Тілді тірілткен тұлға
Екі тірек табылғанда
Израильде екі нәрсеге ерекше назар аудардық. Бірі – кибуц. Біздің колхоздан бұрын пайда болса да, осы заманға дейін жеткен бірлесіп өмір сүріп, жабылып еңбек етудің ерекше нұсқасы. Ол туралы "Ортақ өгіздің өрісі" атты мақала жазып, жарияладық.
Екіншісі – иврит. Яғни, арғы бабаларының тілін қалай тірілткені туралы еді. Қазір Қазақстанда қазақ тілі өсе ме, жоқ өше ме деген сұрақ қоғамды толғандырып отыр. Біреулер тілдің болашағына сенсе, енді біреулер ертеңгі күні қазақ тілі қолданыстан қалады дейді.
Түптеп келгенде, қазақ тілі жоғала ма, жоқ па, ол іргелес Ресей мен Қытайға, алыстағы Ұлыбритания мен АҚШ-қа қатысты емес, осы елде тұратын қаны қазақ адамдардың санасына тікелей қатысты.
Сол санаға сілкініс жасау үшін өзіміз тарихына дендеген, бірнеше сөздерін қызықтап естіген иврит тағдыры туралы әңгімелегенді жөн көрдік.
Оқи отырыңыз: Таудай тұлғалар мен мінсіз мүсіндер
Еврейлер Жерорта теңізінің шығысындағы Көне қонысқа ХІХ ғасырдың аяғында жинала бастады. Онда бұл аймақ – кетеуі кете бастаған Осман империясының бір пұшпағы. Еврейлер жерді арабтардан сатып алды. Жерді сатқанның зардабын берідегі ұрпақтары – палестиналықтар қалай тартатынын онда бақ-дәулеті тасып тұрған, өздері алыс қалаларда шалқып өмір сүрген арабтар сезбеген.
Жер сатып алатын ақшаны еврей синагогасы жинаған. Сондай меншікке алған жерде бірінші кибуц – Дгания құрылған. Оны Ресейден келген бірнеше отбасы ұйымдастырған. Бұл атау ивриттің "даган" сөзінен шығыпты. "Даган" – бізше дән, дақыл. Тіпті, ар жағында "тағам" деген сөзімізге келіңкірейді.
Тағы бір құлаққа таныс сөз естідік: кибуцтағы еврей кемпірдің сойы – Бостан еді.
– Мен бұл жерді баққа айналдыру үшін осындай фамилия алдым, – деген Мариям кейуана кибуцтағы жас кезін еске түсіріп.
"Бостан" да – біздің ұғымда бар. Жүсіп Қыдыров деген ақынымыз "Бостан бұлбұлдары" атты жинақ шығарған.
Оқи отырыңыз: Ақ пен қара айқасы
Ұлтты қайта ұйытудың бірінші тірегі – жер болса, енді екінші берік тірек жасау керек еді. Ол – тіл. Онда Германияның, Ресейдің, Польшаның, басқа да елдердің еврейлері түрліше сөйлейтін. Орталық және Шығыс Еуропадағылар идиш нұсқасында, Батыс Еуропа, Испания жақтағылар ладино нұсқасында тілдесіп келді. Екеуі де аймақтық диалект деңгейінде еді. Одан басқа қазақтың "кімнің арбасына отырсаң, соның жырын жырлайсың" дегеніндей, көпшілігі қай елде тұрса, соның тілінде: немісше, орысша, ағылшынша, полякша, французша сөйледі. Сайып келгенде, бәрі көне әдеби тіл – ивритті ұмытқан.
Жалпы, адамзат тарихында өзі жоғалған халықтың тілі сақталып қалғанын білеміз. Оның мысалы – латын. Иә, біз екінші рет соның харпіне көшіп жатырмыз ғой. Бүкіл медицинадағы атаулар, аурулар латын тілінде айтылып, жазылады. Бірақ, мынау жалпақ жер үстінен "мен – латынмын" деп кеуде керіп шығатын бір адам табылмағалы бірнеше ғасырлар өтті.
Кейде керісінше, ұлт бар да, оның тілі жоқ болған жағдай кездеседі. Он тоғызыншы ғасыр ортасында еврей ұлты тура осыған тап болған. Олар бұл жағдайдан қалай шықты? Жоғалған тілді қалай тірілтіп алды?
Оқи отырыңыз: Жапон мен қазақ: Жақын мен қашық
Сананың ауруынан сауыққанда
Израиль қалаларында көшелердің тақтайшасы үш тілде жазылады. Бұл жағынан бізбен ұқсастық бар. Ивритше, арабша және ағылшынша жазылған көше атауының бірі Бен-Йехуда деп тұр. Тель-Авив пен Иерусалимнің көрнекі, үлкен көшелеріне осы адамның аты берілген.
Бұл – өліп қалды деген тілді тірілткен тұлға. Қазіргі ивритше сөйлейтін күллі Израиль қарыздар адам. Ұлтқа еңбегі сіңген деп соны айту керек. Бізде оған теңдес тұлға әзірге жоқ. Жоқ болатыны – қазақ тілі өлген жоқ. Өлмеген соң, "қайта тірілтемін" деудің қажеті шамалы.
Еврейлердің көне тілін қалпына келтіру "ивритше сөйлесең, жазылып кетесің" деген тіркестен басталған деседі. Алғаш Элиэзер Бен-Йехуда әлде естіген, әлде өзі айтқан, қалай болғанда ауыздан шыққаны анық.
Ол Ресей империянының шет аймағында еврей отбасында дүниеге келді. Сол тұста талайдың кеудесіне арман болып ұялай бастаған Эрец Исраэль мәселесі оған маза бермеген. Көне қонысқа көшуді ойлап, ол жаққа дәрігер болып барғысы келді. Парижге барып, медицина институтында оқиды. Жағдайы жоқтықтан туберкулезге шалдығып, ақыры ауруханаға түседі.
Оқи отырыңыз: Ең ерекше репортаж
Сол кезде Палестинадан келген евреймен бір палатада жатып, оның ивриттің диалектісімен айтқан әңгімесін тыңдайды. Осыдан бастап Элиэзер Бен-Йехуда еврейлер сөйлемей, ұмытып кеткен ивритті қалпына келтіруді мақсат етеді. Жылдар жылжығанда сол қозғалысының басшысы деп танылды. Нақты ұранға алғаш өзі естіген әлде айтқан "ивритше сөйлесең жазылып кетесің" деген тіркесті емес, "Еврей екеніңді дәлелдеу үшін ивритше сөйле" деген тіркесті таңдаған.
Иә, адамға денедегі дертті жазу ғана емес, сананы да сауықтыру қажет екенін түсінген сәттен Элиэзер Бен-Йехуда ұлт көшбасшысының біріне айналған. Жасанды, жаттанды емес, өзінің кім екенін халыққа қажет іспен дәлелдеген көсем.
Отбасы осылай ойлағанда
1881 жылы Палестинада алғашқы еврей отбасы өз үйінде иврит тілінде сөйлей бастады. Ол, әлбетте, Бен-Йехуданың шаңырағы болатын. Бұған еліктеп тағы бірер отбасы өздері оңаша отырғанда көне тілді қолдануға көшті. Оларды қолдау үшін Элиэзердің әйелі бәліш пісіріп апаратын.
Элиэзер Бен-Йехуда өз шаңырағында тек ивритше сөйлей бастағанына бір жыл өткенде дүниеге ұлы келді. Оның атын Бен-Цион деп қояды. "Сионның ұлы" деген мағынада. Айтпақшы, өзінің аты-жөні Ресейден шығып, Парижде оқығанда басқаша болған. Көне қонысқа көшкен соң Бен Йехуда – яғни "Иудейдің ұлы" болуды жөн санаған.
Оқи отырыңыз: Мына арада мұнара болған
Әкесі сонымен баласына үй ішінде тек ивритше сөйлейді және әйелінен солай сөйлеуді талап еткен. Басқа тілде сөйлейтін туыстар немесе таныстар қонаққа келсе, сәбиді "ұйықтап жатыр, тыныштық керек" деп басқа бөлмеге жатқызып қоятын. Тіл үшін күресте ұсақ-түйек болмасын осы мысалдың өзі аңғартпай ма?!
Мұндай жағдайда бала мүлде мылқау болып қалуы мүмкін еді. Отбасының айналасы, тіпті, солай ойлайтын. Мәселе асқынып бара жатты, төрт жасқа келгенше Бен Ционның тілі шықпай қойды. Бұған назаланған анасы кейде Элиэзер Бен-Йехуда жоқта баласына өзі жақсы білетін, өзінің тілі солай шыққан орыс тілінде сөйлей бастайды. Мұны біліп қойған күйеуі жанжал шығарып, екеуі ұрсысады.
Міне, осы ұрысты естіп тұрғанда төрт жастан асқан Бен-Цион алғаш сөйлеп кеткен және иврит тілінде сөйлеген. Сондықтан, Бен-Цион еврей тарихында тілі алғаш ивритше шыққан, ивритті ана тілі санаған бірінші бала деп есептелген.
Бұл – тарихи күн болуы тиіс. Бірақ Израильде Ұлттық иврит тілі күні Бен-Ционның тілі шыққан күн емес, Элиэзер Бен-Йехуданың туған күніне сәйкес аталып өтеді.
Бәрібір біздегі "Тілдер күні" деп жүз тілді бірге байластырған түсініксіз мерекеге қарағанда мәні мен тағылымы терең.
Оқи отырыңыз: Аспанның шегінен мұхиттың түбіне
Қазақстанда адасып жүріп, ақыры Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – 5 қыркүйекке сәйкес белгілеген мереке неге Тілдер күні аталып, неге барлық тілдер тойлануы керек? Қисын қайда? Айталық, әлгі жүз тілдің ішіне еврейдің ивриті де кіреді ғой, оны да ескеруіміз керек. Ал Израильде оны бізсіз-ақ мерекелейді. 6 маусым – Пушкиннің туған күніне орай Ресей Федерациясында Орыс тілі күні мерекесі өтеді. Ол, тіпті, халықаралық деңгейге жеткен. Сонда Ресейде төл мерекесі бір рет аталып, Қазақстандағы Тілдер мерекесі аясында екінші рет аталып, орыс тілі де иврит сияқты екі жеп, биге шығып отыр емес пе!
Біздің саясаттың тым жалтақ, жалпақшешей екенін Тель Авив пен Иерусалимдегі Бен-Йехуда көшесімен келе жатып түйсінгенбіз.
Басқалармен бәсеке басталғанда
Иврит тілінде бұдан екі жарым мың жылдар бұрын ежелгі діни кітаптар жазылған. Біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырдан бастап бұл тілдің адамдар арасындағы қатынас құралы ретіндегі қызметі тоқтайды. Тек дінге табыну рәсімдері кезінде дінбасылар тарапынан айтылады. Орта ғасырларда онымен медициналық, философиялық және тарихи тақырыптардағы кітаптар жазылғанымен, иврит адамдар арасында мүлде қолданыстан шыққан. Сол тұста ивриттің ағайындасы – арамей тілі де ұмытыла бастайды.
Оқи отырыңыз: Бір ғасыр бұрынғы қиялдар
Элиэзер Бен-Йехуда тірілтуге құлшынған уақытта иврит тілінде газет-журналдар шығарылды. Олар бұрын еврейлер оқып келген неміс, француз, орыс және түрік тіліндегі басылымдармен бақ таластыра бастады. Пруссияның Лик қаласында "Ха-Манид" деген газет шықса, Одессада "Ха-Мелиц" деген басылым жарық көрді. ХIX ғасырдың аяғына таман әлемде ивритше жиырмадан астам газет-журнал тұрақты басылып тұрды.
Ең бастысы – еврейлер соның бір данасын қалдырмай ынтамен сатып алды! Бір әрпін қалдырмай құныға оқыды. Қазіргі қазақ тілді басылымдарға жазылу науқаны қаншалықты қиындықпен өтетінін осы жағдаймен салыстырып көріңіз.
Бұл газеттердің діни мерекелерді, еврейдің салт-дәстүрін, көне сөздерін түсіндіретін ағартушылық сипатымен қатар саяси бағыты да болды. Ол – Көне қоныста өздерінің дербес мемлекеті Эрец Исраэльді құруға шақыру. Ұлттық сананы ояту мен тілді оқыту бір-бірінен ажырағысыз қатар жүргізіліпті.
Тура сол дәуірде бүкіл қазақ үшін бір журнал мен бір газет – "Айқап" пен "Қазақ" қана шыққанын, олардың өзі кешікпей жабылып қалғанын еске алып, бір-бірімен салыстырып көріңіз. Ұлт санасын оятамын деп ызыңдаған Ахаңның "Маса" кітабы да 1911-1922 жылдар аралығында үш рет басылса да, әрбір қазақтың қолында жүрмегені анық. Онда бәлкім, қазіргіден басқаша, өзінің Қазақ тілі күнін мерекелейтін халық болып шығар ма едік?!
Әлі күнге қазақ тілі техникаға, дәлдікті талап ететін ғылым салаларына жарамайды дейтіндер баршылық. Мұндай сынақты иврит бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын бастан өткерген және ойдағыдай жеңіп шыққан.
Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер
Еврейлердің ежелгі тілі біртіндеп жоғары оқу орындарында неміс, француз және ағылшын тілдерімен бәсекеге түсті. Ең қызу пікірталас 1913 жылы Хайфадағы технология институты қабырғасында өтіпті. Бұған дейін техникалық оқу орнындағы бүкіл сабақ немісше өтетін. Енді иврит тілін жақтаушылар көпшілікке айналып, сабақ осы ескі де жаңа тілге толық көшірілді. Технология институтының демеушілері неміс тілділер екенін ескергенде жеңістің құны арта түседі.
Тілді тірілтушілер бұл жеңіске сатылап жеткенін ұмытпайық. Одан бұрын еврей мектептері осы тілге көшіп, барлық пәнді ивритше оқыту жүзеге асқан.
Ақыры 1922 жылы әзірге британ мандатында тұрған Эрец Исраэльде иврит ресми тілдердің қатарына қосылды. Ең соңында, 2018 жылы Израильдің мемлекеттік тілі болып тек жалғыз иврит жарияланды. Бұл ел ағылшын қол астынан шыққаннан бастап ағылшын тілі мемлекеттік статустан айырылды. Енді, міне, араб тілі де ресми кеңселерден заң бойынша ығыстырылғанын көріп отырмыз.
Бізді елді бұл тұрғыда Израильмен салыстырсақ, оңды сол етіп көрсететін айнаға қарап тұрған сияқтымыз.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы
Жаңа сөздер жасалғанда
Ивритті қайта қатарға қосқанда оны ұлттық тірек етіп насихаттау аздық етті. Бағзыдағы дін, философия кітаптарында сақталған тілдің жұтаңдығы даусыз еді. Оны байытпаса, айналадағы барлық нәрсе мен құбылысты қамту мен баяндау мүмкіндігін әпермесе, жалаң патриотизммен алысқа бару мүмкін емес. Элиэзер Бен-Йехуда мұны жақсы түсінді. Сондықтан баласының сөздік қорын толықтыру үшін жаңа сөздерді ойлап тапқан. Бұрын болмаған қуыршақты – "буба", велосипедті – "офанаим" және балмұздақты – "глида" дегендей, 220 сөзді ивритке өзі қосты. Ол сөздердің көбі кірігіп, қабылданып кетті.
Бұл орайда Бен-Йехуданы біздің Ісләм Жарылғаповпен салыстыруға болады. Ісләм ойлап тапқан "балмұздақ" пен "аялдама", "көрермен" мен "жағажай", "теледидар" мен "басылым" сынды қаншама сөз тілдік қорға қосылды десеңізші. Рас, біздің ағамыз орнықты тілге ондаған жаңа сөз қосса, еврей ғұламасы жоғалған тілді жаңғырту үшін ізденді. Мұнда да айырма жатыр.
Бұл ізденісте ол жалғыз емес еді. Аарон Мазья деген еврей ивриттің бірінші медициналық сөздігін жасап шықты. Бен-Йехуда болса, мектеп оқушыларына арнап иврит тілінде еврей тарихы оқулығын жазған еді. Ең соңында 1972 жылы ивриттегі қыстырма сөздердің сөздігі кітап болып жарияланып, тілде олқы тұрған, бос қалған орын тегіс толтырылды.
Оқи отырыңыз: Қарақоңыз – дара қоңыз
Ұлтшыл адам – Элиэзер Бен-Йехуда бастауымен өткен ғасырдың басында Иврит тілі комитеті құрылды. Ол бірыңғай жазу мен сөйлеу нұсқаларын жасады. Жаңа сөздер тілге кіре ме, жоқ па – соны шешті. Бұл комитет 1953 жылы үкімет қаулысымен Иврит академиясына айналды. Тілдің тазалығын тексеріп, жауапкершілігін көтеретін жүгі ауыр мекеме күні бүгін мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Бүгінде ағылшын және басқа тілдерден келген осы заманғы технологиялық терминдердің қайсын сол қалпы қабылдап, қайсын аударып алу керек деген мәселемен тікелей айналысып отыр.
Зерттеушілер қазір иврит тілінде 75 мың сөз бар дейді. Соның екі жарым мыңын мамандар шетел сөздерін ауыстыру үшін ойлап тапқан және бәрі бірізділікпен кірігіп кеткен.
Ал Қазақстан әлгі теріс көрсететін айнада тұрған сияқты. Тіл комитеті бірде андағы, бірде мұндағы әр министрліктің ауласында тұрады. Үкімет қарауындағы Терминкомның не шешкенін ешкім білмейді. Тіл білімі институты бар да, оған қосанжарласқан мемлекеттік "Тіл-Қазына" орталығы бар. Бірақ, нәтиже жоқ.
Интернет, ондағы әлеуметтік желі шыққалы кез-келген қазақ сөзі кемінде үш нұсқада жазылып, төрт түрлі түсіндіріледі. "Қойшы көп болса, қой арам өледі" деген мақалдың дәл өзі.
Ал, Израильде қойшы біреу – Иврит академиясы. Қазір әлемде 9 миллион адам ивритше 75 мың сөзді қатесіз айтып, жазады. Қазақстанның кері айнадағы көрінісіне күнделікті куә болып біз жүрміз.