Тікелей эфир

Ақтөбеде 9-мамырда "Мәңгілік полк" шеруі өткізілмейтін болды. Жаңалықтарға шолу

Солтүстік Кореяның 10 млн тұрғынына аштық қаупі төніп тұр. Доллар бағамы тағы да төмендеді.

Амангелді Таспихов Президенттікке үміткер ретінде ресми тіркелді

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидатқа ҚР Президенттігіне үміткер куәлігін беру туралы қаулы шығарды. А.Таспиховтың сенімді өкілдері үміткерді қолдайтын 122 770 қол жинады, оның 119 577-і жарамды деп танылды. Осылайша ол ҚР Президенттігіне үміткердің барлық талаптарына сай деп есептеліп, тіркеуге қажетті құжаттары ОСК-на тапсырылды.

Тоқаевтың қоғамдық штабы құрылды

ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы ресми түрде Елордада ашылды. Штабты Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев басқарады. 187 мүшесі бар штабтың құрамына "Қазақстан еңбек ері" атағының иегерлері А.Мұсаходжаева, И.Сауэр, Ю.Пя, қоғам қайраткерлері К.Сағадиев, Ә.Ахметов, С.Есілов, Б.Жұмағұлов, А.Винокуров, Қ.Ислам, Д.Сәдуақасова сынды танымал спортшылар мен мәдениет және БАҚ саласының өкілдері кірді.

М.Әшімбаевтың айтуынша, 17 аймақтық және 210 қалалық, аудандық штаб ашылады. Олар өз жұмыстарын 11 мамыр күні сағат 18.00-де бастайды.

Автокөлік иелеріне техникалық байқауды қашықтан өткізуді ұсынған компаниялар анықталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы облысында көліктерді техникалық байқаудан заңсыз өткізгенін анықтады. Агенттік өкілі интернеттегі хабарландыруларға қоңырау шалып, олардың бірнешеуін әшкере қылды. Мұндай компаниялар WhatsApp желісіне жіберілген сурет арқылы автокөліктерді қас–қағым сәтте техникалық байқаудан қашықтан өткізіп, оларға бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізілген диагностикалық карталарын ұсынып отырған.

Заңсыз қызметті ұсынатындардың басым бөлігі автокөлікті сақтандырушы компаниялар екені белгілі болған. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіндегілер мұндайларды әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.

Бас мүфти Рамазан айында қайырымды іс жасауға жамағатты шақырды

"Қасиетті айда жасаған әр қайырымды іске он сауаптан жазылады" деді Серікбай қажы Ораз. Бас мүфти сондай-ақ кәсіпкерлерден қасиетті Рамазан айында азық-түлік бағасын мүмкіндігінше көтермеуді сұрады. Сауапқа кенелу үшін көпбалалы отбасыларға, қарт адамдарға, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге, аурулар мен жетім-жесірлерге көмек беруге шақырды.

Амстердамда 2030 жылдан бастап дизельмен және жанар-жағармаймен жүретін көліктерге тыйым салынады

Оларды электромобильдер мен сутекті көліктерге ауыстыру мүмкін. Мұндай шешім қала ауасының тазалығын сақтау үшін қабылданып отыр. Ел тұрғындарының басым бөлігі велосипедті қолданатынына қарамастан Нидерландыда ауаның ластану деңгейі Еуропаның орташа статистикалық көрсеткішінен жоғары деп танылған.

Министрлік отбасы құндылықтары, гендерлік теңсіздік, спорт жайында сериалдар түсіруге БАҚ-на тапсырыс берді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі республика деңгейінде 1,6 млрд теңгелік осы тапсырыстарға қатысты хаттаманың үзіндісін жариялады. 2019 жылы мемлекеттік тапсырыстар аясында аталған қаражатқа 15 сериал, 23 қысқа метражды фильм, 24 әлеуметтік ролик, 2 радиобағдарлама мен телебағдарлама сериясы түсіріледі.

Солтүстік Кореяның 10 млн тұрғынына аштық қаупі төнді

Қуаңшылық пен су тасқыны салдарынан елде соңғы 10 жылдағы ең төмен көрсеткіште өнім жиналды. Осының нәтижесінде 10 млн адам, яғни халықтың 40%-ы азық-түлік тапшылығын көріп отыр. Елде 1,36 млн тонна азық-түлік өнімі жетіспейді.

"ИрАэро" әуе компаниясының Петропавлдан Мәскеуге ұшатын алғашқы рейсіне бірде бір билет сатылмады

Петропавл халықаралық әуежайының директоры М.Хасенов жаңа рейстің ұшуына 1 ай уақыт қалса да, бірде бір билеттің сатылмауы тұрғындардың рейс туралы бейхабар болуымен байланысты деп есептейді. Рейс 29 мамырға жоспарланған. Ресейлік әуе компаниясының Қазақстаннан ұшатын бірінші рейсі жолаушылар болмауына байланысты орындалмауы мүмкін.

Ақтөбеде 9 мамырға жоспарланған шеру өткізілмейді

Қалалық әкімдік сайтында жарияланған ақпаратта осылай деп хабарланды. "Тәжірибе көрсеткеніндей, бұрын шеруден кейін БАҚ-да көптеген Ұлы Отан соғысы ардагерлері туысқандарының жағымсыз пікірлері жарияланды, олардың туған-туысқандарының фотосуреттері қаланың әр жерлерінде және қоқыс жәшіктерінде шашылып жатты. Қайтыс болған ардагерлерімізді құрметтемеудің көрінісі. Сондай-ақ, шеру өткізу туралы ешқандай ұйым ұсыныс жасап, іс-шара кезінде бірінші кезекте қоғамдық тәртіп пен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігін өз мойындарына алмады. Және шеру кезінде орталық даңғылды уақытша жабылады. Қоғамдық көлік кептелісі сияқты қалада небір қолайсыздықтар туындайтын назарға алып отырмыз" делінген хабарламада.
Басқа қалалардың әкімдіктері әзірге 9 мамырда шеру өткізілмейтіні туралы хабарлаған жоқ.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы тағы да төмендеді. Қазақстан қор биржасының (KASE) сенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 доллар үшін 380,86 теңгені құрады. Жұма күнгі сауда-саттықпен салыстырғанда шетел валютасының бағамы 1,2 теңгеге арзандады.

Tengrinews.kz: 80-қабаттан жоғары тұратындар қалай ауыз бекітеді? Бурдж-Халифа - әлемдегі ең биік ғимарат. Оның биіктігі – 828 метр. Бұл үйдің ең жоғарғы қабаттарында тұратындар күнді басқа тұрғындарға қарағанда бірнеше минутқа ерте көреді. Сондықтан, БАӘ-дегі ислам істеріне қатысты департамент бұл жағдайды былай шешті: 150 қабаттан биік тұратын тұрғындар оразаны белгіленген уақыттан үш минутқа кеш аяқтауы тиіс. Ал 80 мен 149-қабаттарда тұратындар екі минутқа кеш аяқтайды. Одан төмендер оразаны кесте бойынша ұстайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары