Тікелей эфир

Бақытты ақшаға сатып алуға болады немесе ЭКО-ның көмегімен сәби сүюдің құны қанша?

Фото supermamma.ru сайтынан алынды
Фото supermamma.ru сайтынан алынды
Informburo.kz тілшісі қазақ қоғамы жасанды жолмен ұрықтандыруды қалай қабылдағанын және ЭКО-ға қатысты қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді зерттеп көрді.

Экстракорпоральді ұрықтандыру, яғни, жасанды жолмен ұрықтандыру әлемде 40 жыл бұрын жүзеге асқан. Бұл салада жұмыс істейтін орталықтың Қазақстанда құрылғанына биыл 26 жыл толады. Мұндай медициналық мекемелердің саны жыл санап артып келеді. Тек бала сүюге зар болып отырған отбасылардың да күннен күнге көбейіп келе жатқаны өкінішті. Ресми дерекке сүйенсек, 20 мың. Нақты саны бұдан да көп екені белгілі.

26 жыл ішінде ЭКО ұғымына қоғамның көзқарасы өзгерді ме? Жасанды жолмен өмірге келген сәбилердің қабілет-қарымы, шынында да, төмен бе? Мемлекеттен бөлінетін квота сұранысты толық өтей ала ма? "Informburo.kz" тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, зерттеп көрген болатын.

Жасанды жолмен ұрықтандыруға бүгінгі қазақ қоғамының көзқарасы қандай?

ЭКО ұғымы Қазақстанда алғаш келген кезде қоғам бірден оң қабақ танытпаған. 25 жылдан бері белсіздік пен бедеулікке тап болған отбасылармен жұмыс істеп келе жатқан репродуктолог дәрігер Бибігүл Сағындықова қазақ қоғамынының жасанды ұрықтандыруға деген көзқарасы өте қатты өзгермегенін айтады. Алайда әуелгідей емес, бала сүйгісі келетін отбасылар алдын ала дайындықпен келе бастаған.

"Алғашқы кезде жұртшылықтың дұрыс түсінбеуінен барлық қиыншылықты көрдік. Себебі, жаңалықты жақсы қарсы алмады. Қарсы күштер көп болды. Ол кезде халық "пробиркадағы бала" деп түсінетін. Дәл солай айтылғандай, баланы "пробиркаға" салып, сол құтының ішінде өсіреді деп ойлайтын. Ондай жағдайлар көп болды. Қазір ондай адамдар жоқ, бірақ ЭКО-ның қалай өтетін біз тәптіштеп түсіндірмейінше жетеқабыл білмейді. Өзге ұлт өкілдеріне қарағанда қазақ ата-аналар процестің жасырын түрде болғанын қалайды. Бұл енді біздің менталитетіміз", – дейді репродуктолог.


Репродуктолог-дәрігер Бибігүл Сағындықова

Репродуктолог-дәрігер Бибігүл Сағындықова / Фото informburo.kz


9 жыл бойы бала көтере алмағандықтан ЭКО жасатуға шешім қабылдаған Қызылорда облысының тұрғыны Инабат Керімбаева (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) медицинаның мүмкіндігіне, технологияның дамығанына дән риза. Әрі жасанды жолмен сәби сүюді елден жасырып, ұялатын ештеңесі жоқ деп ойлайды.

"Бұл – қазіргі заманда қалыпты жағдай. Тұңғышымды 9 жыл бұрын дүниеге әкелдім. Содан кейін екінші баланы көтеру мұң болды. Бармаған, қаралмаған жеріміз жоқ. Соңында күйеуім екеуіміз ақылдасып, экстракорпоральді ұрықтандыруға тәуекел еттік. Үш ай бұрын егіз ұл мен қызымды босандым. Мұны ешкімнен жасырмаймын. Тек аты-жөнімді жасырмай сұхбат беруге күйеуім қарсы. Мәселе оның денсаулығында болмаса да, ашық жария еткенді қаламайды. Алайда менің жеке пікірім сол – бала сүю бақыты үшін ондай моральдық күйзелісті ысырып тастау керек. Кей отбасыларды білемін, денсаулығында кінәрат болса да, "жасанды жолмен туып алыпты" деген сөзден қорқады", – дейді Инабат.

Қазақстанда алғаш рет ЭКО (ДСҰ) арқылы дүниеге келген бала кім?

Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге келген сәбидің есімі – Юлия. Биыл жиырма үш жасқа толады. Оны өмірге әкелуге себепкер болған репродуктолог-дәрігер Cалтанат Байқошқарова. Қазір Юлия Ұлыбританияның танымал университеттерінің бірінде оқиды. Алматы қаласындағы мектептердің бірін алтын белгімен бітірген. Соңғы рет үш жыл бұрын 20 жасында оның денсаулығын тексерген дәрігерлер ешқандай кінәраттың жоқ екенін айтқан.


Арнайы ыдыстардың ішінде ұрық жасушылары сақталады

Арнайы ыдыстардың ішінде ұрық жасушылары сақталады / Фото informburo.kz


ЭКО арқылы өмірге келген балалардың қабілеті қандай?

Репродуктолог мамандардың айтуынша, Қазақстанда жасанды ұрықтандыру арқылы туған 15 мыңнан астам баланың әлі ешқайсысы отбасын құрмаған. Десе де алды шаңырақ көтеретін жасқа жеткен. Бибігүл Сағындықованың пікірінше, олардың ұрпақ жалғастыратын мүмкіндігі жоқ деген көпшілік пікірі негізсіз.

"ЭКО-дан туған балалар бала таппайтын көрінеді, ұрпақ өрбіте алмайды деген негатив пікір әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Яғни, негізсіз. Бізде туған балалардың алды жиырмадан енді асқандықтан әлі отбасын құрмады. Ал экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы өмірге келген алғашқы адам Луиза Браунның үш баласы бар.


Ең алғашқы ЭКО-сәби Л.Браун балаларымен бірге

Ең алғашқы ЭКО-сәби Л.Браун балаларымен бірге / Фото informburo.kz


Керісінше, өзіміз көріп жүрген, көз алдымызда өсіп келе жатқан балалардың барлығы дерлік білімді, алғыр. Олардың ешқайсысының мектепте нашар оқиды дегенін естіген жоқпыз. Әлбетте, барлығы әке-шешесінің тәрбиесіне де байланысты шығар. Бірақ балаға зар болып, медицинаның арқасында сәби сүйген жандар ұл-қыздарының тәрбиесіне, біліміне қатты мән беруі де мұның бір себебі. Содан кейін біз ұрықтандыру кезінде ең жақсы деген эмбриондарды таңдап саламыз ғой. Оның да маңызы бар", – дейді маман.

ЭКО арқылы туған бала математикаға жүйрік

Айнелла 2002 жылы Алматы қаласындағы "Экомед" адам ұрпағын өрбіту орталығы мамандарының көмегімен жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы дүниеге келген. Қазір Алматыдағы №173 физика-математика гимназиясының 10 сынып оқушысы.


ЭКО арқылы дүниеге келген Айнелла қазір 17 жаста

ЭКО арқылы дүниеге келген Айнелла қазір 17 жаста / Айнелланың ата-анасының жеке мұрағатынан


Айнелланың оқу үлгерімі мен қабілеті жайлы анасы Гүлнар: "Баламның табиғи түрде туған балалардан ерекшеліктерін байқамаймын. Оқуға қабілетіне көңілім толады. Мектепте жаман оқымайды, еріншектеу болмағанда бұдан да жақсырақ оқуына болар еді. Музыкаға қабілеті бар, фортепиано тартады. Ол математика пәніне деген ерекше қабілетіне байланысты болар деп ойлаймын. Әкесі математика жағынан жақсы. Тіпті менің әкем, әпкемнің отбасы түгел жақсы математик. Тұқым қуалайтын қабілет қой. Меніңше, мұның ЭКО-ға қатысы жоқ. Жасанды жолмен бала көтеруден қорқудың, жақтырмаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әрине, біреудің баласын да асырауға болады, бірақ ол баланың әке-шешесін білмейміз. Негізі, бала тегіне тартады ғой. ЭКО-мен тусаң да, өз балаң", – деген пікірде.


Айнелла әке-шешесімен бірге

Айнелла әке-шешесімен бірге / Айнелланың ата-анасының жеке мұрағатынан


Жасанды жолмен ұрықтандыру қызметінің құны қанша?

Сәби сүю үшін қандай отбасы болсын барлық қиындықты еңсеруге тырысады. ЭКО жасатуға келгенде ерлі-зайыптылар алдымен психологиялық, моральдық күйзеліске түсетіні анық. Оны жеңіп, бір шешімге келгеннен кейінгі кедергі – ақша мәселесі.

Ер мен әйелдің емделу процесінен бастап, бала сүюге дейінгі аралықта 800 мың – 1,2 млн теңге шығын шығатынын айтады дәрігерлер. Алайда қызылордалық Инабат Керімбаева ЭКО арқылы бала босануға жұмсалған қаражаттың көлемі 1,5 млн теңгеден асып кеткенін айтады. Қарапайым отбасылар үшін бұл ақшаны жиып-теру оңайға түспейді.

Мемлекеттен бөлінетін квотаның құны да, саны да жеткіліксіз

Сол себепті мемлекеттен жыл сайын арнайы квота бөлінеді. Биылға бөлінген квота саны – 900. Бұл былтырғы көрсеткішпен бірдей. Ал оған дейін бөлінетін квота саны бұдан азырақ болған. Соңғы сегіз жылдың ішінде 1500 бала квота арқылы дүние есігін ашыпты.

Қазір құны 750-800 мың теңге көлеміндегі квотаға 8 мың отбасы кезекте тұр. Біріншіден, квота арқылы бөлінетін қаржының көлемі 4-5 жыл бұрынғы нарықпен есептелген. Екіншіден, 900 квота республикаға бөлінгенде сұраныстың аз бөлігін ғана өтей алады. Кезекті күтсе, уақытты өткізіп аламыз ба деп қауіптенген ерлі-зайыптылар ақылы түрде ем алуға жүгінеді.


"Экомед" адам өрбіту орталығы мамандарының көмегімен дүниеге келген балалар

"Экомед" адам өрбіту орталығы мамандарының көмегімен дүниеге келген балалар / Фото informburo.kz


"Жасанды жолмен ұрықтандыру бір мүмкіндікте нәтиже бермеуі мүмкін. Медицина бойынша мүмкіндікті 4-6 рет қайталап көру қалыпты жағдай. Көбінесе 2 немесе 3 мүмкіндікте нәтиже шығады. Түсінікті тілмен айтқанда, бір квота – бір мүмкіндік. Осы жағдаймен қарастырғанда квота саны аздық етеді. Өз қалтасынан шығарғанға халықтың әлеуметтік жағдайы көтере бермейтіні тағы бар", – дейді репродуктолог Бибігүл Сағындықова.

ЭКО жасатуға шет елдіктер де келеді

Жасанды жолмен ұрықтандырудың қымбат болуына дәрілердің бағасы да әсер етеді. Посткеңестік елдердегі қызмет құнымен салыстырғанда Қазақстандағы ЭКО жасаудың құны арзан. Сондықтан шет елдерден келетін емделушілер қатары көп. Олар Орта Азия елдері мен Еуропадан келеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетіндер ол елдегі ЭКО-ның әлі жеткілікті деңгейде дамымағанын алға тартса, еуропалықтардың келуіне бағаның арзандығы мен ол елдердегі жасанды жолмен ұрықтандыруға рұқсаттың жоқтығы әсер етеді.


Емделушілердің қан құрамын тексеретін құрылғы

Емделушілердің қан құрамын тексеретін құрылғы / Фото informburo.kz


Қазақтар донор болуға асықпайды

Қазақтың жігіттерінің донор болуға, ұрығын өткізуге пейілі жоқ. Сапалы ұрыққа төленетін ақша да аса қызықтыра қоймайтын секілді. Сондықтан ұрық доноры болғысы келетіндердің арасынан басқа ұлт өкілдері жиі кездеседі.

"Бұл тағы да сол менталитетімізден. Әрі жігіттер еріншек келеді. Донорлыққа ұрық өткізу үшін әр үш ай сайын медициналық тексерістен өту керек. Оған да ерінетіндер бар. Біз донорлардың жиі-жиі ауысқанын қалаймыз. Себебі, қазақтардың саны онсыз да аз. Ол нәрсе генетикалық жағдайға әсер етуі мүмкін. Бұрын донор алуға келгенде ерлі-зайыптылар шалқасынан түсіп, келіспейтін. Басқа амалдың жоқтығынан қазір қоғам үйрене бастады. Қазақ үшін құптай қоятын нәрсе емес. Әйтсе де қанға, текке қатты мән беретін халықпыз. Бөтен азаматтың ұрығын таңдағаннан гөрі, өз туысын донорлыққа алатын жағдайлар кездеседі.

Донор мәселесін кәсіпке айналдырған орталықтар көп қазір. Біз қажеттіліктен донор іздесек, олар бұдан ақша тауып отыр. Және көбірек төлейді. Жалпы бір рет ұрық жасушыларын толық өткізудің орташа құны 200-300 мың теңге аралығында", – дейді репродуктолог Бибігүл Сағындықова.

Өзге адамның ұрығы арқылы сәби сүю ислам шариғатына қайшы

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үкімі ұрық донорлығына үзілді-кесілді қарсы.

"...Әйелді басқа өзге бір ер кісінің ұрығымен ұрықтандыру. Көбінесе оның белсіз күйеуінің ұрығы табиғи жолмен де жасанды жолмен де ұрықтануға келмеген жағдайда әрі оны емдеу мүмкіндігі болмаған кезде осы тәсілге жүгінеді. Мұндай жағдайға душар болған ерлі-зайыптылар ұрықты сатып алуға мәжбүр болады. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде қатты дамыған. Арнайы ұрық сақтайтын құтыда Нобель сыйлығының иегері т.б. әлемге танымал адамдардың ұрықтарын каталогтарға қойып сатады. Кімге қай саладағы адамдар қажет болса сол каталогтан керегінше таңдап алады. Бұл тәсіл толығымен шариғатқа қайшы".


Ұрық каталогы

Ұрық каталогы / reuters.com сайтынан алынды


Дін өкілдері үшінші адамның ұрығын қолдану, біріншіден, шариғатқа қайшы екенін, екіншіден, адамға моральдық тұрғыда ауыр соққы болатынын алға тартады. Осыдан 4 жыл бұрын қабылданған пәтуаның заңдық күші жоқ. Сондықтан бұл саладағы медициналық орталықтар оны қандай да бір шектеу ретінде қарастырмайды. Тек емделушілердің жеке шешіміне қалдырады.

Заң рұқсат бергенмен, дін шектеу қойған мәселенің бір шетіне шыға алмай қанша отбасы тығырыққа тірелді? Бұл да – өте нәзік әрі ауыр мәселе.

Аурумен күреспей, алдын алуды ойлау керек

Бала сүю бақытын аңсап, ерлі-зайыптылардың мұндай кедергілерге кездеспеуі үшін дәрігерлер "ауырып ем іздемей, ауырмаудың жолын іздеуді" ұсынады. Репродуктолог-дәрігер Анатолий Комогорцев бедеулікке, белсіздікке ұшырамас үшін мынандай басты кеңестерді ұсынады.


Репродуктолог-дәрігер Анатолий Комогорцев / Фото informburo.kz


  • Контрацепция, яғни, жыныстық қатынас кезінде қорғана білу керек. Бір сәттік құмарлықтан жұққан инфекцияның әлекке салатынын есте ұстау қажет. Алғашқы жүктіліктің соңы абортқа әкелсе, ол бедеуліктің басы болуы әбден мүмкін.
  • Бедеулік пен белсіздіктің алдын алу жолдары бала кезден басталуы керек. Баланың денсаулығын, өмір сүру дағдысын ата-ана үнемі бақылауда ұстауы тиіс. Мектепке барарда тамағына ақша береміз, оның не алып, не қойғанын білмейміз. Жеткіншек ұл не қыз баланың дамуы барысында денсаулығы мазалауы мүмкін. Әкесі, шешесі сұрауы керек, білуі керек. Кішкентай нәрселер болғанмен, осылар кейін үлкен проблемаға апарады.
  • Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс және уақытылы тамақтану, спортпен шұғылдану қажет.
  • Темекі шекпеу, алкогольді қолданбау керектігі айтпасақ та белгілі нәрсе.
  • Жыныстық қатынастың бұзылысына әкелетін дәрілерді қолданамын деп денсаулықты құртып алатындар бар.

Жасыратыны жоқ, бұл – қазіргі қоғамның шындығы. Мұның барлығы – қарапайым кеңестер. Дер кезінде алдын алмаса, салдарымен күресу қиын. Оның бір көрінісі, ЭКО орталықтарға келетін жұптардың күн сайын көбейді.

Анатолий Комогорцев мектептерде валеология пәні оқытылып, ересек оқушылардың жыныстық сауаттылығын арттыру керек деген пікірде. Айтуынша, белсіздік, бедеуліктің алдын алатын қарапайым сақтық шараларын үйленер шақта емес, мектеп жасынан білу маңызды. Өйткені, денсаулықтың негізі осы кезеңде қаланады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары