Тікелей эфир

"Әміре" фильмі. Актерлар түсіру алаңында біршама қиындықтарды бастан кешкен

фото жеке мұрағаттан алынды
фото жеке мұрағаттан алынды
Әншінің Париждегі кезін ойнау актерларға қиын болыпты. Ал сыншылар фильмді Еуропа үлгісінде түсірілген туынды деп бағалаған

Кинотуындыда қазақтың біртуар, тенор дауысты әншіcі Әміре Қашаубаевтың Париждегі сапары жайлы баяндалады. Онда Әміре Қашаубаевтың танымал америкалық джаз композиторы Джордж Гершвинмен (Бен Олдридж) достығы көрініс табады.

Сонымен қатар Әміренің өнеріне тәнті болып, дауысына ғашық болған Ли Эббот (Эбби Корниш) есімді әншімен арадағы ұмытылмас кезеңдерін суреттейді.

Басты рөлде ойнайтын актердің ағылшын тілін білуі де маңызды болған

88 минуттық фильмде Әміренің рөлін сомдаған Санжар Мәдиев ағылшын тілінде түсірілетін кино болғандықтан, тек сырт келбетінің келісуінен басқа, ағылшын тілін жетік меңгергендігінен таңдалғанын айтты.

– Бұл фильм менің кино саласындағы ең ауыр жобам болды. Кастингтің өзі екі жылға созылды. Жоспарға енгеннен бастап, актерларды іріктеу басталған-ды. Мені әр айдың басында екі-үш рет шақырып тұрды. Кейін өзім бара бермеймін деп бас тарттым. Шынымды айтсам, қайта-қайта іріктеуден өтуден шаршадым. Соңғы рет шақырту алғанда режиссер Джеф Веспаның өзі болатынын, әрі менің кандидатурамды мақұлдап отырғанын хабарлады. Әншінің өмірін зерттеп жүрген Жарқын Шәкәрім де менің кескін-келбетімнің әншіге келетінін айтыпты.


Джеф Веспа түсірілім алаңында. Рига

Рига. Джеф Веспа түсірілім алаңында / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Бұл рөлді сомдағанда маған сахнада қазақша өлең айту өте қиын болды. Өйткені түсінгенмен, қазақша сөйлей алмаймын. Сондықтан 30 рет дубль жасаған кездеріміз болды. Біріншіден, өлеңді қазақша айтқанда беттің қозғалысын, ішкі тебіреністі, домбыраның қағысын барлығын бір мезгілде көрсету керек. Ал әнші нотамен емес, еркін дауыста, домбыраның қағысына сай айтады. Күніне 12 сағат түсірілім кезінде камераның бір нүктеден 75 рет түсіруі қазақтың кино саласында болған емес. Бұл – рекордтық көрсеткіш, – деді Санжар.

"Үш айда үйренген домбыра жаныма үндесіп кетті"

– Домбыраны жаңадан үйренгендіктен, маған дауысты еркін шығарып, аспапты тартып тұрып ән салу қиынға соқты. Айтпақшы домбыра тартуды күйші Нұржан Тәжікеновтан үш ай ішінде үйрендім. Сондықтан бұл жобада жаңа қырымнан танылдым десем болады.

Жақыннан түсірілген кезде домбыраны өзім тарттым. Ал камераны алыстатқанда Нұржанның өзі шертті. Жалпы осы түсірілім барысында домбыраны әр сәт қолыма алған сайын жаныма жақын тартып, сонымен үндесіп бара жатқанымды анық аңғардым.


Әміре (Санжар Мәдиев) Париж саханасында өнер көрсетіп тұрған кезі

Әміренің (Санжар Мәдиев) Париж саханасында ең алғаш өнер көрсетіп тұрған кезі / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Туындыдағы негізгі кадрлар Ригада түсірілді. Мұнда ауа-райы құбылмалы, біресе ыстық, біресе суық. Ауырып та қалдым. Сахнада әншінің өлең айтып тұрған сәтін бейнелегенде дене қызуым 39 градусқа көтеріліп тұрды. Миым бір роботтыкіндей, автоматты түрде барлығын жасап жүрдім. Бас оператор, досым ресейлік Максим Осадчиймен де жұмыс істеу аса қиындық туғызған жоқ. Актерлар құрамының негізгі бөлігі шетелдіктер болса да, олармен тез тіл табысып кеттік.

Түсірілімде шынайы шығу үшін таяқ та жедім дейді Санжар

– Иә, мен таяқты шынымен жедім. Кинода Парижге барған сапарында әншіні Мұстафа Шоқаймен кездескені үшін қыспаққа алып, ұрып-соғатын жері бар. Бетінде көгерген іздер қалмау үшін көбіне әншінің ішінен ұрады. Тек тергеуге алған Тащенский ғана бетінен ұрады. Ал екі көмекшінің рөлін ойнағандар – актерлар емес. Ұмытпасам, бірі – Латвия радасының (парламент) депутаты. Олардың рөлдеріне беріліп ойнағаны соншалық, ішімнен аямай ұрды. Оларға ескерткенмен шынайы шықпайтын болды. Амалсыз көнуге тура келді. Қайта көп кадрлар көрсетілмей қалды. Егер түсірілімнің түпнұсқасын көрсеңіз, ұрған кездегі соққылардың дыбысын анық естуге болады. Артыма байланған қолымды ұрғанда қатты қысып алыппын, орындары көгеріп қалды.


Санжар түсірілім алаңында шынайы таяқ жеген

Санжар түсірілім алаңында шынайы таяқ жедім дейді / Фото жеке мұрағааттан алынды


– Қанша таяқ жесе де қазақ әншісінің ештеңеден тайсалмай сахнаға шығып, өлең айтуына қарап, оның рухының қаншалықты мықты болғандығын көруге болады, – дейді Санжар Мәдиев.

"Ұлттық киімді үнемі киіп жүрдім"

– Ыңғайлы деп айта алмаймын. Өзіңнің қазақ екеніңді сезініп, мақтанышпен киюге болады. Бірақ бірнеше шалбарды қабаттап, сыртынан шапан киіп жүру қиындау енді. Әрі басыңнан түсіп қалмауы үшін тымақтың ішінен тақия кию керек. Қабат-қабат киінгеннен бе, ыстықтадым, – деп езу тарта есіне алды Санжар Мәдиев.

Фильмнің 95 пайызы ағылшын тілінде түсірілген

1925 жылы Әміре Қашаубаев Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes аясындағы дүниежүзілік музыка конкурсына аттанады. Ол КСРО делегациясы қатарындағы өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденіп, күміс медаль тағады. Осылайша Еуропа жұршылығына қазақтың дәстүрлі ән орындау өнерін және ұлттық аспап домбыраны паш етеді.

Ең қиыны Мұстафаның елге сағынышын жеткізу

Мұстафа Шоқайдың рөлін сомдаған актер Еркебұлан Дайыров фильмнің 95 пайызы ағылшын тілінде түсірілгендіктен, кейбір тексті ағылшын тілінде жаттап айтудан қиналған. Басқа тілде сөзіңді жаттап, оны Мұстафаның аузына салып, бейнесін шығару қиын дейді ол.

Мұстафа мен Әміренің Париждегі кездесу сәті

Мұстафа мен Әміренің Париждегі кездесу сәті / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Мұстафаның рөлінде ең көп дегенде үш дубльден түсірді. Оның бәрі ішкі дайындықтан деп ойлаймын. Бірақ Мұстафаның көзіне жас үйіріліп, тамағына тас түйіліп, кеудесін қазақ тілі мен әніне деген сағыныш билеген сәтін шығару қиынға соқты.

Мен де шынымен елімді сағынып жыладым дейді актер

– Мұстафаның сахнада өлең айтып тұрған Әмірені көргенде отанына деген сағыныштан көзіне жас келетін сәті бар. Сол кадрді түсіру кезінде елді, отбасымды, қызымды ойлап, сағыныштан мен де толқып, шынымен көзім жасқа толды. Мен басқа елде көп жүре алмайды екенмін. Шетелдегі түсірілім алты күн болғанымен, аттай 21 күн Ригада болдық. Сол екі-үш аптаға шыдай алмай сағыныштан жүдедім, сондықтан Мұстафаның жағдайын жақсы сезіндім.


Мұстафа Әміренің әнін тыңдауға келген сәті

Мұстафаның Әмірені тыңдауға келген сәті / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Мен үшін бұл жобаның маңызы – Әмірені халықпен қауыштырдық. Тарихи тұлғаның ішкі жан дүниесін ашпасаң, рөлді шығара алмайсың. Мұстафа туралы көп оқып, көп зерттедім. Оның көзқарасы, өзіне деген сенімділігі, барлығы тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Сондықтан ондай Алаш азаматын асылдың сынығындай жақыратып көрсету маған жүктелген міндет деп ойладым. Жалпы өзімнің сырт келбетімді Мұстафаға ұқсатқан емеспін, бірақ таңдау маған түсті, – дейді Еркебұлан Дайыров.

Сценарийге көңілім толмай түзету енгіздім

Туындының сценарийін америкалық Бенжамин А. ванн дер Вин жазды. Бірақ белгілі жазушы, драмматург Дулат Исабеков "Әміре" фильмі сценарийінің алғашқы нұсқасын оқып, түзету енгізгенін айтады.

– Сценарий бірнеше рет өзгерді. Бірақ киноның сахнадағы "Дудар-ай" әнімен аяқталғанын қалаған жоқпын. Біріншіден, ЭКСПО-ға Кеңес өкіметі атынан барып тұрған делегация құрамындағы әншіні ұрып-соғуы заңға қайшы әрекет. КГБ-ның адамдары сол үшін жауап береді. Олар сайысқа түсетін кезде сабамай-ақ, еліне қайтқан соң да үлгеретін еді. Оның үстіне ондай таяқты жеген адам сахнаға шықпақ тұрмақ, өз жанын күйттеп кетеді. Сахнадағы жүргізуші үшінші әнші келе алмады деп хабарлап тұрғанда, ол бір жерде қан-жоса болып жатқан еді.

"Еуропалық үлгіде түсірілген"

– Ал ғашықтық түсірілім жағына келсек, оны да Еуропалық үлгіде түсірген. Қыз биге шақырғанда Әміре "қазақ жігіттері билемейді, күреседі" деп айтқанмен, артынан қызбен сүйіседі. Сол сәтте Әміре емес, Санжар Мәдиев болып шыға келді. Еуропалық қызға әнінен өзге берер ештеңесі жоқ, жаны таза, бойына далалық қасиет дарыған, жүріс-тұрысы, сөйлеуі жабайылау қазақ баласын көрсетуі керек еді. Тіпті ғашықтық сценасында да соны танытуы керек болатын,– дейді драмматург.


Әміренің әніне ғаашық болған Белла мен ..

Әміренің әніне ғашық болған Ли Эббот пен Джордж Гершвин / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Ал мен ұсынған сценарийде татар қызы Парижде көрген қазақ әншісінің даусына, әніне ғашық болып, артынан еліне іздеп келеді. Сол уақытта ол ұсталып кетеді. Түрмеде жатып, жақын маңдағы опера театрында айтылып жатқан әндерді естіп, Әміренің іші күйеді, ән айтқан кездерін сағынады. Осылайша соңы мұңлы аяқталады. Ең болмағанда соңында "Дудар-ай" әнін емес, басқа ашық дауыста, ұзақ созылып айтатын басқа әні таңдалғанда болар еді. Сонда біз де рахаттанып қалар едік. Еуропалықтар Әміренің дауысын еш үзбестен еркін созып айтқанын көріп, мына әншінің екі өкпесі бар ма деп таң қалған екен. Ал ондай дауыс иесі Еуропада жоқ болатын. Дәл сол үшін күміс медаль беріледі.

Ал батыстық үлгіде, соларға арнап шығарылған фильм болғандықтан ол мақсатына жетті. Өйткені шебер түсірілген. Тек сценарий ойымнан шыққан жоқ, – деп өкінішін білдірді.

Айдаладағы жалғыз үй

– Тағы бір айта кететін жайт, қазақ киноларындағы айдаладағы жалғыз қазақ үй ешқашан өзгермейді. Қазақ ауылын көрсету арқылы қазақтың рухын көтеру керек болатын. Мәскеудің Әмірені қайдан танитынын, таңдаудың қалай соған түскенін, туған-туыс, дос-жаранның қуанышын бәрін көрсету керек еді. Мұндай хабарды ести сала жалғыз кетті, орын алып, әлемге танылып келгенде де жаяу жалпылап жалғыз келе салды. Қазақтың көз алдына елестейтін Әміренің биік бейнесі шықпай қалды, – дейді Дулат Исабеков.

"Әміре образы шеңберден шыққан жоқ"

Әнші туралы бірнеше кітаптың авторы Жарқын Шәкәрім "Әміре" фильмінде бас кеңесші болды. Ол фонографқа жазылған (1925) Әміре Қашаубаевтың дауысы сақталған үнтаспаны 1974 жылы Мәскеудің Орталық мұрағатынан тапқан-ды. Онда "Ағаш аяқ", "Смег", "Бес қарагер", "Жалғыз арша", "Үш дос", "Балқадиша", "Дудар-ай" әндері болатын.

1975 жылы Серке Қожамқұловтың, Әлікей Марғұланның, Сапарғали Бегалиннің, Жүсіпбек Елебековтің, Әнуарбек Байжанбаевтың дауыстары жазылған күйтабақты автор ретінде жарыққа шығарды. Жарқын Шәкәрім киноның толық нүсқасын тек тұсаукесерде көргенін айтты.

– Кино көңілімнен шықты. Әміре образы жасалған шеңберден шыққан жоқ. Ол бастан өткен, тарихта болған оқиға. Әміре тек домбыра емес, гармонь да тартқан. Суырып салмалық таланты болған. Ал домбыраны фортепианоға ілесіп тартуды оған Александр Затаевичтің өзі үйреткен екен.

Елге келген соң, бірінші күннен кейін таяққа іліккені туралы тарихи деректер бар. Бұл кино жалғыз менің ғана емес, Серке Қожамқұлов, Әлікей Марғұлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Әнуарбек Байжанбаев сынды біртуар азаматтардың да арманы болатын. Солардың аманаты орындалды, – дейді Жарқын Шәкәрім.

Әмірені әлем танитын болды

Картинаның бас продюсері, DAR компаниясының негізін қалаушы Әлидар Өтемұратов:

– Әміре – Еуропа қошемет көрсетіп, қол соққан, қазақтан шыққан алғашқы әнші. Солай бола тұра, өз елінде әділетсіз ұмыт болған. Сондықтан да маған осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. Біз замандастарымызға Әміре Қашаубаевтың қиын өмір жолын көрсетіп, оның дауысын естуге мүмкіндік бергіміз келді.

Әмірені жақын танып, ұлттық дәстүрлі өнермен етене қауышқан отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімі оянады деп сенемін. Өйткені, музыка мәдениетін қалыптастырған осындай адамдардың есімдері біздің тарихымызда қалуы тиіс.

Әлем кинематографиясында музыкалық драмасы жанрында түсірілген фильмдер көп емес. Сондықтан отандық көрермендерге бұл жанрдағы картинаны көріп, өткен ғасырдың 30 жылдарына саяхат жасау қызық болады деп ойлаймын, – дейді.


Әміре рөлін сомдағанда Санжар Мәдиев 30 рет дубль жасаған

Әміре рөлін сомдағанда Санжар Мәдиев 30 рет дубль жасаған / Фото жеке мұрағаттан алынды


Картина Латвияның астанасы Ригада және Лос-Анджелес қаласында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді. Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" және тағы да басқа әндері орындалды.



Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары