Тікелей эфир

"Аңсаған сәби" аясында ЭКО-ға жылына 7 мың квота беріледі. Оны қалай алуға болады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстандағы әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмайды. Соған орай, ЭКО бағдарламасымен берілетін квота саны 7 есе көбейеді.
  • Қазақстанда қанша экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жұмыс істейді?
  • Осы әдіс арқылы бала көтерген әйелдердің тәжірибесі қандай?
  • ЭКО квотасын қалай алуға болады?

Бұл материалдан осы сұрақтарға жауап табасыз.

Қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға жауап бергендердің 20 пайызы "ажырасудың бірден-бір себебі – бала сүймеу" деп көрсеткен. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Экстракорпоралды ұрықтандыру процесі 2010 жылдан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған. Кейінгі жылдары ЭКО-ға 900-1 000 квота бөлініп келген болса, президент Жолдауына сәйкес, келесі жылдан бастап "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында квота саны 7 мыңға жетпекші.

Оқи отырыңыз: Бақытты ақшаға сатып алуға болады немесе ЭКО-ның көмегімен сәби сүюдің құны қанша?

"Бүгінде елімізде 26 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның 21-і – жекеменшік мекеме. Қазақстанда қазірге дейін экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген", – деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы бала көтерген келіншектердің әңгімесі

Тараздық Жаннұр Қасымова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) 2018 жылы ЭКО әдісі арқылы балалы болған. Ол бұл процедураны алу үшін квота кезегіне тұрмапты. Басқа қаладан Алматыға үш ай қатынап жүріп алған еміне бас-аяғы 1 миллионнан астам қаражат жұмсаған екен.

"Мен тұрмыс құрғаннан кейін 1 жылдан соң құрсақ көтердім. Бірақ, ауылға бара жатқан кезде машинамыз бұзылып, айдалада тоқтап қалды. Жайсыздықтан ба, білмеймін, ауылға жеткенде суым кетіп қалды. Шала туылған шақалағым 5 күннен кейін шетінеп кетті. Содан кейін ұзақ емделдім. 3 жыл бойы бала көтере алмай жүрдім. Қаламыздағы мықты дәрігерлерге қаралдым, ем алдым. Нәтиже болмады. Сосын жолдасым екеуміз ақылдасып, Алматы қаласындағы репродуктивті медицина институтының мамандарынан кеңес алдық. Менің қандай дәрілермен емделгенімді тексерген дәрігер-репродуктолог мен үшін ең тиімді жол жасанды ұрықтандыру екенін айтты. Өйткені, менің емделген кезде ішкен гормоналды дәрілерімді әйел адам өмірінде үш рет қана ішу керек екен", дейді Жаннұр.

Келіншектің айтуынша, ЭКО процедурасын алу үшін жолдасы екеуі толық тексеруден өтіп, кариотип қан сараптамасын тапсырған. Ал бұл анализді адам баласы өмірінде бір рет тапсырса жеткілікті. Осы арқылы ол өзінің генетикасын, хромосомаларының ауру не сау екенін біле алады.

"Менің күйеуімнің "у" хромосомалары полиморфизм аномалиясы болды. Бұл жасанды ұрықтандыруда "ИКСИ" процедурасын қажет етеді. Біздің хаттамамызда "ер адам факторы" деп жазылды. "Бала көтермеудің бірден-бір себебі осы болуы мүмкін" деп түсіндірді генетик-дәрігер. Сараптамаларға, гормондарды ретке келтіруге, пункция, эмбрионды қондыру жұмыстарына 3 ай уақытымыз кетті. Сәтін салып, бірінші талпыныстан соң көтеріп кеттім. Жүктілігім жеңіл өтті. Қазір тәп-тәтті балам бар. Босанған соң институттағы дәрігеріме қайта қаралдым. Ол менің аналық жасушамдағы овариалды резервтің сапалы әрі жеткілікті екенін, ендігі жолы өзімнің құрсақ көтеріп кете алатынымды айтып қуантты", дейді жас ана.

Оқи отырыңыз: Пандемия кезінде декреттік төлемді толық алу үшін не істеу керек? Нұсқаулық

Жаннұр квота кезегін күту процесі ұзаққа созылатындықтан, ем қабылдауға өз бетінше қаражат жинағанын айтты. Сонымен қатар, бұл жерде кезекті күтуден басқа да салмақты себептер бар екен:

"Квота бала сүйе алмай жүрген әйелдің бәріне бірдей берілмейді. Оны әйел денсаулығындағы кінәратының ауырлығына қарай бөледі. Мысалы, жатыр түтіктерінің болмауы, аналық жасушасының тым аз болуы және тағы басқа. Сол себепті, менде квота алуға мүмкіндік аз болды. Бір жағынан, уақыт жоғалтқым келмеді".

Төртінші талпыныстан кейін балалы болды

Ал алматылық Шырай Әлменбетова (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) ЭКО процедурасы үшін квота кезегіне тұрып, сәби сүйген ана. Алайда, ол бұл қуанышқа бірден қол жеткізбеген екен.

"Мен 2011 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуіміз 8 жыл бойы балалы бола алмадық. Ем іздеп бармаған жеріміз, ішпеген дәріміз қалмады. 7 жылға жуық уақыт емделдім. Ем барысында дәрігерлер маған "жасанды ұрықтандыруға сүйеніңіз" деп айта бастады. Сонымен, 3 мәрте ақылы түрде экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгіндік. Ол кезде біздің материалдық жағдайымыз мәз емес еді. Банктен несие, ел-жұрттан қарыз алдық, жолдасым астындағы көлігін сатты", дейді Шырай.

Өкінішке қарай, ерлі-зайыптылардың қыруар қаржы жұмсап жасаған 3 талпынысы да сәтсіз аяқталған. Екінші процедураға барғанда, бала жатырдан тыс бітіп, дәрігерлер Шырайдың бір жатыр түтігін алып тастаған. Ал келіншектің үшінші талпыныстан көтерген сәбиі оның екінші түтігіне бітіп, дәрігерлер оны да алып тастауға мәжбүр болыпты.

"Осылайша, мен екі түтігімді алдырып, өз бетімше бала көтеру қабілетімнен айырылдым. Мұндай жағдай экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне жүгінген әйелдердің 2 пайызында ғана кездеседі екен. Сол күннен бастап менің күнім қара түнекке айналғандай болды. Ақша желге ұшқан сайын өзімді кінәлай бастадым. Жолдасыма “басқа әйел алып, балалы бол” деп те айттым. Бірақ, ол үмітін үзбей, керісінше, маған керемет қолдау көрсетті", дейді келіншек.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда бала санына қарай жәрдемақы төлеу бала туу көрсеткішіне қалай әсер етті?

Ерлі-зайыптылар төртінші рет талпыныс жасаған кезде бұрынғыша ақылы қызметке жүгінбей, квотаға кезекке тұрыпты.

"Бір жылдан кейін кезегім келіп, Алматыдағы репродуктивті медицина орталығына бардым. Ол жерде Махмет Тұмарбеков деген дәрігердің бақылауында болдым. Менде 2 жатыр түтігінің жоқтығы дәрігерлерге қиындық тудыра ма деп қобалжып едім. Жоқ, бәрі ойдағыдай өтті. Осылайша, біздің 8 жыл аңсап күткен қызымыз дүниеге келді. Қазір жасы бір жарымда, шауып жүр", дейді Шырай.

Ол "ЭКО қызметіне бірнеше рет жүгінсе де, бала көтере алмай, қиналып жүрген келіншектерге менің оқиғам үміт сыйласа екен" дейді. Ал Жаннұр Қасымова мұндай сәттерде әйел адам үшін күйеуінің моральдық және материалдық қолдауы өте маңызды екенін айтады:

"Ем қабылдап жүрген кезде күйеуін орталыққа сүйреп әкелгендей боп жүрген келіншектерді көрдім. Кейбір жігіттер дәрігерге көрін десе, басын алып қашады. Сондай-ақ, оларға өзінің денсаулығында кінәрат бар екенін мойындау өте қиын екенін білемін. Десе де, жігіттер жағы барлық жауапкершілікті әйелдің мойнына асып қоя бермей, процедураға белсенді түрде қатысса екен. Біле білген адамға экстракорпоралды ұрықтандыру өте үлкен мүмкіндік".

Оқи отырыңыз: Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?

Экстракорпоралды ұрықтандыру квотасын қалай алуға болады?

Бағасы

Экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасына шамамен 854 мың теңге жұмсалады. Алайда, оның бірден нәтиже беретініне ешқандай кепілдік жоқ.

ЭКО-ны тегін алуға бола ма?

Иә. Қазақстанда 2010 жылдан бастап экстракорпоралды ұрықтандыруға квота бөлініп келеді. Осы жылдар ішінде 7 мыңға жуық тегін ЭКО жасалған. Соның нәтижесінде 3 мыңға жуық бала өмірге келді. 2019 жылы экстракорпоралды ұрықтандыруға 902 квота бөлінсе, 2020 жылы бұл қызметке 1 105 әйел тегін жүгінбек. Ал келесі жылдан бастап квота саны 7 есе өседі деп жоспарланған.

Квотаны алу үшін не қажет?

Алдымен, емделгісі келетін жан тұрғылықты мекен-жайы бойынша бейінді мамандардың диспансерлік есебіне тұруы керек. Квотамен ЭКО жасататындардың тізімі осы есеп бойынша анықталады.

Оқи отырыңыз: Дүниеге сәби келгенде қандай заттар тегін беріледі? Жас аналарға кеңес

Қанша әйел квота кезегінде тұр?

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 2020 жылы 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұр.

Жалғызбасты әйел ЭКО үшін квота ала ала ма?

Иә. Квота тек ерлі-зайыптыларға емес, тұрмыс құрмаған әйелдерге де беріледі.

Кімге квота берілмеуі мүмкін?

Квота бала көтеруге кедергі келтіретін созылмалы аурумен ауыратын жандарға берілмейді. Мысалы:

  • соматикалық және психикалық аурулар;
  • жатыр пішінінің өзгеруіне әкелген туабітті даму кемістіктері;
  • тез арада емдеуді қажет ететін аналық бездің қатерсіз ісігі;
  • жатырдың шырышты қабығының қабынуының гиперпластикалық процесі;
  • созылмалы қабынбалы аурулар;
  • денедегі қатерлі өскіндер.

Экстракорпоралды ұрықтандыруды жылына неше рет тегін жасатуға болады?

ЭКО қызметіне бір жылда бір рет жүгіне аласыз. Талпынысыңыз сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұрасыз.

Қазақстанда қанша клиника ЭКО қызметін тегін ұсынады?

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында Қазақстанның 7 өңіріндегі 15 медициналық мекеме көмегін ұсынады. Квотаға іліккен жан қай клиникада ем қабылдайтынын өзі шешеді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары