Тікелей эфир

Қазақстанда бала санына қарай жәрдемақы төлеу бала туу көрсеткішіне қалай әсер етті?

Фото ksonline.ru сайтынан алынды
Фото ksonline.ru сайтынан алынды
Қазақстанда көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жуықтады.

Елордада 2019 жылы бесінші ақпанда бір отбасындағы бес бала өрттен қайтыс болғаннан кейін көпбалалы отбасылар өз проблемалары туралы ашық жариялай бастады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі көпбалалы әйелдер жәрдемақы көлемін ұлғайтып, баспана мұқтаждығы барлары тұрғын үй беруді талап ете бастаған еді.

Осылайша, үкімет, парламент, қалалық әкімдіктер барлық отырыстарында көпбалалы отбасылардың проблемаларын талқылап, олардың әлеуметтік портреттерін зерттей бастады.

2019 жылы ақпан айының соңында Қаржы министрі Әлихан Смайылов "енді төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы көпбалалы болып саналады" деп мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекке ілінбей қалғандар неге наразы болып жүр? Қандай қордаланған мәселе бар?

Ал осы жылы 27 ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (ҚР президенті болып тұрған тұсында) үкіметке көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек үшін әр балаға шамамен 21 мың теңге мөлшерінде ең төменгі төлем тағайындауды тапсырды. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекке бірінші сәуірден бастап құжат қабылданды.

Бір айда "Е-Халық" жүйесі арқылы барлығы 148 649 өтінім (799 032 адам) түсіп, соның ішінде 100 566 өтініш бойынша оң шешім қабылданған.

Өтініштердің көбі келесі өңірлерден түсті:

  • Түркістан облысы – 30 382 отбасы (180 179 адам);
  • Алматы облысы – 17 698 (93 399 адам);
  • Шымкент қаласынан – 17 275 отбасы (88 478 адам).

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек қандай жағдайда берілмейді?

2019 жылғы қазанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі көпбалалы отбасылардың бәріне жәрдемақы төлеуді ұсынған еді.

"АӘК алатын балалардың 60%-дан астамы – көп балалы отбасылардан. Сондықтан біз олар үшін республикалық бюджеттен бөлек әлеуметтік көмек енгізуді ұсынамыз. Төлем отбасының кірісіне байланысты болмайды. Ол елдегі барлық көп балалы отбасыларға төленеді. Бұл жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланатын болады", – деген болатын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Ол "жалпы сома 2018 жылдан бастап тоқтатылған ұқсас жәрдемақылардан 4-7 есе артық болады, бұл көпбалалы отбасыларға қосымша қолдау" деген еді.

Министрдің айтуынша, табысына қарамай көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тағайындауға негіз бар. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын ғана есептегенде, 400-500 теңге асып кетіп, отбасы әлеуметтік көмектен қағылған жағдайлар болған. Сондықтан әлеуметтік көмекті бәріне бірдей тағайындауды жөн көрдік деген еді министр.

Осылайша, 2020 жылдан бастап, атаулы әлеуметтік көмек шартары өзгертілді. Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төлене бастады.

Көпбалалы отбасылардың мәселесін мемлекет қолға алғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Әлеуметтік көмек бала туу көрсеткішіне қалай әсер еткенін зертеп көрдік.

Оқи отырыңыз: Балаларға – тегін тамақ пен мектеп жабдықтары. Әлеуметтік пакет туралы маңызды 10 сұраққа жауап

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 10 пайызға өсіпті:

  • 2008 жылы 356,6 мың бала;
  • 2018 жылы 391 мың бала дүниеге келген.

2019 жылғы 1 шілде жағдайы бойынша көпбалалы отбасылар саны республика бойынша 263 658 болса, ағымдағы жылғы 1 шілде жағдайы бойынша көпбалалы отбасылар саны 398 091-ге жеткен. Яғни, бір жылда 134 433 отбасы төртінші сәбиін бауырына басқан.

Республикада 2019 жылдың 6 айында 194 825 бала дүниеге келсе, 2020 жылдың 6 айында 199 596 сәби дүние есігін ашқан (тағы 223 389 жүкті әйел есепте тұр).


2019 және 2020 жылғы І жартыжылдықтағы бала туу көрсеткіші

2019 және 2020 жылғы І жартыжылдықтағы бала туу көрсеткіші / Informburo.kz инфографикасы


Осылайша, бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде дүниеге келген сәбилер саны 3 016-ға артқан. Одан кейін Шымкент қаласы (1 269) мен Маңғыстау облысында (655) туу көрсеткіші жоғары.

Ал бала туу көрсеткіші төмендеген өңірлер тізімін Алматы облысы бастап тұр. Өңірде дүниеге келген балалар саны былтырғы жарты жылмен салыстырғанда 2 812-ге азайған. Бала туу көрсеткіші төмендегендер қатарында Алматы қаласы (-402), Ақмола облысы (-454), Нұр-Сұлтан қаласы (-271) мен Батыс Қазақстан облысы (-10) бар.

Әлем елдерінде қалай?

Ең қызығы, АҚШ-та бала дүниеге келгенде оған ешқандай жәрдемақы берілмейді екен. Отбасының жағдайы төмен болған жағдайларда ғана балаға жәрдемақы беріледі. Онда тек салық бойынша жеңілдік алуға болады.

Декреттік демалыс деген түсінік те жоқ. Бірақ ата-анасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда мемлекет оларға ақша түрінде немесе талон, жеңілдік түрінде көмек көрсетеді. Мысалы, азық-түлік сатып алуға арналған карталар, мектепте таңғы ас пен түскі асты тегін беретін талон, жол-күреге кететін ақшаны береді. Көбіне мұндай жеңілдіктер баланы жалғыз асырап отырған ата-анаға немесе туыстары асырап отырған балаға беріледі.

Германияда бірінші және екінші балаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы - 83 248 теңге (194 еуро), үшінші балаға 85 822 теңге (200 еуро), ал үшінші және одан кейінгі балаларға ай сайын 96 550 теңге (225 еуро) көлемінде жәрдемақы беріледі. Бір жолғы жәрдемақы қарастырылмаған.

Оқи отырыңыз: Еңбек министрі көпбалалы отбасылардың бәріне жәрдемақы төлеуді ұсынды

Францияда бала дүниеге келгенде берілетін бір жолғы жәрдемақы – 396 171 теңге (923,08 еуро), ал бала асырап алған жағдайда – 792 338 теңге (1846,15 еуро). Бұл жәрдемақының ата-анасының жалақысы 15 023 теңгеден (35 еуро) аспаса ғана берілетіні айтылады.

Сондай-ақ, ай сайын Allocation de base атты жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері – 78 995 теңге (184 еуро).

Сонымен қатар, Францияда баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға бала 20 жасқа толғанға дейін ай сайын 42 932 теңге (100 еуро) жәрдемақы беріліп отырады. Көпбалалы отбасы мекенжайын ауыстырған жағдайда да 418 068 теңге (974 еуро) мөлшерінде жәрдемақы берілуі мүмкін екен.

Беларусьтің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2018 жылдың 26 қазанындағы қаулысына сәйкес, 1 қарашадан бастап балаларға берілетін жәрдемақы өсті.

  • Бірінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы – 377 078 теңге (2 142 беларусь рублі);
  • Екінші және одан кейінгі балалар туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы – 527 768 теңге (2 998 беларусь рублі). Ал жүктілігінің 12-аптасына дейін денсаулық сақтау ұйымдарында есепке тұрған әйелдерге берілетін бір жолғы жәрдемақы – 37 709 теңге (214,21 беларусь рублі).
Ай сайынғы жәрдемақы:
  • Бірінші балаға ай сайын берілетін жәрдемақы – 57 487 теңге (329 беларусь рублі);
  • Екінші және одан кейін туған балаларға – 65 700 теңге (376 беларусь рублі).

Өзбекстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 жасқа дейінгі балалары отбасылар мен 2 жасқа дейінгі баланың күтіміне берілетін жәрдемақының жаңа мөлшері бекітілді.

Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы – 16 541 теңге (368 600 өзбек сомы).

Қабылданған жаңа заңға сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға (отбасындағы бала санына байланысты) мынадай мөлшердегі жәрдемақы бөлінеді: отбасында бір бала болса ай сайын 5 518 теңге (122 000 өзбек сомы), екі бала болса – 9 182 теңге (203 000 өзбек сомы), ал үш немесе одан да көп бала болса ай сайын 12 846 теңге (284 000 өзбек сомы) беріледі.

Ал бала екі жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақының мөлшері – 18 365 теңге (406 000 өзбек сомы).

Бұдан бөлек,жағдайы төмен отбасыларға ай сайын 13 796 – 27 593 теңге (305 000 – 610 000 өзбек сомы) аралығында материаллдық көмек көрсетіледі.

Серіктестер жаңалықтары