселесін күшейту қажет", – деді Динара Шайжүнісова.

Сондай-ақ, "Болашақ" қорының директоры фильмді прокатқа шығару және көрсету ісімен айналысатын ұйымдарды толықтай корпоративтік табыс салығынан босатуды ұсынды. "Болашақ" корпоративтік қоры Қаржы министрлігі және Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігімен жұмыс істеп, бұған көп шығын кетпейтінін анықтаса да, бастама қолдау таппаған.

"Болашақ" корпоративтік қоры 8 жылда 33 фильмді қазақша дубляждады.

Серіктестер жаңалықтары