Тікелей эфир

Covid-19 эпидемиясы кезіндегі жүктілік. Ана мен бала денсаулығын қалай сақтауға болады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Жүкті әйелдер өзін және дәрігерлерді жұқпалы аурулардан қорғау үшін медицина мекемелеріне аса қажет жағдайда ғана барғаны дұрыс.
Коронавирус эпидемиясы кезінде аяғы ауыр әйелдер арасында дәрігерлер мен психологтарға жүгінушілер саны артқан. Көбін алаңдататын сауал: "Қауіпті вирусты жұқтырсам, балама әсер ете ме?"
UNICEF босанатын әйелдерді мазалайтын сұрақтарға Халықаралық акушерлер конфедерациясының президенті Франка Каде берген жауаптарды ұсынады.

№1. Босану алдында тексерілу қауіпсіз бе?

Жүкті әйелдер эпидемия кезінде дәрігерге барудан қорқып, үйде болуға, аса қажеттілікпен көшеге шыға қалса, қашықтық сақтауға тырысады. Міне, сондықтан медицина мамандары да осы жағдайға бейімделіп жатыр. Мысалы, акушерлер телефонмен консультация өткізуді дағдыға айналдырды.

Жүкті әйелдердің өздерін және дәрігерлерді жұқпалы аурулардан қорғау үшін медицина мекемелеріне сирек, тек қажет болған жағдайда барғаны дұрыс. Бұл акушер не гинеколог мамандарының көмегін мүлде бас тартыңыз деген сөз емес, мүмкіндігінше онлайн консультация алу керек. Ал босанған соң жоспарлы екпелерді қалдырмай алған жөн. Дәрігермен ақылдаса отырып, ана мен баланың медициналық қызметті ең тиімді және қауіпсіз алу жолдарын ақылдасып алған абзал.

№2. Жүкті әйелден коронавирус анықталса, инфекция балаға жұғуы мүмкін бе?

Вирустың жүктілік кезінде анадан балаға өтуі мүмкін екені әлі дәлелденбеген. Covid-19 қынап сұйықтығында, кіндік қанда немесе омырау сүтінде анықталған жоқ. Ол амниотикалық сұйықтықта немесе плацентада да анықталмады. Зерттеулер әлі жасалып жатыр.

Коронавирус жұқтырып алмас үшін барлық сақтық шараларын қолдану қажет. Жүкті немесе жақы уақытта босанған аналар өзін жайсыз сезінсе, дереу медицина көмегіне жүгініп, дәрігердің нұсқауларын орындауы керек.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен үй жағдайында қалай күресуге болады? Сізге арналған 8 кеңес

№3. Перзентхана не ауруханада босану қауіпсіз бе?

Әйелдер акушерлерінен немесе дәрігерлерінен қайда босанған қауіпсіз болатынын және жағдайға байланысты қандай сақтық шараларын қабылдау қажет екенін сұрау қажет. Көптеген медицина мекемесінде коронавирус жұқтырған науқастар мен жұқтырмағандарды бөлек жатқызады деп үміттенеміз. Бірақ, кейбір жағдайда бұл мүлдем мүмкін емес.

Мәселен, Нидерланды секілді халық табысы жоғары елдерде үйде босануды денсаулық жүйесіне біріктіретін механизм жұмыс істейді. Эпидемия кезінде үйде босану қауіпсіз, сол себепті үйде босанатын әйелдердің көбейгенін байқауға болады. Алайда барлық елде жағдай бұлай емес. Тіпті Нидерландыдағы кейбір қонақүйлер әйелдер қауіпсіз жағдайда босануы үшін акушер қызметін пайдаланады.

№4. Әйелдің жақындары босану кезінде бірге болғаны дұрыс па?

Бұл әр елдің саясатына байланысты. Десе де, перзентханада маска тағу, қол жуу секілді тиісті сақтық шараларын сақтаса, қолдау үшін әйелдің қасында болғаны жөн. Кейбір елдерде босануға ер адамдардың кіруне рұқсат етілмейді. Жұқтыру қаупін азайту үшін босану кезінде әйелді алып жүретін адамдардың санын азайту – өте маңызды. Босанатын әйелдің жанында серігі, анасы, әпкесі немесе өзі таңдаған жақын бір адам болуы тиіс. Жаңа туған нәресте анасымен бір бөлмеде тұруы керек.

№5. Мазасыздықты қалай жеңуге болады?

Босануды жоспарлау мазасыздықты жеңуге көмектеседі және жағдайды жақсы бақылауға мүмкіндік береді. Толғақ басталған кезде кімге қоңырау шалу керек екенін, босану кезінде сізге кім және қайда қолдау көрсететінін анықтауыңыз қажет. Ауруханаға хабарласып, қандай шектеулер болуы мүмкін екенін біліп алыңыз.

Демалу үшін үйде қарапайым жаттығулар жасаңыз. Мысалы, көңіл-күйіңізді басатын созылу, тыныс алу жаттығулары бар. Өзіңізге мүмкіндігінше қамқорлық жасаңыз. Жақсы тамақтанып, көп сұйықтық ішіңіз. Қолыңызды ішіңізге қойып жүктіліктен ләззат алыңыз.

Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

№6. Дәрігерге қандай сұрақтар қою керек?

Денсаулығыңызға қатысты сұрақтарды дәрігерге қысылмай қойыңыз. Ата-анаңызбен немесе гинекологпен қарым-қатынасыңыз жақсы болса, олар сізбен бәрін ашық талқылап, сұрақтарға жауап береді. Өзіңіз бен балаңыздың денсаулығына қатысты болғандықтан жауап алуға құқығыңыз бар.

Акушерлерге, дәрігерлерге, медбикелерге сұраныстың өсуіне байланысты сұрақтарыңызға жауап беруге уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан, нақты сұрақтар қоя білген жөн:

  • Осы жерде коронавирус жұқтыру қаупі бар ма? Мұнда Covid-19 анықталған біреу болды ма?
  • Коронавирус бар адамдар мен жоқ адамдардықалай бөлесіздер?
  • Медицина қызметкерлерінің қорғаныс киімдері жеткілікті ме?
  • Босану кезінде менімен бірге біреу бола ала ма? Жоқ болса, неге?
  • Балам менімен бірге бола ала ма? Жоқ болса, неге?
  • Баламды емізе аламын ба? Жоқ болса, неге?
  • Табиғи жолмен босанамын ба, әлде кесарь тілігімен бе? Олай болса, неге?

№7. Әйелдер ауруханаға өзімен қорғаныс заттарын апаруы қажет пе?

Әйелдерге қосымша заттар апарудың қажеті жоқ. Бірақ, сақтық талаптарын сақтау керек. Кейбір ауруханалар өзін жақсы сезінген әйелдерді әдеттегіден тезірек үйге қайтуын сұрауы мүмкін. Бұл жергілікті жағдайға, оның ішінде аурухананың жағдайына және әйелдің өзіне байланысты. Жүкті әйелдер осы жағдайда не істеу қажет екенін білу үшін акушер не гинекологқа хабарласқаны дұрыс.

№8. Жаңа туған сәбиді коронавирустан қалай қорғау қажет?

Отбасыңызбен ғана болып, бөтен адамдардың келуіне шектеу қойған жөн. Үлкен балаларыңыздың басқа балалармен қарым-қатынас жасамауын қадағалаңыз. Жақындарыңыз қолын жуып, өздеріне жақсы күтім жасауы тиіс.

Осындай қиын кезеңнің жағымды тұстары да бар. Мысалы, отбасы бір-біріне жақын бола түседі. Кейде жас ана мен әке қонақтан шаршайды. Бұл жағдайда үйде орнаған тыныштықта ең жақын адамдарыңызбен бірге болып, демала аласыз.

Оқи отырыңыз: Дене қызуы көтерілсе, қалай түсірген жөн және үй жағдайында емделген дұрыс па? Дәрігер кеңесі

№9. Жүкті әйел қандай қорғану шараларын сақтауы тиіс?

Зерттеулерден жүкті әйелдерде басқаларға қарағанда коронавирус жұқтыру қаупі жоғары емес екенін көрсетті. Алайда ағзадағы және иммун жүйесіндегі өзгерістерге байланысты жүктіліктің соңғы айларындағы жүкті әйелдерге кейбір респираторлық инфекциялар қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан олар сақтық шараларын сақтауы қажет.

  • Коронавирус белгілері бар адамдармен байланысудан аулақ болу; .
  • Мүмкін болса қоғамдық көлікке мінбеу;
  • Мүмкін болса қашықтан жұмыс істеу;
  • Қоғамдық орындарда, әсіресе жабық немесе тар жерлерде адамдар ағынынан қашу;
  • Достар не туыстармен кездесуді шектеу;
  • Акушерге, гинекологқа және басқа да қажетті қызметтермен байланысу үшін телефон, мәтіндік хабар алмасу немесе онлайн-қызметтерді пайдалану;
  • қолды сабынмен жиі жуу, үйді жиі тазарту, дезинфекциялау;
  • коронавирус белгілері бар-жоғын бақылау, бар болған жағдайда дереу медицина көмегіне жүгіну.

№10. Адамдар тығыз орналасқан жерде тұратын әйел не істеуі керек?

Әйелдердің көпшілігі бірнеше адаммен бірге тұрады. Бұл физикалық ара қашықтықты сақтауды едәуір қиындатады. Адамдар өздерін жүкті әйелдерден мүмкіндігінше алыс ұстауы тиіс. Олар үшін бөлек жуынатын бөлме қарастыру мүмікндігі болса, құба-құп.

№11. Баланы емізу қауіпсіз бе?

Бала емізу толығымен қауіпсіз. Зерттеулер көрсеткендей, коронавирус омырау сүтімен берілмейді.

Өздерін жақсы сезінетін аналар нәрестені тамақтандырмас бұрын сақтық шараларын қабылдауы керек: маска тағу, баланы қолына алғанға дейін және одан кейін қолын жуу, жиһаз үстін тазалау/ дезинфекциялау.

Коронавирус бар деп күдіктенсеңіз, дереу медицина көмегіне жүгініп, дәрігердің нұсқауларын орындау маңызды.

Оқи отырыңыз: Иммунитеті мықтыға коронавирус қауіп емес. Оны қалай нығайтамыз?

№12. Эпидемия кезінде аналар балаларын тек емізіп тамақтандыруы керек пе?

Мүмкіндігінше, иә. Ана сүті нәрестеге пайдалы нәр беріп, оларды көптеген инфекциялардан қорғайтын антиденелер шығарады. Омырау сүтіндегі антиденелер мен биологиялық белсенді компоненттер коронавирус инфекциясымен күресіп, басқа да аурулардан қорғайды.

Балаңыз 6 ай немесе одан кіші болса, оны тек омырау сүтімен тамақтандыру керек. 6 айдан кейін ғана біртіндеп қауіпсіз және пайдалы тағамдық қоспаларды беруге болады.

№13. Емізуге шама болмаса, не істеу керек?

Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, сақтық шараларын жасай отырып, балаңызды таза шыныаяқ немесе қасықты қолданып, сүтпен тамақтандырыңыз. Сондай-ақ, дәрігермен кеңесуді ұмытпаңыз.

№14. Бала ауырып қалса, емізуге бола ма?

Балаңыз коронавирус немесе басқа аурумен ауырғанына қарамастан, емізуді жалғастыру керек. Емізу сіздің балаңыздың иммундық жүйесін күшейтіп, инфекциялармен күресуге көмектеседі.

Серіктестер жаңалықтары